Туған жер топырағындағы ақын тойы

«Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарып» поэзияның шырқау шыңына көтерілген Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы туған жерінде дүркірете атап өтілді. Алматы облысының басшылығы ақын тойының бір күндік салтанатты жиын, марапат, аста-төк дастархан, ән-бимен ғана әдіптелмей, ел-жұртты рухани байлыққа кенелтіп, ауыл-аймақтың ажарын аша түсуге маңыз берген. Соған лайық жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Алматы облысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, айтулы шараға орай құрылған арнайы жұмыс тобын облыс әкімі Амандық Баталов өзі басқарып, әзірлікті құрылыс және көркейту жұмыстарынан бастады, әрі олардың сапалы атқарылуын назарда ұстады.
Ең алдымен ақынның туған жері Қарасаз ауылы, Қарасазбен іргелес елді мекен Сарыжаз, аудан орталығы Нарынқол ауылдары абаттандырылды. Жолдар жасалып, ауыз су жүйесі жаңғыртылып, мәдени нысандар жөнделді, саябақтар салу қолға алынып, ескерткіш орнатылды.

Жалпы мерейтойға алдын ала дайындық барысында Қарасаз ауылындағы ақын музейіне, мәдениет үйіне, А.Барманбекұлы атындағы орта мектепке жөндеу жұмыстары жасалып, нысандар жаңа кейіпке енді. Елді мекеннің орталық көшелері, орталық алаңы абаттандырылып, көше шамдары орнатылды. Ауыз су жүйесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында республикалық бюджеттен бөлінген 427,1 млн. теңгеге қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Қарасаз ауылында өнер мектебін салу да – мерейтой аясындағы маңызды бастамалардың бірі. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ауылға кіреберістегі Жастар саябағы абаттандырылды. Іргелес Сарыжаз ауылында Райымбек батыр ескерткішінің маңы көркейтіліп, ескерткіш жанындағы су жүйесі жөндеуден өтті, ауылдың орталық көшелері көз сүйсінер кейіпке келтірілді.

Биылғы жылы 3 гектар аумағы бар Мұқағали атындағы жаңа саябақтың құрылысы басталды. Құны 374,5 млн. теңгелік жобада концерттік сахна, шағын футбол алаңы, балалар алаңы, воркаут спорт алаңы, аллея, демалыс аймағы қарастырылған. Сол сияқты аудандық әкімдік ғимаратының жанынан шағын саябақ салына бастады. Ал аудандық мәдениет үйінің алдындағы сквер мен орталық саябақ толық абаттандырылды.

Ақын аталарының мерейтойында нарынқолдықтар баспаналы болды. 50 отбасы жаңа үйге кірді. Бұған дейін 33 жаңа үйде қоныс тойы өткен екен. Мердігер «Гунн Строй Сервис» ЖШС салған әр үйдің алаңы 100 ш.м, жер учаскесі – 10 сотық. Үш бөлмелі үйлерде суық су, ыстық су жүйесі тартылған, қолайлы өмір сүруге қажетті жағдайлар жасалған. Жобаның жалпы құны – 1,1, млрд. теңге.

Сонымен қатар, Нарынқолда жаңа спорттық кешен пайдалануға берілді.
Ақынның туған жеріндегі осындай игі істер көпшілікті сүйсінтті. Мұқағалидың 90 жылдық тойына жан-жақтан қонақтар ағылды. Алдымен Қарасаздағы Мәдениет үйінде «Мұқағали – ғасыр ақыны» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған ҚҒА академигі Байынқол Қалиев, академик Шерубай Құрманбайұлы, белгілі қаламгер, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжит, қоғам қайраткері, қаламгер Рысбек Сәрсембайұлы, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы және басқа да ғалымдар мен қаламгерлер қатысып, келелі ойларын ортаға салды. Ақынның тілдік қолданысындағы сөздер мен сөз тіркестерінің барлығы қамтылған «Мұқағали тілінің сөздігі» кітабы таныстырылды.

«Хантәңірі» халық театры қойған ақынның өмірі мен шығармашылығын негізге ала отырып дайындалған «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты сахналанған көрінісі елді елең еткізді.

Нарынқолдағы орталық саябаққа орнатылған Мұқағалидың еңселі ескерткішінің лентасы қиылып, көпшілік көзайымына айналды. Бұл ескерткішті дайындауға облыстық бюджеттен 61,1 млн. теңге жұмсалған. Жұмысты «Тайқазан» ЖШС атқарды. Ескерткіш қоладан құйылған, тұғыры граниттен дайындалған. Жалпы ескерткіштің биіктігі – 8,2 м, авторы – сәулетші А.Рүстембеков, мүсіншісі – Қ.Кәкімов.
Салтанатты шарада сөйлеген сөзінде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Елбасы мен Президенттің бастамасымен ақынның ғасырлық тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізуге ұсыныстар дайындалып жатқанына тоқталып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып, табыстады.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі Атагелді Күлтегін Мұқағали қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны екенін, оның поэзиясы ұлт таңдамай жүректерге жететінін айтып, ақын тойының рухани маңызына айрықша мән берді.
Облыс әкімі Амандық Баталов:

— Ақиық ақынымыз Мұқағалидың 90 жылдық мерейтойы үлкен деңгейде аталып өтілуде. Елбасының қолдауымен 2 ауданды бөлу арқылы Райымбек ауданының қайта құрылып, бүгінде гүлденіп жатқанын мақтанышпен айтамыз. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Қазір шекаралық аумақтағы ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайы жақсарып келеді, қаншама жаңа нысандар бой көтерді, жаңа үйлер салынды. 500-ден астам отбасы Нарынқолға қайта көшіп келді. 2 жарым мың жас туған жеріне оралды. Мұқағалидай ақыны бар қазақ халқы бақытты. Ақынның рухы жас ұрпақты қолдап жүрсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деді.

Парламент депутаты, ақын Мақпал Мыса, Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаев ақын рухына арнап өз өлеңдерін оқыды. Нарынқол аспанында ақынның сөзіне жазылған әндер қалықтап тұрды.

Жанерке МАРАТҚЫЗЫ

Бөлісу: