Әлем бойынша жүз мыңнан аса музей бар екен. Соның 250-ден астамы Қазақстанда. Ал әлем бойынша тұңғыш рет аналарға арналған «Анаға құрмет» музейі 2014 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданында ашылды. Біздің журналдың ұстанымына сай ұлттық салт-дәстүріміздің ошағы музейді оқырманға таныстыруды жөн көрдік. Осыған орай Алатаудың бөктерінде орналасқан көркем музейдің жетекшісі, елімізге белгілі журналист Аршагүл Серікқызымен салт-дәстүрге байланысты, музей туралы әңгімемізді ұсынып отырмыз.
– Сәлеметсіз, Аршагүл ханым! Атына заты сай деп осындайды айтса керек, музейдің ғимараты көркем табиғатпен үйлесіп алыстан көз тартады екен….
– Қош келдіңіз, «Дәстүр» журналымен «Анаға құрмет» музейінің басты ұстанымы бірдей екен. Біз де келген елге таныстыратынымыз салт-дәстүр, яғни аналарымыздың тарихын насихаттау. Бұл музейді негізін 2014 жылы Шпекбаевтар әулеті іргесін қалаған. Екі жылдан соң Алматы облысы М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің филиалы етіп өткізіп берді…. Бес жылдан бері облысқа қараймыз. Осы жерде айта кетейін облыс бойынша жиырма бес музей бар, біз былтыр ең үздік музей атанып, облыс әкімінен қызметтік көлік алдық.
– Құтты болсын, үздік шығу үшін музей саласында үлкен тәжірибе керек шығар?
– Мен сізге табиғаттың бір заңдылығын айтайын… Мен қырық жылдан аса журналистика саласында еңбек етіп келемін. Ширек ғасыр Қазақстан Ұлттық арнасында жұмыс істедім. «Тамаша», «Шашу», «Шежіре», «Атамұра», »Шабыт», «Ел болам десеңіз…» атты бағдарламалармен қатар «Алып анадан туады» деген телебағдарлама жүргіздім. Сонау 90-шы жылдардың басында-ақ қазақтың аналары туралы зерттей бастадым. Сол зерттеулерімді жинастырып «Даланың дана арулары» атты кітабымды да шығардым. Ана – түгелдей ұлттың, әулеттің өсіп-өркендеуінің кепілі. Бүгінгі еңсемізді көтеріп егеменді ел болып жатқанда бізге керегі жаны таза, рухы келісті ұрпақ. Бұл ұрпақ ұлтымыздың болашағы. Қазақ әйелінің тарихта тасқа жазылған шынайы тұлғасы – бүгінгі қазақ аналарына ұлағат, қазақ қызына үлгі-өнеге. Әжелер ақылы, аналар тәлімі, қыз әдебі қазақтың баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл музейге аналарымыздың рухы жетектеп келді десем артық емес….
– Қызық екен, сіздің жаныңызға жақын Ана тақырыбы музей болып алдыңыздан шыққан екен…
– Иә, осы музейдің іргетасын қалаған белгілі ғалым-ұстаз, көп балалы отбасынан шыққан Бақыт Жаткамбайқызы музейді басқаруға ұсыныс айтқанда «жоқ» дей алмадым. Өйткені бұл менің өмір бойы зерттеп жүрген салам ғой. Содан шығар менің келе сала үздік музей атағын алып жүргенім. (Өнер адамдарына тән ашық күлкісімен күліп алды…)
– Әңгімемізді кітабыңыз арқылы жалғастырсақ….
– Даланың дана арулары сегіз тараудан тұрады. Бірінші «Ел бастаған ер ханымдар» тарауында Массагеттер тайпасының патшасы – Томирис – Тұмар патша, ежелгі Сақ патшасы Зарина туралы айтылса, екінші тарау «Аңызға айналған ақ жаулықтар» Ұмай анадан бастап, ел аузында ақыл-парасатымен есте қалған «Домалақ ана» — Нұрила, Кенесарының қарындасы Бопай ханша, Гауһар батыр сияқты басқа атақты аналарымыз туралы тарихи деректер жазылған. 37 жылдың нәубаты, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 5 183 қыз-келіншек туралы да мәлімет бар. Қысқартып айтар болсам кітап толықтай ел болуымызға тарих сахнасынан кетіп қалмай өз тіліміз бен дінімізді сақтауға еңбек еткен аналарымыз туралы.
– Керемет, өзіңіз де сол атақты аналарымыздың жалғасы, ізбасарысыз, өзіңізді таныстырып кетсеңіз….
– Мен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Таусүгір ауылында туып-өстім. Кішкентайымнан кітаппен дос болдым, қазір балалар қалай ұялы телефонға жабысып отырса біз бала кезімізде газет-журналға солай ғашық едік… Бесінші-алтыншы сыныптарда «Қазақстан пионері» және өзіміздің аудандық газет «Еңбек туы» газетіне өз ойларым мен көрген-білгенімді жаза бастадым. Газеттегілер де маған хат жіберіп, мақалаларымды жариялап тұрды. Осылайша ауылда жас тілші атандым. Бірақ, мектепте оқып жүргенде журналист болам деген ой келмеген. Өйткені айналамда журналист жоқ. Туған-туыстарым түгелдей медицина саласында. Солар сияқты мен де дәрігер болғым келді. Бірақ оныншы сыныпты оқып жүргенде аудандық газеттің редакторы жазып сызғанымды ұнатып, маған жолдама берді. Сол жолдамамен газетке шыққан материалдарым бар ҚазГУ-дің журналистика факультетінің студенті атанып шыға келдім.
Оқу бітіргесін 1980 жылы қасиетті қарашаңырақ – Қазақ теледидарына жұмысқа орналастым. Қазақстан ұлттық телеарнада атқарған тірлігімді айтар болсам «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасын алғаш рет эфирге Қойшығұл Жылқышиев екеуміз шығардық. Бірнеше музыкалық бағдарламаларды айтпағанда мақтанып айтуға болатын еңбегім «Мұхтар әлемі» телеэнциклопедиясы. Бұл жанрды телевизияға алғаш әкелген журналиспін десем болады. Ол кезде жаспыз, баста идея көп. Өздеріңіз білесіздер 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігімізді жарияладық, үш ай өтер-өтпестен 1992 жылы наурызды ресми түрде атап өтетін болдық. Сол кезде бас редакторымыз Дулат Исабеков 24 сағаттық наурыздың сценариін жазуды тапсырды. Қазақ тарихының білгірі ғалым Жағда Бабалық пен Сәбетқазы Ақатаевтан наурыздың тарихын білсем, ел арасындағы тойлануын Мұқағали Мақатаевтың анасы, Әбіш Кекілбаевтың анасы, өзімнің анамның ақыл-кеңестерін тыңдап жазып шықтым. Сол бірінші Наурыз мерекесі ел санасында қалатындай етіп тойланды. Ширек ғасыр қасиетті қарашаңырақта қызмет атқарғаным мен үшін үлкен жетістік, кейінен 1997 жылы Алматы облысының әкімшілігінің шақыртуымен Жетісу телеарнасын ашып, іске қостым. Шапқылап жүре берер ме едім, денсаулығым сыр бергесін медицина саласына ауыстым. «Адам. Дәуір. Медицина», «Здоровье Азия», «Аружан», «Әдемі-ай» журналдарын шығардым.
– «Адам. Дәуір. Медицина», «Здоровье Азия» деген журналдарды шағарсаңыз бала кезіңіздегі дәрігер боламын деген арманыңыз да орындалған сияқты ғой….
– Иә, журналист деген мамандық жақсы ғой, бір күнің бір күніңе ұқсамайды, бір мақала жазу үшін шахтер де боласың, мұғалім де, дәрігер де болуың керексің, сол саланы жақсылап зерттейсің әйтпесе мақалаң дұрыс шықпайды. Сондықтан медицина саласындағы дәрігерлермен өзіңіз сияқты сұхбаттаса жүріп, түрлі операцияларға қатысып, ем-дом шараларын көріп, адамзатқа тек денсаулық керек деген ойдамын. Ал денсаулық жақсы болу үшін адамдар бір-біріне тек жақсылық ойлау керек. Қолындағы барымен бөлісе алуы керек. Мен өмір бойы қатардағы журналист болдым, жұбайым да отставкадағы әскери зейнеткер. Бірақ сонда да талай жылдан бері онкологиямен ауыратын балаларға қайырымдылық жасаумен айналысып келем. Жарық дүние есігін ашпай жатып, тағдырдың тауқыметін тартқан балалардың көңілін қалай ауласақта жарасады. Аурухананың төрт қабырғасынан басқаны көре алмайтын балғындардың жанары мұңға толы. Көңілі қам көңіл бүлдіршіндерді жылдың төрт мезгілінде бір күн, бір сәт қуаныш жүздерін көру, сол баласының көңілі көтерілгенде қуанған ата-аналардың алғыстары мен үшін өте қымбат. Бұл ісімді біреуден жақсы сөз немесе мақтаныш үшін істемеймін, бұл жүрек қалауым. Мен өмір қиын деген жастарға айтамын «өмір дегеннің не екенін көргің келсе менімен балалар онколгиясына жүр» деймін сол кезде көремін сенің қалай сайрағаныңды деп….
– Жақсылық істесең де өзің үшін, жаманшылық істесең де өзің үшін деген қағида ұстанамын дейсіз ғой….
– Тура айтасыз, адамның өмірі бумеранг, не істесең сол алдыңнан шығады. Сондықтан үлкенге құрмет, кішіге ізет, жоққа көмектескен, барға қанағат еткен адам ғана бұл өмірдің мәнін түсіне алады деп ойлаймын. Сондықтан мен өзімді маман ретінде қалыптасқан, ана-жар ретінде бақытты адаммын деп есептеймін.
– Дәстүрге оралсақ, жана бір сөзіңізде «Анаға құрмет» музейі ұмыт қалған дәстүрлерді дамытып жатырмыз дедеңіз, соған тоқталсаңыз?
– Қазіргі кездегі барлық қиыншылықтар мен жаманшылықтар, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың дұрыс орындалмауынан. Үлкенге құрмет, кішіге ізет қалмай бара жатыр, болашағымыз қалай болар екен деп уайымдаймын. Салт-дәстүрді жақсы білетін, жілігін шағып, майын тамызып тұрып айтатын, білімді аналарымыз бар. Ауыздарында ақ баталы сөзі бар, жүрегі кең мейірімі шексіз ақ жаулықты аналарымыз да бар. Бармақтары майысып, көз майларын тауысып, әдемі өрнектеп қолөнердің небір түрлерін жасайтын жүннен, сүйектен, темірден небір ғажайып өнер туындыларын жасап шығаратын шебер аналарымыз бен қыз-келіншектер де жеткілікті. Сол кісілерден үйренсін, бір-бірімен таныссын деген оймен Жыл сайын наурыз мерекесінде және елбасымыз белгілеп берген қыркүйектің үшінші жексенбісінде ұмыт болған салт-дәстүрімізді насихаттайтын шеберлік сабақтарын елімізге белгілі шеберлердің қатысуымен өткізуді дәстүрге айналдырдық. Мәселен, этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада жыл сайын біздің музейде жүзден астам әлеуметтік жағынан аз қамтылған қыз-келіншектерге «Көрпе-фест» фестивалін өткізіп құрақ көрпе құраудың қыр-сырын үйретеді. Қолдарынан іс келетіндерге тігін машиналарын сыйға тартамыз. Одан өзге кілем тоқу, ши тоқу, кесте тігу сабақтары өтіп тұрады. Екі жылда бір рет халықаралық «Даланың дана арулары», «Ұлттың ұлы мұрасы» фестивалін өткіземіз. Ондағы мақсат түбі бір түркі халқының қөлөнерімен салт-дәстүрінің сырына қанығып, өз салт-дәстүрімізді насихаттау.
– Рахмет, жұмыстарыңыз жандана берсін, аналарымыз аман болсын. Уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Әңгімелескен Жанар Мұқашева.