Ағаш бұйымдарының шебері Б. Махажановтың шығармашылығындағы дәстүр мен жаңашылдық

Сәндік-қолданбалы өнердің шебері Болат Хамитұлы Махажанов ағаш оюдың қыр-сырын жақсы меңгерген белгілі шеберлердің бірі. Ұлттық нақышта заман талабына сай кәдесыйлық және ыдыстар жиынтығын жасап дамытып және жас ұрпаққа дәстүрлі қолөнерге деген, сондай-ақ өнер шеберлерін дайындауға зор үлесін қосып келе жатыр. Мұражай-қорықтың қорында ағаш топтамасын толықтырып тұрған бірқатар ағаш бұйымдары көз тартарлық.

Шығыс Қазақстандағы сәндік-қолданбалы өнердің шеберлері халықтық өнерді, мәдени байланысты және дәстүрлерді жалғастыруда. Олар өлкеміздің ежелгі қолөнерін жандандырып, көздің қарашығындай сақтап келеді. Шебердің шығармашылығынан ұлттық көзқарас, аймақтың тұтастықты, көпқырлылық байқалады. Олар өз аймағының қолөнерін сақтап қана қоймай, оларды шынайы шығармашылық ізденіспен дамытып, әрбір бұйымға жаңа өзгерістер енгізуде. Қазақтың ұлттық дәстүрін сақтай отырып, заманауи стильде ағаштан әр түрлі бұйымдарды ойып, қолөнерді дамытып, ерекше леп беріп жүрген  сәндік-қолданбалы өнер шебері Болат Хамитұлы Махажанов 1958 жылы Семейдің Бородулиха ауылында дүниеге келген. Бала кезінен сурет салуды жақсы көрген, сол кезден бастап мектептегі сурет үйірмесіне қызығушылықпен қатысып, қолөнерге бейімделе  бастаған.  Алғаш жасаған бұйымы – ағаш қасық болған екен. Өсе келе, ағаш оюдың әр түрлі тәсілдерін біртіндеп меңгере бастаған. Осылай қолының икемділігі болуының арқасында ағаш жонуды да, ою оюды болса да шеберлікпен бойына дарытады. Бойында қалыптасқан шеберлікті келешек ұрпаққа үйрету үшін сәндік-қолданбалы өнер шебері Болат Хамитұлы көп жылдан бері Семей қаласындағы «Ата-ананың қамқорынсыз қалған жетім балалар мектеп-интернатында» еңбекке баулу пәні бойынша жұмыс істеп келеді.

Шебер  алдымен өз шәкірттеріне қазақ ұлтының дәстүрлерін, қолөнердің маңыздылығын және өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға ден қояды. Ол әр бала ұлттық дәстүрлі қолөнер жайында біліп жүрсе деп армандайды. Сондай-ақ шәкірттерін  қолөнерге үйретіп қана қоймай, болашақ олардың мықты кәсіби шебер болу мүмкіндігінен құр қалмауларын ойлайды.

Шебердің бірқатар туындысы бірнеше қалалардың мұражайларында көрермендердің назарына ұсынылған, ал облыстық этнографиялық мұражай-қорықтың қорында ағаштан жасалған кәдесыйлықтар, музыкалық аспаптардың әр түрлері сақтаулы. Ол бұйымдар жыл сайынғы өтетін дәстүрлі облыстық көрменің ажарын ашып, ұлттық нақыштағы бұйымдардың қатарын толықтырып тұрады. Жасалу әдістеріне келетін болсақ, аралас техника арқылы жасап, ағаштың көптеген түрін қолданады. Ол алдын ала кесу және өңдеу арқылы ағашты дайындап, кейін қымыз құюға арналған ыдыстар жиынтығын, астау, табақ және т.б. туындыларын жасап шығарады. Сондай-ақ «Ұлы дала әуені», «Дала сазы» немесе «Шыңғыс тау» деп әр жасаған затына атау береді.

Болат Хамитұлы он жылдан астам уақыт республикалық, қалалық және аймақтық сайыстардың, көрмелердің белсенді қатысушысы. Ең ірісі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде шеберлігін шыңдады. Әлемдік көрмеге ерекше дайындықпен қатысқан шебер қазақтың ұлттық ыдыстар жиынтығы мен ұлттық нақыштағы кәдесыйлық бұйымдар және сюжеттік паннолар, миниатюралық мүсіндер ұсынған болатын. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі. Ата-бабларымыздан қалған ұлттық құндылық пен дәстүрлерді жалғастыра білген ағаш ою шебері Махажанов Болат өзіндік ұсталық шеберлігімен қолөнеріне үлесін қосып, заманауи шеберлер қатарында нық басуда.

Еңбек жолында қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, қолөнер тренингтерінде білімін толықтырып, әрдайым даму үстінде жүреді. Қалалық, облыстық және республикалық көрмелерге белсене қатысып, көптеген марапаттар мен алғыс хаттарға ие болған. Ағаш бұйымдарынан жасаған туындыларына жанашырлықпен қарап, дәстүрді сақтай отыра, оларға жаңашылдық та енгізуде.

Кейіпкеріміздің және басқа да шеберлер қолданатын ағаш түрлері туралы біраз мағлұмат берейік:

– Қарағай – әр түрлі өрнегі бар әдемі қоңыр-сұр түсті ағаш. Өңделеді, жылтыратылған [1-29].

– Шырша – ақ ағаш, жеңіл және жұмсақ. Оның қасиеттері шырша өсетін аймаққа байланысты.

– Емен – әдемі құрылымы мен түсі бар. Ағашының түсі әр түрлі. Емен ағашы жоғары беріктігімен, қаттылығымен, шіруге төзімділігімен, иілу қасиетімен белгілі.

– Қайың – жұмсақ, қызғылт немесе сарғыш реңі бар ақ ағаш, берік, жақсы өңделеді. Әдемі құрылымы мен құнды қасиеттері бар (температураны бір қалыпты ұстап тұрады).Қайың қабығы (үстіңгі қабаты) – аса беріктікке, икемділікке, шірікке төзімділікке ие.

Қазақстанда ағашты көркем өңдеумен «Өнерпаз» Жамбыл фабрикасы, жергілікті өнеркәсіп министрлігінің «Өрнек» Өскемен фабрикасы, Оютас зауыты, алты ағаш өңдеу комбинаты айналысады. Бұл кәсіпорындардың барлығы дерлік ұлттық ою-өрнектер сала отырып, токарьлық бұйымдар шығарған. Ал қазір осылардың жартысы ғана өнім шығарады. Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстан өңірлерінде, сондай-ақ оңтүстік аудандарда ерекше гүлденген, яғни орман тоғайы сыңсыған, жайқалған аймақтарда [2-157] ағаш ұсталары нақыш салу, үш қырлап, шеңберлеп ою, бедерлеу әдістерін жетік меңгерген. Алайда шеберлігіне қарай бағалы әшекейлі бұйымдарды жасайтын ұсталар – «қас шебер», ол дәрежеге жете қоймағандары «балта шебер» деп те бөлінген екен. Бұйымды ерекше, нақышты ою ойып, сәндейтін ағаш ұсталарын халық арасында «Ағаштан түйін түйетін адам» деп мақтан тұтады.

Ыдыс-аяқ жасау ісі де асқан шеберлікті талап етеді. Алдымен ағашты мұқият таңдайды, ол азықтың тез бұзылмауына сеп болатын, иісі жағымды болуы тиіс. Ыдыс жасауға көбіне қайың ағашы пайдаланылады. Оны адыраспан түтініне ұстап, тазалап,  суға төзімді болуы үшін қайнатылған май сіңіреді. Осыдан кейін  ысып, жылтырата отырып, өңін кіргізеді, ою ояды. Шебердің осы әдіспен жасаған заттарының өңі өте әдемі болып келеді [2-158].

Ұлттық ыдыстар пішіндерінің аз ғана айырмашылықпен жасалғаны байқалғанымен, еліміздің барлық аймақтарында бірдей екені даусыз. Ас ішуге арналғандықтан ыдыстардың барлық түрін көркемдеп безендіреді. Тысқы жағына ою-ойып, бояумен әрін кіргізіп, сүйек, күміс, асыл тастармен әшекейлейді. Кейбір ыдыстар таңбалық рөліне қарай ерекше сәнделеді. Мысалы, ожау киелі зат саналғандықтан, оның пішінінің әдемі болуына, көбіне ілетін тесігі ойылып жасалатын иілген оюлы, нақышты сабының пластикасына зор мән береді. Дәулетті адамдардың үйінде ожаудың сабын күміспен күптеп, қымбат тастармен әшекейлейді. Қазақ ожауына тән сипат – оның екі бөлімнен тұратындығы. Ожауды жерге тастамайды, қашан да іліп қояды, ал жазықтық бетіне қойған болса, әсте төмен қаратпайды.

Болат Хамитұлының жасаған бейнесі ерекше, әдемі бұйымдары- эстетикалық қиялдың шарықтау белгісі. Көркемдік құбылыс қатарына жататын мұндай заттар халықтық өнердің бүкіләлемдік қорына бірден-бір қосылған үлес. Дарынды шебердің қазақ халқының рухын көрсететін шығармашылық мұрасы аталған мәдени кеңістіктегі алар орнын объективті түсіндіруге осы өнердің ары қарай дамуына дем беруге аса қажет. Қазіргідей қолөнерге халықтың қызығушылығы артып, тамырын іздестіре бастаған кезде көркемдік нарықта Болаттың өніміне сұраныс артты. Ол жерлестерінің күнделікті қажеттілігіне пайдалануға ағаш, былғары, металды көркемдеп, өңдеп, жаңғыртып беруге үлес қосуда.

Сәндік-қолданбалы өнер шебері  Болат Хамитұлы Махажанов (1-сурет) қазақ халқының ағаштан түйін түйген шеберлігіне тамсанып, былай дейді: «Ағашты адамзат өте ерте дәуірден бері қарай пайдаланып, бүгінге жеткен. Мұның дәлелі қазба ғылыми деректерден, ел арасындағы мұралық көне дүниелерден байқалады. Қазақ халқында ағаш шеберлігіне қатысты салт-дәстүр, сенім-наным, әдет-ғұрып ырымдар көп. Қазақ халқы ағаш шеберлерін қастерлейді. Оларды өнерлі адамдар деп біледі, мақтан тұтады. Тіпті құрал-саймандарын қастерлеп биік жерге іліп қояды, аяқ астына тастамайды. Ата-бабаларынан бері қарай жалғасқан «қас шеберлер» көп. Олардың ағаш шеберлігі өнері атадан балаға жалғасып жатады. Ағаш шеберлері жасаған бұйымдарды киелі деп қастерлейді. Сондай-ақ ағаш ұсталардың өзіндік құрал-саймандары болады, олар ара, балға, балта, бұрғы, қашау, пышақ. Мысалы,  қазақтың дәстүрлі шеберлігінде қолданылатын басты құралдың бірі – «ара» екен».

Қорытындылай келе, қазақ халқы өзінің күнкөріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та құра білген. Халықтың қолөнеріне әдет-гұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш керует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әр алуан ыдыс-аяқ, адалбақан, асадал, бесік және т. б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасаған. Міне, осылардың барлығын ата-бабаларымыздан қалған өшпес мұра ретінде сақтап, өз бойына ағаш ұстасы деген еңбекті жас кезінен сіңіріп,  дәстүрімізді жалғастырып келе жатқан шеберлердің бірі – Махажанов Болат Хамитұлы. Әрбір жасайтын бұйымына ұлттық болмысты бірден көрсетіп тұратын қазақ ұлтының бай ұлттық оюларымен көмкеріп, туындысына рең береді.

Ол 2019 жылы мұражай-қорықтың қорына тапсырған ожаудың ерекшелігі – сабының басы арқардың басымен ерекшеленіп жасалғаны. Қымыз құюға арналған жиынтық тостаған – КП 84-38785, ожау – КП 84-38785/8 және алты кәседен – КП 84-38785/2-7 тұрады. Ағаштан ойып жасалған, лажымен көмкерілген ашық-қоңыр түсті. Иректі қос-мүйіз оюымен әсемделген, ойылған екі қатар жолағы бар.

Облыстық этнографиялық мұражай-қорықтың қорында сақталған келесі бұйым – «Ғасырлар құпиясы» панносы – КП 69-34889. Рамасы ағаштан жасалып, оған замш материал тартылып, бетінде пәнерден ойылған күншуақты шығыс қаласы бейнеленген. Панноның ортасында күн, ұшып бара жатқан құс,  аттың шауып бара жатқаны, қазақтың ұлттық киімін киген қыздардың билеп жүргені, қазан ошақ пен торсық, сондай-ақ аржақ шетінде шығыс үйінің көріністері әсемделген. Бір сөзбен айтқанда «Ғасырлар құпиясы» панносында бұрынғы кездің тарихын еске түсіріп, шығыстың ерекшеліктерін көруге болады.

Семей өңірінің тумасы ретінде Шығыс Қазақстан жерінің әдемі таулы жерлерін ағаштан ойып жасаған  кәдесыйға «Шыңғыстау» деп атау берген, онда арқар мен бүркіттің бейнесі әсемделген. Таудың өзі ағаштың тамырынан жасалған, қоңыр түсті, астында жалпақ тұғыры бар. Шебердің бұдан басқа музыкалық аспаптардан құралған кәдесыйлары да бар.

Болат Хамитұлы күні кеше ғана (01.10.2021) Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықтық және қолданбалы өнер фестиваль-конкурсында, мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Өскемен қаласында өткен «Шығыс кәдесыйы» атты конкурста «Инновациялық» аталымын жеңіп алып, дипломмен марапатталды. Шебердің бұйымдары қатысушылардың арасында ерекше ұлттық нақышта және дәстүрлі қолөнерді жалғастырушы қатысушы ретінде бірден қазылар алқасының көзіне түсті. Ол  конкурсқа ерекше  көз қызығарлық, ерекше ыждағатпен, қазақтың өнерін дәріптеп жасаған бірқатар бұйымдарын әкеліп, қаншама жұртты тамсандырды, олардың ықыласына бөленді.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Изделия народных художественных промыслов и сувениры. Р.А. Бардина, Москва, 1990.
  2. Шедевры Великой степи. Ш.Ж. Тохтабаева. Алматы, 2008.
  3. Көне дәстүрлерді қайта жаңғырту. Алматы, 2010.

Жадыра    Рахатова, халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің ғылыми қызметкері.

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығы

Бөлісу: