Кеңестік кезеңде әбден ұмытылып барып, жаңа жанданып жатқан салттарымыздың бірі – Наурыз тойындағы Көрісу дәстүрі. Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр алқап – көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бері ірге тепкен ата қонысы. Көшпелі ел қыстан аман-есен шыққаны үшін шүкіршілік айтып, Көрісу күнін тойлайды.
Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда, кім қарсы алады? Қыс бойы бір-бірінің аман-есен екенін біле алмай, сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өмірден өткендерге құран оқып, шүкірлік айтып көріседі. «Көрісу» рәсімі туралы тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев өзінің зерттеу еңбектерінде осылай түсінік береді.
Демек, көрісу – ағайын-туыс арасындағы байланысты нығайтатын дәстүр. Көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабамыз алты ай қыстан аман-есен шығып, көктемге иек артқан шақта ағайынды іздеп барып, амандық сұрасқан. Төс қағыстырып, «Бір жас қосуыңмен», «Жас құтты болсын!» деген тілектер айтады. Бұл күні бір-біріне өкпелегендер татуласады, егер өкпесін қия алмағандар болса, «Самарқанның көк тасы еріген күні өкпеңді қия алмадың, көк тастан да қатты ма едің?!» деп жатады.
Көрісу күні әр жылдың 14 наурызында өткен. 14 наурыз қазақ халқы үшін Жаңа жыл деп есептелген. Көрісу күні қазақ халқы қар еріп, жер жіби бастағанда туған-туыс, жақын-жұрағатын іздеп, үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанының аман-есен шыққанына шүкіршілік етіп, бір-бірімен көрісетін күн. Бұл күн бір-біріміздің саулығымызды біліп, амандасумен шектелмейді. Ауыл, ел болып болашақта атқарылатын істерге де жоспар жасалып, ақылдасатын салмақты жиын болады. Үлкендердің ұйытқы болуымен Наурыз мерекесін тойлаудың қамына кіріседі. Рас, бүгінде қоғам өзгеріп, заман жаңарды. Көрісіп, амандығын білемін деген туысқа жеңіл көлікпен бірнеше сағатта-ақ жетіп барамыз. Алайда, Көрісу күнінің тәрбиелік мәні бар кей тұстарын заман ыңғайына қарай неге жаңғыртпасқа? Мәселен, ағаш отырғызу, арық тазалау, жолды жөндеу, көмекшісі жоқ қарт кісілердің үй-ішін, қора-қопсысын тазалап, кір-қоңын жуу, мектеп, мешіт сынды ортақ мекемелерді қоқыстан тазартып, әктеп-сырлау істерін ұйымдастыруға себеп болсақ. Телефон арқылы бір-біріміздің амандығымызды арнайы білісіп, хал-жағдай сұрасу да көрісу дәстүрін көнертпес еді.
Адамдардың бір-біріне деген ізетін, құрметін, сүйіспеншілігін, ынтымағын арттыратын «Көрісу» мерекесі баршамызға құтты болсын! Көрісу күнін қалай өткізуді жоспарлап отырсыз, құрметті оқырман? Наурыз мейрамы Шымкенттен басталады. Пікір білдіріп, ой-ұсыныстарыңызды білдіріңіз.
Дереккөзі:
- «Дәстүр» журналы
- Ақ Жайық апталық газеті
- «Талғар» аудандық қоғамдық-саяси, экономикалық газеті
- «Айқын» Республикалық қоғамдық газеті
Ақмарал ОРЫНБЕКОВА, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері