Ұлт діңгегі – ұлттық тәрбиеде

        Өзім қызмет атқаратын, үстіміздегі жылы 90 жылдық мерейтойы тойланатын Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Университетінде жас ұрпаққа мемлекеттік тілді, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған іс-шаралар үздіксіз жүргізіледі.  Қазақстан  жастарын ұлттық дәстүрді сақтауға, өз елінің тарихын білуге, мемлекеттік тілді игеруге, мәдениетті, ұлттық дәстүрді қалыптастыруға, халық батырларының тарихи ерліктерін түсінуге тәрбиелеуді, жас ұрпақтың ұлттық тәлім-тәрбиенің ықпалымен рухани жетілуіне әсер етуді мақсат еткен тәрбиелік шаралар үзілген емес.

Жетекшілік ететін тобымда қыздар көп болғандықтан, көбіне қазақ қызы, ұлттық тәрбие нақыштары бағытындағы тақырыптарды талқылаймыз. Осыған орай,  «Ата дәстүр –  ұрпаққа өнеге», «Әкеге қарап ұл өсер», «Ата дәстүр – асыл қазына», «Ұлты мақтаған ұлы тұлға», «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған», «Нұрын төккен маған, шуағымсың сен», «Менің елімнің дәстүрлері. Сандар сырлары», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әлем және Қазақстанның сәулеті», «Қазіргі ұялы телефонның адам өміріне әсері», «Сыйласаң сый көресің», «Махаббат және бақыт», «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен», «Ұл көргенді, қыз әдепті болсын десең», «Музыкалық аспаптарды білгенің жөн», «Қыздарға әсемдік жарасады» тақырыптардағы тәрбие сағаттары өткен болатын.

Қыздар тақырыбы… Бұл тақырыпты ұсақ тақырып деп қарайтындар да табылады. Бірақ бұл тақырыптың ауқымы өте кең. Үлкен қоғамдық проблема. Ұлттың діңгегі – ұлттық тәрбиеде. Қазақ қызы тәрбие бастауын ана сүтінен алады. Қазақ әйелі қазақ қызына өнегелі тәрбие берсе, қазақ қызы қазақ қоғамының тірегі болары анық. Қыздары парасатты, анасы ақылды болмаса, қоғам әлсірейді деген ойдамын.

Университеттегі «Ар-намыс кодексіне» – «Қазақ қызы» деген бір кодекс тармағының қосылуы заңды құбылыс. Жастарымызға әркез «Бесігіңді түзе» деген Мұхтар аға  сөзіне, ұлттық тәрбиеден тәлім алып, білім ордасында тұлға болып қалыптасып, қазақ елінің баянды ғұмыр кешуіне бар күш-жігерлерін жұмсайтын, тәрбиелі де тәлімді, иманды да инабатты қазақ қызы болыңдар деген тілектеміз.

          Қай кезең болсын, қай заман болсын, уақыт өзгергенмен, ұлт өзінің болмысын қашан да сақтауы тиіс. Қазақ қыздарына келетін болсам, олардың тәрбиесі, ең алдымен, отбасынан басталуы қажет. Бүгінде бесік жыры сирек айтылатын құбылысқа айналды. Балаға тәрбие ана сүтімен, бесік жырымен келеді. «Қызға қырық үйден тыю» деген халық мақалы текке айтылмаған. Анасы үйінде қызын қылықты, ұлын ұлықты етіп өсіріп отырса, кейін өз орталарында қыздарымыздың тәрбиелілігін көрсетіп жүрері анық.

Осындай бағыттағы ұлттық дәстүрлерді насихаттауға бағытталған  тәрбиелік шараларды ұйымдастыруда ақын,  Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, тіліміздің жанашыры Қыдырниязова Шолпан апамыздың «Менің тәрбие сағатым» деп аталатын жазбаларындағы «Ұл қандай болуы керек?», «Қыз қан­дай болуы тиіс?» деген тақырыптардағы өзекжарды ойлары мен толғаныстарын оқып, сабағымызда бөліскенбіз. Ендеше, сіз де таныс болыңыз, оқыңыз, көңілге тоқыңыз демекпіз…

 * * *

Тағдыр – маңдайға жазыл­ған майдан. Бақыт – басар баспалдағыңды биіктету, сүйікті болу мен сүйікті ету, бір жігіт үшін ата-анаңды қиып кету, аттаған алтын босағаңа сыйып кету, сыйып кету үшін күймеске күйіп кету, тамыр жайып өну, көнбеске көну, қырық шырақ жанып, сөну, бағыну мен сағыну, уайымдау, уайымдату мен өзіңді мойындату. Бұл жолдан бізге дейінгілер өткен, төзімділері ғана мұратына жеткен, бізден кейінгілер де өтеді, Майданда үлескер емес, күрескер болыңар, қыздарым!

* * *

«Ұяң ұя бұзбас» деуші еді ақ әжем. Мар­­құм анам да «Ұяты тө­гі­ліп тұр екен» – деп біреу­лерге баға беріп отыратын. Бойы­мыздан ұяңдық пен ұят таба алмай қалып жатамыз. Неге? «Тоқ адам тоқ­пақпен ойнайды» – деген осы ма? Қарқыл, шаңқыл, ана­йы­лық, оспадарлық көшеде шеру­леп жүр. «Ілтипатсыз ірге сө­гер, ықылассыз ырыс төгер», «Кө­ше­де көргенділік танытпаған үйін­де де үйлесімдік таппайды», «Мін­детсіген індетшіл болар», «Көшенің көзі көп, кещенің сөзі көп». «Есердің ескертуі есік ішінде, естінің ескертуі бесік ішінде». Ойланайықшы…

* * *

Әке – төр, ана – бесік, ұл – қуат, қыз – шуақ. Ұлың қуатты, қызың шуақ­ты болса, төрің қуатты да шуақты болады. Ұлдың қуаты әл кетіп, қартайғанда, қыздың шуағы жүзіңнен әр тайғанда керек. «Жетілгенше алдыңа, жетілгесін артыңа қара», – деп отырушы еді әжем. Ұлт тірегі – ұлдарым, тәрбие тіні – қыз­дарым, жетілгесін артқа қарайлап жүрмі­сіңдер? Қамшының сабындай қыс­қа ғұмырдың жастығы өтеді, қарт­тығы жетеді, дүние – кезек.

* * *

Пікір – әр адамның өз көзқара­сының жемісі. Айтылған ой-пікірді салқынқандылықпен қабыл­дау – мәдениеттілік, қол­дау не қарсы пікір айту – аза­мат­тық. Тіксіну, күпсіну, сал­ғыласу, тұқырту, тілдеу – сөйлеу мәдениетін білмеу. Парасат­ты, пайымды пікірден ақиқат гүл ашар, пайымсыз пікір парық­сыздыққа ұласар. Түртіп сөйлеме, сананы сілкіп сөйле.

* * *

Ұлтын сүймейтін ұлдан, құ­лақ кесті құл артық. Тілдің кие­сі – елдің иесі. Тілдің Туын құ­лат­­паған ел – ұрпағын жылат­паған ел. Жұрттың тілін жат­та, ұлт­­тың тілін сақта. Қара сөзі жоқ­тың, қара көзі жоғалар. Ана тіл – қаныңның тамшысы, намы­сыңның қамшысы. Тілін ұмытқан тегін де ұмытар. Анамның айтқандары Кие адамның басында емес, ша­шында, шашты кез келген жерге тастамаңдар, шаштарыңды жаймай, жинап жүріңдер. Кие адамның санасында емес, ті­лінде, тілегің тілінсе де тілің тілінбесін, бүлінбесін. Кие адамның өмірінде емес, өнерін­де, адал адамды аруақ қолдайды. Кие адамның бойында емес, боса­ғасында, босаға берік болсын. Кие сәнде емес, дәмде, дәм тау­сылмасын. Кие елде емес, Жерде, жауға ұлтарақ берме…

* * *

Салғыласу – менменшілдік. Мәнді сөз марқа шығар, салғыласқанның арты ашылар. Шын сөздің тоңы – ырыс, салғы­ласудың соңы – ұрыс. Тіке сөз – тікенек. Қасарысқанның қаны қараяр. Батпан сөзді байқап айт, мақтан сөзді қаймағын шайқап айт. Салғыласқанда сый болмас.

 

* * *

«Еркек – бас, әйел – мойын», – де­ген­ді қалай түсінеміз? Менің ойымша: Ердің беделі баспен, әйел­дің беделі аспен көтерілер. Ой­сыз бас – мықты мойынның ойын­шығы. Миы мықтының – сыйы мықты, Басы жоқтың қасы көп. Ақылсыздың аяғы басына бағын­бас. Қорытылмаған ой қоламта болар.

 

***

«Әй, ел болайық!» Ауру анасын бақпаған қыз апасының амандығын білмейді. Төсек жинамаған қыз өсек жинайды. Бұрын қыздар еріксіз малға сатылатын еді, енді еркімен шалға сатылатын болды. Бұрын қызды қырық үйден тыйғызатын еді, енді қырық үйге сыйғызатын болды. Тастай батып судай сіңу керектер, тастай қатып, судай ағып дедектер болды, т.б.

 

***

Менің тәрбие сағатым: Әдет немесе өзіңе байқалмайтын әдепсіздігің. Жекіру, лепіру, кекіру, тыржию, мыржию, арпылдау, қарқылдау, шалқаю, талтаю, дүңкілдеу, күңкілдеу, мырқылдау, жырқылдау, ырқылдау,  сүртіну, түртіну. т.б. Өзімізге қарайық.

 

***

«Қызы үшін қысылмаған әке бақытты, қызы үшін алғыс алған ана бақытты.» «Ерке қыз етегімен ойнайды, есті қыз ертеңін ойлайды.» «Оясыз қыз ойнақ сүйеді, оялы оймақ киеді»,» Шашын тарамайтын қыз, үйге қарамайтын қыз «, «Анасын сыйламған қыз атасын да сыйламайды» , «Төсегі көп қыздың өсегі көп», т.б.

 

* * *

 Сыйлы болғың келсе, сыйым­ды бол. Келінге сыймаған енені ел сыйламас. Келінге көп сөз емес, көп көмек керек. Дым бер­ме­сең де дем бер. Білгеніңді үй­рет, күмәніңді күйрет. Мен бі­лем деп сызданба, ұлыңды қызғанба. Ұлдың қадірі шал кеткенде білінер, қыздың қадірі хал кеткенде білінер, келіннің қадірі әл кеткенде білінер. Ене – емен есік, келін – тұтқа. Тұтқамыз тұрақты болсын! Сырласу. Қызым, саған айтам… Сенім мен сезім болмай адам­ның бақытты болуы қиын. Ең бірін­ші өзіңе, екі көзіңе, айтқан сөзіңе сенімді бол. Естігеніңді біреу­ге айта салуды әдетке ай­­нал­­дырма. Өсектің соңы – өкініш. «Аузы адалдың – асы адал», – дегенді бабалар тегін айтпаған. Күйеуіңмен жарысып, тайталасып сөйлеу – әдепсіздікке жатады. Ақылдасуды бойыңа, айтылған ақылды ойыңа сіңіре біл. Келін – келешек ана, сәбиге берілер сана екенін ұмытпа. Менің әжем: «Ұрысқақ қатынның қызы ұқыпты болмайды», «Ұрыс ұя бұзады», – дегендерді қайталап отырушы еді. Әже әдебімен кейінгілерге сабақ болсын, әркім керегін алса деген оймен сыр шертемін. Сезіміңді сарала. Ұнату мен сүюді шатастырып алмағайсың. Көпті ұнатасың, көпке ұнайсың, бірді сүйесің. Шын сезім ғана сынға төзе алады, бақытқа бастайды, бақыт – қанағат, қанағатшыл жан мәнді де, сәнді өмір сүре алады…

Бұзылу. Ұл бұзылса, жұртқа сын, қыз бұзылса, ұлтқа сын. Ер бұзылса, серт кетер, әйел бұзылса, дертті етер. Заң бұзылса, лаң болар, Ел бұзылса, жер болар, көңіл толы шер болар. Бас бұзылса, тіс кетер, ас бұзылса, іш кетер. Жас бұзылса, істі етер, бармағыңды тістетер. Ұлт бұзылса, салт кетер. Салты жоқтың – халқы жоқ.

       Рита  Сұлтанғалиева, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

 

Бөлісу: