Қазіргі ер азаматтың гардеробы неден тұрады? Туфли, шалбар, белдік, көйлек, оның сыртынан костюм киеді. Енді осы аталған киім-кешектің түгелін ойлап тапқан кім? Авторы басқа емес, біздің бабалар…
Мария Харлоу, көне дүние тарихшысы: Шалбар да, костюм де көшпенділердің ойлап тапқан бұйымы. Түбін зерттеп қарасаңыз, бұл киімдердің түгелі ат үстіндегі өмірге шақталған кешектер. Отырықшы қауымдардың мұндай көйлекті ойлап табуға қажеттілігі де болған жоқ. Костюм – көшпенділердің шапанының ықшамдалған нұсқасы. Ат үстіндегі адам жиі еңкейіп, тіктелетіндіктен, бел тұсы ашық қала беретін. Суық тимес үшін сол кезде көшпенділер тірсекке дейін жететін ұзын шапандарды ойлап тапты. Көшпендінің шапанынан плащь, костюмдер пайда болған. Далалықтар шалбар киіп, шапан жамылып, сол кездің өзінде-ақ қазіргі заманның стилін сомдап, жасап қойды.
Ал, сол ғасырлардағы мысырлықтар, грек-римдіктер болса, ұзын матаны денесіне орай салып жүре беретін… Ары кетсе, төбесінен төңкере киетін, қолтығы ашық туника, хитон дейтін жалбағай ұзын етекті көйлектермен жүрді… Әйелінің де, ерінің де бұты жалаң болды десек болады.
Біздің заманның IV ғасырына дейін, Еуропа жұртының киімінде ердікі, әйелдікі деген бөлініс болмады. Ал сол дәуірдегі көшпенділердің көйлегінен қайсысын әйел, қайсысын ер азамат киері анық көрініп тұратын. Ол ол ма, көшпендінің киіміне қарап қай рудың адамы, әлеуметтік ахуалына дейін біле алады!
Әне, дизайн өнері бойынша далалықтар әлемге үйретуші болды. Сол көшпенділердің әлемдік тігін ісіне революция әкелген, тарихты өзгерткен бірден-бірі киімі бар. Ол – шалбар!
Сағындық Жауынбаев, тарихшы: Жазы ыстық, қысы суық Ұлы Далада өмір сүретін адам шалбарды ойлап таппауы мүмкін емес. Климаттың өзі адамды осындай ортаға бейімделуге мәжбүр етті. Белуардан келетін қар, ат үстіндегі өмір – шалбарды ойлап табуға мәжбүрледі.
Мәжбүрлік шалбарды ойлап табуға итермеледі. Рас. Әуелде күллі адамзат «юбкамен» жүрді. Уақыт өте, Ұлы Даланы мекен еткен біздің бабалар атты қолға үйретіп, үстіне қарғып мінді. Бірақ бұрынғы етекті көйлекпен ат үстінде ұзақ жүре алмайтынын аңғарды. Себебі, жылқы – өте тершең жануар. Терлеген кезде тұла бойынан ащы тұз ағып, балтыр-саныңды жаралап тастайды. Әуелгі кезде көшпелілер жорыққа шыға қалса, аяқтарын санынан бастап тобығына дейін мал терісімен жеке-жеке орап алатын болған. Осыдан келіп, шалбар пайда болады. Сол ең алғашқы шалбар Шығыс Түркістан жерінен табылып отыр. Осыған дейін ең көне шалбар деп Непалдан табылған, 2400 жыл бұрын тігілген шалбар көрсетіліп келген еді. Радиокөмірқышқыл сараптамасы Шығыс Түркістан шалбарының тігілгеніне 3 мың жылдан астам уақыт өткенін анықтап берді.
Наталья Ковшова, ғалым-реставратор: Шалбар жүн матаның үш бөлігінен құрастырылып тігілген. Екі ұзын балақ ауға келіп жалғанған. Ал ауы бөлек тігіліп жапсырылған. Бұл адамның өз аяқтарын барынша еркін қозғалтуы үшін қажет әрі дененің осы бөлігін суықтан қорғап тұрады. Шалбар киген адам атқа отырғанда өзін жайлы сезінуі үшін әдейі ыңғайлы етіп тігілген. Ежелгі шалбардың бел тұсы өте кең. Адам шалбарды өз белінің пошымына сай тарту керек болса, белдікпен тартып алатын болған.
Беделді белдікпен есептеу
Ең алғашқы шалбардың бел тұсы кең боп келетін де, оны киген адам өзінің беліне, пошымына қарай не тартып немесе босатып киетін болған. Белді буатын да, босататын да құрал – белдік емес пе? Міне, белдікті бірінші боп көшпенділер ойлап тапқан. Ал, үстіне төңкере көйлек киетін, матаға оранып жүрген Еуропа жұртына белдіктің қажеті жоқ еді. Белдік – дала жұрты үшін белді буатын бау ғана емес, адам дәрежесін анықтаушы бұйым болатын. Ертеректе белдіктер адамға шен ретінде берілетін. Қазір әскеридің шеніне қарап, кім екенін танысаң, бұрынғы көшпенділердің қайсысы сұлтан, қайсысы батыр, қайсысы би екенін белдігі айтып тұратын. Белбеуі арқылы адамның дәргей-дәрежесін тану ғұрпы уақыт өте корей, қытайдың жекпе-жек өнеріне сіңді. Ақ белбеу, қара белбеу дейтін ұғымдар оларға біздің даладан барған.
Шалбардың әлемге таралу тарихы
Қазір шалбар адамзаттың ажырамас бұйымына айналып кетті. Шалбарды күллі әлемге алғаш таратқан сақ-скифтер еді. Кейіннен оны галлдар мен германдықтар қолдана бастады. Рим империясында шалбар варварлардың киімі саналған. Оны киген адамға тіпті айыппұл салып отырған.
Бірақ, көп өтпей император-корольдер ат үстінде ұзақ жорыққа шыққан юбкалы жауынгерлерінің аяқ-бұттары жарадар боп кететіндіктен, амалсыз шалбар киюге рұқсат етті. Міне, сол сәттен бастап, шалбар мода-мақтанышқа айналып шыға келеді. Сарбаздар елдеріне қайтқанда алыс жорықтан оралғандарын атап көрсету үшін үйлерінде шалбар киіп жүретін болған.
Айтпақшы, әлем жұртының баршасы, әлі күнге бұтқа киер киімді көшпенділер қойып кеткен атаумен айтып жүр. Мысалға ағылшынның брюк, орыстың штаны, иранның шаровар дегені – бәрі-бәрі көне түрік сөзі.
Аяқтағы кішкентай башпай неге әлсіз? Етіктің не қатысы бар?
«Адам өміріндегі ең маңызды зат – кереует пен аяқ киімі. Себебі өміріміздің көп бөлігін біз не ұйықтаймыз, не жүреміз». Атақты француз драматургі Марсель Ашар осылай депті. Сол ұйықтағаннан гөрі күні кешеге дейін көп жүріппіз. Олай болса, кереуеттен бұрын аяқ киім бірінші пайда болғаны ғой.
Аяқ киім дегеннен шығады, америкалық археолог Эрик Тринкаус Алтай тауының үңгірінен 30 мың жыл бұрын өмір сүрген, тасқа айналған адам сүйегін тауыпты. Көне қаңқа қайдан табылмай жатыр дейсіз ғой?! Бірақ, бұл ескі сүйектің айтары бар болып тұр ғой. Әлгі қаңқаны бастан-аяқ зерттеген ғалым кісі «аяқтағы кішкентай шынашақтың өзге башпайларға қарағанда әлсіз болуының басты себебі – аяқ киім киіп жүргеннен пайда болған» деп сенсациялық жаңалық ашты. Қызық, ә! Демек, 30 мың жыл бұрын біздің бабалар аяғына кебіс киген болуы мүмкін?!
Бұл әзірге жорамал. Десе де, «ең алғашқы аяқ киімнің авторы кім?» деген сұрақ баршамызды мазалайтыны анық. Белгілісі – аяқ киім туралы факт алғаш рет ежелгі Мысырдың жазба ескерткіштерінде жазылған. Ол заманда аяқ киімді тек билік басындағы адамдар – фараондар мен олардың жақындары ғана киген екен. Ал қарапайым адамдар жалаңаяқ жүрген. Ал енді, байшыкештердің аяғына кигені не дейсіз бе? Ең қарабайыр кәдімгі сандал болды. Осы кезде көшпенділер аяғына не ілді екен?!
Самғау Нәсіпхан, етікші: Етікті ойлап тапқан, оны Еуропаға киіп барған біздер – көшпенділер едік. Сол Еуропаңа етікпен алшаң басып кіріп келгенде не көрдік? Герман, галл тайпалары жазда сүйретпе, ал қыста… аяғына жүн-жыбырды орап, байлап жүргенін көрдік. Бірақ, мұндай «орамамен» қанша жүресің? 5-6 шақырымнан соң, әлгі орап тастаған жүн суланып, тері табаны жыртылып қалады. Сондықтан қыс түссе, еуропалықтар ары-бері жүруді қойып, тыныш жататын. Ал көшпендіңе бәрібір, анау саптама етікпен тізеден келер суды кешсе де, омбы қармен жүрсе де, аяғы құрғақ. Айтып-айтпай не керек, біздің атамыздың етігі сол кездің жол талғамайтын Джипі іспеттес болды ғой. Бұл саптаманы әу баста, атқа мінгенде тұлпардың тұзды терісі балтырын жарадар етпес үшін, тобығын үзеңгі қажамауы үшін шығарып еді. Үзеңгіден аяқ өтіп кетпесін деп, етікке өкшені бірінші боп, қаққанда осы көшпенділер.
Бұрын қыс түссе ешқайда шықпайтын Еуропа жұрты осы етікті киіп, енді алыстарға баратын болды. Саптаманың б.з. V ғасырында пайда болғанын Пазырық қорғандарынан табылған қонышы тізеден асатын, жұмсақ байпақтар дәлелдейді. Саптаманың ең басты артықшылығы оңы мен солы жоқ, оң етікті сол аяққа, сол етікті оң аяққа ауыстырып кие береді. Мұның өзі саптаманың өте ертеден келе жатқан аяқ киім екенін көрсетеді, себебі көне заман көшпенділері алғаш етікті ойлап тапқанда оң мен солына мән бермеген. Кейін етікшілер бұл дәстүрді сақтап қалған, оңы мен солын ауыстырып киген аяқ киім аз тозады. Қазір де Қазақстанның қысы қатты аймақтарында етікшілер саптаманың бұрынғы моделін сақтай отырып, яғни оңы мен солын бірдей етіп тігеді.
Бір қызықты айтайын: Мал шаруашылығымен айналысатын ауылдағы ағайын еуропалық етіктерді кимейді. Оның екі себебі бар. Біріншіден, әлгі «импортный» етіктер суыққа, күнделікті қар кешуге жарағанмен, атқа мінуге жарамайды! Неге? Өйткені оның табаны резинадан болғандықтан, аттың темір үзеңгісіне аяғыңды салғанда үзеңгі етігің тұрмақ табаныңды қарып жібереді. Табаны қайыстан болмағандықтан, ұлтаны пластмасса шетел етіктері қыстыгүні атқа мінуге мүлдем жарамсыз. Екіншіден, олардың былғарысы шошқаның терісінен жасалады. Яғни бірыңғай суық тартатын материалдан жасалған етікпен Арқаның 50 градусқа дейінгі аязында атқа мінем деп ойламаңыз. Шошқаның терісінен жасалғандықтан, ол тез ылғалданады, ал аяғың сәл ылғалданды дегенше аттың үстінде үсіп өлдім дей бер.
Тағы бір баса айта кететіні, қазіргі сән индустриясы – көшпенділердің етік жасау технологиясынан асырып жасап жатқан ештеңесі жоқ. Мысалға, мынау шетелден келіп жатқан жуан санға дейін жететін әйелдеріміз тұтынып жүрген «Батфорд» етіктері арыдағы Көк Түрік, Алтын Орда, берідегі қазақ ханшайымдары киген етіктің үлгісін қайталайды. Ұлттық мұражайда болсаңыз, Хан Кененің қарындасы Бопай анамыздың етігін ұстап көріңіз! Бірден түсінесіз.
Етік – қазіргі көптеген аяқкиімдердің атасы. Етікті тобық тұсынан шорт кессең, туфли, бәтіңке болады да қалады. Аяқ киім туралы сөйлегенде, осы бұйымның қазақша «аяқ киім» дегеннен бір атауынан басқа ат таба алмай қиналып кететінім бар. Содан амалсыз, туфли, кебіс деп жүрміз. Сонда, қазақ етік пен кебістен өзге аяқ киімді білмей ме?
Аяқ-киім атаулары
Осы қазақта аяқ киімнің қанша түрі, атауы бар? Кебіс, сосын етік… Басқа аяқ киім түрі жоқ сияқты. Режиссерің де, суретшің де осылай ойлайды. Сондықтан ғой, киносында аптап ыстықта ауыл ішінде батырың да, балақайың да етікпен жүреді. Сонда, қазақтар жаздық аяқ киімді білмеген бе?
Жоқ, білгенде қалай? Тек аяқ киімнің ол түрлерін ұмытып қалғанбыз. Әйтпесе дәл қазақта аяққа киер кебістің жүздеген түрін ойлап тауып, атау берген ұлт әлемде жоқ та шығар. Қараңыз: шәркей, шоқай, шабата, боршын, башмақ, шүбек, шарық, шоңқайма, пима, кебіс, мәсі, байпақ деген аяқ киімнің сан түрі, атауы бар.
Міне, көрдіңіз бе? Ендігі де, аяқ киім туралы айтқанда, жазғанда, тавтологияға ұрынбас үшін осы жоғарыда келтірген кебістердің атауларын еркін пайдалана беріңіз. Десе де, «қай аяқ киім қандай жағдайда киілді, пошымы қандай болды?» деген сұраққа да жауап бере кетсек.
Мәсі – пошымы етікке ұқсайды. Оның етіктен айырмасы: өкшесі болмайды әрі табаны, қонышы жұмсақ теріден тігіледі. Сыртынан кебіс киеді.
Кебіс – мәсінің сыртынан киюге арналған, былғарыдан тігілген қонышсыз аяқ киім. Бұрын кебісті галош орнына киген.
Байпақ – қысты күні, етіктің өзін ғана кисең, суық өтеді. Сондықтан, көшпенділер былғары етіктің ішінен қозы жүнінен басылған байпақ киген.
Шәркей – көннен тігілген жеңіл аяқ киім. Үй ішінде киіп жүруге шақталған.
Шоқай – көн теріден бүріп тігілген жұмысқа киетін жеңіл аяқ киім.
Шабата – жөкеден, талдан тоқылған жаздық жеңіл аяқ киім.
Боршын – қоғадан тоқылған жазғы аяқ киім.
Башмақ – үй ішіне киетін өкшесіз жеңіл аяқ киім.
Шүбек – үй ішіне киіп жүретін жеңіл аяқ киім.
Бекі (бәкі) – түйе терісінен жасалған жұмысқа киетін кебіс.
Бұл айтылғанның баршасы – туфли пошымдас аяқ киімдер. Ал қысқа арналған, қонышты аяқ киімдер – етіктер. Мұның да бірнеше түрі бар:
Жұмсақ етік – аңшылық кезінде, жүрісті білдірмейтін жеңіл етіктің түрі.
Бір тақа етік – атқа мінгенде ыңғайлы, арнайы тігілген етік.
Көн етік – көннен тігілген етік.
Шоңқайма – қонышы тізеден аспайтын, тұмсығы үшкір, өкшесі тайқы былғары етік. Бәтіңкенің арғы атасы.
Саптама – ішінен байпақ киетін, кең қонышы жуан қара санға жететін былғары етік.
Бекіс – басы былғарымен қапталған киіз етік.
Пима – жүннен басылған қысқы аяқ киім.
Шарық – үй ішілік аяқ киім.
Еуропа барған әкелеріміздің «ол жақтың жұрты сыртта бір аяқ киім, үй ішінде бөлек аяқ киім киіп жүреді екен» деп таңғалғанын талай естідік. Кейін кинолардан да көп көрдік. Білесіз бе? Үй ішілік аяқ киім осы Ұлы Даладан тараған. Жоғарыда жазған шәркей, шүбек, боршын, ең соңғысы шарық дейтіндерің – осы үйдің ішінде киіп жүруге шақталған кебіс түрі. Соның ішінде шарық кең таралған еді. Теріден тігілген қарадүрсіндеу болып келеді. Шарықты үш түрлі теріден жасайды. Бірінші, иленбеген шикі (шылғи) теріден жасалады. Оны көн шарық деп те атайды. «Білімдінің беті – жарық, Білімсіздің беті – көн шарық» деген мәтел бар. Немесе «Көк арбаға мінерміз, Көн шарықты киерміз» дейді Қалнияз жырау. Екіншісі иленген қайыстан тігіледі. Үшінші түрі терінің түгі сыртына қаратыла тігіледі. Шарықтың бұл түрін жылқының сауыр терісінен, құйрығының түбінен тігеді. Сондай-ақ өгіздің маңдай терісі мен пұшпағы, түйенің өркеш терісі де пайдаланылады. Жаңа сойылған жылқының сауыр терісін алып, шелін, көк етін тазартып, түгі өкше жағына жататындай етіп пішіп, арнаулы ағаш қалыпқа салып, жиектерін бүгіп, бір елідей жерден баулық өткізетін тесіктер тесіп, қайыстан бау тағып қояды. Әбден кепкеннен кейін қалыптың үлгісіне келеді. Қазақтың «Көн қатса – қалыбына» деген мәтелі содан шыққан. Бірнеше күннен кейін шарықты қалыптан шығарып, табанына киізден ұлтарақ салып, аяққа киіз байпақ, сыртынан жарғақ байпақ немесе жүннен тоқылған шұлық киіп, одан кейін ғана шарықты киеді. Шарықтың баулары өкшелігінен шығып тұрады. Бауларының ұшымен балтырды айқыш-ұйқыш шандып, байлап қояды. Біршама киілген шарыққа көк шөптің сірісі жұғып, жылтырап әрлене түседі.
Мұны тұяқ-тақа дейді. Қазіргі бахила дейсіз бе, әлде радиация өткізбейтін аяқ қап дейсіз бе, сондай бұйымның прототипі. Аяқ киімге байлап алып, саз, лайсаң, шалшық жермен жүруге қолайлы мүлік. Көктемде қар еріп, жер лайсаң тартып, мал қораның төңірегіне сарсідік жиналады. Мал жайғаған кезде малшылардың аяқ киімдерінен су өтіп, лас болмау үшін арнайы тақа (платформа) байлап жүреді. Осылай оны жылқының тұяғынан жасайды.
Жаңа сойылған жылқының төрт тұяғын ажыратып, жуып тазалайды да, алдыңғы аяқтың тұяғы мен артқы аяқтың тұяғын жұптап, бірнеше жерінен тесіп, қайысты айқастыра өткізіп байлайды. Одан кейін төңкерілген тұяқтардың алдыңғы жағын көлденең тесіп, сол тесіктер арқылы аяқтың өкше жағына келетін тұсына қайыстан тұйық бау тағады. Оны өкшелік деп атайды. Етіктің тұмсығы келетін тұяққа ұзындығы бір құлаштай қайыс бау тағылады. Оны мұрындық деп атайды. Сол мұрындық арқылы тұяқ-тақаны аяқ киімге шандып байлап алады. Пайдаланып болған соң тұяқ-тақаны үйге кіргізбей, сыртқа тастап кетеді. Тұяқ-тақаның жасалуы оңай. Әрі осы күнгі малшылар қауымына аса қажет-ақ!
Көзілдірік – далалықтардың өнертабысы
Қыс. Жазық дала. Айнала аппақ қар. Аспанда ақ, жер де ақ! Көзің қарығады. Немесе жаздың ыстық аптабында дала кезсең, көкжиекке қарай алмай, жанарың жасаурап, ауырады. Бұл әсіресе малшы қауымы үшін үлкен азап. Осындай бейнетке қарсы бұрынғы малшылар жылқының тұяғын өңдеп, көзілдірік пішінге келтіреді. Сонсоң жұқарта жонып, көздің жанары келетін тұсына пышақ сыртындай жіңішке жолақ ойып қояды немесе жылқы терісін шикідей жібітіп, түгін ұстарамен сыпырып тастап, көздің тұсынан көлденең тіліктер түсіреді. Тері тобарсыған кезде тіліктердің арасындағы жолақ тілімдерді күн көзіне көлбеу бағыттарға бұрып, қисайта кептіреді. Осындай көзілдіріктерді екі жағынан жұмсақ шүберекпен ызылған бау тағып, көзге киіп алады. Олар көзді қарығудан сақтайды.
Ұлы Даланың бұл өнертабысы ХІІІ ғасырларда Мысыр елінде кеңінен тарала бастады. Бұл бұйымды даладан алып келген кешегі құл, кейінірек күш-айласының кереметтегі арқасында әскер, билеушіге айналған мамлюктер болды. Египеттің сағым ойнаған қып-қызыл құмында, бұл көзілдіріктер көзді қарығып ауырудан сақтады. ХІХ ғасырда Мысырға француз императоры Напаолен Бонопарт басып кіреді. Құм далада, көзі қарыққан әскеріне, император мамлюк көзілдірігін тағуға бұйырады.
Конькидің отаны қай ел?
Мұз үстінде сырғанап, көңіл көтеру үшін коньки секілді сырғытпаны өмірге әкелді. Иә, конькидің алғашқы отаны – Қазақстан. Мұны әлем ғалымдары мойындап та қойды.
Былай ғой: 1967 жылы қазақ археологтары Тобыл өзенінің жағасынан жылқының сирағынан жасалған, қола дәуіріне жататын сүйек конькиді тапты. Бірақ, жалғыз жәдігер конькидің отаны қазақ жері дегенге аздық еткен еді. Бертінде Шығыстағы Шаған өзеніен, орталықтағы Қарқаралы жерінен, Алматы облыстарынан да осы сүйектен жасалған көне конькилер көптеп табыла бастады…
Ұлан Үмітқали, археолог: Біз соны айна-қатесіз, көшірмесін жасадық. Біз мұны мұзда сырғанап көрдік. Бұл қазіргі коньки сияқты зулап кетеді деген ой болмауы керек. Қазіргі көліктің арғы атасы арба болса, қазіргі конькидің арғы тегі – осы сүйек сырғанақ. Бұл қазіргідей зымырап кетпесе де, кәдімгідей адамның мұз үстіндегі жылдамдығын біршама есе үдетті. Осыған дейінгі бұйымдар, қажеттілік үшін ойлап табылса, коньки – ермек, серуен үшін пайда болған ең бірінші бұйым. Бұлай деуге бірнеге себеп бар. Ұлы Даланың қысы өте суық. Бірақ, суық екен деп, үй ішінде қимылсыз жата беру – ауруға шалдықтырады. Адам әрекет үстінде болуы керек. Мұны бір деп қойыңыз.
Екіншіден, Даладағы өзеннің баршасына мұз қатады. Осы мұзда бірді-екілі тайып құлаған көшпенді, ебін тапса сырғанауға боларын байқады. Сосын неге табанға сырғанақты арттыратын бұйым салмасқа деп ойланды. Ақыры, жылқының сирағынан коньки жасап сырғанақ тепті. Сөйтіп, денсаулығын күтті әрі көңіл көтерді.
P.S. Уақыт келді. Мәдениет, тарих Жерорта теңізінен басталады деген еуроцентристік көзқарасты қайта қарауға уақыт келді. Себебі, әлгі пайымды түбірімен жоққа шығаратын артефактілердің жалғыз-ақ айтары: қарап отырсаңыз, көшпенділер нағыз инноваторлар болғанын әлемнің еріксіз мойындайтын кезі келді.
Нұрбек БЕКБАУ, журналист