ЖҮЗ ЖАҢА ОҚУЛЫҚ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТҰНЫҚ ТҰМАСЫ

Халқымыздың, ұлтымыздың, рухы жаңғырып, санасы оянып, сауаты ашылған елміз. Кеше ғана Елбасымыз өз пайымды да парасатты «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Осы мақала жариялау арқылы халыққа үндеу тастап, болашағымызды бағдарлап, рухымызды жаңғыртып, егемен ел болайық, өзге өркениетті елдермен тең болайық деді. Осы бір аталы сөзді ұғынып, түйсіне білген бұқара халық, көзқарақты зиялы қауым қос қолдап қолдау көрсетті. Елбасы өз мақаласында гуманитарлық ғылымдар бойынша «жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз деп ой түйіндеген болатын.

Осы ойдың үдесінен шыға білген қауым жұртышылық бұл іске де құмбыл кірісіп кетті. Бұның нәтижесі ретінде алғашқы аударылған 18 кітап сәуір айында жарыққа шығып та үлгерді. Осы кітаптардың тұсаукесерінде Елбасы: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының бірнеше бағытын орындап келе жатырмыз. Онда бес сала қамтылған. Соның ішіндегі ең маңыздысының бірі — жүз кітапты қазақ тіліне аудару. Бұрын-соңды мұндай болған емес. Менің жұмыс столымда кітаптың бәрі жатыр» деді.

Бұл жүз жаңа оқулық әлем елдерінің таңдай қағып, тамсанып оқитын ең үздік кітаптары болмақ. Осындай классикалық туындылар өз қазақ тілімізде сайраса болашақ жастардың санасы өсіп, ой өрісі дами түсері сөзсіз. Ал санасы дамыған жастар әлемдік жаһандану үдерісіне жұтылып кетпей, халықты сол тығырықтан алып шығар жастар пайда болады. Өзін-өзі таныған ұлт ешкімге бас имейтіні ежелден белгілі. Қазақ жұртшылығы өзін тану арқылы ұлттық кодын сақтап, рухани жаңғыруы керек. Міне бұл жобалардың барлығы осы мақсаттың, осы ұлы ойдың жетегінде жасалып жатқан ізгі дүние.

Мемлекет басшысы «Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек» деп жазды.

Шыныменде елімізге енді рухани жаңғыру кезеңі келгенін Елбасы әр сөзінде нақты дәлелдермен дәйекті айтып келеді. Жүз жаңа оқулықтың берері әлі алда. Осы жүз жаңа оқулықты аудару үшін арнайы «ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылды.  Осы қор құрылысымен өз ісіне кіріскені белгілі. Соның нәтижесі өзге тілдерден аударылған 18 оқулық еді. Кілең әлемдік сұранысқа ие адамзатқа ой салар кітаптар еді.  Әрине жүз кітаппен әлемдік үздік оқулық шектеліп қалмайтыны мәлім жайт. Дегенмен жоқтан қарағанда бұл үлкен жетістік. Елбасымыздың болашақ жастарды ойлап, ұлтын ойлап жасатып жатқан бұл жобасы әлі әлемді таңғалдырады деген сеніміміз зор.

Алдағы уақытта гуманитарлық бағыттағы тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, филология ғылымдары бойынша  студент жастар толыққанды білім ала алады деуге әбден болады. Бұл жобаның ең басты ерекшелігі неде дегенге келетін болсақ, әрине жаһандық озық ойлы ғылыми, гуманитарлық дүниелерді тұңғыш рет тұпнұсқада қазақ тіліне аударып отыруымызда. Сол арқылы қазақ болашағын болжауға болады. Белгілі бір дүниелер уақытша болуы мүмкін. Бірақ ғылым, білім мәңгілік. Дүниенің ақыры болғанға дейін ол санадан-санаға өтеді, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Біздің бұл қолға алып, қомданып отырған жобамыз сол мәңгілік ұрпақ жадында қалар ұлы еңбектер. Бұл құндылық ешқашан өз құнын жоймайды.

Бөлісу: