Бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең, Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Егеменді еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында атап көрсетілгендей, әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі. /Қ.К. Тоқаев. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», 2021 ж./.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылып жатыр. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы бес міндеттен құралған төрт бағыттан тұрады. Осы жобаның бірінші міндеті – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі және сапасын қамтамасыз ету болып табылады.
Қазіргі кезеңде кез-келген мемлекет ұстанымы заман талабына сай өмір сүру. Сондықтан өскелең ұрпақты барлық әдет-ғұрыптар мен ұлттық дәстүрді жатқа біледі немесе ұлттық құндылықтың мәнін түсініп, оны мәңгілікке сақтай алады деп айта алмаймыз. Себебі, сан-салалы технология дамыған кезеңде адамның өткенінен алшақтауы басымдылыққа апаруда. Этникалық болмысына алаңдайтын ұрпақ бойында туындайтын заңды сұрақ: «Қоғамда ұлттық салт-дәстүрлердің алатын орны қандай?» Жалпы, дәстүр дегеніміз — ұрпақтан-ұрпаққа көшетін тарихи қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен принциптер. Ол – қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез-құлқы және іс-әрекеттерінің рухани негізі. Яғни, әр халықтың өзіне тән әдеп-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері болады, осы ұлттық мәдениет арқылы сол халық өзінің қасиеттерін, мінез-құлқын, тәрбиесі мен құндылықтарын көрсете алады.
Зиялы адамзат қауымы пайда болғалы бері ғылыми деректер бойынша 1600 аталыққа ауысыпты. Міне, осы зиялы адамзат әдет-ғұрпы, дәстүрі мен салт-саналары көп ғасырлар бойы тірнектеп жинаған тәрбиелік жұмыстарының нәтижесі. Олар тек осы жолмен ғана өздері жасап-қалыптастырған рухани мәдениеттерін, өз мінез-құлық психологиясын жалғасушы ұрпақтарына өнеге етіп беріп отырды. Олар да өз кезегінде тарихи-экономикалық, т.б. жағдайларға орай жаңаларын қосып, жалғастырып отырған. Атадан балаға қалған әдет-ғұрып, дәстүрлер мен салт-сана, жол-жоба балаларына заң болып, оны бұлжытпай орындау сол халықтың тәртіптілігін, бірауыздылығын білдірген. /Н. Өсеров, Ж. Естаев. «Ислам және қазақтардың әдет-ғұрыптары». Алматы, «Кітап» баспасы, 1992 ж. 110 б./.
Қазақ халқының рухани мұрасы өте бай, ол қыран қанаты талатын Қазақстанның ғасырлар тереңінен бастау алады, шынында да, еліміз қарт Каспийден Алтай тауларына дейінгі, Орал тауларынан Алатау шыңдарына дейінгі жерді алып жатыр. Қазақтардың, Ұлы дала тұрғындарының сан ғасырлардан бері ұлан-байтақ жері ортақ, тілі ортақ, ұлттық мәдениеті де ортақ болып келген. Осы топырақта қазақ даласының ұлы перзенті, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келген. Қазақтардың фольклоры да бай: оның бойына көшпелілердің халықтық педагогикасы мен халықтық психологиясының інжу-маржандары жинақталған. Он ғасырға жуық уақыт бойы арабтардың, моңғолдардың, жоңғарлардың шапқыншылық жасауы көне қазақ өркениетін бүлдірді. Бір ғана Отырар қасіретінің өзі, қазақ даласындағы осынау өркениет орталығы тұрғындарының қаһармандық күресі көп нәрсені еске салады. Тағылықпен қырып-жойғанына қарамастан, халқымыз қайталанбас мәдениетін, тілін мүлде дерлік өзгеріске ұшыратпай сақтап қала білді. Өзіне тән әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тарихи, табиғи-климаттық ерекшеліктеріне қарай, көшпелі қазақтардың балалар мен жастарды оқыту мен тәрбиелеуге деген өзіндік талаптары қалыптасты.
Қазақ халқының бала тәрбиесінде, жас ұрпақтың өз бетінше еңбек етіп өмір сүруіне даярлаудың сан алуан құралдары мен әдістері болған – бата беру, ант беру, тілек тілеу, айтыс, т.б. қамтылған. Халық ауыз шығармашылығының барлық жанрлары бала тәрбиесіне молынан пайдаланылды. Ертегілерді, аңыздарды, шежірелер мен дастандарды асқан шеберлікпен, ой-қиялдың даму дейгейін ескере отырып әңгімелеген. Қазіргі Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеулер қазақ даласындағы көшпелі тайпалардың жауынгер әрі малшы ғана емес, сонымен қатар, тамаша сәулетші, мүсінші суретшілер болғанын дәлелдейді.
Халықтық тәрбиеде бала тұлғасының қалыптасуында отбасына, отбасылық тәрбиеге ерекше мән береді. Ал оның негізгі ұстанымы, отбасылық дәстүрлер, яғни өзіңнің шығу тегіңді білу, ұғыну. Отбасы дәстүрі халықтық тәрбие жүйесінің өзегі, әлеуметтік-мәдени құндылықтарды ұрпаққа жеткізудің негізгі құралы. Соның нәтижесінде жас ұрпақтың адамгершілік қасиеттері, құндылық бағдарлары қалыптасады, отбасы мен қоғамдағы мінез-құлық ережелері, өзара қарым-қатынас әдебі аға буыннан жас буынға қол жетімді түрде беріледі, бәрі қосыла келе ұрпақтарымыздың адамгершілік мінез-құлықтарының тұрақты түрде қалыптасуына жағдай жасайды. /Қалыбекова А. «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы». Алматы: Баур, 2011. 488 б./.
«Баланы – жастан, әйелден бастан» дегендей, бала тәрбиесіне қазақтар үлкен мән берген. Тәрбие білімнен жоғары қойылған. «Егер әкесі пияз болса, анасы сарымсақ болса, ұлында қандай хош иіс болмақ?» — дегендей, бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Үлкен отбасы шаруашылыққа өте тиімді, жұмыс қолы мәселесін шешуде пайдадан басқа зияны жоқ. Қазақтар спорттық жаттығуларға кішкентайынан жаттығып, жас балалар атқа шауып, секіріп, күресіп, көкпар тартып дегендей, шынығып өскен. Н.А. Добролюбов: «Бірде-бір неміс гимнасшыларының, грециялықтардан басқа, үлгі-өнегелері болмағандықтан, бізге мұнда қырғыз даласына келмеуі өкінішті-ақ. Мұнда олимпиялық ойын түрлері: күрес, сырыққа өрмелеу, жүгіру, т.б. гүлденіп өскен», — деп текке мақтамаған. О баста қазақтардың сүйікті ойындары: атпен шабу, садақ ату, қазақша күрес, жарыс, аңшылық, т.б. жақсы дамыған. Осының бәрі баланың жасынан шынығып, мықты болып өсуіне, былайша айтқанда, дене тәрбиесіне зор мән берілген. Жаз бойы бай, кедей демей жалаңаяқ жүрген.
Баланың дүниеге келуіне, жасқа толуына, сүндеттелуіне, адамның үйленуіне және өмірден өтуіне байланысты алуан түрлі ғұрыптар жиынтығы түріндегі отбасылық дәстүрлер қазақтардың отбасылық өміріндегі біртұтас ғұрыптар жүйесін жасауға негіз болады, ол мазмұндық жағынан бала бойындағы адамгершілік мінез-құлық нормаларының қалыптасуына жағдай жасайды. Ата-бабалардың рухани қазыналары әңгіме, баяндау, аңыз, өсиет, мақал түрінде сақталып, кейінгілерге жетеді. Ұрпақ тілімен бабалар, ата тілімен арғы аталар сөйлейді. Ата-анаға және үлкендерге құрмет, перзенттік парыз – көптеген отбасылық афоризмдердің негізгі сипаты әрі өзегі ретінде ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Ақсақалдар, ата-әжелер тәлім-тәрбиесі сан алуан түрде көрініс табады, яғни бұдан біз халықтың ғасырлар бойғы отбасылық ізгі дәстүрлеріне сүйенген ұрпақтар сабақтастығын көреміз. Қазақ халқының көптеген салт-дәстүлері, әдет-ғұрыптары шын мәнінде адамгершілік тәрбиенің жазылмаған заңдарына, еліміздегі отбасының өзіндік моральдық кодексіне айналды, себебі оларда жас ұрпақты тәрбиелеудің сан ғасырлық сүзгіден өткен тәжірибесі бар.
Халықтың отбасылық дәстүрін қайта жаңғырту тақырыбы қазіргі уақытта ерекше маңызды болып тұр, себебі өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын білу бүгінгінің де, болашақтың да адамын тәрбиелейді.
Мағжан Жұмабаев айтқандай, «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиелі баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті». Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі – ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне байланысты. Өйткені әрбір халық ұрпағымен көктеп, өркен жаяды. Әрбір мемлекет рухы таза, санасы биік, білімді де, білікті ұрпағынан қуат алады.
Сәбира Айтбай, Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының аға ғылыми қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі