ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ЕЛШІЛІК ДӘСТҮРЛЕРІ

Кез келген мемлекеттің басқару жүйесінің құрамдас бөлігі – алыс-жақын көрші елдермен қарым-қатынасты реттеуге жауапты елшілік қызметі. Қазақ хандығы және оның сыртқы саясаты мен оны іске асыру тетіктері елшілік қызметті ұйымдастыруға байланысты жүргізілгені ақиқат. Мемлекеттің сыртқы саясатын жүргізу орталық билік деңгейін көрсетеді және толып жатқан дайындықты қажет етеді. Елшілер болса осы саясаттың орындаушылары, яғни басқа мемлекеттермен саяси, экономикалық және мәдени байланыстардың дұрыс жүргізілуін қамтамасыз етеді.
Егер тақырыптың дерек көздеріне келсек, олардың мәселені терең зерттеуге жеткілікті екенін аңғарамыз. Біріншіден, Қытайдың Мин және Цин әулеттері тұсындағы мұрағаттарындағы Қазақ хандығымен қарым-қатынас тарихына қатысты айғақтардан біз Қазақ хандығы мен Қытай арасындағы елшілік байланыстар 1447 жылдары басталып, бірқатар үзілістермен, ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарына дейін жалғасқанын аңғарамыз. Екіншіден, Ресей мұрағаттарында жиналған әр қилы деректер ХVІ ғасырдың басынан бастап Қазақ хандығының соңғы сәттеріне дейінгі үлкен мерзімін қамтиды. Алғашында Қазақ хандығы туралы Ресей және Қазан немесе Ресей және Қырым хандығы контексінде жанама мәлімет беретін деректер бірте-бірте екі мемлекет арасында тікелей елшілік байланыстарға жалғасады. Үшіншіден, Қазақ хандығы мен Осман империясы арасындағы елшілік қарым-қатынас тарихына байланысты деректер. А.И. Исин Қазақ хандығы туралы мәліметтер ХVІ ғасырдың 20-жылдары Қазан қаласы үшін күрестің кезінде Стамбұлға түсе бастады дейді. Бұл пікірлерге дәлел болатын соңғы кезде Осман империясы архивінен табылған хаттар. Солардың бірінде хат авторы (Әз Тәуке не Қайып хан болуы мүмкін) Османия сұлтаны Ахмедке өзінің Тәшкентте Афрасияб тағында отырғанын және Мәскеуге қарсы әскери одақ құру қажеттілігін жазады.
Соңғы кезде ғылыми айналысқа ене бастаған Иран, Өзбек хандығы мен Қазақ хандығы арасындағы қарым-қатынасқа сәуле түсіретін XVI-ХVІІІ ғасыр басын қамтитын дипломатиялық құжаттар Қасым хан мен Мұхаммед Шайбани арасындағы келіссөздермен басталып, Сефевид әулетінің өкілі ІІ Аббас шахтың хижра есебі бойынша 1072 жылы (1661-1662 жж.) Тәуке ханға жазған хаттарымен жалғасады. Моғолстан мен Ұлы Моғол империясы тұсындағы Қазақ хандығына қатысты әртүрлі деректер. Ғ.Қамбарбекова соңғы кезде Әбдірахим ханның Тәуке ханға жазған хатын Үндістан кітапханасынан тауып жарыққа шығарғаны белгілі. Бұл хатты Қоқанд басшысы Әбдірахым Әз Тәукеге жазды деген жорамал да жасалды, бірақ басқа зертеушілер уақыт жағынан сәйкессіздік барын ескертеді. Н.Атығаев пікірінше бұл хат Акбар шах тұсында ордада лауазымды қызметте болған Әбдірахим хан атынан Шығайұлы Тәуекел ханға жазылған.
Жоғарыда аз ғана бөлігі аталған тарихи құжаттар мен деректер Қазақ хандығының іргелі мемлекет ретінде Еуразиялық кеңістікке белгілі болғандығын анықтауға мүмкіндік береді. Жинақталған мәліметтер Қазақ хандығының алыс-жақын мемлекеттерге елші аттандырып, елші қабылдап, хат жазып және келген хатты аударып отырғанын көрсетеді. Бұл дегеніңіз халықаралық саяси қатынастар тілі мен хат жазылу тәсілдерін терең меңгерген, сауатты, көп тілдерді білетін хатшылардың, аудармашылардың, тұжырымдап айтқанда, хан кеңсесінің болғандығын дәлелдейді. Мемлекетаралық қарым-қатынастар тек орнықты мемлекет, оның сыртқы саясаты және басқару жүйесі болған жерде ғана мүмкін.
Қазақ хандығына қатысты деректер елшілік қызмет орда арқылы реттелетінін көрсетеді. Көрші елдермен байланыста орда жұмысына жетекшілік жасайтын аталықтар мен кеңсе шаруаларын атқаратын қожалардың қызметі айрықша көрінеді. Мысалы, Қайып ханның 1718 жылы Петр патшаға елшілігін бастаған Арыстан аталықтың ұлы Тантай батыр. Оның деңгейін Қайып ханның Петр патшаға жазған хатынан кішкене үзінді көрсетіп бере алады: «А послал я от себя к Вашему величеству старинного своего слугу и аталыка Араслан-батыря, лутчего человека, сына его Тантая-батыря большим посланником». Бұл жерде Қайып хан алдымен Арыстан аталық әулетінің Қазақ хандығына сіңірген еңбегін ерекше атаған. Екіншіден, Арыстан аталықтың баласы Тантай батырдың бас елші ретінде Санкт-Петербургке аттанғанына аса маңыз беріп, Петр патшаға да салмақ артып отыр. Үшіншіден, Қазақ хандығының Әз Тәуке хан заманындағы елшіліктерін көп бастаған Тайқоңырдың өзі бұл жолы бас елші Тантай батырға көмекшілікке бекітілгені де көп мәселені аңғартса керек.
Бұл деректе аты аталған Тайқоңыр Құлтабай аталықұлы 1715 жылдың тамыз айының соңында Уфа қаласына Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтаннан Петр патшаның атына жазылған хат алып келді. Бұл хаттағы басты ақпарат Әз Тәуке ханның қайтыс болғаны туралы: «…Доброю волею умре Тевке, /Кайып/ Мухаммет батыр хана ближнего Тайгунур батыря своим жалованьем послом отрядили великому государю». Дәл осындай елшілік Қазақ Ордасынан Сібірге де аттанды. Оған басшылық жасаған Бекболат Екешұлы мен Байдәулет Бөріұлының хан сарайындағы лауазымы айтылмайды, бірақ орда қызметіне қатысы бар адамдар деп есептейміз. Бұл елшіліктің құжаттарынан да Қазақ Ордасының барлық ниеті қалыптасқан саяси бейбітшілік жағдайды сақтап қалу, қалмақтарға тойтарыс беру екендігі сезіледі. Бекболат Екешұлы мен Байдәулет Бөріұлы Ібір-Сібірдің астанасы Тобольскіге Жәміш маңында қалмақ қолына тұтқын болған Бухгольц экспедициясының мүшесі, офицер Маркел Трубников пен оның хатшысын алып келеді. Әз Тәуке ханның өлімінен кейін қалмақ тарапынан қауіптің күшейіп кеткендігі, елдің өз ішінде қалыпты ынтымақ жоқ екендігі Түркістаннан Ресейге жазылған хаттардан сезіліп тұрады. Қайып ханның қандай болған күнде де маңайындағы көшпелі, жауынгер елдермен қарым-қатынаста Ресей империясына арқа сүйегісі келгені анық.
Ресей деректерінен Түркістанға келген елшіліктерді қабылдауға да аталықтар тікелей араласатынын көреміз. Мысалы ХVІІ ғасырдың соңындағы орыстың елшілік жазбаларының ішінде Тәуке ханның жанындағы ақылшысы Барқы аталық Ресейден келген елшілік мәселесінің тағдырына қатысты хан сарайындағы кеңесте сібірлік татар Таушке Мергеннің «нам де до государевых слобод какое дело, хотя де и всех вырубят и пожгут нам де до того дела нет, для того, что де мы люди торговые, а не воинские» деген сөзі үшін ұрысты дейді: «И Тевки ханов лутчей человек Аталык Барху батыр стал его Таушку бранить за то, что он такие непристойные слова говорит. И Тевки хан Таушку Мергеня с товарищи, по его челобитью, в Бухары отпустил, а их Андрея задержав сказал…». Жазба мазмұнына қарағанда орыс елшілігін Таушке мерген бастаған Сібір татарларынан шыққан сауда керуеніне қосып жіберген.
Сол сияқты қазақ елшілерін де өзге мемлекеттерге үлкен сауда керуендерімен бірге аттандырып отырған. Тобылдың воеводасы 1692 жылы Тайқоңыр Құлтабай аталық ұлының Сібірге келгендігі туралы былай деп жазады: «А как-де он, посланец, отпущен от Тевки хана из городв Тургустана, ехал да Тобольска 55 дней, никаких воинских людей не видал. Да с ним же приехал из Тургустана-города Казачьей орды торговой Алсеитка Шугуров», -дейді. Бұл жерде аты аталған саудагер Арыстан аталықтың туысы Сүгірәлі батырдың ұлы Әлсейіт. Егер үлкен сауда керуендері мыңнан аса түйеден құралатынын, қарулы жасақ ертетінін, патшалардан арнайы жарлық алып жүретінін ескерсек бұл бір жағынан елшілердің қауіпсіздігі үшін де, қауіп-қатері көп жол бойы қиындықтарын көтеру үшін де керек болғанға ұқсайды.
Қазақ Ордасының сыртқы саясатының негізгі қағидаларын және құқықтық түсініктерін Әз Тәуке ханның төмендегі хаты айғақтайды: «(1694 г. Октября..). – Письмо казахского хана Тауке Петру І с просьбой о возобновлении дружественных отношений с Россией и об отпуске в Казахстан задержанного в Тобольске мурзы Кильдея.
Перевод с листа, каков подал на посольство Казачьи орды Тевкиханов посланец Тайкомур Колтубай Аталыков.
Высокопрестольнейшему и превосочайшему и высоконаместнику и обладателю и многоможному великому белому царю. Подай бог тебе наипаче милости. По сем челом бью, а после челобития о добродетели Вашему пресветлому величеству ведомо буди: добром деле послал дву человек в посланцах к Тобольским уездом и один умер, а холопа моего мурза Кильдея там задержали. И ведомо от Адама и по се время такова дела не слыхали, что за воровских людей держать посланца. И ныне к твоему пресветлому величеству своего надежного холопа Тайкумура- батыря Култабая Аталыкова сына послал прошение наше от вас чтобы вы пожаловали, чтобы за таких худых воровских и, людей за дело и речи лиха не зделайте, мурза Кельдея отпустите; мурза Кильдеевы сродичи к нашему величеству о нем бьют челом, чтоб не отпустить русских посланцев отсюд, и для того мы ныне тобольских посланцев и задержали. А как государская милость о кое будет, и по вашей и по нашей милости посланцы и торговые люди будут ездить по прежнему; и впередь бы вам и нам добрая слава и меж нашими царствами по вашей и по нашей милости всяком люди во добре покоились».
Тайқоңыр елшілігі егер келісім болмаған жағдайда жаугершіліктің бұдан әрі жалғаса беретінін мәлімдеуі қажет еді: «от него, Тевки хана, впередь посланцев не будет и на русских людей будет мыслить всякое зло».
Қазақ ауызша дәстүрінде жоғарыдағы қағидалар Қаз дауысты Қазыбек айтқан:
Сен қалмақ та, біз қазақ,
Қарпысқалы келгенбіз.
Сен темір де, біз көмір,
Еріткелі келгенбіз,
Екі еліктің лағын,
Теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге,
Танысқалы келгенбіз.
Қазақ-қалмақ баласы,
Табысқалы келгенбіз.
Танысуға келмесең,
Шабысқалы келгенбіз.
Сен қаблан да, біз арыстан,
Алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Жарысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желімбіз,
Жабысқалы келгенбіз.
Берсең жөндеп бітімің айт,
Бермесең дірілдемей жөніңді айт,
Не тұрысатын жеріңді айт! – сияқты жыр шумақтары түрінде сақталған. 1743 жылы Қалмақ ордасында айтылған бұл толғау ондаған жылдарға созылған қазақ пен қалмақтың жаугершілігін ауыздықтап, екі елдің бейбіт қарым қатынасын бастап берген кездесу болды.
Сыртқы елмен қатынаста кешу, бітімге келу өте сирек болғанымен құн төлеу кездеседі. Мысалы, М.Ж.Көпейұлы жинақтаған ауыз әдебиеті үлгілері арасында «ағайынды атақты батырлар Төртуыл Жауғаш, Биғаштың Жауғашы қалмақта өлгенде қазақ батырдың жолында қырылмақ болып, жеті ердің құнын алған», – делінеді. Біз батыр бейбіт уақытта қаза болғандықтан құн талап етілді деп есептейміз. Егер қаза елшілік қызметіндегі қарусыз адамға келсе немесе аса қадірлі батырларының бірі қапыда көптің қолынан өліп кетсе құн талап етіледі. 1718-ші жылы қалмақ әскері Бөген, Шаян, Арыс өзендерінің бойында қазақ ауылдарын шапқаны белгілі. Аягөз маңындағы жеңістен кейін масайраған қалмақтар қолынан Бөген өзенінің бойында кәрі батыр Қабай аталық ұлы Бақыбек батыр қаза тапты. Ақша баласы Бөгенбай батыр өзіне ұстаз тұтқан Бақыбек батыр Түркістаннан Арқаға қарай көшкен елді қорғады дейді шежіре деректері: «Қабай баласы Бақыбек батыр шамамен «Ақтабан шұбырынды» кезінде өмір сүрген тарихи тұлға. Сол кезде арғын тайпасы оның алтай руы Қаратау өңіріне қоныс тепкен кезі екен. Бақыбек батыр сол кезде кәрілікке ілігіп қалған шағы екен, Бөген өзенінің бойында отырған шағында хабаршы келіп:
– Қалың қалмақ жайлаудағы елді қырып келеді, – деп суық хабарды жеткізеді. Бақыбек батыр жайлауда бытырап жатқан елді жинауға шамасы келмейтініне көзі жетіп-енді халқын қырғыннан қалай аман сақтау керек, амалын қарастырады. Бұрын қалмаққа талай ойран салған, талайды майданда жер құштырған Бақыбек батыр өзіне қарасты елді алдына шақырып алып:
– Халқым, жиналып тез Арқаға көшіңдер, қазір қалмаққа тойтарыс берерлік хәліміз жоқ. Мен осында қалып ата жауымды күтемін, қалмақ мені көріп, басымды алып бүкіл қазақтан кегін алғандай болар, – депті.
Ел көшіп берді, батыр айтқандай қалмақ келіп Бақыбек батырдың басын кесті, енді бізге тосқауыл жоқ деп қалмақ бүкіл қазақты жеңгендей сейіл құрып кетті, өзін құрбандыққа шалып батыр-баба елді аман алып қалды».
Қазақтың Ұлы жүзі мен Орта жүзінің батырлары бас қосып, мамыр айында қалмақтың бетін қайтарды. Бақыбек батырдың қазасына налыған Бөгенбай батыр қолына түскен қалмақты түгел қырамын деп қаһарланғанда, қонтайшы арнайы елші жіберді дейді:
– Бақыбек батырдың құнына 100 тайлақ алсын, – деп. Бөгенбай: – Жүз тайлаққа келіспейміз, біздің қазақта ердің құны 100 жылқы, Бақыбек батыр қаймана қазақ емес қалың жауға қарсы қол бастаған адам, бізге үш ердің құнын бер, – деп қасқайып тұрып алып, қалмақ амалсыз үш қыз берген екен дейді».
Бақыбек батыр туралы аңыздық дерек мұрағат қойнауларынан табылған жазбалармен үндес. Ғ.Қамбарбекованың Иран мемлекетінің Мәжілісі кітапханасынан тапқан деректерінде Жиһангерұлы (Жәңгір хан) Тәуке сұлтанның атынан келіссөзге барған Бақыбек батырдың аты аталады. Бұл деректер «Маджмуа ва джунг» деген атпен сарай құжаттарының жинағы ішінде сақталған. 1661 жылы Аббас ІІ-нің Бақыбекті қабылдағаны, оның қолынан «ихлас-наме» (сенім грамотасы) алғаны айтылады. Бұл Тәуке хан тағына отырмаған кезең. Сонымен қалмақ қолынан қайтыс болып, құнына үш қыз алынған Қабай аталықұлы Бақыбек батыр алғашқы қазақ елшілерінің бірі, ірі мемлекет қайраткері. Соғыс майданында болған өлім үшін құн талап етілмейді, ендеше Бақыбек батыр қария шағында өз ордасында қалмақ қолынан қаза болды деп есептеуге болады.
Тарихи деректерде төлеңгіттердің дипломатиялық шаруаларда көп жүретіні айтылады. Осындай деректерге сүйеніп М.А.Сәрсенбаев «Для реального обеспечения и осуществления внешнеполитических задач хану нужен был специальный аппарат. Роль исполнителей некоторых функций внешнеполитического аппарата отводилась туленгутам, которые были служителями хана, но в состав руководящей верхушки не входили. Кроме исполнения функций внутреннего характера, туленгуты часто выполняли конспиративные и обычные дипломатические поручения своих ханов, сопровождали своих и иностранных послов с целью обеспечения их безопасности», – дейді. Бұл тұжырымды ауызша дәстүрге негізделген еңбектер дәлелдей түседі.
Сыртқы саясатқа қатысты мәселенің бірі шетел елшіліктерін қабылдау, олардың күнкөрісін жасау. Бұл шаруа деректерге қарағанда Хан Ордасының міндеті болған. Мысалы ХVІІ ғасыр соңындағы орыс елшлігінің қағаздары арасында мынадай мәлімет бар: «…И после того Андрей Неприпасов вскоре бил челом о корму; и Тевкихан приказал им давать четырем человеком по осьми копеек на день. И они де Андрей тое зиму у него Тевкихана зимовали до весны, а весною бил челом об отпуске.
И сказал им, что де выберет он посла своего к великому государю и с ними же отпустит в Русь вместе…».
Сонымен бірге қазақ дипломатиясының дәстүрінде көрші елдердің саясатына араласу мысалдары бар. Бұл саясаттың бір көрінісі 1740 жылы қазақ даласына жан сауғалап келген башқұрт халқының Ресейге қарсы азаттық күресін басқарған Қарасақалдың Шуно Дабо атын алуы. Шын мәнінде Шуно Дабо 1732 жылы Еділ бойында қайтыс болған еді, бірақ қазақ саясаткерлері Қалдан Серен билігін әлсірету үшін башқұрт батырын қара қалмақтың тақ мұрагері Шуно Дабо деп жар салды. Осы себептен қазақ даласына Сыбан Раптанның екінші әйелі Сетержабтан туған Шуно Дабомен емшектес балалар қашып келді. Ресей де Қарасақалды бірнеше талап еткенімен қайтара алмады. Бұл қазақтың өзгенің қоқан-лоқысына бола өзінің діні бір, тілі бір ағайынын сатпайтынын көрсетеді.
Қазақ хандығының сыртқы саясатында «Ақ үйлі аманат» ерекше орын алады. Себебі ол Еуразия даласындағы көшпелі елдердің мемлекетаралық қарым-қатынастарды реттеуде қолданатын басты тетіктерінің бірі. Көрші қонған екі елдің әлсізі өзінің мойынұсынғанының кепілі ретінде күштісіне хан балаларының бірін «ақ үйлі аманатқа» береді. Аманатқа баратын жас сұлтан өзінің отауымен қоса жанына белгілі билердің балаларын, ақылшы аталығын, шаруашылығын қоса алып жүреді. Барған жерінде «ақ үйлі аманат» өзге елмен бірге еркін көшіп-қонып жүреді.
Қырғыз елінің қазаққа бірнеше рет ақ үйлі аманат бергені туралы деректер бар. Соның бірі Абылай өмірінің соңына қарай іске асқаны белгілі. 1779 жылы Абылай хан Сарыарқадан қалың әскермен келіп Түркістанға түскенде Тәшкент құлдық ұрып жақсы-жайсаңы алдынан шыққанға ұқсайды. Абылай ханның хатшысы мещеряк Ягуда Усмановтың патша үкіметіне жіберген ақпараты: «Призвав своих детей, биев и главных старшин, положили совет, чтобы, собрав орды их, киргис-кайсаков, зделать на киргизов нападение, и привести к себе в подданство; куда Аблай, тогда же то есть в 1779 году, весною с немалым числом людей, коего щитают до двенадцати тысяч, отправился. А между тем за три дня своего движения послал к китайскому двору сына своего Сыдык солтана с двенадцатью человеками служителей для того что между ними Аблаем с китайским ханом, отдавно положено, чрез четыре года обсылаться посланниками с извещением о здоровье их. Причем Аблай к китайскому хану писал на китайском диалекте, для чего особенного изкалмык писаря при себе соджержит…
Аблай хан, расположась между Туркестаном и границею диких киргизов, согласясь Большей орды с Булат ханом в Туркестане живущими, делал на киргизов нападении: сперва посылали детей своих, Чингис солтана да племянника Абулфеиз солтана со старшинами, но как по двум опытам те посланные возвратились бесплодно, то собрався, сам Аблай хан с солтанами и немалым числом людей делал сильное и нечаянное на киргизов наступление, причем удалось ему захватить знатных киргизских биевских детей с семейством, пятнадцать кибиток, и разделили их по частям. Пять семей Аблай при себе содержит, три семьи Чингис солтан привез в орду и поручил в смотрение Барак хана сыну Букею, да Тяуке солтану, три семьи отправлены в Туркестан кБулат хану, да два Абулфеиз солтану отданы; однако не на таком положении, чтобы их сделать ясырями (тұтқын-авт.), но содержут до точного всех покорения в аманатах на хорошем трактаменте (ақ үйлі аманат-авт.)».
Ең бастысы «из тех диких киргизов большая часть сим захватом аманата в послушание Аблая приведена…». Бұл қазақ-қырғыздың қырық жылға созылған жаугершілігінің қырғыздың қазақ қамқорлығына өтуімен аяқталғанын нақты көрсететін құжат.
Қорыта айтсақ елшілік қызметіжәне шетел елшілерін қабылдау, келіссөздер жүргізу институты Қазақ хандығының сыртқы саясаты және оны жүргізу тетіктерін іс жүзіне асырған қызметі болды.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
ТАРИХШЫ-ЭТНОГРАФ

Бөлісу: