Мені онымен таныстырған – кітап, анығы, Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабы. Ашық-жарқын жан деуге келмейді, тым тұйық та емес. Әйтеуір, бұрыннан таныс жандардай сөйлесіп, әңгімеміз жараса кетті. Телевидение саласында істейді екен.

…Кейінгі жылдары теледидардан берілетін бағдарламалар мен хабарларды тұрақты түрде көрмей кетіппін. Мүлде қарамаймын десем де болады. Оған себеп – бірсарынды ойы жұтаң, тілі қасаң, кілең бір сайқымазақтар мен шоулар. Түк тартпайды. Ал Ләзиза өнер жайлы, театр туралы бағдарлама жасайды екен. Тіпті бірлі-жарым хабарын көріппін де. Тек кадр сыртында оқылатын мәтін иесіне – кейіпкерімен бірге әңгімелескенде ара-тұра жылт етіп көрінетін Ләзизаға мән бермеген екенмін. Солай «Өмір. Театр. Кино» телевизиялық жобасының авторымен жүзтаныс болғаннан кейін кейде – интернеттен, кейде теледидардан дегендей, ол жасаған бағдарламаларды көре бастадым. Атақты балетмейстер Болат Аюханов жайлы кезекті бағдарламасын көргенде қатты ұнағаны соншалық, былай деп жазыппын: «Жағымды дауыс, шұрайлы тіл. Ал кейіпкері – өз дәуірінің аңыз адамы, би әлемінің ерекше құдіретіне ие
сахна королі… Бірін-бірі толықтырған, өзара қабысып жатқан ғажайып әлем!
Қалай болса солай емес, тиянақты жасалған бас-аяғы бар жұп-жұмыр дүниені оқығанды, тыңдағанды, көргенді ұнатам. Ләзизаның екі тілде бірдей еркін көсілетініне, тынбай ізденетініне, әр хабарына жанын сала еңбектенетініне, әр нәрсеге ыждағатты қарайтынына қызығам, сүйсінем, хабарларын рақаттана көремін. Өйткені онда сұлулық бар, сұлулыққа құштар жанның сұлу әлемі! Нағыз рухани ләззат алып, жан дүниеңді байыту деген – осы, меніңше! Сіз де көріңіз». Шынында, солай! Ол әр хабарын жасау үшін көп ізденеді, көп оқиды, кейіпкері жайлы толық білуге ұмтылады. Хабар барысында әр кейіпкерінің ерекше өнер иесі екенін ғана насихаттамай, оның адамгершілік қасиетін ашып көрсетуге жанын салады. Көріңізші, қателеспегенімді сезесіз. Өнер адамын құр мақтап, барынша әсірелеп, жылтыратып көрсетуге жаны қас, сондықтан да оның жасаған хабарлары шынайы, ал жасандылығы жоқ дүние жақсы қабылданады да. Жұмысын сүйіп істейтін жан, өз кәсібіне құлай берілген адам ғана ісіне рақаттанып, тындырған жұмысынан ләззат алады, айналасына да шапағатын тигізеді. Ләзиза Керімқұлқызының «Өмір. Театр. Кино» жобасының аясында шыққан әр бағдарламасын адамдар сүйсіне көріп, өзінің тұрақты көрермені қалыптасқаны да сондықтан.

…Кеңестік кезеңде шыққан журналдардың мұқабасы жиі есіме түседі. «Неге» дерсіз, бәлкім. Өйткені ол кезде еңбек адамдары үнемі насихатталатын. Ал кейіпкер көп, ол қыстың көзі қырауда, күздің суық жаңбыры мен шілденің шіліңгір ыстығында, көктемнің еріген қары әуреге салар батпағына қарамай қой жаятын шопан, егін егетін диқан, кен қазатын кенші, сиыр сауатын сауыншы, яғни кез келген еңбек адамы болуы мүмкін. Сенбі-жексенбі күндерін ешқашан демалыс есебінде көрмеген мұндай адамдарды қалай ұлықтасаң да жарасатын. Ауыл еңбеккерлерінің жанкешті жұмысын көпке таныстырар журналистер мен тілшілерге де тыным болмайтын. Сондықтан да еңбек адамы жайлы мақалалар мен очерктер сол кезеңде жиі жарияланды әрі еңбек адамының мәртебесі қашанда биік саналды. Қалалы жерде де – солай, айырмашылығы сегіз сағат жұмыс істеген соң уақтылы демалатыны. Есесіне, жұмысшылар зауыт-фабрикаларда үш кезекте істейтін, ал олар туралы көлемді мақалалар салалық газетті былай қойып, республикалық басылымдарға да үнемі жарияланатын еді. Өз басым хат танып өздігімнен газет-журнал ақтаратын кезімнен бері Жадыра Таспамбетова, Кәмшат Дөненбаева, Зылиха Тамшыбаева, Жазылбек Қуанышбаевтарды біліп өсіппін. Мен өскен алақандай ауылда да еңбегімен көпке үлгі болғандар баршылық еді. Атақты шопандар – Баймұханбетов Кеңесхан, Әбікенов Совет ағалардың суреті аудандық газет беттерінен түспейтін…

Ал бүгінде ше? Біз кішкентайымыздан естіген: «Еңбекқор бол!» – деген тілек те сирек айтылады, журналдардың әдемі мұқабасынан еңбек адамдарының суреттері де көріне бермейді. Бұл күнде эстрада әншілерінің, танымал өнер адамдарыңың бәсі жоғары. Әсіресе, алдыңғысының. Десе де, адал еңбегімен айналасын қуантып, төңірегіндегілерге рухани ләззат сыйлап жүрген Ләзиза Керімқұлқызы сияқты ісіне тиянақты, ең бастысы, өзінің жұмысын жақсы көріп істейтін жандар бар. Тек көре білген, тани білген жөн.

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

Бөлісу: