30 жылдан астам халық емшілігі үшін еңбектеніп, саналы өмірін адам денсаулығы үшін арнаған жандардың бірі – Толқын Ақанұлы. Медицина саласының майын ішкен маманға халықтың да алғысы шексіз. «Дәстүр» тілшісіне берген сұхбатында Толқын ағамыз өзінің еңбек жолы, қазақ емшілігі, шығармашылығы жайында ойын айтып өтті. Осы орайда, нағыз еңбек адамынының саналы өмірі мен өнегелі еңбек жолын портал оқырмандарына таныстыруды жөн көрдік.
— Құрметті Толқын Ақанұлы оқырман қауымға алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Туып-өскен жеріңіз, оқыған-тоқыған орныңыз қандай?
— Мен 1968 жылы Қытай Халық Республикасы ШҰАР Толы ауданында дүниеге келдім. Менің кіндік қаным тамған жер байырғы түркі даласының бір пұшпағы Майлы-Жайыр өлкесі. Сол төңіректе Қарағайбастау аталатын қасиетті жұрт бар. Ел аузында: «Қарағайбастаудың суын ішкен адам не ақын, не әнші-сазгер болады» дейтін тәмсіл бар. Сондықтан болар біз де ақын болып, әдебиетке жақын өскеніміз.
Қарағайбастауым,
Сағына бастадым,
Қамыға бастадым.
Жаныма батты ғой,
Біржола тастауым.
Не күйде тұр екен
Тұнжырап аспаның?!
Не күйде жүр екен
Арттағы жас қауым?
Қозыдай маңырап,
Шөліркеп барғанда
Сен едің мөп-мөлдір,
Су берген бастауым.
Масайрап басында
Жүр ме екен қас жауым?!, — деп жырға қосқан едім Қарағайбастауымды. Шыныңда табиғаты ерекше, тарихы шежірелі Майлы-Жайыр өлкесі талай ақын, тарихи тұлғалардың атамекені. Бала кезден туған жердің табиғатына тамсанып, оның тау-тасында өскен дәрілік шөптердің сырына үңілдім. Әке-шешемнен солардың емдік қасиеті туралы естіп білдім. Бала кезден қазақ емшілігі туралы көптеген еңбектерді оқыдым. Емшілік жөніндегі алғашқы сауатымды ашқан Қали Бітіке деген атамыздың еңбектері. Қали атамыз әйгілі халықтық емкөс, танымал оташы, абыройлы қоғам қайраткері болды. Қали Бітіке деген кісінің көзін көріп, үйінде болып, істеген игі істерін, емшілік амалдарын көзіммен көрдім. Өзімде сондай болсам деп армандадым.
Қытайдың үлкен қалаларында білім алып, медициналық сауатымды аштым. Қытай Халық Республикасы медициналық университетінің жалпы медицина мамандығын бітірдім. Қытайда жиырма жылдай емханада дәрігер, диспансер жетекшісі және медицина саласында әкімшілік меңгеруші болып қызмет атқардым. Емшілік, дәрігерліктен қолым босай қалған сәттерде, қолыма қалам алып, азынаулақ мақалалар жазып, сұхбаттар жасадым. Ақындық, сазгерлік жолға бет бұрдым.
— Алғаш Атамекенге қашан оралдыңыз? Қытайда көп жыл медицина саласында еңбек еттіңіз. Елге келгенде де медицина саласында еңбек еткен боларсыз?
— Атажұртқа 2007 жылы келдім. Атажұртқа келгенде қиыншылықтар көп болды. Басты кедергілердің бірі – орыс тілі. Бастапқыда орыс тілін толық білмегендіктен медицина саласындағы жұмысымды жалғастырмайтын шығармын деп ойладым. Басқалай жұмыстардың ыңғайын іздестірдім. Бірақ жастайымнан осы салаға ден қойғандықтан және де Қытайда жиырма жылдай осы салада еңбектенгендіктен үйреніп қалған кәсібімді жалғастыруға шешім қабылдадым. Қандай жұмыс атқарсаң да, өзің білетін дүниенің пұшпағың илегенің дұрыс қой. Сөйтіп жүріп, екі жылдай құжаттарымды толық жинап, өзімнің жеке дәрігерлік филиалымды аштым. Алғашында өзім жалғыз жұмыстадым. Кейін үйімнің қасынан кішігірім емхана ашып, жұмысымды сәлде болсын үлкейттім. Ары қарай дамып, өрісімізді кеңейте бердік. Бірнеше жылдан кейін «Бақкелді — 2012» емханасы деген ЖШС-ін құрдық. Атамекенде 15 жылға жуық медицина саласында қызмет етіп келемін. Қаншама ауырып келген науқастың сауығуына жәрдемші болдық. Астанадан бөлек өзге өңірлерде емхана орталықтарын аштық. Медицина ғылымына да азды-көпті зерттеу еңбегімізді арнадық. Психология ғылымдарының магистрі дәрежесін алдық. Халық денсаулығын сақтау ісіндегі еңбектеріміз үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің марапаттарын иелендік. Бір сөзбен айтқанда елге келіп, еңбегіміз еленіп, ел қатарды өмір сүріп жатырмыз.
— Сұхбаттың кіріспесінде Майлы-Жайыр өлкесінде дүниеге келдім. Сол жердің дәрілік шөптерін зерттеуге ынтызар болдым дедіңіз. Қазақ медицинасы үшін дәрілік шөптердің алар орны қандай?
— Қазақ халқының қоныстану аймағынан қарағанда ақ бұлақтар сарқыраған, қатпар-қатпар таулар мен аспанмен тілдескен зәулім қарағайлы шатқалдар, шөбі шүйгін, суы нәрлі, көк шалғынды шұрайлы алқаптар, жасыл желегі жайқалған ұүнарлы далалар, шар айнадай әсем көлдер, арқыраған асау өзендерді қамтиды. Бұл жерлерде дәрілік өсімдіктер, жануарлар, аң-құстар мейлінше көп болады. Осы далаларда қазақ емшілігінде үнемі пайдаланылатын дәрілік өсімдіктердің 500-ден аса түрлері бар. Мәселен, ұлпагүл, сары мия, шетпе шөп, ақ жүрек, күнкелді, көкгүл, қарандыз, боз арша, сарана, бұғы шөп, кершулан, сасыр, құрт шөп, қалақай, киелі ермен, рауғаш, жылан бас, жаужұмыр, қожа шөп, адыраспан, керекіре, бап қыбығы, қылша, шетпе шөп, жерн қазық, қылқан жапырақ, қарағай жапырақтары сынды дәрілік өсімдіктерге өте бай. Қазақ халқының медицинасы өзі өмір сүріп отырған табиғатпен етене жақын болған. Дәрілік шөптердің арқасында адамдар ауруларынан емделіп, адамның ауруға қарсы қуатын көтеріп отырған. Қазақ ұлтының көшпенді өмірінде қарандыз, арша, адыраспан, рау ағаштарымен үй ыстау, аластау немесе оларды қайнатып, иә булап үй ішін дезинфекциялау сынды салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары болды. Жабайы тау сарымсақтарының ніл-шырынын ішу арқылы түрлі жұқпалы аурулардан сақтана білген. Тамақтың алды артында қол жууды да ұмытпаған. Тістің өзін өзге нәрсемен емес, аршамен ғана шұқиды. Киелі ермен, жалбыз, сүрме тамыры, ақ жусан тағы басқаларды да әр түрлі аурудың алдын алу және емдік амалдар үшін пайдаланған. Сондықтан көшпелі өмір ұстанған ата-бабаларымыз үшін дәрілік және табиғи шөптер медициналық қажеттіліктің бір көрінісі болған.
— Қытайда қазақ медицинасы жақсы дамып келеді. Осы сала бізден бұрын қытай қазақтарында жақсы дамыды. Неліктен? Елімізде де осы саланы дамытудың алғы-шарты қандай? Дәрігер ретінде қазақ медицинасының тарихына тоқталып өтсеңіз?
— Қазақ халқының халықтың медицинасының тамыры тым тереңде. Ежелгі ғұн, сақ, түркі заманынан басталады десек артық айтпағандық. Одан 11 ғасырларда әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің еңбектерінде халық медицианасы тереңірек зерттелген. Оның шәкірті Әбу-Али-ИБН-Синаның «Медицина ережесі» кітабы да алуан түрлі науқастардың пайда болу себебін, ауру белгісін, ақытамасы мен емдеу жолдарын жан-жақты түсіндіріп берген. Қазақ емшілігіндегі қара үзген шипагер – Өтебойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік Баяны» да қазақ медицинасының бай мұрасы болып табылады. Аталған еңбек 1995 жылы Қытайда жарық көрген. Шетелдегі қазақтар өмірінен қарағанда олардың арасында халықтық салт-сана, дәстүрлер кеңінен сақталып, келді де, халық емшілері де көптеп өмір сүрдіү Қытай аумағына қарасты Іле өңірінде өткен Мүсірбай емші, Мырзакелді шипагер, Алтай өңірінде өткен Шәкер емші Ғалымұлы, Емілбай емші Қалдыбайұлы сынды тарихи тұлғалар көп болды. Қытайдағы қазақтарда қазақ емшілігін зерттеу ісі 1980 жылдардан бастау алды деуге болады. Ең әуелі Алтай аймағында арнайы «Қазақ емханасы» ашылып, қазақ емшілігін зерттеу және оны іске асыру жолдары іске қосылды. Сөйтіп, «Қазақ емшілігінде ұдайы қолданылатын дәрілер», «Алты тұғырлы негіздеме», «Шипагерлік баян» еңбектері бірінен соң бірі жарық көрді. Қазақ медицинасындағы орта техникум мамандарын оқытатын оқулықтар да жазылды.
Тіпті 2014 жылы Қазақ медицинасы Қытай мемлекетіндегі «Алтыншы ұлттық медицина» болып мемлекеттік тіркеуден өтіп, мемлекеттік сертификаттарға қол жеткізді. Шыңжан медицина университеті жанынан «Қазақ медицинасы кафедрасы» ашылды. Қазақ медицинасының дәрі-дәрмегін өндіретін, зерттеу сынақтарын өткізу орталықтары ашылды. Ол уақытта Қазақстанда бұл сала бұлай кең етек жайып дамыды деп айта алмаймыз. Алдағы уақытта қазақ медицинасын дамытып, ұлттық медициналық университеттерде арнайы кафедра, факультеттерін ашсақ, халық медицина орталықтарының санын көбейтсек, бұл саланың дамуы да біздің елде жақсы болар еді. Өз басым 2020 жылы «Емші кәдесі» атты 320 беттен тұратын кітап жаздым. Оның бүкіл мазмұны дәрігерлік жайында, яғни осы уақытқа дейін жиған тәжірибелерімді, көрген-білген, оқыған-то-қығандарымды қағаз бетіне түсірдім. Кітапта қазақ емшілігіндегі ұдайы қолданылатын емдік амалдарды көрсету арқылы халықтың табиғи тағамдардың емдік қасиеттерін түсінуіне, аурудың алдын алу және одан сақтануына көптеген мәліметтер оқи алуына мүмкіндік бар. Осындай толыққанды зерттеу еңбектерде көптеп жазылу керек. Оларда қазақ медицинасының дамуына үлес болар еді.
— Медицина саласындағы жұмыстарыңыздан бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, ел рухын көтеретін іс-шараларға қолдау көрсетіп жүресіз. Ата жұртқа көшіп келген ағайындарға үй алуға да қол ұшыңызды да создыңыз. Бүгінгі қоғамда жомарттық, меценанттық таныту маңызды қоғамдық істердің бірі. Өзіңіздің меценанттық жасаған жобаларыңызды айтып өтсеңіз?
— Менің негізгі амандығым дәрігер болғаныммен магистратураны психолог маманы бойынша тәмамдадым. Дәрігерлік және психолог мамандығымның арқасында қоғаммен, халықпен, әр түрлі адамдармен бетпе-бет келіп, өз іс-тәжірибем арқылы болашақ мақсаттарымды айқындадым. Дәрігерлік саласында ғана емес әдеби ортада, өнер саласында, қоғамдық іс-шараларда да көп болдым. Шетелдерде де әр түрлі іс-сапарда болдым. «Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» дегендей әлі болса да, білмегім, үйренбегім, еліме атқарар қызметіп көп деп ойлаймын. Жастайымнан көп қиындықтар көріп, өскенім себепті жаны қиналған, тәні қиналған жандарға көмектесуді өзіме парыз санадым. Шеттен көшіп келмекші болған және көшіп келген қаншама отбасыларға қолымнан келген көмегімді жасадым. Алматы облысы, Павлодар облысы, Қарағанды облысы, Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп келген, ағайындарға шамам келгенше көмек қолымды создым. Сосын осы көші қон жөнінде мөлшермен айтқанда 1600-дей отбасының көшуіне мен тікелей себепкер болдым. Қазақ руханиятына да азды-көпті қол ұшымды создым. 2014 жылы Астана қаласында өткен «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық ақындар айтысына, Ақыт Үлімжіұлы, Халифа Алтай, Тұрсынбек Кәкішев, Жақсылық Самитұлы, Серік Қапшықбайұлы сынды тарихи тұлғалардың мерейтойлары мен кітаптарының жарық көруіне азды көпті үлесімді қостым. Шетелден көшіп келген қандастардың 20-дай отбасына жер телімін бердім. 2020 жылы елдегі пандемия кезіндегі «Еліңмен бірге бол» бастамасымен атқарылып жатқан барлық іс-шараларға жақыннан жәрдемші болып, елдің елдігіне, жұрттың бірлігіне қолдан келген көмегімді аямадым. Елдің қиын сәттерінде қаржылық жағдайы төмен талай науқасты емдедім. Ақпарат құралдары арқылы халыққа медициналық кеңестер ұсындым. Әзірде шамамыз келгенше қандас ағайындарға, ел руханияты мен мәдениетіне сүбелі үлес қосуды мақсат етіп келеміз. Өйткені атамекенге оралып, ел қатарлы өмір сүріп, өсіп-өніп келеміз. Біздің жақсы жүргенімізде осы Отанның арқасы. Елге қызмет ету елдік міндет деп білемін.
— Толқын аға, салихалы сұхбатыңызға рақмет! Елге жасап жатқан еңбегіңіз елене берсін!
Алтынбек Бекнұр
«Дәстүр» сайты