Қарағайлы құздан алқаракөк аспанды сүттей сәулесіне шомылдырып ай туып келеді.
Үңгірде лақтаған меңсіз қара ешкі қураған ақсөңке сүйекті күртілдетіп кеміріп тұр…..
Шағылды беткейден қабыршағы ай нұрына шағылысып балық бауыр қара жыландар легі сусыды. Көш басындағы найза бас, қысқа құйрық оқ жыланның маңдайындағы бармақтай алқызыл жақұт жанып-өшеді. Бұл жылан бапының қыз ұзатуы емес, сай тағанындағы суығы ми қаритын сүт тұмаға сусап келеді….
Серіктің әпкесі айтты:
— Сүйегіңді итқұс мүжігір кемелек қайда лақтады екенсің?
— Бір жерде тұрған шығар ит сияқты сүйек кеміріп.
Ту алыстан түн құстары өксіді. Жапырылған шалғыннан уқорғасынның ащы исі мұрын жарады.
— Шөке-шөке!
— Шөке-шөке!
Оң жақ қапталдағы жартас биігінен ешкі маңырады.
— Қара сайтан!
— О, бөрінің шатасы!
Екеуі жан дәрмен судан шылық-шылық еткен аяқ кимідерін бұрап сықты да жалама беткейге жарыса өрмеледі. Жолсыз биік. Мұндайда малма-салма тау аршалары ғана қол береді. Тырмысып өрмелеп келеді. Табан астында езілген тау сарымсағы….тырым-тырақай қашқан тау кесірткелері….
Бұлар келгенде үңгір аузында сұлық жатқан лағын айналып толғанған қара ешкі жан таппай аласұрып жүр екен. Үңгір маңын бұта-бүрген, тасжарған, тошала, қызылқат бүркеп тұр. Аттам жерде мүйізі арбайған тау текесінің сүйегі шашылып жатыр.
— Ал құз жағалап, үңгір сағалап қызғанып ту кемелек! Серік ешкіні тебе бермек болғанда әпкесі ұстап қалды:
— Тәйт әрі! Аяғың желініне тиіп кетер.
Шала- жансар төлді бауырына басып, басын өзіне қаратқан әпкесі баж ете қалды.
— Тез етекее!
— Неге?
— Илеуді көрдіңбе әне?
— Ненің?
— Құмырсқаның да!
— Болса не бопты?!
— Лақты құмырсқа талап тастапты. Үстінде өріп жүр. Үш-и жарымағыр!
Екеуі енді мың бір машақтпен шыққан биіктен құлай сырғанап етекке ұмтылды. Кір сіңді күйелеш балтырға тісі батпаған бұта-бүрген білектің қары, санның жұмсақ етін аяусыз осқылап келеді. Әпкесі алда.
— Сен асықпа,-дейді Серікке -мен алдымен түсе берейін.
Салақтаған желінін сояу сүріп, қан аралас уызы саулаған қара ешкі де бұлардан қалмай зар илеп жарысып келеді.
Сай тағанындағы жалбызды тұмаға әпкесі бірінші болып ілікті. Ілікті де бұлақ ағынын бекітіп, қазан шұңқыр жасады. Су тола бергенде кірпігі ғана қимылдап жатқан бейшора жануарды суға тоғытты. Ай жарығында су бетіне мың сан құмырсқа қалқып шықты. Әпкесі жалбыз жапырағымен жеңіл кілкіп тастаған. Іле лақтың басын батырды. Қауқарсыз жануар әлсіз бұлқынған. Су ішінде шарана аралас бұйра жүнін баппен тарады.
— Мал боп кетер ме екен?
— Болады.
Әпкесі үстіндегі жеңсіз түйе жүн бешпетін шешіп, суы сорғыған қара лақты қаныттай ғып орады. Серік қара ешкіні алып ұрып, емшегін өлімсіреген төліне жағызды. Қарадай мекіренген енесі басын көтерді.
— Ашығып қалған екен.
— Жағы қарысып қалды-ау?!
— Емуі баяулады.
— Иә
— Таста онда! сәл есін жинап алсын.
Әпкесі шалқалап жата кетті. Ай сәулесі енді бойжетіп келе жатқан қыздың тершіген аппақ алқымын аймалады. Қыз көзін жұмды. Аузына жалбыз сабағын тістеп алыпты. Үстінде кебіндей аппақ, кең мол боз мата.
Серік бұлақты бүркеген шөп-шаламнан арылтты. Қайнарға құлаған лайлы қою қара топырақты тазартты. Шаңы аршылған шарайнадай бұлақ жүзінен ай жүзді. Тым жақыннан байғұз сұңқылдады. Әпкесі талып ұйықтап кеткен секілді қыбырсыз. Ораулы жатқан қара лақ орнынан тұрғысы келіп тыпырлап қояды. Енесі бәйек болып толғанып жүр.
Не болса да әпкесін күтер сыңайда бұл да шалқалай берген. Желкесі мұздап кетті. Атып тұрып сабаланып қалды. Жылан екен. Қарсы беттегі күнгей шағылға қарай сусып, жылыстап барады. Бала бір басып, екі басып жыланның соңынан ерген. Жеңді білектей жәндік күркенің жұртындай көлемді қызыл құмырсқаның илеуін алысырақ орағытты.
— Қусың иә өзің?! Көрсетейін саған қулықты…
Серік екі аттап жыланның құйрығын баса қойды. Басын тік шаншып, жерден қарыс сүйем көтерілгенде бір қолымен мойнынан, екінші қолымен құйрығынан ұстай қойған. Тырып ете алмай қалды. Сол күйі ептеп басып құмырсқа илеуіне төніп келді де бейғам жатқан илеуді бұрық еткізіп аяғымен теуіп қалды. Іле қолындағы жыланды топалаң боп жатқан тұсқа тастай салған. Сан жылдық көлемді илеуден босанып кетуге мұршасы келмей далбасалаған жылан…..миллион құмырсқаның заһарына тап болған жан иесі майға тірі қурған балықтай шоршыды…
Кірпік қақпастан тамашалап тұр.
— Cерік қайталық үйге!
Қаққан қазықтай тапжылмады.
— Жыланға арбалып қалған жоқсың ба ей?
— Мұнда келші әпке.
Илеудегі жыланды көрген әпкесі баж ете қалды.
— Не істедің сен а?
— Жылан ғой.
— Ордалы болса қайтесің?
— Бола берсін!
Тарс етке дауыспен бірге екі кез биікке көтерілген жылан анадайға барып салып ете түсті. Серік жыланды аяғымен түртті. Былық-сылық етеді.
— Өліп қалған сияқты.
— Кесірі тимесе жарар еді. таста ары кетейік. Көзім тайып кетсе осы ғой енді….
Үсті құрғап қалған лақты бешпетінің келесі бетіне ауыстырып ораған.
Екеуі келген ізімен кейін құлдилады. Қара ешкі безектеп ілесіп келеді. Манағыдай емес ай жылыстап, сай қараңғы тартқан. Сай тағанын таспадай тілген бұлақ суымен жарысып келеді. Лақты Серікке ұстатқан әпкесі кейіндей берді…….
Жеті түннің ішнде үйге оралмаған ұлын күтіп екі көзі төрт болған анасы дала отына ұшқат томарын үстеп, жарығын мейлінше қоздатып есік алдында ірімшік қайнатып отыр екен. Мұның қарасын алыстан шалып, дауыс салды:
— Қу жалғыз-оу! қу аршадай қуартайын дедің бе мені?!
Серік қолындағы лақты алдыңғы екі сирағына ұстап тыпырлата бұлғаңдатты.
— Таптым ғой апа!
— Қатқанңның басы! Ит жеп кететін бір лақ үшін қысқа күнде қырық өлтірдің ғой қарақұрт! Анасы ебіл-себіл жалап жүр.
— Қайдан таптың? Жалғыз қорықпадың ба?
— Әпкем екеуіміз таптық.
— Бісмілда, бісмілда! Әпкесі несі тағы?! Жеті түнде жүрме дедім саған! Осы сайдағы сандалған көп аруақтың біріне еріп жүрмегейсің!
Апасы мұны желкесінен қысып әкеліп отпен аластады. Жеті қалампырды суға езіп бетіне бүрікті. Әйтеуір өзі шет жағасын білетін бір қыдыру ырымның басын қайырып болғанша Серік жанары талмаусырап шұр ете түсті.
Мұны жабағы көрпемен қымтап жауып, түңілігін түсірген апасы қайнатқан ірімшігін тасқа басып барып бірақ қисайды. Көзі іліне бергендегі күбірі:
— Кесепатыңнан сақта жаратқан!
Ал ертесі Шұғынықтың жалғыз ұлы оянбай қалды.
Бұл туралы әңгіме болса үлкендер жағы үнемі:
— Тамағының астында жыланның тістеген ізі болды- десетін.
Сол күні таң азанмен сай тіремесіндегі иесіз бұлақ басына жиналған ордалы жылан өз серіктерін азалады…..
Шұғынық ессіз серектеп жатқанда, қара ешкі өзі туған үңгірге қара лағын бастап қайқаңдай жөнелді….

Бөлісу: