Жылдың төрт мезгіліндегі құбылыстарды өлшем ете отырып, біріне-бірін сәйкестендіру арқылы, күн райын болжау мүмкіндігін өмір дәлелдеп отыр. Қыс арқылы көктемді, көктемге қарап, жазды, жазбен күзді, күзге қарап, қыстың қалай боларын болжауға болады.
Мысалы, қыс қарлы болса, жазда да жауынның мөлшерінің көп боларын күткен. Қыс жылы болып өтсе, жаздың салқын боларын, ал керісінше жаз жайсыз болса, қыс жайдарлы боларын күте бер.
Жазда күн жылы болып, түн салқын болса, шөп жақсы көктемей, қуаңшылыққа алып келуі мүмкін. Ал қыста қар үсті-үстіне жауып, аспан шаңыттап сәулеленіп тұрып алса, қиындықты қарсы алып, одан шығу жолын ойлау керек.
Наурызда қар жаумаса, мамыр жауынды болады.
Көктемде күн күркіреместен найзағай жарқылын көрсең, жаз жауынсыз құрғақ боларын, ал күн суытып кетсе, жазда жауын-шашынның көп болатынын біле бер.
Жаз айларында күн шамадан тыс шыжып кетсе, алыстан күн күркіресе, кешікпестен жауын жауардың нышаны.
Жаз мезгілінде бұлт қызарып күн батса, ертеңіне жауын, ал күн сәулесіне тау боянса, ертеңіне күн райында өзгеріс болады.
Көктем ұзаққа созылса, көк жақсы шықпастан, күн салқындайды. Жаз салқын болса, күз уақыты да созылып кетеді. Күз суытса, қыс қатты боларын болжаған жөн. Кейде керісінше де болуы мүмкін.
Қыста қар жапалақтаса, күн жылынуының нышаны.
Қыста тұман түссе, күннің жылынуының белгісі. Күндіз күн тымық болып және күн тұман, бұлтты боп батса, ертеңіне күн жақсарады.
Қыстың басында қар көп жауса, алдағы жаз басында да, күшті жауын жаууын күте беруге болады.
Жазғы жауында аспан көгеріп ашылса, іле тоқтайды.
Жыл мезгілінде болған құбылыстар, кезектесіп отырады. Жаздағы жылы жел, қыста үскірік суық болып қайтып келеді.
ТОҢАЗЫҒАН АТМОСФЕРА ӨЗГЕРІСТЕРІНЕ ҚАРАП ТА, КҮН РАЙЫН БОЛЖАЙ АЛАДЫ
Тоңазу әсерінен болатын атмосфера құбылыстарына қырау, қылау, шық, шаңыттау және кәдімгі қар жатады. Міне, осы құбылыстарға қарап та күн райын болжайды.
Мысалы, қылаулай жауған қар ұзаққа созылады. Соған қарап, «қарды қылау өсірер» деген мәтел және «қар белгісі – қылау» деген сөз қалған. Аталарымыз қырау көбейсе, кешікпей қар жауарын білген.
Қар жауып өткеннен кейін қырау мен қылау көбейіп, күн шаңыттанса, күн ашық болып жылына бастайды.
Түнде ауа дымқыл тартып, шықтатса, ертеңіне күн жылы боларының белгісі.
Жерге шық түсті дегенше, кәдімгідей-ақ күн салқын тартып, суытып, күз түскенін біле беруге болады. Шық – ол суық болған көктем мен күздің салқын түндерінде таңертеңгі топырақты дымдап, шөптердің басында мөлдіреп тұратын атмосфералық дымқыл – су тамшысы.
Түн суық болғанымен шық түспесе, ертеңіне күн райы жақсы болады деп күтілген.
Түн қыраулы болса, күндіз жауын жаумайды.
Жерге үрпиген қырау түссе, күн жылынарын біл.
Шық қалың түскен жылдары, шөп те қалың шығады.
Халықтың күн райын болжау салтында, тоңазудан болатын қырау, қылау, шық, шаңыттау сияқты көріністерді жауын-шашын мен қыста жауатын ақ түсті тоңазыған атмосфералық тосап – қардың белгісі деп білген.
Қардың жауу түріне сай жеке атаулары бар. Олар:
Қылау – сілбілеп, ұшқындап түскен ұлпа қар.
Ақша қар – жаңа жауған таза қар.
Сонар қар – алғаш жауған қалың қар.
Ұлпа қар, күпсек қар – қалың жауған таза қар.
Бір жерлерге жауып, басқа жерлерге жаумай ала түскен қарды, ала қанат қар деген.
Жапалақтаған ірі түйіршікті қар – жапалақ қар.
Қырбақ, қырбық қар – ұшқындап жер бетіне жұқалап қана жаңа жауған қар.
Жылбысқа қар – ери жауған қар.
Қар жерге түскенмен асты еріп, беті көпіршіген жұмсақ қарды, көбік қар дейді.
Қиыршық қар – жентектелген түйіршік қар.
Күртік қар – жел үріп үйілген, бекіп үлгірмеген, жаяу жүргенде ойылып кететін, беті қатқан қалың қар.
Ұзақ жатқандықтан тапталып қалған қалың күртік қарды — омбылы қасат қар дейді.
Жаңбыр тамшылары жерге қатты түйіршіктеліп, мұз болып түсіп жатқан болса, ол – мұздақ болады. Ал сол қар үстіне жауған мұздақтың әсерінен мұзды түйіршікті қарға айналса, оны — сырғанақ қар, немесе мұздақ қар деген.
Ат бауырлайтын, тапталған қалың қар – омбы қар.
Сүрі қар – ерте түсіп ерімей, жатып алып, тозаң мен топырақ сіңіп, беті күлгін тартқан, нығыз қалыңдаған қар.
Көлік жүрісіне бөгеу болатын, мызғымай ұзақ сіресіп жатқан, аяқ бастырмас, сір қатты қарды, сіреу қар дейді.
Үйіме қар – қатты жел мен күшті соққан боранның әсерінен сырғи отырып, тау – төбе болып үйілген қар.
Үрме қар – жел үрлеп, үйіріп әкеп, сайлау жерлерде жиынтықтаған тығыз қар.
Анжыр – қардың еріп кетуінен соң, жер бетінде аралас жатқан қатқан қарлы мұз.
Қыстың аты қыс. Қыс жер бетін жауып жатар қарымен көрікті. Қыс болған соң даланың қарлы болып сіресіп жатқаны кімге болса да жақсы көрінері белгілі. Дала қарлы болса, көктемде еріген қардан жерде дым мол болып, жер нәрлі болады. Нәрлі жерге шөп те, егін де жақсы шығатынын біліп жүрейік.
КҮНГЕ ДЕ ҚАРАП БОЛЖАЙЫҚ
Күн – қасиетті аспан денесі болып саналады.
Бабалар күн арқылы да, күн райын болжап келген. Мысалы:
Таңертең аспан ашық, күн ақшылтым, сәулесі өте өткір болып келсе, күн райы бұзылмай, күн жақсы боларын білген.
Таңертеңгі күн күндегісінен үлкендеу көрініп, қызыл күрең өңге боялып, сәулелері жоғары шашырап тұрса, сол жылы жаз жауынды, қыс қарлы болады деп күткен.
Күн шыққанда және батқанда да екі жағынан бірдей тік сәулеленіп өңді болып көрінсе, кешікпей күн суытады.
Күн батарда әр жерінен шоғырланған сәулелер көрініп, шарбы бұлт тәрізді сәулеленсе, күн райының бұзыларын білген.
Күн күлгінденіп батса, күшті жел болу белгісі.
Күн шығар алдында бұлыңғыр болса, бұл күні тұмша ыстық болады деп күткен жөн.
Күн батарда күлгін, алтын түсті болып, артынша жасыл күлгінге айналып батса, ертесіне түн салқын болып, күн жайлы, жауын – шашын болмайтындығын болжаған.
Күн құлақтанар болса, күн суытып, боранды немесе аязды күндер келерін білген.
Күн кешке құлақтанып батса, ертеңіне күн райы жақсармақ.
Күн батар кезде, аспан бұлтты болғанмен де, аспанның оң жағы бұлтсыз болса, күн бәрібір ашық боларын тұспалдаған.
Күн қызарып батса, ертеңіне аспан ашық, жайлы күн болады.
Күн бұлттың ар жағына барып қызарып батса, жазда жауын жауып, қыста боран соғарының белгісіне балаған.
Күн батарда, бұлттар бытыраса, түнде жауын жаумақ.
Күн үш күн бойы қорланып көрінсе, жел күшейіп, аспан түнеріп, жауын-шашын боларын, қыста қар боларын күткен.
Қорланған сәуле шеңбері азайса, кешікпей жауын жауарын, үлкейсе, жауын кешеуілдеп сейілерін білген.
Күн батарда көкжиектен қызыл шапақ атып, ашық болса, күн райы жылы боларын білген.
Күн көзі мұнартып шықса, ыстық көтерілерін күткен.
Күн қызыл шапаққа оранып батса, ертесіне ыстық боларын болжаған.
Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ, Зейнеткер, ғалым-зоотехник, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысы.