Төрт түліктің мінездері мен әрекеттерінен күн райын болжауға болады

 Төрт түліктің төресі – жылқының қылығынан күн райының өзгерістерін болжау:

 Әдетте жылқы малы өте сергек мал. Олардың қылығы арқылы алдағы күн райын болжауға болады.

Ұлыс күні – Наурыздың 22-сінің түнінде, жылқы жиі оқыранып жұтынар болса, көктемнің ерте шығарының белгісі;

Жылқы біткен топтасып, ары-бері жүйткіп, кісінеп ойнақтаса – ызғар соғып, күн суытып, қарлы борасын болмақ;

Жайылуға зауқы болмай, жүндері үрпиіп, аса сылбырлық танытса, көп ұзамай ақ, күн суытып, күннің райы бұзыла бастамақ;

Әлсін-әлсін ат пысқыратын болса, жазда – күшейген жауынды жел, ал қыста – үдеген қар мен қарлы борасынды күтуге болады;

Жылқылар ықтап жайылса, ызғарлы суық жел, жауын-шашын, қарлы боран болуын білдірмек;

Көктем мен қыста жылқылар жайылымды өзгертпестен бірбеткей жайыла берсе, алда жайлы, жылы күндер болмақ;

Желге қарсы жайылғанын көрсең, жайсыз күндерді күте бер;

Айғыр мойынын жерге салып, үйірін жинай бастаса, күн райы да кешікпей бұзылады деген сөз;

Бие суала бастаса, кешікпей жауын жауар;

Соғым малының бауыр жүні ұзын болса, қыста қар мол түспек;

Жазда ыққа қарап жусаса, қыстың қатты болары күтілген;

Оқыранып жусаса, ішін тартса, боран соғар;

Қыста оқыранып, ернін жыбырлатса, күн жылынады.

Мүйізді ірі қараның әрекеттерінен күн райының өзгерісін болжау:

 Таңертең бейғам күйсеп, желге қырыс қарап жатқан сиырды көрсең, күн райы желсіз, жауынсыз, жылы боларын күт;

Өріске шығарда сиыр танауын тартып, мойнын жиі-жиі бұлғақтатып, мазасыздана мөңіреп, қарағыштап, басын шайқап тынышсызданса, қар жауып, дауыл не боран соғып, күн суып, өзгеріс болар дей бер;

Мүйізді ірі қара мал өрістен мезгілінен ерте қайтқан болса, күн райының бұзылатынын алдын-ала білгендігі;

Жаз айларында сауын сиырлар бұзауларына қарап мөңірей берсе, жауын боларының нышаны;

Суатқа айдағанда қара малдар пысқырынып тебінетін болса, жаңбыр жауарын білу керек;

Жаңбыр жауып тұрғанда бұқа мөңіреп, өкірген болса, көп өтпей ақ, аспан ашылардың белгісі болмақ;

Сиырлардың жүндері үрпиген болса, күн райы бұзылмақ;

Мал тобы желге қарап жайылуға бет алса, күннің суытатындығының белгісі деп білген жөн.

Мал момыны – қойдың әрекеттерінен күн райының өзгерісін болжау:

 Жаңа басталған Жаңа жылдың Жаңа күні, бірінші күні – Ұлыс күні қой қораға алшаңдай басып, еркін кірсе, көктем ерте келмек;

Таңертең тұрғанда қой желге қарсы күйсеп жатса, күн райының жақсы болуының белгісі;

Қой өрісте тоқтамай тынышсызданып жүгірсе, қиы мен көңін тарпып, мазаланса, қар жауып, арты қарлы борасынға ұласарының нышаны деп білген жөн;

Қой көп түшкіріп пысқырына берсе, аспанды бұлт торлап, тұманданып, жауын жауардағы ишара деп білу кепек;

Жауын жауып тұрған кезде, қой сілкініп, судан жүнін тазарта бастаса, жауын қойып, күн ашыларына сен;

Қыс басталар кезде қойлар қорадан өздері еркін шығып, шашырай жиектеп жататын болса, сол жылғы қыстың жайма–шуақ жақсы боларының, ал қорадан шықпай шегіншектеп, маңырап, шулай берсе, күн райының бұзылар белгісі;

Қойлар топталып үйездесе, күн шіліңгір ыстық болмақ;

Қыс пен көктемде қой бытырап еркін жайылып жүрсе, келер күннің де жайлы боларының белгісі;

Қойлар желге қарсы жайылса, күн суыту ишарасы;

Қыста сойылатын қойлардың бауыр жүні ұзын өскен болса, алдағы қыста қар мол түсетінінің белгісі;

Тұяғымен кеудесін, төсін қасыса қыста қар қалың болмақ;

Өрістен оралғанда, қойлар аузына бір тал шөп тістей қайтса, халықта қыс өте қатал боларын күткен;

Қойлар үрит-соқ сүзісіп, көңін тепкілеп тістерін жиі қайраса, кешікпей боран болады;

Қыс басында қойлар қора қабырғасын жиектеп шашырай жатса, қыс қаһарсыз жұмсақ болмақ;

Сілкініп, сүйкеніп, маңыраса, жауын басылып, күн көрінеді.

Қозы-лақ секіріп, секеңдеп ойнақтаса, жауын жауады.

Қозылар қойдың алдын орап жайылса, қыс қолайлы болмақ.

Секеңдеген сезімтал сергек ешкі, күн райының өзгерісін қалай білдіреді?

 Ешкі малы ауа райының өзгерістеріне төзімсіз болғандығынан ба, болатын құбылыстарды алдын ала тез сезетін, сергек сезімтал мал.

Ешкілер таңертең ешбір қаперсіз күйсеп жатар болса, ол күннің жылы боларын білдіреді;

Биік жерлерге шығып алып, секеңдеп секіруін  қойып, қандай да бір ықтасындарға тығылып тұратын болса, кешікпестен жауын-шашын болып, суық бұрқасын борайтынының белгісін білдіретін көрінеді;

Ешкілер өрістен асыға қайтып, тікелей қораға тығылып, тынышсыздана бастаса, түн суытып, күн райы қолайсызданып, түнде күрт бұзыларын меңзегені;

Ешкілер тығылатын салқын жер іздеп, дамылсыз тынышсызданып, шыжбыңдай берсе, күннің ыстық шыбынды болуын білдіргені;

Басқа малдардан бұрын өріп, алға ұмтыла берсе, күннің тымық боларын білдіргені;

Ешкілер пысқырынып мазасыздана берсе, аспанның түнеріп, жауынның жауатынын біле бересің;

Қыстың жайлы боларын, ешкілер қорадан тыс, дөңес жерлерге жатып біілдіреді.

Өте сезімтал жануар — түйенің әрекеттерінен күн райының өзгерісін болжау:

 Басқа малдардан түйенің ерекшелігі – өте сезімталдығы. Ол ауа райының өзгерісін екі-үш күн бұрын сезеді екен.

Жаңа күн – Наурыздың 22-сінің түні, түйе ернін жиі жыбырлатса, көктем ерте келетіндігінің нышаны деп білген;

Ертеңгілік түйе жайылымға жайбарақат өзі шыққан болса, күн желсіз, жауынсыз, қарсыз, жайлы болады екен;

Түйе күлде, ши, бұталардың түбінде басын төмен салып, шөгіп жатар болса, жел тұрып, қарлы борасын борап, дауыл соғады екен;

Түйелер тобымен ыққа жайылған күні, күн райы бұзылады;

Тайлақ, бота, атандар тайраңдаса, күн суытар болар.

Інген әлсін-әлсін боздап, ботасына таяп келе берсе, қар, не жауын жауып, бұрқасын, не дауыл соғар белгісі.

Көктем мен қыс мезгілдерінде түйелер жайылым талғамай басы ауған жаққа жайыла берсе, алда жайлы, жылы күндер болмақ. Ал  желге қарсы жайыла бастаса, күн бұзылып, суытарын біле бер.

Қыс айларында ернін жыбырлатар болса, қар жауып, қар асайды, қар суын ішеді, бұл көктемнің ерте шығатынын көрсетеді;

Күн мен түннің теңелген тоғысы – алғашқы  мизам туған күні түйе басын құбылаға қаратып, төрт аяғын төрт жаққа жіберіп, талтая керіліп, алаңсыз ұйықтаса, сол жылдың қысы – жайлы, бір жағын ықтап, жайсыз жатса, қыс қатты боларын меңзегені екен.

Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ, Зейнеткер,  ғалым зоотехник, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысы.

Бөлісу: