URKER тобы мен «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің бірлескен концерті танымал топтың 30 жылдығы мен елордалық театрдың 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, 21-22 наурызда «Астана Балет» театрының сахнасында өтеді, – деп хабарлайды «Астана Балет» театрының PR қызметі.
Көрермен қауым нағыз кәсібилік пен жанды дауыста, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалатын әндерді тыңдап, құлақ құрышын қандырары анық.
«Астана Балет» театры симфониялық оркестрімен бірлесіп, мерейтойлық концерт өткізу – URKER тобының дамуындағы кезекті әрі заңды белес деп білемін. Себебі, біздің әндерімізде байтақ даламыздың симфонизмі бар, ұшы-қиыры жоқ кеңістігіміз бен сазды әуендеріміз сезіледі. Поп-музыканттардың классикалық оркестрмен осы тектес бірлескен концерттері тыңдарман қауымның қызығушылығын арттыра түсері даусыз», – дейді URKER тобының басшысы әрі композиторы Айдос Сағат.
Айдос Сағаттың жетекшілігімен 1993-жылы құрылып, осы уақыт аралығында құрамы да солисттері де әлденеше рет ауысқан, тіпті, бір кездері көпшілік алдына мүлдем шықпай қойған бұл топ көпшілікке Наурыздың бейресми әнұранына айналған «Наурыз», лирикалық иірімдерден өрілген «Жаным», «Махаббат әні», «Сәулем-ай», «Әсел», «Я буду рядом», «Сен», патриоттық «Туған елім», «Мой Казахстан» және тағы басқа әндерімен етене таныс. Музыкалық топтың бұл әндері біздің ортақ мәдени тарихымызға айналды.
«Симфониялық оркестрдің орындауында түрлі жанрдағы музыка дәріптеліп жатқанына қуанамыз. Симфониялық оркестрге лайықталған әлемдік рок-поп музыканы орындау бойынша ұжымымыздың тәжірибесі бар. «Астана Балет» оркестрі URKER тобының сүйікті әндеріне тың леп беріп, жаңа реңге бөлейтініне сенімдімін. Біздің оркестрдің көптеген әртістері осы әндерді тыңдап, ер жетті десек болады. Сол себепті, Наурыз мейрамы кезінде бәріміздің сүйіп тыңдайтын әндерімізге айналған шығармаларды симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындау – біз үшін мәртебе десек те болады», — деген ойымен бөлісті, оркестрдің менеджері Айжан Хайдар.
Мерейтойлық концерт уақыт пен кеңістіктегі саяхат іспетті болып қана қоймай, елорданың мәдени тынысындағы нағыз құбылысқа айналары сөзсіз. Наурыз мейрамына орайластырылған концерт Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.