«Кітап оқымаған адам-тамырсыз қаңбақ»
Ф.Оңғарсынова
Бүгінгі күні кітапханашының негізгі міндеті әдеттегідей оқырманды кітаппен қамтамасыз ету емес, әдеби дәстүрлер мен заманауи ақпараттық технологияларды қолдану арқылыоқырманның жан-жақты, интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал етуі қажет. Ол үшін кітапханашылар бүгінде жан-жақты дамып, ізденімпаздықпен жұмыс жасап, бір-бірімен іс-тәжірибе алмасуы керек және оған мүмкіндік зор.
Осы орайда С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Қос алыптан қалған із» атты облыстық кітапханашылар арасында шығармашылық байқау ұйымдастырып, қорытындысын жариялады.
Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өтіп жатырған байқаудың негізгі мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Ақтөбеден шыққан қос тұлға ақын, аудармашы Қуандық Шаңғытбаев пен жазушы, драматург Тахауи Ахтановтың шығармаларын насихаттап, кітапханашылардың кәсіби біліктілігі мен шығармашылық қабілетін арттыруға қолдау көрсету, сондай-ақ кітапханашы мамандығының имиджін көтеру болатын. Бұл байқауға 20 мен 40 жас аралығындағы облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық кітапхана мамандары және білім беру мекемелерінің кітапханашылары қатысты.
Байқау шарттары бойынша қатысушы бірінші «Мен ұнатқан кітап» атты презентация жасайды. Яғни, қос автордың кітаптарынан виртуалды көрме жасап, сол көрмені таныстырады. Ал екінші шарты, Т.Ахтановтың немесе Қ.Шаңғытбаевтың бір шығармасына арнап шағын кино немесе бейнеролик дайындап «Буктрейлер» жасау. Үшінші шарты, талапкер Қ.Шаңғытбаевтың бір өлеңін мәнерлеп оқиды немесе Т.Ахтановтың шығармасынан үзінді орындайды. Осы талаптарға сәйкес кітапханашылар өздерінің жұмыстарын электронды нұсқасын жолдаған болатын.
Қазылар алқасы Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Г.М. Маханова, Облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың директоры Г.Ғ. Хамзина, Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты кітапханасының меңгерушісі Н.Ермекова, «Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» орталығының орынбасары Б.А. Снабаева және С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Г.Н. Калдина байқауға келіп түскен бейнероликтің сапасына, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, тақырыптың ашылуына, көрменің маңыздылығына ерекше мән берді.
Байқаудың қорытындысы бойынша Бас жүлде – Хромтау аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Жанаева Мөлдір Мүсірәліқызына бұйырды. I орын – Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің кітапханашысы Елькеева Сандуғаш Серикқызына табысталды. II орынды – Хромтау аудандық кітапхананың кітапханашысы Тугелова Нұрсұлу Жұмабекқызы иеленсе, III орын – Темір ауданы Шұбарқұдық кәсіпшілігі Модельді кітапханасының кітапханашысы Ширазова Айгүл және Мәртөк аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Ерманова Жанар Рахманқызы жеңіп алды. Орын алған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, яғни Бас жүлдеге – теледидар, І орын иегеріне – принтер, ІІ орынға – қысқа толқында пеш, ІІІ орын алған кітапханашыларға – шаңсорғыш табыстап, жеңімпаздар алғыс хаттармен марапатталды. Кеш барысында қатысушылар жеңімпаз кітапханашылардың байқауға ұсынған жұмыстарын тамашалауға мүмкіндік алды. Кітапханашылардың құрметіне арналған кеште облыстық шығармашылық орталығының әншісі Құралай Аленова және кітапхананың «Шапағат» қайырымдылық клубының мүшелері әндер орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сонымен бірге «Ел есінде екі алып» кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге Хамидуллина Бақтыгүл библиографиялық шолу жүргізді. Кеш соңында естелік суретке түсті.
Кітапхана тірлігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастыратын кітапханашылардың мәртебесін көтеретін осындай байқаулар әлі де жалғасын табатын болады.
Алтынгүл Ермекбаева
Ақтөбе