Отырар музейінің жаңа келбеті

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – музейінің негізі 1967 жылы 17 мамырда Темір бекетінде ашылған мектеп музейінен бастау алады. Ол 1976 жылы аудандық мемлекеттік тарихи өлкетану музейі болып ашылған. Мектеп музейін алғаш келіп көрген жазушы Дүкенбай Досжанов «Отырар жеріндегі Темір орта мектебінде дүниежүзілік маңызы бар Отырар музейінің қара шаңырағының негізі қаланды» – деп жазды. Тарихшы ұстаз Асантай Әлімов музей  қорын байыта  түсу   бағытында   ел   аралап, тау мен дала кезіп ұқыпты кісілердің қолында сақталған, диханның кетпенінен, эксковатордың шөмішінен, жел құздан, жер астындағы мәдени қабаттан шығып қалған археологиялық, этнографиялық көптеген көне мұраларымызды жинайды. Мектеп музейіне жинақталған жәдігерлер сиыспағандықтан    Асекең    басшылардан аудан орталығынан  алты  бөлмелі  үй сұрап алады.Асекең музейге арнайы үй алғаннан кейін 25 жыл абыроймен атқарған 300 сомдық еңбекақысы бар ұстаздық жұмысын тастап 70 сомдық еңбекақысы бар аудандық автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа ауысады.Осылайша 1973 жылы қорында 600-ден астам жәдігері бар аудандық қоғамдық негіздегі халықтық музей өмірге келді. Бұдан кейін де музей жұмысы қызу жүргізіліп, жәдігерлер саны 1500-ге жетеді. Тұрақты  қызметкерлері бар мемлекеттік музей ашу  мақсатында А. Әлімов Мәдениет министрлігіне ұсыныс айтып, көмек сұрады. Ақырында 1975 жылы күзде Мәскеу мен Алматыда Әбу Нәсір әл – Фарабидің 1100 жылдық мерекесі тойлануымен қатар, Асантай Әлімовтың көптен күткен арманы жүзеге асып, 1975 жылы 8-қыркүйекте Шәуілдір селосында      Шымкент   облысындағы   ең ірі Отырар тарихи өлкетану музейін ашу туралы   шешім   қабылданды.   Оған   үш адамнан тұратын штат бөлінді. Нәтижесінде 1976 жылы аудандық мемлекеттік тарихи өлкетану музейі болып ашылды. Асантай Әлімов ұйымдастырып, негізін қалаған осы Аудандық тарихи өлкетану музейі негізінде Қазақ ССР Мәдениет министрілігінің 1979 жылғы 16 қыркүйек № 33 бұйрығымен Отырар  мемлекеттік  археологиялық қорық – музейі құрылған. Қазіргі үш қабатты музей  ғимаратының  іргетасы 1979  жылдың   9-қазанында   қаланып, 1982 жылы толық пайдалануға берілді. Музейдің   ішкі   көркемдеу   жұмыстарын «Қазмузейреставрация» мекемесінің мамандары жүргізді. Міне содан бастап мәдени ағарту және Қазақстанда алғаш рет археологиялық тарихи ескеркіштерді қорғау мекемесі, 1982 жылдан Отырар аймағындағы тарихи ескерткіштерді қорғайтын қорық-музейі болып табылады. Музейдің ашылуына сол кездегі Қазақстан компартиясы   орталық   комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаев, Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаров, тарихшы, этнограф Ө.Жәнібеков, фарабитанушы А.Машанов, Қазақ ССР Ғылым академиясының Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының ғалымдары К.Ақышев, К.Байпақов, В.Грошев және басқа ғалымдар үлкен көмек көрсетті[1].

Музейдің  алғашқы  экспозициясының ресми түрде ашылу салтанаты 1989 жылдың 25 қаңтарында өтті. Аталған экспозиция ішінара тақырыптық өзгертулермен 2012 жылға дейін қызмет көрсеткен. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық- музейінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2018 жылы Заманауи технологияларды пайдалана отырып жасалған музей экспозиция залының ресми ашылу рәсімі өтті. Экспозицияда орын алған жәдігерлер, осы өңірдің ежелгі тұрғындарының рухани-материалдық, саяси-әлеуметтік өмірі туралы көрермендерге мейлінше толық мәлімет береді.    Экспозиция    жұмысы    мемлекет басшысының  «Болашаққа  бағдар:  рухани жаңғыру»   атты   мақаласында   айтылған мәселелерді   жүзеге   асыруға,    ұлттық төл мәдениетімізді қайта жаңғыртуға бағытталған. Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, Сайрамда сансыз баб, ең үлкені Арыстанбаб деп дәріптелген бүкіл мұсылман қауымына белгілі шейх Қожа Ахмет Иассауидің ұстазы әулие Арыстанбаб осында жерленген. Арыстанбаб тек Отырар өңіріне ғана емес бүкіл түркі әлемінің исламдануына септігін тигізген ірі тұлға болған.

Ата-бабамыз алауыздықтың салдарынан жауынан жеңілген сәттерде киелі Арыстанбаб әулиге келіп, әруаққа тағзым етіп, есін жинап, ынтымақ тапқан, Алладан медет сұрап, күш-жігер жинап, бас біріктіріп, жауға қайта шапқанда жеңіске жетіп отырған. Қазіргі кезде Арыстанбаб кесенесі Қазақстан мен Орта Азия мұсылмандарының зиярат ететін қасиетті орыны болып саналады. Еліміз тәуелсіздік алғаннансоңкесенегеерекшеназараударыла бастады, оған толығымен реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, кіре беріс қақпа, зияратшыларға қызмет көрсететін қонақ үйлер, кітапхана, салт дәстүр сарайы т.б. құрылыстар салынды. Ежелгі Отырар ескерткіштері ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұра бағдарламасының алдын-ала тізіміне енген. 2001 жылы тамыз айында Қазақстан Республикасы  мен  ЮНЕСКО  арасындағы «Ежелгі Отырар қаласын қалпына келтіру және сақтау» туралы келісімге қол қойылып, оған қоса ЮНЕСКО-ның қаржылай көмегі көрсетілді[2].

«Қазіргі таңда Отырарқорық-музейінен 202 тарихи-мәдени ескерткіш тізімге алынған. Оның ішінде, археологиялық ескерткіштер саны – 168, архитектуралық ескерткіштер саны – 6, ирригациялық жүйелер – 28. Ал 3 ескерткіш, яғни Отырар, Арыстанбаб, Оқсыз республикалық дәрежеде болса, 73 ескерткіш жергілікті маңызға ие. Музей қоры жыл сайын музейлік заттармен толықтырылса, өткен жылы қорға 209 жәдігер жинақталып, музей қорындағы жалпы жәдігерлер саны 24 354 бірлікке жетті. Музей қорындағы музейлік заттар мен экспозициядағы экспонаттар қайта қалпына келтіріліп тұрады. Өткен жылы 111 музейлік зат қайта жаңартылды. Бүгінгі таңда музейде бес ғылыми бөлім және кітапхана жұмыс жасайды. Музей экспозициясының археология залы екінші қабатта орналасқан, ондағы жәдігерлер тақырыптық және мазмұны жағынан жоспарланып қойылған. Залда Отырар және оның іргесіндегі қалалар мен бірнеше қалашықтардан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған І-ХYІІІ ғ.ғ. тән саздан күйдіріліп жасалынған ас үй заттары – құмыра, табақ, көзе, сапты аяқ, орта кесе, тұтыну заттары – майшам, сия сауыт тағы басқа әсем ғимараттарды безендіруге арналған сырлы қыштар, терракоталарды, құббаларды көруге болады. Қоладан жасалған келі, тұғыр, майшам, тұмаршалар, күміс, алтын, мыстан соғылған теңгелер, темірден жасалған жебе ұштары, кетпен, құлып, кілт, қылыш және шыныдан жасалған бұйымдар қойылған. Сондай-ақ алтыннан жасалған құты, қалың сым қалпындағы алтын құйма да бар. Музейдің үшінші қабатында ХҮІІІ – ХХ ғ.ғ. тән қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, қолөнері мен мәдениетін көрсететін жәдігерлер өз алдына бір бөлек этнографиялық экспозицияны құрайды.

Әрбір тасы мен топырағын түртсең, ғасырлардан сыр шертетін Отырар өлкесі ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін көптеген игі шараларды атқарып жатыр. Күллі мұсылман қауымы тәу етіп, қастер тұтатын Арыстан баб кесенесінің маңайын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, туристерге сапалы қызмет жасауда. Сондай-ақ, ғасырлар сырын қойнына жасырған Отырартөбе қалажұртына алыс- жақын елдерден келетін туристерге жағдай жасау үшін құрылыс жұмыстары қызу жүруде. 2018 жылдың күз айында сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Отырар төбе қалашығына келіп, жаңа музейдің қазығын қағып, мәдени ғимараттың салынуына қолдау       көрсетті.       Сонымен       қатар, Арыстанбаб пен Отырартөбе қалажұрты арасындағы аумаққа “Сапар орталығын” салуды қолға алды. Аталған  үш  нысан да тамыз айында пайдалануға беріліп, туристерге қызмет көрсету сапасы арта түсетін болады деп күтілуде. Отырар визит- орталығын салудағы мақсат – Отырар қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновациялар орталығын жасау. Қорық- музейдің функцияларын мәдени-ағарту мен имидждік орталық деңгейіне дейін кеңейтіп, тарих ғылымы, археология, реставрация, өнертану, этнографиямен ұштастыруға жағдай жасау. Сондай-ақ, реставрациялық жұмыстар мен көрмелік конструкцияларды  жасау   жұмыстары үшін цоколдық қабатта шеберханалар орналасатын болады. Барлық шеберханалар мамандырылған реставрациялық қондырғылармен жабдықталады деп жоспарланып отыр. Бұдан өзге, музейге жұмыс істеуге шақырылатын мамандар үшін Отырар қалажұртында қазба жүргізетін археологтар үшін 16 орындық жатақхана ғимараты бой көтереді. Бұл жобалардың бәрі Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық- мақаласының аясында іске асуда.

Отырар музейі биыл республикалық мұражайлар ішінде үздік атанып, ғылыми қызметкерлер мен таныстырушылардың еңбегінің нәтижесінде үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Ата-бабаларымыздың өмірі мен кәсібінің, мәдениеті мен өнерінің тарихи шежіресі іспетті осы киелі қарашаңыраққа биыл 40 жыл толып отыр.

Жадыра ӨСКЕНБАЕВА, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ғылыми қызметкері

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005ж.
  2. Н.О.Алдабергенов. «Отырардың алтын қазынасы» кітабы, 4 бет,  «Асқаралы ЖШС баспасы.


Бөлісу: