Ғарышкер отандық ғарыш кешенін сынақтан өткізеді

Бүгін Айдын Айымбетов екінші мәрте ғарышқа аттанады. Алайда бұл жолғы сапары жерде өтеді, деп хабарлайды dasturkb.kz.

Бұл туралы Хабар24 жазды.

Ғарышкер екі серігімен бірге Ұлттық ғарыш орталығы аумағында орналасқан Space Nomad тәжірибелік кешенін сынақтан өткізеді. Ұлттық ғарыш орталығында орналасқан бұл кешеннің іші ғарыш кемесінің ішкі көрінісіне әбден жақындатылған.

Ғалымдар тобы осы кешенге бірнеше күнге кіріп, келешекте ғарышта жүргізілуі тиіс зерттеулер тізімін анықтайды. Ал алғашқы экипаж екі күн бойы кешен жұмысын сынақтан өткізбек. Кешеннің Орталық Азияда баламасы жоқ. Бір жылда тұрғызылды. Төрт адамның өмір сүруіне ыңғайлы етіп жабдықталған. Тамақтануы, демалу, жұмыс кестесі ғарыш жағдайына сәйкес түзілген. Қазіргі таңда тағы бірнеше кешен салу жоспары қарастырылуда.

Жабық кеңістікте адамның психологиялық-физиологиялық жағдайы тексеріледі. Бір сапар отыз күннен бір жылға дейін созылуы мүмкін. Сондай-ақ осы типті бірнеше кешен салынады. Олардың арасында Марстың, Айдың бедері бар кешен құрылысы жоспарлануда, — деді жоба жетекшісі Рүстам Абдрахманов.

Жобаға шетелдіктер ерекше ықылас танытуда. Кәсіби ғарышкерлермен қатар туристер де кешенге келіп, дайындықтан өтуіне болады.

Шетелдік агенттіктер тарапынан халықаралық экипаж құруға қызығушылық бар. Қазіргі уақытта ғалымдардан бөлек туристер қатысатын экипаждар құру нұсқалары талқылануда. Алдағы уақытта бұл экипаждар жасақталады деген ойдамын, — деді «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Айдын Айымбетов.

Аталған кешен жас ғалымдар үшін қуанышты жаңалық болары сөзсіз. Яғни, аэроғарыш саласына қызығып жүрген студенттер мен оқушылар өз жобаларын осы жерде жүзеге асыруына мүмкіндік бар.

Space Nomad жобасы тек елімізге ғана емес, жастарға да үлкен көмегін тигізеді. Мектеп оқушылары өз жобаларын экипаж мүшелеріне ұсынып, оларды іс жүзінде тексере алады, — деді жас ғалым Ерасыл Тәуекел.

Бөлісу: