НАУРЫЗ БАТА

 

Ау, халайық! Қол жаяйық.

Бата берейін, әз НАУРЫЗҒА лайық.

Күн менен түнді теңгеріп,

Дым менен нәрді теңденіп,

Бақыт  пен байлық өңгеріп,

Ризық болар баршаға,

Жыл сыйла елге, құт НАУРЫЗ!

Жауыныңды селдетіп,

Нәр-суыңды көлдетіп,

Егін жайды ендетіп,

Өрісте малды кендетіп,

Молшылыққа малындырған,

Болатындай шаттық күн,

Жыл сыйлашы, НАУРЫЗЫМ?!

Мал біткен шетінен семіз,

Төл біткен түлеген егіз.

Жеткізе гөр табысқа

Шалқар байлық, телегей теңіз!

Молшылық әкел, әз НАУРЫЗ,

Елімізге  нұр жауғыз!

Татулық пен достықты үдеткен,

Тыныштықты, ізгілікті ту еткен,

Нұр шапағатты үдемелеген,

Береке-дәулетті үстемелеген,

Жылыңды сыйла, жыр НАУРЫЗ!

Дастарқанды ет, берекелі,

Қуанышты үдет, мерекелі!

Аққа әр үй молыққан,

Қыдыр Ата жолыққан,

Ырыс-бақытқа кенелген,

Жылыңды әкел, нұр НАУРЫЗ!

Күніңді сыйла, күн НАУРЫЗ!

Қаңтардағыдай қасіретіңді  болдырма,

Ел сенімі ерге жүк,

Иықтарымызды талдырма!

Жұт болдырма,

Елімізді жайлант!

Алланың нұрын жаудырып,

Даламызды көкке орант.

Көк туымызды желбірет,

Тыныштығымызды өзің күзет.

Әр жүрекке сеуіп нұр,

Шаттықпен жылда көрістір, әз Наурыз!

Аумин!

Күніміз ұлысты,

Жеріміз ырысты болсын, Қыдыр Ата!

Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ, Зейнеткер,  ғалым-зоотехник, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысы

Бөлісу: