Наурыз мерекесі несімен ерекше?!

Қыстың қысылтаяң шағынан шығып, көктемге де жеттік. Әрбір жыл өзіндік ерекшелігімен есте қалады емес пе? Қымбатшылық қысып тұрғаны болмаса, көктем биыл Оңтүстікте ерте туды. «Шаруаның әрбір күні жылға татиды» деген шақ та осы мезгілге тән.

Диқан дәнін сепсе, бұл –  шаруаның бір малы екеу болатын мал төлдеу науқаны. «Қой қоздап, түйе боздап, қорада шу» деп данышпан Абай әдемі өрнектеген ғой. Хакімнің «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып» деп, көктемнің шуағын, табиғаттың оянуын нанымды берген. Аз күнде Ұлыстың Ұлы күні  –  әз Наурыз да есік қағып тұр. Биылғы Наурыз бұрынғыдан өзгеше болмақ. «Наурыз Шымкенттен басталады!» деген айдармен айшықталған ұлттық мерекеге қызу дайындықтамыз. Тарихтан қозғасақ, Наурыз кешегі кеңестік дәуірде соңғы рет 1929 жылы тойланыпты. Содан жадымызда қайта жаңғырып, Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашындай, өткен ғасырдың 90-жылдары қайта өмірге келгені есімізде.

Қуаңшылықта біздің Созақ өңірінде шаруашылықтың жабайы нарыққа бет бұруынан ел әуре-сарсаңға түскен кез. Сонда Қазақстанда алғаш рет «Қаратау» ауылында Наурыз тойланды. Шағын ауыл бейне бір дүр сілкінгендей. Әр көше өзіндік дайындығымен келген. Жұрт біткен сандықтағы көненің көзіндей бабаларынан қалған асыл дүние-мүлкін жарқырата шығарған. Тұрмыстық бұйымнан бастап, ұлттық киім, төрт-түлік мал өнімдері, сирек қолөнер бұйымдары, несін айтасың, өткен ғасырдың мамыражай дәурені дерсің! Сол жылғы Наурыз – көкейімде. Кейін қалаға ойыстық. Әр жылы әз Наурыз шама-шарқымызша тойланып келді. Көбінесе өтпелі той-думан, аста-төк ас, көпірме сөзден аса ала алмай жүрдік. Енді санамыз жаңғырды. Шымкентте салт-дәстүрдің бірегей орталығы шаңырақ көтергелі 8 жылдан асты. Республикадағы жалғыз мекеме. Әр өңірден, тіпті алыс-жақын елдерден де қонақтар үзілмейді. Халқымыздың төл мәдениетіне барынша үлес қосуда. «Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, бір жылғы жұмыс барысына тоқталайық. Әсіресе, жұрттың ұлттық қолтума өнерге деген    ықыласы ерекше. Бірер мысалды  «Төрге жайдым – текемет!», «Алтынға бергісіз – Алаша!», «Киелі кимешек» аталатын этнофест жобаларын айталық.

Көрші елдердің танымал қолөнер шеберлерінің өнері қала жұртшылығының назарына ұсынылды. Аты айтып тұрғанындай, бұл шаралардың жас ұрпақ тұрмақ, үлкендерге де берері мол  десек артық болмас. Көрші қырғыз, қарақалпақ, өзбек ағайындарға қарағанда қолөнерді біз кештеу қолға алғандай көрінді маған. Ал оның төркіні тым тереңде емес пе еді?!

Тағы да тарихқа үңілсек:  кезінде кеңестің қылышынан қан тамып тұрғанда, Орталық комитетте ірі қызметте жүріп-ақ ұлт мәдениетінің жанашыры, этнограф-ғалым Ө.Жәнібек ағамыз ел арасынан көне жәдігерлерді тірнектеп жинаған. Қаншама ұлттық мұражай соның арқасында құрылды. Елге барғанда көненің қайталанбас мұрасындай сирек жәдігерлердің аяқасты болып жатқанына қынжыласың. Анамның көз майын тауысып, тоқыған алаша, кілем, басқұр, текеметтері, әкемнің сеңсең сары тоны, ер-тұрманының қолды болып кеткені өкінішті. Біз, қазақ, тарихтан талай теперіш көрген ұлтпыз ғой. Кешегі 30-жылдарғы ашаршылық, асыра сілтеу, қуғын-сүргіннен, одан қала берді, Созақ көтерілісінің жарасы әлі толық жазылған жоқ. Содан болар, тоз-тоз боп, үдере көшкен елден там-тұмдап болса да тарихи жәдігерлер табылып қалар деген үміттпен жүреміз. Біздің Шымқалада көне мұралар музейі де кемшін. Қолөнер шеберлерінің де мұң-мұқтажы шаш етектен. Дана Еріктің көне мұралар топтамасы да қолдау таппай келеді. Дәстүрдің озығын алып, тозығынан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Көбіне бесік той, тұсау кесу, беташар сынды ғұрып, жоралғыдан әрі аса алмай жүрміз.  Өткен жылғы ел рухын оятатын «Бес қару» атты этно-фестивальге алыс-жақын елдерден ұсталар, жыршы-жырау, әскери жекпе-жек өнерінің сайыпқырандары, әлемдік деңгейдегі «Номад» каскадерлері, «Тұран» этноансамблі өнер көрсетті. Әсіресе, Қырғыз манасшысы, ғылым докторы Т.Бакчиев, халықаралық дәрежедегі ұста, көне қару-жарақтарды тірілткен М.Құлментегінің өнеріне қалың жұртшылық аса құрметпен қарады. Осындай шараларды жүйелі өткізіп тұруға кейде қаржы тапшылығы кедергі болып тұрады.

«Сөз өнері – өлеңде, қолөнері – кілемде». Оларда беймәлім тылсым сыр бар. Аңыздарда: бір бойжеткен тұрмыстың тауқыметінен өз теңіне қосыла алмай, ата-анасының ұйғарымымен ұзатыларда арман-мұңын тоқыған өрнегіне түсірген ғой. Сөйтіп, базарға шығарған. Шаһар аралап жүрген ханның көзі сол ерекше кілемге түсіп, сатып алады да, сатушыдан кілемнің қайдан келгенін табуды бұйырады. Сол арқылы иесін тауып, қыздың арманына қол жеткізуіне себепші болған екен дейді. Ондағы кілемге түскен өрнектің құпясы өз алдына бір хикая.

Еуропа бүгінде көшпелі тұрмысқа қолайлы баспанамызға қызығушылық танытуда. Түркиядағы жойқын зілзалаға да сол бабаларымыздың көзіндей Киіз үй жәрдемін тигізді.   Киіз үй тек баспана қызметін атқармаған. Оның сүйегінен бастап, жасау- жабдығы түгелімен биік өнер туындысына айналған. Төрт-түлік малдың жүні, сүйегі мен мүйізі, тіпті тұяғына дейін шикізаттың көзі. Одан жасалған жылы, ыңғайлы киім, тұрмыстық бұйымдар қайталанбас өнердің шыңына көтерілген. Бабаларымыз оларды ұқсатудың қыр-сырын терең меңгерген. Дәстүрлі көрмелерде қытайдың арзан жасанды маталарынан түрлі бұйымдар қойылып жүретіні жасырын емес. Мал өнімдері, жүн-терілер кез келген ауылда шашылып, түкке аспай өртелуде. Ішің ашиды. Оны ұқсатар қолөнершілер де санаулы. Бұған дұрыс көзқарас қалыптаспай келеді.

Халқымыз «Шебердің қолы ортақ» деп неге айтты екен? Бүгінгі заманауи технологияның дәуірлеп тұрған шағында ұмыт болған төл мәдениетімізді ұлықтап, хас шеберлерге үкімет тарапынан оң көзқарас танытсақ ұтарымыз мол болмақ. Сонда ғана  ұлттық мерекелердің шырайы арта түспес пе еді?!

Мырзабай ОМАР,  ҚР мәдениет саласының үздігі,

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім басшысы

Бөлісу: