Көктем – тіршіліктің түрленуі

  Көктем – қыстан қажыған адамдардың асыға күтетін, тіршілік атаулыға жан бітірер, ұйқысынан оятар, ең таңғажайып жылдың бір мезгілі. Күнтізбе бойынша, көктем 1 наурыздан басталатын болғанымен де, табиғат-анада ағаштар мен бұта біткеннің тамырларынан шырын сөлдері жүре бастағаннан кейін ғана көктемнің келетінін білеміз. Астрономиялық тұрғыдан көктем күн мен түннің теңелген уақыты – 21 наурызда келеді. Ал ежелде көкектің шақыруы естілгенде көктем келді деп есептеген.

Көктемгі ояну дегеніміз – күннің құдіретімен мұздың еріп, айналаға шуақ шашып, алғашқы көк шығып, бәйшешек гүлдеп, бар дүниенің, жалпы тіршіліктің түрленуі, табиғат сұлулығының айқындалып, қайта жаңғыруы. Көктемнің жылуы 7-8 градусқа жеткенде өсімдіктің тамыры сыр беріп, жедел өсе бастайды.

Ақпанның өзінде Күн көзі шуағын шашып, аппақ қар көрпесі қара қошқылданып, шатырдағы сүңгілер еріп, үздіксіз тырсыл құлаққа жетіп тұрады. Бұдан кейін де қар жауып, аяз болса да, аз уақыт өте, көктем шуағының келері адамға қуаныш сыйлайтындай күй кештіреді. Көктемде қар ерігенімен, жер беті дымқылданып, көпке дейін тақыр болып тұрады. Көп ұзамай, күнің алғашқы шуағымен қыстан аман шыққан құмырсқа біткен қыздырынып, айналасын асықпай зерттеуге шығады. Құстар мен түрлі жәндіктер де ұйқылы-ояу қалпынан арылып, өздеріне тән әрекетпен тіршілік қамына кіріседі. Шуақты сезінген аңдар да өздеріне баспана болған жерлерінен шыға бастап, күнге қыздырыну қимылдарын күшейте түседі.

Көп кешікпей, аспан ашық, әрі көгілдір түске еніп, жап-жасыл өсімдіктер әлемі жерді жарып, түрленіп, оны көк кілемге орап, әсем гүлдерімен әшекейлейді.

Бау-бақшадағы гүлге оранған бұталар бейне бір жұмақ орнағандай көрініс береді. Құстардың тамылжыған әндерін естігенде, жүрегіңе шаттық орнағандай сезінесің.

Аузы көкке тиген мал да түлеп шыға келеді. «Күннің шуағы жылы, ананың құшағы жылы» дегендей, көктем де әркімге сондай ыстық та, сондай қымбат та мезгіл.

 

Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ, зейнеткер,  ғалым-зоотехник, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысы

 

Бөлісу: