Адамзатқа ортақ исламның қасиетті қағидаларын қазақтың тілі, ділі, тарихымен тамырластыра тарқатудың ұлтымыздың руханиятына қандай әсері бар. Ертеңгі әрбір отбасының ұстанымы қандай болуы керек. Уағызды айту бар да айта білу бар. Ислам діні имандылықтың бастауы, инабаттылықтың өнегесі десек, сабыр мен сыпайылық мұсылманның басты ұстанымы болуға тиіс деп ойлаймын. Салиқалы сөйлеу, сыпайы мінез, ұнасымды сырт келбет үйлескенде ғана дініміздің де, діліміздің де мәртебесі өседі.

Кейбіреулердің  айтып  жүргеніндей, ислам  қазақтарға  таңылған  дін  емес, пейіліне  қарай  табылған дін.

Әйел мәселесі – әлем мәселесі десек, дініміздегі әйел затына деген құрмет қыздарын төріне отырғызған қазақтың жан-дүниесімен, таным-тағылымымен астасып жатыр. Пайғамбарымыз  (с.ғ.с)  жан  берер  сәтте  де  өз  үміттеріне – әйелдерге  игі  істер жасаңдар. Олардың  хақтарын  өтеңдер. Олар  сіздердің  шаңырақтарыңызда өмір  кешуде  және  кепілдіктеріңде. Аллатың  бұйрығымен  оларды серік  болуға таңдадыңыздар, достық, махаббат уәдесін  бердіңіздер. Ешқашан  сол  уәдені  естен  шығармаңыздар,  – деп   өсиет  қалдырған. Демек  махаббаттың  мәні – қорғай  білуде.

Тарихымыздың  көшін  көз алдымыздан  өткізсек, әйел затының елдің  шылбыр-тізгініне  иелік етуі көшпенділерге  тән  қасиет. Томирис, Зарина  сынды  сонау  сақ  билеушілерінен бастап, әйелдер билікке  тікелей де, жанама  да  араласып отырған. «Хан – бас, ханым – мойын»,  немесе  «Атам  елді  билейді,  атамды  әжем  билейді» – менің  сөзім  емес. Шыңғыстың   Бөртесі,  Уәлиханның   Айғанымы,  Жәңгірдің Фатимасы, бір рулы  елді  жусатып-өргізген  Домалақ  енедей  ақылды  да айтулы  ел  аналарын  атап  өтсек  те  жеткілікті.  «Тар  қолтықтан   оқ   тигенде, тартып  алар»  намысты  қыздарымыз  қаншама?!  Қазіргі  күні  «мылтықсыз майданның» рухани  жалаңаштау  қастандығынан  бостандыққа  жол  бастайтын   арашашы  ел  Анасы   қажет.  Азаматтарымыздың   айбынын   асыратын, Тайбурылын  баптайтын  Құртқалар  қажет. Әрине, елінің,  жерінің   абыройы  үшін   басын   бәйгеге  тігіп,  халқының  анасы  болуға  лайықты  деп  танылған, жігерлі  де білімді, намысты да  ақылды, парасатты  да  байыпты  қыздарымыз  баршылық.

Алла  тарапынан  адамзатқа  түскен  ақырғы  дін – әу  бастан  қазақтың дүниетанымына  сәйкес  болғандай. Ислам діні жеке бір ұлт пен ұлыстың жекеменшігі емес, адамазаттың ортақ асыл мұрасы. Алайда, қазақта «әсіре қызыл тез оңар» дейтін аталы сөз бар. Ал дінімізде: «Кез келген дінге ес-түссіз берілудің ақыры күйреумен тынады. Бізге дейін де солай болған» дейтін ескерту бар. Дей тұрғанмен, қоғамнан өзгеше көрінгісі келіп, ерекшеленудің өзі тақуалықтың белгісі деп айту да қиын. Үш уақыт  тамақ жегеніңді жарияға жар етпейміз ғой. Олай болса, ғибадат құлшылығымыз да рухани азығымыз. Жан мен тәннің үйлесімі. Тәнің ауырса, жаның қиналады. Жаның күйзелсе, тәнің жүдейді.

Көшіп  жүрген, көшкен  сайын  айбыны  өсіп жүрген  түркі  мәдениетінің түп қазығы, көктегі  бір  Тәңіріне  жалбарынған  құнарлы  қазақ  жеріне «Жаратушы  жалғыз  Алла» қағидасымен  исламның  құнды  дәнегі  егілген. Дін  көгеріп-көктеп, өсіп-өнді, өркен  жайды, «таңмен  таласпа, талтүсте далада  жүрме, бейуақытта ұйықтама» деген  тиымдар  мен «ерте тұрған еркектің  ырысы артық»  деген  аталы  сөзі  намаз  уақытынан  хабардар  етіп  тұрған  жоқ  па?

Демек, дәстүр деп  отырғанымыз,  ежелден  келе  жатқан  мәдениетіміз  болса, дін  деп  отырғанымыз, ұлтымыздың  мыңжылдықтар  бойына  ешбір  арнаға ауып  кетпей, исламның  дәйектерінің  баламасын  даналық  сөздеріміздің баламасынан  табу  қиын  емес. Ол  үшін  асыл  дініміз бен  ана  тіліміздің  қадірін  қатар  сақтауымыз  қажет. Білгеніңді  біреудің пайдасына жарату үшін емес,  еліңнің керегіне асыру үшін үйрену керек.

Көк тәңірінің  Алла  екендігін  Құран  Кәрімнің «Көзіңді  ашып – көкке қара» дейтін  аяты  айқындайды.

Ал, енді  кейбіреулердің  қытығына  тиіп  жүрген  мұсылман  елдерінде әйелдер жамылатын  паранжа  мен  сәтір, хиджап, желбаб  киюдің де өзі мәжбүрлік  пен  қажеттіліктен  туған  болуы  керек. Құм  ұшырған  құла дүзде бет-ауызды  ашып  жүргеннен  гөрі  көлегейлеп  жүру  денсауылыққа,  әсіресе болашақ  ұрпаққа  пайдалы  екені  даусыз. Тіпті  әсемдіктің  өзін  ашық-шашықтан  гөрі  сұқ  көзден, жаман  пиғылдан  қалқалап  ұстау  ғарыштық  заңдылық, сақтық  дұғасындай  өзін-өзі  қорғау  екенін  түсінуіміз  керек.

Дәстүр  мен  діннің  ұқсастығы  туралы  бір  ауыз  сөзбен  қысқа  қайыру қиянат, ұзын сонар айта  беру – күнә. Өйткені  білгеніміз  бір тоғыз, білмегеніміз  тоқсан  тоғыз. Біздің  талабымыз – білуге  ұмтылу  ғана. Бір  ғана  ақиқат ислам діні, ислам  мәдениеті Түркі  дүниесін  әлемдік  өркениеттің өріне шығарған,  эмбриологиядан   астрологияға   дейін   қамтылған   құдіретті    кітап  Құран  Кәрімді  оқып  үйренуді  Алла  Тағала  халқымызға  несіп  еткендігі. Дәстүріміз  бен  дінімізді  бөліп  жаруды Жаратушы  құптамайды  деген  сөз.

Шариғатымызда  «Кез  келген  ұлт  пен  ұлыстың  дәстүрі  исламның  негізгі Қағидаларына  қайшы  келмесе, ондай  әдет-ғұрыпты  сақтап, дамыту  керек» деген  кеңшілігі  осының  айқын  дәлелі.

Әлемге  әйгілі  жазушы  Дж. Бернард  Шоудың  көрегендікпен  айтқан «Ислам – бүкіл  адамзаттың  құтқарушысы» – деген  сөзіне  қосылып, иманды-лықты  ұлттық  сананың  шамшырағы  етіп  биіктетуден  артық  салт-дәстүр болмас  деймін.

Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.)  «Кімде-кім   әйелдің   жаман  пейіліне  сабыр етсе, Алла  ол  адамға  Аюпқа (ғ.с.) берген  сауапты  береді. Сол  сияқты ерінің   жаман   пейіліне   сабыр   еткен  әйелге  де   Перғауынның   әйелі  Әсияға  берілген  сауап  жазылады», – деген.

Белинский: «Жұбайыңды  қартайған кемпір болған  шағында  да  жақсы  көре  білуге  жас  күніңнен  даярлан» депті.

Әдетте,  бала  тәрбиесіне   қатысты  кейістік   білдіргенде  үш  түрлі теңеу  айтылады. Біріншісі – жетесіз, екіншісі – көргенсіз, үшіншісі – тексіз.

Осының  ішіндегі  ең  жаманы «тексіз». Жетесіз  болса – бала  кінәлі,  көргенсіз  болса – ата-анасы,  ал  тексіз  болса  – тегі  тебіренеді,  бабаларының   рухы қүңіренеді. Ата-бабаның  рухы  демекші, қазіргі  кезде  салтқа  да, дінге   де   жатпайтын,  мола   аралап   тынымсыз   саяхат   жасайтын   жаңа  дәстүр  шығып, пайданың   көзіне   айналды.  Мүрделерді   күңірентіп  орынсыз  мазалайтындарға «Өліге – тыныштық, тіріге – тіршілік» деп  ескертетін  уақыт  жетті. Шынымен   ата-баба   рухын   асқақтатып,   қастерлегің  келсе, атаңа  тіл  тигізбей,  иманды  ғұмыр  кешудің  қамын  жаса.

Хадисте:  «Қабырстанға  барып,  зиярат  етіп  тұрыңдар,   ол  естеріңе  ақиретті  салады»,  – делінген.

Қазіргі  күні  кейбір әйелдер тыртитып  шалбар  киюді  үлгіге  айналдырып барады. Тіпті, қыздың  жасауына, кемпірдің  жуғысына  да  шалбар  салатын  салт  пайда болды. Хадисте: «Алла  қиямет  күні  рақым  жасамайтындардың  біреуі өзін  еркекке  ұқсатып (киініп, жасанып) алған  әйел», – делінген. Дәл бүгінгі қоғамдағы көргенсіз көріністерге де көзіміз үйреніп, өкінішке қарай етіміз өліп, өзіміз көніп отырмыз. Салтынан  ажырағанды сайтан арбайды, санасын жаулайды. Рухын аздырады, тегінен бездіреді. Өзінен-өзі адасқандар алағызып, алабұртып өзгені жазғырады.

Қыздардың абыройлы ошағы кіндікті ашқан сорақылықтан тыйыла бастағанда, жалбыр шаштар, жалаңаш төстер қаптап шықты. Осындай бойжеткендер сұқтанған сұқ көзден ауру табатынын дер кезінде түсінбейді, әттең. Мұның салдарында белсіздік пен бедеуліктің белдігі байлаулы тұрғанын қайдан білсін? Қазір сәбилі болу мәселенің мәселесіне айналып отыр. Соның негізгі себебі кіндіктен кірген кірненің кесірінен.

Тоқсан   ауыз  сөздің  тобықтай  түйіні,  бүгінгі   буын  ертеңгі  ұрпақтың  ата-тегі  екенін  естен  шығармай, рухани   уызына  жарыған,  ақыл-есі  дамыған  жұрттың  қатарына  қосылып, арлы  да  нәрлі  ел  болуды  Алла  бұйыртсын  деп  тілейміз. «Өз  тарихын   мойындамаған  ұлт,  әкесін   мойындамаған  ұл» – дейді  Шығыс  даналары. Өйту керек, бүйту керектерден жұрт әбден мезі болды. Енді, өйту де бүйту үшін не істеу керек деген сауалға жауап табатын кезең туды. Тіршілік  иелері дүниенің әр қуысында, адамзат бір Жаратқан Иеміздің қолында.

БАТА-ТІЛЕК:

Адамзаттың иесі рақымды да мейірімді Алла тағаланың атымен бастаймын! Жаратушы жалғыз Раббым! Барлық қайырлы істерімізді сауапқа жазып, кемшіліктерімізді ұлылығыңмен кешіре гөр!

Халқымның алтын арқауы үзілмесін, аталы сөзі бұзылмасын, терең тамыры жұлынбасын, ел іргесі бүлінбесін, ұрпағымыз бүгіннен бүгілмесін, ертеңнен түңілмесін, ауыздан сүрінбесін, аяқтан шалынбасын, дұшпанға бағынбасын, дүмшеге табынбасын, ұлтымыздың рухы қартаймасын, береке-бірлігіміз ортаймасын!

АЛЛА БӘРІНЕН ДЕ ҰЛЫҚ.

Ғалия Қайдауылқызы  Айупкеліні,

«Алтын арқау» қоғамдық бірлестігі жетекшісі 

Бөлісу: