ӨТКЕННІҢ ӨНЕГЕСІ – БҮГІНГІНІҢ БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫ

408

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету, бата беру арқылы халықты, жас ұрпақты адамгершілікке, рухани тазалыққа, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеу мақсатында Атырау облысы әкімдігі мен Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының ұсынысына сәйкес Батыс аймақтық бата беруші ардагерлер арасында «Батаменен ел көгерер» аймақтық ашық байқауы өткізілді.

Байқауға  Батыс  Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарында  өткен іріктеу сайыстарында жүлделі орындарға ие болған 21 үміткер қатынасты.   Байқаудың шарты бойынша үміткерлер үш бағытта: ел есіндегі баталар (тарихта есімі сақталған тұлғалардың баталарын нақышына келтіре айту); ұлттық салт-дәстүрлердің біреуіне арнап, өзінің батасын беру (бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату, жас жұбайларға, жаңа қонысқа және т.б) және кейінгі ұрпақтың жанында дәстүрімізді жаңғыру мақсатында ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты қойылған сұрақтарға жауап беру бойынша сынға түсті. Бұл сайыста аталарымыздың тек бата беру дәстүрі ғана емес, сахна мәдениеті мен ұлттық нақыштағы киім үлгілеріне де көп мән берілді.

Байқауға қатынасушыларға  тарих ғылымдарының докторы, профессор «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары  Өмірзақ Озғанбаев (төраға), «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы, Атырау облысының Құрметті азаматы Қатимолла Ризуанов, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген дәрігері, КСРО-ның Құрметті теміржолшысы, Европалық бизнес академиясының мүшесі және Құрметті профессоры Аманжол Адаев, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, Батыс Қазақстан инженер-технологиялық университетінің профессоры Мырзағали Мұхамбетов, Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, Бүкілодақтық байқаулардың лауреаты, Алға халық театрының негізін қалаушы Махамбет Оңдағани және мен қазылық еттік.

Айтылған бата-жарыстың жарқын әсерлігімен, байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының ардагері Ертай Сердалин, І орынды Атырау облысы, Индер ауданының ардагері Уахит Әділов, ІІ орынды Атырау облысы, Индер ауданының ардагері  МолдабайБерғалиев пен Құрманғазы ауданының ардагері  Ғалымжан Сабыров, ІІІ орынды Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының ардагері Таған Құмашев, Ақтөбе облысының ардагері Марат Қабижанов және Атырау облысы, Атырау қаласының ардагері Ақмырза Батырқайыров иеленді. Байқауға қатынасқан басқа ардагерлерге Алғыс хаттар пен сыйлықтар табыс етілді.

Байқау барысында осы шараға арнайы дайындалған «Батаменен ел көгерер» кітабының тұсаукесер рәсіміөткізілді.Бұл еңбекте ертеден бергі қазақ абыздарынан бастап, Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріміз бен сөз маржанын мирас тұтқан ақсақалдарымыздың ақ баталарымен қатар Атырау облысында 2017-2018 жылдары өткізілген сайысқа қатынасушы батагөй аталарымыздың баталары топтастырылды.

Қыдыр қонып, бақ дарыған қасиетті Атырау өлкесінде өткізіліп жатқан бата беруші ардагерлер сайысында Қыдыр ата бата беріп, тойдың құрметіне әжелеріміз шашу шашса, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әртістері әуезді әндерімен шараны әрлендірді. Сайыс шарты бойынша ұлттық-салт дәстүрімізге байланысты берілетін баталарды сахналық қойылыммен сәнін келтіруде Амангелді Халық театры өнерпаздарының еңбегі ерекше болды. Аталған театрдың режиссері, облыстық, республикалық сайыстардың жүлдегері Ерлан Хамзаев.

Бұл байқаудың келешек ұрпаққа берері мол болды. Мұны  біз  сол  шараны  көруге  келген  жастардың  ынтасынан, қызығушылығы  мен  құрметтеуінен  көріп  қуандық. Ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз болатын, бата беру дәстүрінің қадір-қасиетін арттыратын ардагерлеріміз аман болғай!Баталы ұрпақтарымыз көбейіп, ақ батамен көгере берейік!

                                                                         Рашида Харипова

Үздік өлкетанушы, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы 

Бөлісу: