«Ұлттық құндылықтар: кеше және бүгін» немесе ұлттық құндылықтар жазушылардың қаламымен»

Қазақстан Жазушылар одағында осындай тақырыпта ғылыми-танымдық конференция болып өтті. «Дөңгелек үстел» басына жиналған бір топ қаламгерлер мен этнограф-ғалымдар бүгінгі бетбұрыс кезеңде ұлт пен мемлекеттің алдында тұрған аса маңызды тақырыптардың бірін сөз етті. Ғылыми-танымдық конференцияны Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ашып, талқыға түскелі отырған  күрделі тақырыптың маңызына тоқталды. Өткен жылы Түркістанда болған Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды дәріптеуді аса қажеттілігі туралы сөзін әңгімесіне арқау етті.

Мұнан соң Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов сөз алды. Ол жаһандану үдерісі ала келген өзгерістер мен сын-қатерлер, оған қоса мүмкіндіктер кезеңінде ұлттық құндылықты заманға лайықтап трансформациялап, жастарға жеткізудің қажеттілігін баса айтып өтті. Жазушылар одағы жағынан шақырылып отырған бұл кеңес және оның тақырыбы да, шын мәнінде, қазіргі мемлекеттік саясаттың қажетінен туындайтынын алға тартты. Бұдан ары қарай этнограф-ғалымдар, белгілі қаламгерлер Марат Тоқашбаев ұлттық құндылықтар, этнограф-ғалымдар – Бибизия Қалшабаева ұлттық тәрбие, Досымбек Қатран діни ұстанымдардың нақтылығы, Сәкен Алдашбаев салт-дәстүрдің шығу тарихы, Раушан Қаршалова ұлттық құндылыққа тәрбиелеудегі ананың рөлі, Сәрсенбек Бекмұратұлы атам қазақтың табиғатты танып-білуі, басқа халықтарда жоқ далалық даналық қасиеттері төңірегінде өздерінің салмақты ойларын, құнды пікірлерін баяндамаларына арқау етті.

Жиын соңында қатысушылар ұлттық құндылықтардың қорғалуы мен оның мемлекет экономикасына, халықтың әлеуметтік жағдайына, құқықтық салаға қызмет етуі үшін жүйелі жұмыс  қажет деген ортақ пікірге келді.

Журналымыздың осы санында журналист Раушан Каршалованың баяндамасын бергелі отырмыз.

 

 «Дәстүр-ақпарат»

Бөлісу: