Қожа Ахмет Йассауи – ислам тарихында, түркі тарихында шешуші рөл атқарған киелі тұлға. Қожа Ахмет Йассауидің дүниеге келуімен ислам діні қайта жаңғырып, мұсылман халықтарының рухани-мәдени болмысын қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Ахл ал-Хадис өкілдерінің ықпалымен қасаң қағидаға айналған ислам діні өзінің рухани діңгегін қайта тапты. Соның арқасында рухани әлем мен адамзат рухы арасында байланыс орнады. Адамзат баласы сол кезеңде өзінің басына төнген ақырзаман апатынан аман қалды. Адамның рухани деңгейін «‘илм ал-йақин» деңгейінен «‘айн ал-йақин» деңгейіне көтерді. Адамның материалдық болмысы емес, рухани болмысы үстемдік алды. Бұл жалпы мұсылман халықтары мәдениетінің көтерілуіне ықпалын тигізді. Қожа Ахмет Йассауи – ислам тарихында, түркі тарихында шешуші рөл атқарған киелі тұлға. Қожа Ахмет Йассауидің дүниеге келуімен ислам діні қайта жаңғырып, мұсылман халықтарының рухани-мәдени болмысын қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Түркі халықтары йассауи тариқатының дүниеге келуімен өзінің ұмытыла бастаған тілі мен дәстүрлі мәдениетін қайта жаңғыртты.
Ислам діні тарихында біз білетін негізгі үш кезең бар. Алғашқы кезең – Мұхаммед пайғамбар дәуірі. Бұл кезеңде ислам дінінің дүниеге келіп, мұсылман қоғамының, мемлекетінің қалыптасу кезеңі. Бұл кезең Мұхаммед пайғамбардың дүниеден өтуімен аяқталды. Екінші кезең – ғұламалар дәуірі. Бұл кезеңде ислам қоғамындағы Ахл ал-Хадис пен Ахл ар-Рай арасындағы идеялық талас-тартыс пен күрес кезеңі болды. Бұл күресте Ахл ал-Хадис бағыты жеңіске жетіп, ислам дінінде тұралау, тоқырау үдерісі орын алды. Дін шариғаттың қасаң қағидалары шеңберінде ғана қаралып, иман-сенім мәселесі кері ысырылды. Ислам дінінің рухани қуаты күн санап әлсірей берді. ⅩⅠ ғасырдың басында бүкіл ислам әлемінің рухани қуаты сарқылып, рухани әлем мен адамзат арасындағы байланыс тоқырауға ұшырады. Сол кезеңде тарихтың сахнасына Қожа Ахмет Йассауи шықты. Ол жанқиярлықпен сол кезеңнің діндарларымен арпалыса жүріп, рухани әлем мен адамның рухы арасындағы байланысты қайта орнатты. Қожа Ахмет Йассауидің осы еңбегінің арқасында исламдағы үшінші кезең – Әулиелер дәуірі басталды. Осылай рухани әлем мен адамзат арасындағы пайғамбарлардан кейін үзілген байланыс қалпына келтірілді. Ол кезеңнің басында «Ахмади-с-сани» – «Екінші Мұхаммед», «Қтуб ал-Ақтаб» – «Дүниенің тірегі» атанған Қожа Ахмет Йассауи тұрды.
Қожа Ахмет Йассауидің адамзат тарихындағы рөлі
Қожа Ахмет Йассауидің дүниеге келу кезеңінде Орталық Азияда X-XII ғасырларда Ахл ал-Хадис өкілдерінің ықпалы басым болды. Өзбекстандық зерттеуші А.Ахмедов Мауараннахрда ханафи мазхабының рөлінің басым болғандығы туралы жазғанымен [1. 22-23 бб.], Түркістан өлкесінде шафи‘ийлардың ықпалы басым болғандығы туралы тарихи деректер бар. X ғасырда Түркістан жеріне келген ал-Муқаддаси шафи‘ийлардың ықпалында болған жерлер ретінде Шаш, Илақ, Сығанақ, Тараз аймақтарын көрсетеді [2. 125 б.]. Ал Насаб-нама нұсқаларында Бакр ад-дин Қаффал Шашиді (978 ж.қ.б.) Түркістан жеріне алғаш ислам дінін таратушылардың бірі «Исхақ бабтың тубба‘ таби‘ны еді» [3. 64 қ.], – деп жазылады. Демек, бұл жерлер, Түркістан жері Қожа Ахмет Йассауи ілімі тарих сахнасына шыққанға дейін шафи‘ийлар ілімінің басымдыққа ие болғандығын көрсететін дәлелдер бар. Демек, бұл жерлерде арабтардың дәстүршілдігі басым болды, – деп айтуға толық негіз бар. Ал араб дәстүршілдігінің Түркістандағы түріктердің рухани-мәдени болмысына қаншалықты теріс ықпалы болғанын айтып жеткізудің өзі қиын. Оны мынадай айғақтардан-ақ көруімізге болады. Мысалы, Қарахан мемлекетін құрған ру-тайпалардың XII ғасырда толығымен ыдырағанына, мемлекеттік басқару жүйесінің өзгеріп, парсылық сипат алғанына куә боламыз [4. 369 с.]. Себебі, Қарахан мемлекеттеріндегі ру-тайпалардың ыдырауы бұл кезеңде мемлекетті басқарудың түркілік сипаты толығымен өзгеріп, шексіз билікке негізделген басқару жүйесі қалыптасқанын көрсетеді. Оның себебі, қоғамдық қатынастарды реттеу түркілік салт-дәстүрлер негізінде емес, арабтардың дәстүршілдігі шариғаттың шеңберінде жүргізілгенін, некелік қатынастар өзгеріп, бұрынғы туыстастар арасында некелесуге тыйым салатын – экзогамдық қатынастың орнын эндогамдық қатынастың ауыстырғанына куә боламыз. Некелік қатынастарды өзгерту міндетті түрде түркілік рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауына ықпал ететін негізгі фактор болғаны анық. Кезінде Қарахан мемлекетін құрған тайпалардың атауларын Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін кездестіре алмауымыз, бұрынғы ру, тайпалардың толығымен ыдырағанын көрсетеді. Араб дәстүршілдігінің келуімен тек рулық, тайпалық одақтар ыдырап қойған жоқ, бұл жергілікті халықтың тіліне де ықпалын тигізді. Әдеби, ғылыми шығармалар тек араб, парсы тілдерінде жазылды. Оған дәлел ретінде Қожа Ахмет Йассауиге дейін бары-жоғы үш шығарманың ғана түрік тілінде жазылуы, атап айтқанда: Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» [5. с. 127.], Махмуд Қашқаридің «Диуан луғат ат-турк», Ахмет Йугнекидің «Ақиқат сыйы» атты шығармаларының жазылуы болатын [6. 17 б.]. Бұл кез-келген халықтың діні мен діни танымын өзгертетін болса, онда дәстүрі мен мәдениетінің өзгеруіне ықпал ететін қауіпті факторға айналатынын көрсетеді. Түркістан жеріне шафи‘ий мазхабының келуі түркілердің дәстүрлі мәдениетінен айырлу қаупін туғызды.
Алла мен мұсылман қоғамы арасындағы рухани байланыстың үзілуі мұсылман қоғамының рухани азғындауына әкелді. Адам баласының басына Алланың қаһарына ұшырау ықтималдығы күн санап күшейе бастады. Бұл кезеңді Қожа Ахмет Йассауи былайша сипаттайды:
Әулиелердің айтқаны келді білем,
Қияметтің күні жуық болды достар.
Есті құлдар болғанын білді білем,
Ел-жұрттан мейір-шапағат кетті достар.
Үлкен-кіші жарандардан әдеп кетті,
Қыз-келіншек, нәзік жаннан ұят кетті.
«Ал-хайау мин ал-иман» деп, Расул айтты.
Арсыз қауым, ғажайыптар болды, достар [7/35, 62 б.].
Қожа Ахмет Йассауи мұсылман халықтарының басына осындай ауыр рухани дағдарысқа ұшыраған кезеңде дүниеге келген болатын. «Диуани хикметте» Қожа Ахмет Йассауидің дүниеге келуі Жаратушы Құдіреттің қалауымен болғандығы туралы баяндалады. Ол туралы Сүлеймен Бақырғани былай деп жазады:
Сұбхан Ием өзі еді, Мұстафаға бұйырды,
Бабам Арыстан жеткізді, шайхым Ахмет Йассауи [7/151, 257 б.].
Бұл жолдар Қожа Ахмет Йассауидің дүниеге келуі, оған Арыстан бабтың аманатты тапсыруы Тәңір Тағаланың қалауымен болғандығына нақты дәлел. Оның үстіне, Мұхаммед пайғамбардың миғраж сапарында Ахмет рухын көруінің өзі жай аңыз емес, шындық.
Осы Хикмет жолдарындағы деректерге сүйенетін болсақ, Қожа Ахмет Йассауи бабамыз Пайғамбар дүниеден өткеннен кейін төрт жүз он жылдан кейін дүниеге келгендігі баяндалады. Олай болса, біз ол кісінің дүниеге келген жылын біз нақты 1042 жыл деп айта аламыз. Демек, «Диуани Хикметте» айтылған бұл дерек тарихи шындыққа толығымен сай келеді. Бұл кезеңдегі мұсылман қоғамының рухани әлемнен ажырап, толығымен рухани азғындыққа түсіп, тоқырауға түскен кезеңі болатын. Ислам әлемінің мұндай тоқырауға ұшырап, іштей ыдырай бастағанын ⅩⅠ ғасырдағы тарихи оқиғаларға қарап отырып, бағамдауға болады. ⅩⅠ ғасырдың соңында христиан әлемі көне рухани орталықтары болған Құддыс-Ирусалимді мұсылмандардан азат ету жолындағы күресін – Крест жорықтарын бастады. Егер ислам қоғамының рухани тоқырауға ұшырап, іштей ірігенін сезбеген болса, онда христиандар ондай қадамға барар ма еді? Жоқ. Діннің атауы сақталып, заты қоғамның санасынан тыс қалды. Дін мен шариғаттың арасындағы ерекшеліктер – ұмытылып, дін тек қоғамдық қатынастарды реттейтін шариғат шеңберінде қарастырылды. Алла мен адамның арасында байланыс болу ықтималдығы мүлде жоққа шығарылды. Мұсылман қоғамы тек өзінің хайуани болмысының қажетімен ғана өмір сүретін деңгейге түсті. Бұл мұсылман қоғамының толығымен рухани дағдарысқа түсуіне ықпал етті. Осы кезеңде дүниеге Қожа Ахмет Йассауи сынды ұлы тұлғаның дүниеге келуі, рухани әлем мен адамның рухы арасындағы байланыстың қайта орнауы түрік халқын тарихтың сахнасынан кетуден сақтап қалды.
Йассауи бабамыз сол кезеңдегі адамзат қоғамының азғындауының басты себебі – материалдық болмыстың жетегінде кетіп, рухани болмысты мүлде естен шығару болғандығына куә болады. Ол «Хикметінде» былай дейді:
Күмәнсіз білгін, бұл дүние барша халықтан өтер-а,
Сенбегін сен малыңа, бір күн қолдан кетер-а,
Ата-ана, қарындас қайда кетті, пікір қыл,
Төрт аяқта ағаш ат бір күн саған жетер-а [7/8, 22 б.].
Осы хикмет жолдарында мына дүниенің баянсыз, уақытша дүние екендігі, бүгін бар кез-келген адамның, ертеңгі күні ағаш атқа мінетіні, мына жалған дүниеден көшетіні анық көрсетіліп тұр. Өзіңе жақын деген ата-ана, бауырларың да, әйел, бала-шағаң да, ешкім жолдас бола алмайды. Өйткені, бұл фәни-уақытша дүние – сынақ алаңы. Шын дүние, мәңгілік мекен келесі өмірде. Сондықтан адам баласы мына жалған дүние үшін емес, мәңгілік өмір үшін өмір сүруі, күресуі керек. Ол күрестің басты нысанасы – рухани әлем. Рухани әлеммен байланысқа түскен адам ғана мәңгілік өмірге қол жеткізе алады. Рухани әлемге жетудің басты шарты – Аллаға ғашықтық. Ол туралы «Хикметінде» былай дейді:
Ей, достар, пәк ‘ишықты қолға алдым,
Бұл дүниені дұшпан тұтып, жүрдім, міне,
Жағамды ұстап, Хұзырына сыйынып келдім,
‘Ишық жолында Мансұр сипат болдым, міне [7/ 9, 23 б.].
Осы шумақтарда баяндалатын басты мәселе – Аллаға ғашықтық. Аллаға ғашық болған жан ғана мына дүниенің қызылды-жасылды шырмауынан құтылып, рухани әлеммен байланыса алады. Ал адам баласы нәпсінің соңына ергенде өзінің кім екенін ұмытып, дүние қуып, әуреге түседі. Адам өзін жаратқан Ұлы Құдіретті ұмытқан кезеңде ол адами болмысынан ажырап, хайуани болмыстың жетегінде кетеді.
Адамзат қоғамының сол кезеңде азғындауының басты себебі – адамның өзінің кім екендігін, қайдан келгенін, қайда баратынын ұмытуымен байланысты екендігін, соның салдарынан имансыз тобырға айналғандығын Йассауи бабамыз жақсы түсінді және бұл мәселені халықтың есіне салуды жөн көрді. Ол хикметінде былай дейді:
Ол хикметімен (адамды) жоқтан бар етті,
Он сегіз мың бүкіл әлем қайран болар.
«Қалу бәлә» деген құлдар үлес алды.
Кідіріп қалған құлдар діні ойран болар.
Хақ Тағала иман сыйлық етті бізге,
Оны Хақ расулы айтты бізге.
Салауат айтсақ қуат берер дінімізге,
Жоқ болса, қылғандарым жалған болар [7/62, 99 б.].
Суреті адам, бірақ өзі иманынан ажырап хайуани болмыс жетегінде кеткен тобырды мына тығырықтан алып шығудың жалғыз жолы – адамның жүрегіне иманды ұялату екендігін сезінді. Ол өзінің осы мақсатын іске асыру жолында қолынан келгенінің бәрін істеді. Бұл мақсатты іске асыру жолында адамның рухын тәрбилеудің барлық сатысын қолданды. Біз оны мынадай Хикмет шумағынан көре аламыз:
Құл Қожа Ахмет Хақтың сөзін сөйлеп өтті,
«‘Айн ал-йақин» тариқатта боздап өтті,
«‘Илм ал-йақин» шариғаттан көздеп өтті,
«Хаққ-ул йақин» хақиқаттан айттым, міне [7/9, 26 б.].
Адам баласын нәпсінің шеңгелінен құтқарып, түзу жолға салу мақсатында Йассауи бабамыздың түрлі тәсілдерді қолданғанын осы шумақтан көруге болады. «‘Айн ал-йақин» тариқатта боздап өтті» демектің мағынасы адамның рухани деңгейін көтеру арқылы нәпсінің шеңгелінен құтқару жолындағы әрекеті баяндалып отыр. Егер адамның рухы нәпсінің жетегінен құтылып, тариқат жолына қадам басса, онда ол жан рухани әлемге өтуге бір саты жақындайды. Сондықтан адам шамасы келгенінше рухани болмысынан ажырамауға күш салуы керек. Сонда ғана рухани әлеммен байланысуға мүмкіндік алады.
Ал, «‘Илм ал-йақин» шариғаттан көздеп өтті» демектің мағынасы ол кісінің адамның рухын адами болмыс шеңберінде сақтап қалу жолында да әрекет еткенін көреміз. Өйткені, бұл «илм ал-йақин» адамды жаратқан Құдіреттің адам баласына Өзінің рухын үрлеу арқылы хайуандар арасынан бөліп, саналы жаратылыс деңгейіне көтергенін білдіреді. Адам нәпсінің жетегінде кеткенде сол шариғат деңгейінен де төмендеп, хайуани болмыстың дейгейіне қайта түсетінін де ескертіп отырғанына куә боламыз. «Хаққ-ул йақин» хақиқаттан айттым, міне» демектің мағынасы Рухани әлеммен байланысып, Ақиқатқа жету. Қожа Ахмет Йассауи бабамыздың мақсаты халықты рухани дағдарыстан алып шығу болғандықтан, ол кісі өзінің мүмкіндігі жеткенінше халықтың рухани деңгейін көтеріп, рухани әлеммен байланыстыру болғандығына көзіміз жетеді. Сонда ғана адам баласы қоғамды жайлаған азғындықтан құтылып, адами болмысын қайта табады. Ол үшін дінді шариғаттың деңгейінен тариқаттың деңгейіне көтеру керектігін Йассауи бабамыз жақсы түсінді. Және тариқат жолының өзіндік ерекшелігі, қиындығы бар екенін де ескертеді. Алайда, адамның санасын жаңа деңгейге – тариқат деңгейіне көтермей, қоғамның санасын жөнге салу мүмкін еместігін жақсы түсінді. Ол туралы Хикметтерінде былай дейді:
Тариқаттың жолдарының тосығы көп,
Пәк ‘ишықты қолға алмай болмас жүріп,
Дидарын көріп болмас, күн-түн ұйып,
Еш ұйықтамай дидарын көрдім, міне. [7/10, 27 б.]
Демек, тариқат жолының қиындығы көп, ең бастысы – Аллаға ғашық болу. Сол бағытта тынбай еңбектенумен ғана Аллаға жетуге мүмкіндік бар. Сонда ғана рухани әлеммен байланысып, өзінің рухани деңгейін көтере алады. Ол кісі өз Хикметінде рухани әлеммен байланысқа түскен дәруіш пен дүние соңында жүрген пенденің арасындағы айырмашылықты былайша баяндайды:
Хақ құлдары дәруіштер ақиқатты біледі.
Хаққа ғашық болғандар Хақ жолына кіреді.
Көңіл бөлмей дүниеге, еліктемей арамға,
Хақты сүйген ғашықтар халайықтан кешеді.
Дүние менің дегендер, жаһан малын жиғандар,
Құзғын құстай арамға белшесінен батады.
Молда, мүфти болғандар, жалған дағуа қылғандар,
Ақты қара қылғандар, тамұққа олар кіреді.
Қазы, имам болғандар, жалған пәтуа қылғандар,
Сорлы есек сияқты, жүктің астында қалады.
Арам жеген әкімдер, пара алып жегендер,
Бармақтарын шайнасып, қорқып тұрып қалады.
Тәтті-тәтті жегендер, түрлі-түсті кигендер,
Алтын таққа мінгендер топырақ асты қалады [7/54, 90 б.].
Йассауи бабамыз осылай рухани деңгейі әр түрлі жандардың болашағының қалай болатынын салыстыра отырып көрсетеді. Руханиятты жоғары қойып, Хақтың дегенімен жүрген жандардың мәңгілік өмірге ие болатынын, ал арам, залым жандардың бар ғұмыры осы фәни-өткінші дүниемен аяқталатынын мысал етіп көрсеткеніне куә боламыз. Демек, адам баласының әрбір басқан қадамы өлшеулі. Адалдық пен арамдықтың ара қатынасы адам болмысының болашағын айқындайтын таразысы. Олай болса, адам баласының мәңгілік өмірге қарай ұмтылуы, рухани болмысының дегенімен жүруі саналы адам үшін бұлжымайтын заңдылық болуға тиіс. Бұл бізге қазақтың «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы» деген ұстанымының түп негізі қайдан шыққанын сезінуге мүмкіндік береді. Өзінің ар-иманын жанынан да артық көрген қазақ Йассауидің жолын ғасырлар бойына өзінің рухани болмысының өзегі ретінде ұстанып келді.
Қожа Ахмет Йассауи бабамыздың халықтың руханиятын ояту барысындағы іс-әрекеті үнемі қарсылыққа тап болып, бар саналы өмірі сол қарсыластарымен арпалыста өтті. Бар мақсат-мұраты хайуани болмыс қажеті болған замандастарының көпшілігі ол кісінің руханиятқа қатысты, Рухани әлеммен байланыс туралы ой-пікірлері қарсыластарының ашу-ызасын тудырып отырды. Йассауи бабамыздың Хикметтерінде бұл туралы мынадай жолдар бар:
Ей, достар, наданменен үлпат болып,
Бауырым күйіп, жаннан тойып, өлдім,міне.
Тура айтсам, қисық жолға мойнын бұрып,
Қан жұтып, қайғы зәріне тойдым, міне. [7/13, 32 б.].
Бұл Хикмет жолдары Йассауи бабамыздың өз замандастарынан қаншалықты зорлық-зомбылық көргенінен хабардар етеді. Бұл шумақтардың мазмұнын таратып айтудың да қажеті жоқ. Тек бір ғана «Надан барса, тозақ та болар азар» деген сөздің мағынасы ол надандардың пейіш түгілі тозаққа да лайық еместігін көрсетеді. Біз тарихи деректерден замандастарының Йасауи бабамызды ұлын өлтіргенін, Ахман, Қараман есімді бектердің жала жауып, ұры атандырмақ болғанынана хабардармыз. Мұндай қысым ол кісіге күнделікті жасалғанын жоғарыдағы Хикмет жолдары айғақтайды.
Қожа Ахмет Йассауи бабамыз өз заманындағы білімсіздік негізіндегі надандықпен күресіп қана қойған жоқ. Сол дәуірдегі діни таным негіздеріне қарсы күресуге мәжбүр болды. Оның Рухани әлем мен адамзат арасындағы байланыстың болуы мүмкін емес деп есептейтін діндарлармен арпалысуына тура келді. Ол кісі сол кезеңнің діндарларында діни танымдарының деңгейін танығаннан кейін оларға өз хикметінде мынадай баға береді:
Ғылым екеу – тән мен жанға басшы болар,
Жан ғылымы Хұзырына жақын тұрар,
Махаббат шарабынан ішіп тұрар,
Ондай ғалым нағыз ғалым болар, достар.
Тән ғалымы залымдарға ұқсас болар,
«Барәат» аятынан хабар берер,
Тозақ ішінде тынбай-ылғи күйер болар,
У мен зәрді ішіп, ылғи достар.
Құл Қожа Ахмет ғалымдарға қызмет қылғын,
Ғалымдардың сөзін есітіп, амал қылғын,
Амал қылып, Хақ жолында жаның бергін,
Амалсыздар дидарын көрмес достар [7/20, 42 б.].
Осы Хикмет жолдарынан Йассауи бабамыздың өз дәуірінің «діндарларын» қалай бағалағанын көруімізге болады. Рухани әлем мен адамның рухани болмысының арасында болуға тиісті байланысты қамтамасыз ете алмаған молдаларға діннің атынан сөйлеуге қақысы жоқтығын Құран аятына сүйене отырып, дәлелдеп отыр.
Ол кісінің дін мен шариғатты бөліп қарағандығына, Абу Ханифа Нұғман ибн Сәбит сияқты дін біреу, шариғаттар көп деген ұстанымда болғандығына куә боламыз. Абу Ханифа Құран Кәрімнің «Маида» сүресіндегі «Ей, мұсылмандар, әр біріңе бір шариғат, бір жол бердік. Алла қаласа, барлығыңды бір үмбет жасар еді» деген 48 аятын [8. 5/48] және «Шура» сүресіндегі «Діндеріңе бекем болыңдар. Нұхқа берген дінді саған да уахи еткенімізді, Ибраһимге, Мұсаға, Исаға бергендерімізді Алла саған да дін етіп берді» деген [8. 42/13] аятын негізге ала отырып, әр халықтың өзінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын сақтап қалуға құқылы екендігін дәлелдеп берген болатын. Қожа Ахмет Йассауи бабамыздың бұл ұстанымы бір жағынан, түркі халықтарының дәстүрлері мен мәденитінің қайта жандануына мүмкіндік берсе, екінші жағынан, Абу Ханифа мазхабының бар мұсылман халықтарының ортақ жолына айналуына жол ашты. Әр халық Йассауи үлгісімен дінді тариқаттың деңгейіне дейін көтере отырып, өздерінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері мен мәдениетін қайта жаңғыртуға мүмкіндік туғызды.
Қожа Ахмет Йассауи бабамыз өзінің ұзақ жылдарға созылған күресінің арқасында дін құбылысының Алла мен адамның арасын байланыстырып тұратын рухани желі екендігін және оның Алланың өзі адам баласына аманат етіп берген рухына арналған рухани қуат көзі екендігін дәлелдеді. Ең бастысы, Алла мен адамзаттың арасындағы байланысты қалпына келтірді. Ол кісі өзінің басты шығармасы «Диуани Хикметті» «Дафтари сани» деп атады. Бірінші дәптер – шариғат. Шариғат адамның дене болмысының қажетін өтейтін қағидалар жүйесі. «Дафтари сани» – тариқат. Тариқат – адамның рухын Алламен байланыстыратын ғылым жолы. Йассауи бабамыз тариқат жолына басымдық беріп, бұл жолды адами болмысты сақтап қалудың басты тетігі деп түсінді. Егер адам баласы өзінің хайуани болмысының жетегінде кетіп, рухани әлеммен байланысты үзетін болса, онда адамзаттың жер бетінен жойылатынын сезіне білді.
Бірақ Қожа Ахмет Йассауи өзінің иман мен исламды қалпына келтіру жолындағы ұмтылысында адамның болмысын шариғаттың деңгейінен тариқат деңгейіне дейін көтеру қажеттігін жақсы түсінді. Ол өзіне дейін жинақталған сопылық ілімнің тәжірибелерін жинақтап, сопылық ілімді жетілдіре отырып, сопылықты тариқаттың дәрежесіне, үлкен доктрина деңгейіне дейін көтерді. Қожа Ахмет Йассауиге дейін сопылық жеке тұлғалардың немесе белгілі шейхтың айналасына шоғырланған топтың рухани жетілу тәжірибесі болса, Йассауи оны жалпы қоғамның иман-сеніміне айналдыра білді. Ол адам баласының таным аясын кеңейтті. Йасауиге дейін Абу Ханифа, Имам Матуриди Алланы тануда нақыл мен ақылды, сезімнің мүшелерін құрал етсе, Қожа Ахмет Йассауи бұлардың қатарына жүректі мекен еткен рухты қосты. Ол өзінің «Мират ал-Қулуб» атты еңбегінде «Шариғат сырт ағзалармен амал ету болса, тариқат – «қалб-жүрекпен», яғни көңілмен амал ету деген сөз, ал хақиқат дегеніңіз – сырмен (жүректің түбіндегі субстанция, көңіл) амал ету болып табылады, – дейді [9. 36 б.]. Ал жүректі амал еттіретін жол – біреу. Ол – Алланың зікірі. Йассауи зікір ғибадаты туралы былай дейді:
Алла жады нұрын кімге тарту қылса,
Қу нәпсі, мемендікпен қалады екен.
Пенде егер, зікірші болып, Алла десе,
Кірлеген көңіл татын ашады екен.
«Фәзкуруни әзкуркум» есітіп нада,
Зікірін айтып, әмірін ұстап мушаһада,
Кіріп көрге, тартып түрлі мужаһада,
Ғашық жандар сыр шарабын ішеді екен[7/92, 150 б.].
Осы зікір ғибадаты жүректің көзін ашты, иманнан ажыраған халықты иманға қайтарды. Ол да Абу Ханифа сияқты иманды бар ғибадаттың алдына шығарды. Оның иман туралы айтқан мына Хикметі иманның маңызының діндегі орны қаншалықты екендігін көрсетеді:
Хикмет бірлән әууал адам дін бар айлады,
Он сегіз мың қамуғ алам қайран ерур.
«Қалу бала» деген құлдар үлес алды.
Сакут еткен құлдар діні ойран болур.
Хақ тағала иман ата (сыйлады) қылды бізга,
Аууал Мұстафа расулы айды бізге.
Друд етсак қууат берар дінімізга,
Йоқ ерса, қылғанларым ойран ерур[7/62, 99 б.].
Иман болмаса, дін де жоқ. Дінді ақылмен емес, жүрекпен қабылдау қажет. Олай болмаған жағдайда иман кәміл болмайды. Қазақ халқының иман-сенімі Йассауидің осы ұстанымы негізінде қалыптасты. Иманды бәрінен жоғары бағалады. Қазақта «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген аталы сөз бар. Демек, қазақ үшін иман малынан да, жанынан да артық. Ал, Абай болса:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа қол емес [10. 13 б.], – дейді.
Немесе
Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас сырғанар.
Ынталы жүрек білген сөз
Бар тамырды қуалар [10. 21 б.].
Бұл жолдар қазақ халқының не нәрсе болса да, жүрекпен қабылдайтынын білдіреді. Демек, қазақ халқының діни дүниетанымы тариқат жолы арқылы қалыптасқандығын көрсетеді. Мысалы, рух, әруах, әулие туралы түсініктер негізінде Йассауидің дүниетанымы жатқанын аңғару қиын емес. Қожа Ахмет Йассауи әулиелер туралы былай дейді:
Шын ғашықтар дәйім тірі өлген емес,
Әруақтары жер астына кірген емес.
Заһид, абид бұл мағынаны білген емес,
Шын ғашықтар халайықтың Қызыры болар [7/141, 236 б.].
Немесе
Алла үшін жанын берген зая қалмас,
Екі әлем оған бостан, әркез өлмес.
Шын ғашықтың сырын құпия халық білмес,
Көз жасын куә қылып жүрер болар [7/143, 242 б.].
Йассауидің бұл Хикметтері әулиелер туралы Құран Кәрімнің «Юунус» сүресіндегі «Алланың достарына еш қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды» [8. 10/62], – деген Құран аятымен мағыналас екендігін көруге болады. Сондай-ақ, Йассауи Хикметтерінде әулиелердің Алламен байланыса алатыны туралы да айтылады:
Хақ уәсіліне жетейін десең зары қылғын,
Зікірін айтып, жарандарға жары бергін.
Жапа тартып, жарандардан үлес алғын,
Үлес алмай дидарын көрер ме екен? [7/121, 206 б.]
Бұл Хикмет те әулиелердің Алла мен адамның арасын байланыстыра алатын қуаты бар екенін көрсетіп тұр. Ал бұған Құран Кәрімнің «Маида» сүресінің отыз бесінші аятында «Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және оған жақын болатын жолды іздеңдер және оның жолында күресіңдер, сонда, әрине құтыласыңдар», [8. 5/35] – дейді. Олай болса, қазақ халқының көне дәуірлерден бері жыр-дастандарында жырланып келген, әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан әулиелерге зиярат жасау, олардан жәрдем сұрауы исламға қайшы келмейді. Бұған мысал ретінде «Алпамыс батыр» жырындағы мына үзіндіні келтіре аламыз. Байбөрі мен кемпірінің Алладан бала сұрап, әулиелерге зиярат жасап, ең соңында Баба түкті шашты Азиздің басына барып қонғанда, түсінде сол әулие келіп былай дейді:
Ей, бейшара мүгедек, жаныңызға не керек?
Дейсің ғой маған ұл керек. Әулиені қыдырдың,
Жердің жүзін сыдырдың, маңдайыңды төбелеп.
Әрқайсысының әр түрлі, мәртебесі бір бөлек.
Сен үшін бәрі қиналды, бір жерге тегіс жиналды.
«Бір ұл бер» – осыған, Бір Жаратқан Құданың,
Дәргейіне жылады. Мен де тұрдым ішінде,
Әулиенің күші де, Жаратушы жалғыз-ақ,
Дәргейіне ұнады. Ұнағанын содан біл,
Бір қыз қосып сыйлады. Сексен сегіз мың сәруар,
Тоқсан тоғыз мың машайық, бәрінің көңілін қимады [11. 151 б.].
Қазақ халқының дәстүрлі діни танымындағы әулиелердің рөлі осындай. Бірақ, бұл дәстүр шариғаттың шеңберінде қарастыруға мүмкін болмағандықтан, діни танымы шариғат шеңберімен шектелген халықтарда әулие, әулиелерге зиярат жасау мәселесі исламға сай келмейтін дәстүр есебінде қабылданады. Ендігі кезекте рух, әруақ мәселесіне тоқталып көрелік.
Йассауи ілімін философиялық тұрғыдан зерттеген Досай Кенжетай Йассауидің «кемел адам» тұжырымдасына талдау жасай отырып: «Өзін-өзі тану» ұстанымы өзінің ішкі әлемінің жеті қырын анықтап, тереңдеп тану арқылы адамның Аллаға ашылуын мақсат етсе, «Өлмес бұрын өл» ұстанымы – адамның моральдық-әдептік және сопылық рухани-тәжірибелік талаптар шеңберінде тәрбиеленіп, Алланың сипаттарымен сомдалуына негізделген. Бұл екі ұстаным бірін-бірі толықтырып тұратын теориялық және тәжірибелік қырлар емес, екеуі біртұтас. Йассауи ілімінде осы тұтастықтың мәні «йақин», яғни шексіз таным санаты арқылы ашылған», – дейді және бұл шексіз танымның жеті сатыдан тұратынын айтады. Олар: исм-ул-йақин, расм-ул йақин, ‘илм-ул йақин, ‘айн-ул йақин, хаққ-ул йақин, хақиқат-ул хаққ-ил йақин, Аллаһ-ул хаққ-л йақин [12. 235 б.]. Бұл қабаттардың әрқайсысы он мың пердеден тұратынын, барлығы жетпіс мың перде болатынын, сол жетпіс мың пердеден өткен адамның әулиелік дәрежеге көтерілітінін Йассауи бабамыз өзінің «Пақырнама» атты шығармасында жазған болатын. Осы танымдық қабаттарды қазіргі күні кванттық физиканың сұйық денелерді зерттейтін саласы адам рухының (жанының) да қабаттары екендігін дәлелдеп отыр. Сол жеті нәзік қабаттан тұратын адамның жанын былай атайды: 1. Эфирлі дене. 2. Астральді дене. 3. Ментальді дене. 4. Каузальді дене. 5. Интуитивті дене. 6. Аспан денесі. 7. Тәж дене [13. 25-27 сс.]. Осындай нәзік жеті қабаттан тұратын денелердің адамның жаны мен тәні ажырағаннан кейінгі әрекетін былайша сипаттайды. Эфирлі дене – адам қайтыс болған күннен кейінгі тоғызыншы күні өледі. Астральді дене – адам қайтыс болған соң қырқыншы күні өледі. Ментальды дене адам қайтыс болғаннан кейінгі тоқсаныншы күні өледі [13. сс. 26-27]. Егер біз осы кванттық физика ғылымының ашқан жаңалықтарын қазақ халқының қайтыс болған кісіні жөнелтуге қатысты әдет-ғұрыптарымен салыстыра қарайтын болсақ, онда екеуінің арасында тікелей сабақтастық барлығын көруімізге болады. Қайтыс болған кісінің жетісі беріледі, қырқы беріледі, одан кейін жүзі беріледі, жылы беріледі. Демек, қазақ халқының әдет-ғұрыптары қайтыс болған кісі рухының әрекетін негізге алып, олардың әрекетіне байланысты рухтың әр қабатымен қоштасу рәсімін өткізеді. Мұның өзі қазақ халқының рух-әруаққа қатысты салт-дәстүрлерінің қиялдан шығарылмағандығын, діни негізі болатынын және ислам дінінің негіздерімен сабақтастықта қалыптасқандығын көрсетеді. Бұларға қоса, қазіргі күні қолданыста бар, бірақ себебі белгісіз қазақтың қаншама әдет-ғұрыптары бар. Мысалы, жаңа туылған нәрестені қырқынан шығару, бейсенбі, жұма сайын әруақтарға арналып жеті нан берілуі, тағы сондай ғұрыптардың да осы рухтың әрекетіне байланысты қалыптасқанын айтуымызға болады. Бұл Йассауи негізін салған тариқат жолының аясы тым кең, танымы терең, ғылыми негізі болғандығын, екі дүниенің ісінен хабары болғандығын көрсетеді. Мұндай мысалдар қазақ халқының діни дүниетанымы мен исламдық салт-дәстүрлері тек шариғаттың шеңберімен шектелмейтінін, тариқат жолы арқылы да қалыптасқандығын көрсетеді. Сол себепті, шариғаттың шеңберінде ғана білім алып, халықтың алдына шығып жүрген имамдардың қазақ халқының дәстүрлі діни танымы мен әдет-ғұрыптарының, салт-дәстүрлерінің түпкі мәнін түсіне алмауы заңды құбылыс. Өйткені, ол имамның оған білімі де, өресі де жетпейді. Имамдар бұл мәселені түсініп, амал ету үшін Йассауи негізін салған сопылық жолдан хабары болуы тиіс. Енді осындай сопылық жолдың ерекшеліктеріне қысқаша тоқталып өтелік.
Тариқат – мұсылман дінін қабылдаған халықтардың исламның негізгі бес парызын қабыл етіп, қалған діни жол-жоралғыны сопылық жол – рухани таным негізінде қалыптастыра отырып, қоғамдық қатынастарды реттеуді толығымен әр халықтың өзінің табиғи ерекшелігіне қарай қалыптасқан салт-дәстүрлеріне беру деп айтса болады. Енді осы мәселелерді Қожа Ахмет Йассауи бабамыз қалай шешті, соған қысқаша тоқталып көрелік.
Қожа Ахмет Йассауиге дейінгі сопылық жеке тұлғалардың немесе белгілі шейхтың айналасына шоғырланған топтың рухани жетілу тәжірибесі болса, Йассауи оны жалпы қоғамның иман-сеніміне айналдыра білді. Қожа Ахмет Йассауи өз тариқатын қалыптастырғанда алдымен исламның рухани негіздеріне баса мән берді, соларға арқа сүйеді. Бұл Йассауидің жолындағы халықтың иман-сенімінің исламдық негіздерден айнымауының кепілі болды. Көп жағдайда Йассауидің жолындағы халықтың иманының беріктігі жағынан өзге халықтарға үлгі болатын дәрежеде еді.
Қоғамдық қатынастарды реттеуді Қожа Ахмет Йассауи толығымен түркінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпына берді. Себебі, түркінің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерінің өзі Алла Тағаланың бұл халыққа берген нығметі болатын. Құранда ол туралы «Біз әр үммет үшін бір шариғат және бір жол жасадық» [8. 5/48] – деген аятпен бекітілген. Оның сақталуын Йассауи тариқаттың басты шарты деп білді. Біз оның тариқат жолына мұндай қатаң талап қойғанын мәдениеті Йассауидің жолы негізінде қалыптасқан қазақ халқының мәдениетіндегі исламдық шариғат жолынан өзгешелігіне қарап көруімізге болады. Мысалы, бір ғана некелік қатынастардағы ерекшеліктердің өзі шариғат пен түркілік дәстүрлер арасында қаншалықты айырмашылық бар екенін дәлелдейді. Арабтардың қоғамында қалыптасқан шариғатта некелік қатынастар ішкі – эндогамдық сипатта, ал қазақтарда некелік қатынастар сыртқы – экзогамдық сипатта. Қазақтардың дәстүрінде жеті атаға дейінгі некелік қатынасқа түскендер үшін өлім жазасы белгіленген. Ал арабтарда немере ағайындылар арасындағы некелік қатынас – пайғамбардың сүннеті. Бұл Қожа Ахмет Йассауидің түркілік дәстүрлерге қаншалықты мән бергенін көрсетеді. Түркілердің осындай салт-дәстүрлік ерекшеліктерін Йассауи өзінің бізге дейін жетпеген «Фатава-и танбих» – «Пәтуалар көрсеткіші» атты кітабында негіздеп жазды деген ойдамыз. Ол кітап туралы кейінгі ғасырларда жазылған шығармалардан оқи аламыз. Міне, осы айтылғандарды жинақтап көретін болсақ, онда рухани әлеммен қамтамасыз ететін, исламның бес парызын негізге алып, сопылық жолдың жалпы заңдылықтарына бағына отырып, әр халықтың ерекшелігіне орай, исламдық рухани негіздерді қалыптастырып, өзіне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді қолдануға мүмкіндік беретін жолды тариқат деп атайтынын көруімізге болады. Қожа Ахмет Йассауи осылай түркінің ислам дініндегі жолын, шеңберін айқындап берді. Бұл жолдан – шеңберден тыс түркі баласы үшін ислам діні болғанымен, түркі мәдениеті жоқ болатын. Сол себепті, Йассауиді кезінде Алишер Навои сияқты ғұлама «Түркі жұртының құбыласы» деп атады. Өзге ғалымдар Йассауиге «Қтуб ал-Ақтаб» деген есім берді. Ол «түркі жұртының Темірқазығы» дегенді білдіретін. Йассауидің рухани ілімінің арқасында Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін дүниеге келген Жошы Ұлысы Алтын Орда атанды, әлемдегі озық ойлы, дамығын мемлекет дәрежесіне көтерілді. Осы ілімнің арқасында мемлекеттің басқару жүйесі толығымен қайта құрылды. Үш жүз бен рулық, тайпалық жүйелер қайта топтастырылып, мемлекетті басқарудың озық үлгісі қалыптасты. Шексіз билік ханда да, биде де, қара халықта да болған жоқ. Заңда – шариғатта болды. Бұл мемлекетте әділдік қағидаттарының қатаң сақталуына ықпал етті. Алтын Орда сияқты ұлы мемлекеттің қалыптасуы Йассауи жолының ықпалды идеологиялық күшке айналумен тікелей байланысты болса, құлдырап, күйреуі де Йассауи жолынан шегінуімен байланысты болды.
Қожа Ахмет Йассауидің сопылық жолды тариқат дәрежесіне дейін көтеруі, түркілердің исламдағы жолын айқындап беруі өзге халықтарға да өздерінің рухани-мәдени, құқықтық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін сопылық тариқаттарды қалыптастыруына мүмкіндік берді. Сопылық тариқаттар белгілі бір халықтың рухани-мәдени болмысы мен көне дәуірден келе жатқан салт-дәстүрлеріне негізделді және тариқаттар сол халықтардағы ислам дінінің өмір сүру формасы болып орнықты. Осылайша тариқаттар арасындағы ерекшеліктер әр халықтың өзіндік болмысын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бір тариқат пен екінші тариқаттың арасында ерекшеліктердің болуы заңдылық деп танылды және мойындалды. Демек, Қожа Ахмет Йассауидің ислам дінін тариқат деңгейіне дейін көтеруі бір түркі халықтары емес, бүкіл мұсылман дінін қабылдаған халықтардың рухани-мәдени болмысында шешуші мәнге ие болды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Кариев О.А. Фарғона фиқх мактаби Буханиддин ал-Марғиноний. -Тошкент: «ФАН», 2009, 22-23 бб.
- Жандарбек З. . Насаб-нама нұсқалары және түркі тарихы. –Алматы: «Дайк-Пресс», 2002, 168 б.
- Насаб-нама, Қ.Сәруаров қолжазбасы, 64 қатар.
- Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Т.І. –Москва: ИВЛ, 1963, 760 с.
- Бартольд В.В. Общие работы по истории Средней Азии. Работы по истории Кавказа и Восточной Европы. Сочинения. Т.2, ч.1. – Москва: Издательство восточной литературы. 1963, 1020 с.
- Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. – Алматы: «Ел-шежіре», 2006, 256 б.
- Қожа Ахмет Йассауи. Диуани Хикмет. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2001, 272 б.
- Құран Кәрім
- Қожа Ахмет Йассауи. Мират ал-Қулуб / Жинаған Мұхаммед Данышманд Зарнуқи. Баспаға дайындаған Кенжетаев Д.Т. – Шымкент: South Print Corporation, 2022, 253 б.
- Құнанбайұлы Абай. Шығармаларының екі томдық жинағы. Т.2. –Алматы: «Жазушы», 2005, 336 б.
- Алпамыс батыр//Батырлар жыры. Т.1. –Алматы: «Жазушы», 2000, 251 б
- Кенжетаев Д. Қожа Ахмет Йассауи дүниетанымы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008, 360 б.
- Аширов А. Экология сознания. -Шымкент: Полиграфия, 2007, 150 с.
Закәрия Жандарбек, тарих ғылымдарының кандидаты