Қиырға қонып, шет жайлаған «Төрт қызай, төрт сама» дейтін өскен бір атасының жер жәннаты Үшбурылға (Қас, Күнес, Текес өзендері) барып, қоныстанған кезіндегі бір оқшау, өзгеше тағдырлы Байқоныс деген адам жайында жазсам дегелі біраз уақыт болса да, соның сәті енді ғана түскен сияқты. Қосып-алары жоқ, болған оқиғаны қаз-қалпында қағазға түсіре алсам, ол да өзінше бір этнографиялық естелік болып қалар деп ойладым.
1956 жылдың жазы құлпырған көк жайлаудың бір күні еді. Біздің ауылдың орта жайлауы аталған Жыландыда отырған кезі болатын. Менің тұп-тура 13 жас кезім. Біздің Көлбай-Көбек аталатын шағын ауылдың ақсақалы, Қызай елінің дінбасы – Әлімахұн Шылбы Көбекұлының мұрагер ұлы Жүніс Әлімахұнның үйіне бір сыйлы қонақ келіпті. Ауылдың үлкен-кішілері құрметті қонақты күтісіп, жігі-жапар болып жүргенін көріп, қашанғы әдетім бойынша, қолдарына су құйып, қызмет ете жүріп, оңаша қалған қонақпен Жүніс атамның әңгімесіне қызыға құлақ түрдім.
Байқоныс ақсақал орта бойлыдан биігірек, сом денелі, шоқша сақалды қарасұр адам екен. Дауысы зор, екпіндеп, орғый сөйлейтін, сөзшең адам ретінде есімде қалыпты.
Құрметті қонақтың келгендегі негізгі шаруасы осы жылдың күзінде, ел күзекке барып орныққанда «Төрт қызайдың баласына сауын айтып, көзінің тірісінде Ас беріп, ел-жұртпен қайыр-қош айтысуға ниет еткенін айтып бір тоқтады. Жүніс атам оған бір түрлі таңырқаған сұраулы көзбен қарап қалыпты.
Шынында кімге де болса түсініксіз, оғаштау әңгіме екені белгілі еді. Соны аңғара қойған Байқоныс ақсақал ауыр күрсініп, атама жанай жақындап, былай дегені есімде қалыпты:
– Ахұным, Сізге шынымды да, сырымды да айту үшін һәм сізден шариғат жосыны бұл туралы не айтады деп келіп отырмын. Басқасын қайдан білейін, мына заманның сұрқы жаман. Алдымызда аса қиын күндерге тап болатын сияқтымыз. Дүние астан-кестен болып, Байқоныс сияқты байғұстарға ас бермек түгілі, жаназа да бұйырмай, байтал түгілі бас қайғы дейтін қаралы күндер жақындап қалғандай қорқыныш пайда болды. Кешегі қазақ халқының басына келген нәубет, құдайсыз балшайбектердің жолын ұстанған мына қызыл қытайдың қолымен бізге де келе жатқан сияқты. Тағы бір уайымым, мен жақсы десе де, жаман десе де, Бегімбет пен Аңдастың, қала берді исі қызайдың Байқонысы едім ғой. Мына мен ағайын-туғансыз, ұл-қызсыз біреу болмасам да, ағайынды алтау мен бес-алты ұл қыздан суырылып, ел алдына шығар біреуі жоқ. Байқоныс байғұсты көптің бірі ретінде ың-дыңсыз, Аңдастардың зиратына апарып көме салар. Бірақ ондай қадірсіз өліммен өліп, өше қалар тірлікке қалай мойынсал боламын. Ахұным, өзіңіз айтыңызшы құдайшылығын деп, – көзіне жас алып отырып қалды.
Сөзге сараңдау, көп сөйлемейтін сөйлесе тек шариғаттан, Құран кәрімнен, Хадис шәриптен ғана көсіле сөйлейтін Жүніс атам да біраз үнсіз отырып, ұзақтау әңгіме айтты, одан менің ұққаным:
– Шариғатта, Хадис-шәріпте және әулие-әнбиелерден жеткен әңгімелерде ол туралы ештеңе айтыла қоймағанын, ал айтыла қалған болса да, өзі көріп-білмегенін айта келіп, Түркістан шаһарындағы қасиетті Ахмет Йассауи кесенесінде ұстаздық еткен Ахмет Йассауи пайғамбар жасына жеткенде енді мен пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбарымыздан артық өмір сүре алмаймын деп қылует (жер асты үй-жайы) салдырып, ешкімге көрінбей, сонда жатып, қайтыс болған екен дегенді білемін. Сондықтан, құрметті Бәке, мен сізге нақты бір шешімді ақыл-кеңес берудің қисынын таба алмай тосылып отырмын. Дегенмен, мына заманның сұрқынан мен де қорқамын, әр заманда бір сұрқылтайдың құбыжық елесі еңсені басып тұр ғой. Не айтам, өзің біл, шынымен сондай сөзге тоқтап, ниет етіп қойсаң, жанашыр ағайын, құда-жегжаттарыңмен ақылдасып, шама-шарқыңа қарап, әрекет етуіңе қарсы болуға да болмас. Анығын бір Алла біледі, – деді.
Бұл әңгіме осылай тиянақтағандай болды. Алайда Байқоныс өзі ойлағандай, «Ас» бере алды ма, оған Жүніс атам барды ма, жоқ па, ол туралы ештеңе есімде қалмапты. Дегенмен, ауылдың қарапайым бір қартының көкірек көзінің ашықтығына Қытайдың құдайсыз коммунистерінің зұлымдығын алдын ала барлап, бағалай алатын сұңғылалығына көзім жетіп, иә, біздің қарттар оқымаған философ, дипломсыз оқымыстылар болғанына кәміл сенген едім.
Осыдан кейін жата-жастана екі-үш күн өткен-кеткен өмірі, басынан өткен не бір шытырман оқиғалар айтылды.
Осы аралықта атам қонағынан сонау бір өткен шақтағы ел арасында аңыз болған Байқоныстың үйлену хикаясының мән-жайын сұрап, атты алысқа айдады. Сол ұзақ жыр-дастандай әңгімеден ұққаным және уақыт өте келе, осы әпсанадай қызықты оқиға жөніндегі ауызша-жазбаша әңгімелерді сараптап көргенде ұққан, түйген түйін сөздің сұлбасы төмендегідей болды.
***
Іле өңіріне келіп орналасқан «Төрт қызай, төрт сама» елінің жан-жағында отырған жоңғар қалмақтары, сібе-соландар, ұйғырлар мен дүнгендер жер дауы, мал-жан дауларында бірде ұтып, бірде ұтылып, барымта-жортуылға аттанбай тұра алмаушы еді. Мұндай қарымта қақтығыстар тұсында ел қорғаушы ержүрек азаматтар алға шығып, батыр атанып, көзге түсері белгілі. Сол тұста (ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында) ел аузына ілінген жортуылшы батырлардың бір тобы «Аңдастың алты тазы» атанған Байқоныстың айналасына топтасады. Уақыт өте келе, Байқоныстың тобына қызайдан басқа албан, суан, қырғыздардан шыққан батырлар да қосылады. Олар бара-бара, нағыз «тоқымы кеппес» дейтін барымташы жортуылшы атанып, жаман аттары да шыға бастайды. «Ұры байымайды, сұқ жарымайды» деген аталы сөз текке айтылған ба?
Әкеден жастай айрылған Байқоныс та, оның әлденеше інілері де бас құрап, үйлене алмай жүріп қалады. Жаман аты бар жортуылшы ұрыға кім қызын бере қояды. Шалғайдағы Жұлдыз, Қарашәрді мекендейтін ата жауы торғауыттардың үйір-үйірімен барымталап, Құлжа мен Бұратала жеріне асырып жіберіп, олжалы болып жүрген кезінде Құлжадағы ұйғыр, өзбек, татар саудагерлерімен тамырласып (достасып), алыс-беріс жасайды екен. Күндердің бір күнінде Байқоныс батыр өзімен үзеңгілес жортуылшы достары Қайырбек (Дербістің Бөгенбай руы), Күрекей батыр (Дербіс), Суан руынан Қуанышбай батыр, әйгілі Аман мергеннің баласы әнші-күйші Әбен сері (Алпысбай ақалақшының атшабары), Әкбар батырдың әкесі Есбосын батыр әрі әнші, композиторлардың басын қосып үйленгісі келетінін, бірақ өзін білетін таяу отырған елден қыз ала алмай жүргенін, енді шет-шалғайға көршілес Қырғыз еліне серілік салтанатымен барып, бір байдың қызын алғысы келетінін, соған өзімен бірге ел аралауға қайсыларың барасыңдар дейді.
Ақылдаса, ырғаса келе Қайырбек батыр бас болып, өзі ақын әрі әнші Аман баласы Әбен, Суан руынан Қуаныш батыр әрі әншілер сыбанып шығады. Бұлар келіскен уақытта Құлжадағы таныс саудагер ұйғырдың үйінде бас қосып, жол дайындығына кіріседі. Байқоныс қызайдың атақты батыры әрі биі Сасан елінің серісі атанып, бастан-аяқ су жаңа қымбат матадан киім тіктіріп, аяғына хром етік, басына жалтыраған жарғақ тазын көрсетпейтін құндыз тымақ киіп, сәнденіп шыға келеді. Өзара келісіп, байдың сері мырзасын киіндіріп, шешіндіруге ылдым-жылдым Қайырбек міндеттеліп, бірнеше күн атқосшылыққа жаттығып, дыр-думан қылады.
Бегімбеттің Сасан руының серісі атына заты сай серілік дағуасы бойынша, тай-тай асыл торғын-торқа, барқыт пен қымбат шай, шақпақ қант, өрік-мейізді қоржындарға сықап салып, жолға шығады. Жортуылшы батырлардың үйір-үйір жылқыларының ақшасы кәдеге бір жарайды, ұйғыр саудагерлері де олжаға батады.
Барлық дайындығы біткен, артынып-тартынған әлем-жәлем ат-әбзелді серілер Іле өзенінен өтіп, қай ауылда, қандай байдың сұлу қыздары барын алдын ала анықтап, қона-түстене жүріп, қоңыр күздің бір күнінде қырғыздың бір манабының үйіне барып қонып, сауықшыл қырғыздардың ортасында шалқып жатады.
Манаптың бойжетіп, бай таңдап отырған бір сұлу қызы бар екен. Манап та, қыздың шешесі де мына серілердің серілігіне таңырқай да, тамсана да қарай бастағанын байқаған Байқоныс сері орайын тауып, қызға жақындап, өз көңілін білдіріп үлгереді. Қыз да онша кет әрі емесін емеуріндейді.
Байқоныс серінің әншілері ән шырқап, күй тартып, жұрттың қошеметіне бөленіп жатқанда, Қайырбек пысықай қыз-келіншектерге әтір, сабын, бет май сыйлап, балпаң бәйбішелерге метрлеп торғын-торқасын сыйлап, зыр жүгіреді. Жұрттың көзінше мырзасының хром етігін сүртіп, үсті-басын сыйпалап, жікі-жапар болады. Жатарда аяқ киімін шешіп, таңертең кигізіп, әбігерге түседі.
Көңіл аулау, назар аударудай сахналық дайындық жетерлік болған бір күні Байекең қызға ресми сөз салып, екі сөзге келмей, қыз келісімін берген күннің ертеңінде оның әке-шешесімен де сөйлесіп, ризалығын алып үлгереді.
Қырғыз манап енді қыз ұзатудың дайындығы – тойдың қамына кіріседі. Былайша айтқанда, 30 күн ойын, қырық күн той-думан басталады. Жат елдің мырзасына ұзатылар қызға арнап, үлде мен бүлдеге оранған ақ отау, жасау-жабдық та дайын болғанда, неше күннен бергі болашақ құдасының жағдайын, мал-мүлкін, байлығын, алар қалың малының шама-шарқын білмек болып, сері күйкуді әңгімеге тартады. Сонда сері күйеу еш ойланбастан:
– Ой, ата мал дегенді атама, түйе деген бота ма, әкемнен қалған қырық найзалы, қырық жұлдызды үйім бар, үйде әкемнен қалған бес қара сандық бар, оның ішінде не барын өзім де білмеймін дегенде дүниеқор Манап:
– Қалыңмалын жер қайыстыра айдап әкеліп беретін шығар деп, – той дүрмегі аяқталған соң, керуендетіп қызды ұзатыпты.
Ел арасындағы әңгімелерде айтуынша, қыз көшін бстап, әкесі бірге барыпты деседі. Бірақ қазақ, қырғыздың салтында қыз әкесі қызбен бірге құдалыққа барады деген болмаған. Кейінгі әңгіменің барлығы қыздың шешесіне байланысты айтылса керек.
Қазақтың бұлжымас бір жақсы дәстүрі бойынша, қандай жағдайда да рудың, елдің намысын жатқа қорлатпаған «У ішсең руыңмен», «Ер намысы ел намысы» деп жұмыла кететін дәстүр болды ғой. Сонымен «Қонағым өз үйіңді ойлай отыр» дейтін аталы сөздің ауыр салмағы есіне енді ғана түскен қызайдың «серісі» жан таппай жолдастарымен ақылдаса келе, арттағы мән-жайды ертерек айтып жеткізу керек деп пысықай Қайырбекке:
– Елге, ел ағаларына Алпысбай мен Мақсұт ақалақшыларға Байқоныстың тентектігін кешіріп, Бегімбет пен Дербістың – Қызай анамыздың аруағымен ел намысын ойлап, ел елдігін көрсетсін, келіндерін, құдаларын жақсылап күтіп алсын. Байқонысты жазалауға үлгерерсіңдер, – деп сәлем айтады.
Қызайдың Бегімбет-Дербісінің ел ағалары, ақсақалдары Байқоныстың мына тентектігіне қанша ашуланып, қарғап-сілесе де, намысқа шауып, Мақсұт ақалақшы (болысы) мен Алпысбай ақалақшылар бас болып, әлденеше ақбоз тіктіріп, ішін жасауға толтырып, әлденеше қазан көтертіп, Байқоныстың қырық найзалы жыртық үйін ет жасайтын асхана қылып, ел болып қонақ күтетін аспаз жігіттерді сапқа тұрғызып қояды.
Межелі күнде керуендеткен қырғыз құдалар көші келіп жетіп, неше күн таудай ет, көлдей сорпамен келіннің бетін ашу салтанаты да аяқталады. Құдағилар жағы әлденені күтіп, үнсіз жата береді. Қыстың қамына кіріскен қарбалас басталып, Байқоныстың жыртық қосы мен құдағилар түскен ақбоз үйден басқа үй қалмайды.
Ақыры шыдамы таусылған құдағи күйеу бласын шақыртып, елге қайтар уақыттың болғанын, жол-жоралғыңды жасап, бізді аттандырмайсың ба, дегенде Бегімбеттің сері мырзасы аспай-саспай енесіне былай деген екен:
– Қадірлі енем, менің сөзіме ашуланбай тыңдаңыз, енді бар шынымды айтпасам болмас. Бұрынғылар айтады екен ғой, айлакер болмай ат қайда, алдамшы болмай бақ қайда, – деп. Қырық жұлдызды, қырық найзалы үй дегенім – әне тұр. Әкемнен қалған бес қара сандық дегенім, артымда тұрған анау бес інім ғой. Олардың ішінде не бар, не жоғын мен қайдан білейін. «Мал дегенді атама дегенім» менде мал дейтін мал да жоқ дегенім еді. Жігітке сейілде сейіл, сергелдеңде сейіл деп, жортып жүрген бір тентегің едім. Алсаң басым міне, ұрсаң жонарқам міне, қызымды саған қалдырып қор қылмаймын десеңіз, қызыңыз әне, – деп, алдына жығылып, жата кеткенде, абыройдан айрылайын десе жазмышқа дауа бар ма, басындағы құндыз бөрік жалп етіп жерге түскенде, айна тазы аймандай болған екен, – дейді.
Намыстан өртеніп күйіп отырған манаптың бәйбішесі атып тұрып, қызының шашынан алып:
– Болды, осы мазақ болғанымыз да жетер, тұр, киін кетеміз мына шайтанның ордасынан деп, – бұлқан-талқан болғанда, манаптың қызы, ақылсыз ерке тотай емес, ақылды, сабырлы, намысты қыз екенін білдіріп, жылап тұрып, шешесіне былай деп жұбату айтқан екен:
– Анашым, мені де, мына күйеу балаңызды да кешіре көріңіз. Манап атам мен ел-жұртымды ұятқа қалдырғаным аздай, «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» дегендей, тағы жаман атқа қалғым, сіздерді де жаман атқа қалдырғым келмейді. Болары болды, апа, тас түскен жеріне ауыр. Өз елін де, біздің елді де айтқанына сендіріп, айдағанына жүргізгендей болған мына қазақ азаматы мені қор қыла қоймас, осыны ұстағаным – ұстаған. Жарамызды жауға білдірмей, берген азды-көпті киітін киіп, риза болып аттаныңыздар, – деп шешесінің ашуын басып, жылап-еңіреп қоштасқан екен.
Намысқа тырысқан ел ағаларының тапсырмасы бойынша, жиналған бір үйір жылқысын алдына салып, қырғыз құдағилар еліне аттанып кетіпті. Ұялы терек, үйелменді қазақ та осындайда оқшау оқиғалар болып тұрған ғой. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осындай-ақ болар. Біздің Байқоныс әкеміздің ондай-ондай оғаш оқиғалары аз болмапты.
***
1933 жылдың қақаған қаңтар, ақпан айларын қызайлар «Дүнген үріккен жыл, Мақсұт ақалақшының Гуәндай аталып (өкіл әкім) 200 қарулы қазақ шерігіне қолбасы болып, қазақ-торғауыт қалмақтарының шекарасы болған таулы Дағыты асуын күзетіп жатқан кезі екен. Біздің Байқоныс атамыз Мақсұттың шабарман-хабаршысы болып шапқылап жүрген кезінде, Таңжарық ақын да гуәндайдың хатшысы болып жүрген екен. Әңгімеге, сөзге құмар Байекең бір күні Мақсұттың ордасында бастары қосыла қалған адамдарға, Таңжарыққа қарап:
– Ой, сені осы Сады-Бөгенбайдың ақыны дейді ғой, ақын болсаң, тап қазір табан астында Аңдас-Бегімбеттің Байқонысына арнап бір өлең айта қойшы, канеки, – деп бір-екі рет қолқалай берген соң Таңжарық:
– «Өлеңге емес ең ғой – тақыр кедей» деп өлеңді заулатып жүрген 30 жасар Тәкең сол арада былай көсіле шауыпты:
Байқоныс батыр болдың бала жастан,
Ұры едің елдің малын ала қашқан.
«Ұры аяғы би болар» деген сөзбен,
Би болдың ұрлық жағын қаламастан.
Сойылменен ұрмады ма біреу бастан,
Қайтып ұрлық істедің, анау баспен, – деп төпелей бастағанда Байекең тосылып, қап-қара болып отырып қалған екен, – дейді осы оқиғаның куәгер қарттары.
Ақын Таңжарық Жолдыұлының осынау шағын арнау өлеңінің мазмұнына бойлай үңілген адам Байқоныстың сонау 1933 жылдардағы өмір кешулерінің мән-жайын, ел ішіндегі бет-беделінің қандай болғанын шамалай алады. Ал оның 1956 жылдардағы ой-өрісі, заманның бет алысын анық бағалай алған жасамыс шағы, шын мәнінде оның көшпелі қазақ халқының соңғы бет-бейнесін көрсете алуымен де әзілдей айтып жүрген қызай оның ішінде Бегімбет – Аңдас атасының «Соңғы серісі» болғаны елдің есінде.
Әлімғазы Дәулетхан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Фото интернеттен алынды.