«Ұлы даланың байырғы көшпелілері үшін ең ұлы құбылыс күн мен түннің теңесер мезгілі болған. Күн мен түн теңескен соң дүние тіршілік жаңғыра түлейді. Тәңірдің құдіретімен ғана жүзеге асуы мүмкін деп түсінген мұндай ұлы құбылыстың алдындағы әрбір нышан, әрбір белгі кие тұтылған», қазақ халқы байырғы салт жора бойынша 21 наурыз күні түн ортасынан – «Қыдыр түнінен» бастап қазан көтеріп, Ұлыс тойын қарсы алу рәсімдерін жасап, көк жиектен жаңа күннің шапақ шашып, шашырай шығып келе жатқан сәтінен басталған Ұлыс тойын бір айға тойлайтын, – дейді ғалым Ақселеу Сейдімбек.

«Наурыз мейрамын» әлем елдері «Жыл басы мейрамы» деп қабылдайтын заман да жақын. Бұл туралы АҚШ, Жапония ғалымдары осыдан 22 жыл бұрын сөз қозғаған екен. Себебі – бұл күні аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, қараңғы түннің, қаһарлы қыстың кері қайтып, шуақты күннің, жадыраған көктемнің алға шығатын межелі мерзімі. Тіршілік атаулыға жан бітіп, табиғат әлемінің қайта түлеп, жаңғырып, жаңаратын  «Жыл басы», «Көктем мерекесі», адамзаттың байырғы төл мейрамы. Наурыз – адамзат ғана емес, он сегіз мың ғаламның өсімдіктен бастап, барлық тіршілік иесінің арқа-жарқа болып, күн нұрына бөленетін, табиғат заңдылықтарымен мінсіз үйлескен, табиғат анамен үйлесімді келісімдегі әрекеттерінің ұлық мерекесі.

Сондықтан Наурыз мейрамын «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Яғни Алланың құзырындағы Ұлттық рухани жаңару, тірлік, шаруашылық әрекеттерінің басталу күні. Наурыз күнінің табиғат заңдылықтарымен мінсіз үйлескен, табиғат анамен үйлесімді келісімдегі әрекеттерінің үш нышаны бар:

  1. Наурыз күні жаңа жылдың жаршысы – «ұзақ» құсы келеді.
  2. Жыл басы «нәуірзек» торғайы келіп, әр жылғадағы бұлақ басы, тіршілік нәрі саф таза күміс бастауға келіп түседі.
  3. Осы саф таза бастау басындағы қардың астынан бұтада шығатын алғашқы көк құты – таңғажайып раушан күлгін гүл жарады. Бұл күлгін раушан гүлінің нәзіктігі, балғындығы мен жұпар исі – табиғаттың ерекше құбылысы, Тәңірінің сыйы. Ұлыстың ұлы күнінің осындай айшықты белгілерімен бір мезетте таң бозарып атқан сәттегі «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген», «Самарқанның көк тасы жібіген» таңғажайып құбылыс, сөз жоқ «Ұлыстың ұлы күні» жыл басы, жаңа жыл мейрамы. Тәңір иесі Алла тағаланың сый еткен мұндай ерекше құбылыстарын көру, сезіну, одан ләззат алу қандай ғанибат, қандай ұлы сезім екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Айналасына ерекше мейірім шапағатын, махаббат ләззаттын сыйлайтын раушан гүлі 12 күн тұрады да 13-күні жоқ болып, дәл сол сәтте, ол маңай түгел жасыл желекке бөленеді. Маңғолдардың атақты ақыны Удбал дәл осы уақыт аралығында гүлдің қасына келіп отырған адамның ауру сырқауы жеңілдеп, жасарып, жаңаратынын жырлаған «Бал-бұл жанған қызыл күлгін гүл» жыры шығыс елдерінде кеңінен таралған.

Биыл Астана  мен оның  қонақтары Наурызды жаңа форматта атап өтіп жатыр. Елорданың 5 ауданында да жаппай мерекелік іс-шаралар өтіп,  Қазақ елі мен Бәйтерек монументтерінің жанында, Астаналық саябақтың аумағында, EXPO алаңы сияқты үлкен орындарда қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен негізгі мерекелік концерттер өтті. 10 күндік Наурызнама адам жаны мен тәніне керек салттардың бәрін қамтыған екен. Болашақта бұл әлем бойынша маңызды  іс-шара болады. Оның бізден бастау алып отырғаны да тегін емес.

Астана қаласының Есіл ауданы Бәйтерек монументінің жанында және ЕХРО алаңында  ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, ұлттық дәстүрлер мен салт-дәстүрлерді көрсету, қолөнершілер жәрмеңкесін өткізді. Салт-дәстүрлер бұрынғыдай қойылым күйінен нақты өмірге жақындай түскені анық көрініп тұр.

Наурыз мейрамының мәнін ашып, мағынасын келтіретін маңызды ас –  «Наурыз көже».

Бұл – Ұлыстың ұлы күнінің киелі асы, наурыз мейрамының айшықты белгісі. Сондықтан көне заманнан бері наурыз мейрамында – өте мұқият дайындалған наурыз көже жасап, «Жыл басы, көктем мерекесін» тойлайтын жақсы үрдіс жалғасып келеді. Қазіргі тойланып жүрген жаңа жылды шыршасыз тойлату мүмкін болмайтыны сияқты, наурыз мейрамын наурыз көжесіз елестету мүмкін емес.

Қазақ халқы наурыз мейрамында жеті түрлі дәннен наурыз көже жасайды. Наурыз көже әрбір отбасында, мекеме, ұжымдар мен үкіметтік деңгейде жасалатын киелі ас. Яғни бұл күні қазан көтермейтін шаңырақ иесі болмауы ләзім. Сондай-ақ ағайын-туыс, құда-жегжат, көрші-қоныстар бұл күндері ауыл ақсақалдары, үлкен үй – қарашаңырақтан бастап, отау үйге дейін кіріп құшақтасып, бата тілектерін айтып, наурыз көжеден дәм тату парыз саналған.

Осы жеті дәнді дайындаған кезде адамзаттың табиғат заңдылықтарымен үйлесім табу салты мұқият сақталады. Онда адамзат табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, табиғатпен және өзара үйлесімді келісімде өмір сүрген жағдайда ғана қоғамда үйлесімділік болып, жасампаздыққа қол жететіні ескерілген. Наурыз көженің құндылығы, оның түпкі мәні және құпия сыры да осында жатыр.

Наурыз мейрамының ерекше маңызды құндылығы – ара ағайындық, ұлыс, елдік, береке-бірлік, қауыша көрісу, ынтымақтық, кеңпейілділік, ырыздық, несібенің, құт-берекенің мейрамы екенінде. Сондықтан әрбір отбасында мерекелік көңіл күй сыйлайтын іс-шаралар: айтыс, жыр-дастан айту, күй, термелер, асық ойнау, жұмбақ айтыс, аулада қыз жігіттердің алтыбақан ойыны сияқты ойын-сауықтар қызу жүріп жатса, ұлттық келбеттің айшықтары ғана емес, наурыз мейрамындағы Ұлыстың ұлы күніндегі әр шаңыраққа құт береке мен ырыздық несібенің қонақтайтын мезгіл межесі.

Адамзат үшін ең маңызды екі мейрам бар:

  1. Кез келген халықтың өз Отанының «Ұлттық мерекесі»
  2. «Жыл басы», «Көктем мерекесі, табиғаттың қайта түлеп, қайта жаңғыру межесі» – «Наурыз мейрамы». Ал басқа мереке деп жүргеніміздің бәрі саяси науқан ғана.

Онкүндік Наурызнама Астанада  қала әкімдігінің қолдауымен халықаралық дәрежеде өтті. Ұлттық мұраларымызға қатысты нақты іс-шаралар ұйымдастырылып, халықаралық жәрмеңке де өтті. Оған 50-ден астам елден келген қолөнер шеберлері қатысып, тәжірибе алмасты.

  

Өнерхан САНСЫЗБАЙ, Астана қалалық медицина университеті,

профилактикалық медицина және тағамтану

кафедрасының тағамтану технологы,

«АС-АРҚАУ, М» табиғи тағам тауарлы қызметі»

инновациялық жобасының жетекшісі

Бөлісу: