Ораза басталғалы Алматының кафелері мен асханаларында

тыным жоқ. Тыным жоқтығы – отыратын орын жоқ.

Тіпті, мейрамханаларда да ауызашар беріп жатқан

ағайындар баршылық…

 

Бұл мұсылманның ең қасиетті айы – айлардың сұлтаны Рамазанға деген қошеметтің бір белгісі болса керек. Құптарлық жайт. Дәстүрлі дінімізді құрметтегеніміз абзал. Бірақ… Иә әрбір істің бір «бірағы» болады дегендей, сол ауызашар рәсімі қалай өтуде? Әңгіме сонда болып тұр.

Алты-жеті ауызашарға қатыстық. Келушілер көп-ақ. Іштеріне ас барып, жүрек жалғап алған соң  «гу-гу» әңгімеге кіріседі. Кейбірі ішкенін-жегенін айтса, кейбірі қолынан келіп тұрғанда «қонышынан басқанын» сөз етеді. Бірін-бірі мақтайды. Ас беріп, ауыз ашқызып отырған үй иелеріне тілектерін жаудырады. Отырыстың тақырыбы жайына қалады. Тойда отырғандай, желпіне сөйлейді.  Бұрынғының шал-сауқаны шариғаттан қозғайтын әңгімені иман төңірегінде, сауапты іс-әрекет хақында айтатын.

Иман туралы уағыз айтатын аудитория осы – ауызашар кеші. Дастарқан басындағы насихат қай кезде де әсерлі, өтімді. Әсіресе, қазақ үшін. Шалдардың талқысы айта беретін партияның бюросынан анағұрлым салмақты да қауқарлы. Бюрода көп болса, сөгіс аласың немесе қызметтен кетесің. Шалдардың сөзін тыңдамасаң, елден кетесің немесе ағайыннан ажырайсың…

Біз тыңдаған  шариғат әңгімелері төмендегідей болып келетін (бірқатарын жырға айналдырдым, солардың бірін назарларыңызға ұсынып отырмын):

Меккенiң әкiмi

Маңай түнек, кезi едi ақшамның,

Жұлдыздары жымыңдайды аспанның.

Сәлем берiп әкiмiне Меккенiң,

Келдi бiрi бала кезгi достардың.

Әкiм Ғұмар жылы жүзбен қабылдап,

Дедi оған: «Сәл күте тұр, дамылдап».

Жалтылдайды көздi қарып кең сарай,

Қаланыпты мәрмар менен лағылдан.

Отырды ол тамашалап сарайды,

Әрбiр затқа таңырқана қарайды.

Жалғыз шырақ ортасында жанып тұр,

Жалынымен жарық қылып маңайды.

Әкiм Ғұмар кеңсе iсiн тамамдап,

Жанып тұрған шырақ отын алаулап,

Сөндiрдi де, екiншiсiн жандырды,

Келдi сосын қасына оның аяңдап,

Қайран қалды досы оның iсiне.

«Отырмысың алмай бұған түсiне,

Өшкен шырақ дәулеттiкi болатын,

Ал, мынаның жағармайын iшiне,

Құйған едiм, өз ақ-адал ақшама,

Болады оны түнi бойы жақса да.

Дәулеттiкiн өз iсiне ұстаймын,

Қиянат қой пайдалану басқаға.

Бiрге өсiп, өткен талай кезеңнен,

Бiз екеумiз дос, туыспыз ежелден.

Отырайық емiн-еркiн сырласып,

Жана берсiн өз шырағым көнерген.

Сақтау керек мұсылмандық жүйені,

Хақ-Тағала әдiлдiктi сүйедi.

Қазынаның әрбiр мүлкi – елдiкi,

Ал, ел деген – халық қой ол киелi, –

Дедi әкiм түсiндiрiп мән-жайды, –

Қазынаға қиянаттық болмайды.

Пайда көрiп, бүгiн жаққан бұл шырақ,

Түнек болып шықса алдан, сол қайғы…»

Пенде өлмек, киiм тозып көнермек,

Сарқылады жиған дүние өнерлеп…

Қазiрет Ғұмар –

Халифасы Меккенiң

Исламға сiңiрiптi зор еңбек…

Ауызашарға әкім де, түрлі деңгейдегі басшылар да келеді. Бас қосқан кеште тақырыптан ауытқымай, ар-ождан, обал-сауап туралы көбірек айтылған ләзім. Бұл рәсімнің басты мақсаты да сол – мұсылманға аштық пен тоқтықты, бар мен жоқты сезіндіру.

Қасиетті айдың кезінде де жең ұшынан жалғасқан парақорлық  тоқтамақ былай тұрсын, бәсеңдемей отыр. Жоғарыдағыдай уағыздың жоқтығының көрінісі болса керек.

 

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ, ақын

 

Фото интернеттен алынды.

Бөлісу: