Қазақтың  дүниетанымындағы наным-сенімдер

Әр ұлттың даму кезеңінде ерте кезден қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрілері бар десек, сол арқылы халықтың тұрмыс-салты, мінез-құлқы, ерекшеліктері мен  дүниетанымы жайында мағлұмат аласыздар. Осылайша қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар жүйесін біздің күнделікті өмірден, тұрмыс тіршіліктен, әдет-ғұрпымыздан байқауға болады. Сонымен қатар, баланы тәрбиелеу, орынсыз қылық, теріс мінездерден тыю сияқты нәрселер ұлтымыздың рухани санасында әлі күнге дейін сақталып келеді. Жалпы, ғасырлар бойы даланың қатал табиғатымен бетпе-бет келгенде, жаумен шайқасқанда, бейбіт өмірде  де ырым-тыйымға қатысты наным-сенімдер ұрпақ тәрбиесінде жойылған жоқ.

Біздің заманымызға дейін жеткен ырым-нанымдарда, ырым-тыйымдарда пұтқа табынушылықтың (тәңіршілдік, шамандық) іздері әлі күнге дейін бар. Мысалы, қазақта келін түскен кезде отқа май құйғызады. Май құйғанда от лаулап жанады да, оттың жалынына  қолын тосып, «от ана, май ана, жарылқа!» деп бетін сипайды. Бұл жайында  тарихшы, этнограф Ш.Уәлихановтың еңбегінде: «От жылу, от бар жерде өмір бар дейді халық. Осының бәрі ерте заманда мұсылман дінінен бұрынғы қазақтарда отқа табынудың болғанын дәлелдейтіні анық» – деп көрсетеді. Мұсылмандыққа дейінгі наным-сенім қалдықтарын анықтау мәселесінде этнограф, түркітанушы Ә.А.Диваев пікірлерінің Ш.Уәлихановтың пікірімен үндесетін тұстары көп.

 

Қазақ дүниетанымының тыйым сөздердегі көрінісі.

 

Қазіргі жастар мен жасөспірімдер, тіпті орта жастағылардың арасында түрлі наным-сенімдердің пайда болғанын байқап жүрміз. Мысалы, алдынан мысық кесіп өтсе, айналып, басқа жолмен кетіп қалу. Сондағы сенгені – мысық адамның жолын кесіп өтсе, қырсық шалады деген ой. Сондай-ақ, қазақта «Құдайдың құтты күні» деген сөз бар емес пе? Бұл  «күнде» деген мағынаны береді. Демек, қазақтың дүниетанымында күннің аласы жоқ, барлығы да құтты, несібесі мол. Адамның басына келер келеңсіздіктің бір күнге байланып қалуы мүмкін емес, бұл – тар ойлаудың шеңберінен шыққан шала түсінік. Қазақтың тыйым сөзі – ұлттың тәрбие көзі. «Тыйым көрмеген баладан тексіз адам шығады» деген сөз де бекер емес. Халқымыз тыйым арқылы ұл-қызын ұнамсыз мінезден, жат қылықтан шектеп отырған. Жастайынан ненің дұрыс, ненің қате екенін ажыратуға үйретіп, бала күннен бойына әдептіліктің әліппесін сіңірген.

 

Ырым дегеніміз – халықтың сенімінен, ақ ниетінен, шын көңілінен туған ұлттық салт-дәстүрлердің бір саласы. Ырым-тыйымдар негізіне қарай жас балаға, келінге, қызға байланысты, еркек пен әйелге қатысты, ана мен балаға, адамның іс-әрекетіне, тағамға, қонаққа, төрт-түлік, жол жүру, табиғатқа, яғни жаратылысқа қатысты ырым-тыйымдар болып кеңінен қолданылады.  Мысалы, күйші болсын деп  сәбидің тырнағын  белгілі домбырашыға алғызу, отаншыл болсын деп туған жерге аунату, ержүрек болсын деп батырдың сарқытын жегізу, оның есімін қою сияқты ырымдар  көп-ақ.

 

Қазақтың ырым-тыйымдары, наным-сенімдері  ұлттың дүниетанымынан хабар береді. Тұспалмен сөйлеп, айтар ойын жұмсақ жеткізген халық тыйымдар негізінде мақал-мәтелдерін шығарып отырған. Ата-бабаларымыз ырым-тыйымдардың философиялық және тәрбиелік қызметін өте ұтымды пайдалана білген. Табиғатқа, қоршаған ортаға зияны тимесін деген оймен, «көкті жұлма», «жас ағашты сындырма», «ағаштың бұтағын сындырма» деп баланы жастайынан тыйып отырған. Ертеден көшпенді өмірді серік еткен, дарқан даланы баспана көрген көреген халықтың таным-түсінігінің табиғатпен астасып жатуы да заңды. Содан болар, «Көкті жұлсаң, көктей соласың» деп сенген, ескерткен. Осыдан барып, «Бір тал кессең, он тал ек деген» мақалды шығарып, ой қорытқан. Көкке, жалпы өсімдік атаулыға осылай аялап, құрметпен қараса, суды тіпті аса қасиет тұтқан. «Судың да сұрауы бар», «Су ішкен құдығыңа түкірме», «суға дәрет сындырма» деп ұрпағына  тәрбиелік мәнін ұғындырып айтып отырған. Себебі қазақтың түсінігіндегі су – өмірдің, тіршіліктің бастауы. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп те жататыны осыдан. Осылайша ырым-тыйымымен, мақал-мәтелімен ұрпағын обал мен сауапты білуге, рақымды да қайырымды болуға, әр дүниенің парқын білуге баулыған.

«Тұзды баспа, тұзды төкпе» деп жатамыз. Тұз төгілсе, аналарымыздың түрі бұзылатын. Мұның да өз сыры бар. Қазақтың лексиконында бір қатерден аман қалған жанды «татар дәм-тұзы бар екен» десе, о дүниелік болған жанның хабарын «дәм-тұзы таусылды» деп жеткізген. Осы турасында З. Ахметованың «Күретамыр» атты кітабында былай дейді: «Қарғыстың ең ауыры: «Дәм-тұзым атсын!» деген сөз. Жолдасқа адал, айналасына әділ жанды «дәм-тұздан аттамайтын азамат» деп мақтап бағалайды. Опасыздық жасағанды «дәм-тұзға түкірді» деп жазалаған», – деп жазады. «Доссыз өмір – тұссыз аспен тең» деген мақал осы орайда ойға келеді. Былай  қарасақ, доссыз өмірдің мәні жоқ, тұзсыз астың дәмі жоқ. Қарапайым күннің өзінде тұзсыз асты іше алмасымыз анық. Демек, тұздың тіршілікте алар орны ерекше.  Оны адамның тағдырымен байланыстырып, ата-бабамыз біздің өміріміздегі ерекше орнын осылай көрсетсе керек.

Ежелден тұрмыспен, дүниетаныммен қанға сіңген әдет-дағды кейін келе заңмен бекіді. Қазақ хандығы өз отауын тіккеннен кейін Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» шыққаны мәлім. Осы заңдарда қазақтың ырым-тыйымдарының негізінде Даланың ұлы заңдары қалыптасты деуге негіз бар. «Анаңа ауыр сөз айтпа» дейді қазақ мәтелі. Осы заңдардан ата-анасына қарсы шыққан қыз бен ұлға қатаң жаза қолданғанын көре аламыз. Байыппен қарасақ, ырым мен тыйымның мақсаты – дұрыс тәртіпке шақыру, айналаңа зиян тигізбеу. Тіпті, өзіңді күтіп, денсаулығыңа зиян келтірмеудің де негізі осы қазақтың ырым-тыйымдарында жатқандай. Мысалы, дастарқан басында алдыңызға ыстық ас немесе шай келгенде, үрлеп ішкен кезіңіз болды ма? Сондайда үлкендер «Асыңды үрмелей іш» деп ескерткен болар?! Бұл тыйымның сыры неде деп ойлайсыз? Біріншіден, үрлеп, тез суытып асығып жеу – адамның денсаулығына зиян. Екіншіден, қазіргі медицина тілімен айтқанда, ауа арқылы түрлі бактериялар тарайды. Адамның бойында бір дерт болса, ол үрлеген кезде ауа арқылы дәмдес отырғандарға тарап кетуі де мүмкін. Үшіншіден, жаныңыздағы адамдарға ыңғайсыздық келтіреді. Демек, бұл – әдеп, яғни осы тыйымның негізінде тамақтану мәдениеті жатыр. Үстел басында өзіңді дұрыс ұстау әдебін кәрі құрлықтағылар арнайы мектепте оқып, сабақ етіп енгізіп барып, бойларына сіңірсе, қазақ дарқан далада еркін жүріп, киіз үйдің ішіндегі дастарқан басында үйренген. Бұл – мол тәжірибенің, көрегендіктің белгісі.

Міне, бұдан не түюге болады? Әрине, қазақтың дүниетанымының өте терең, мұнда нағыз ғылым жатқанын көреміз. Бір тыйым сөздің өзінде экология, медицина, мәдениет, әдептің негіздерін байқаймыз. Өз тыйымдарымызды құлаққа ілмей, өзгенің таңсығына жүгіргенді доғарған жөн. Бай мәдени мұрамызды жаңғыртып, тұрмысқа енгізу ауадай қажет. Қазақтың әрбір тыйым сөзінің астарында кең дүниетаным, мол мағына жатқаны сөзсіз.

 

Қорытынды.

 

Ұлттық наным-сенімдер – халықтың рухани мәдениетіне жататын ерекше құбылыс. Оның тіл мен жазу, әдебиет пен өнер, дүниетаным мен философиялық көзқарастар, тағы сол сияқты рухани өмірдің басқа саласына тікелей ықпал жасайтыны белгілі. Жалпы, қазақ ұлтымен ықылым замандардан бері бірге жасап келе жатқан  наным-сенімдер ұлтпен бірге жасай беруі керек десек, онда тұрған еш өрескелдік жоқ. Осындай бай рухани, тәрбиелік мағынасы зор мұраны келешек ұрпаққа жеткізу, насихаттау біздің борышымыз деп ойлаймын.

Ұлттың тілін, дінін, мәдениетін және рухани байлығын терең сезіне білген тұлғаның адамгершілік пен ұлттық құндылықтарды бағалай алатыны анық. Өнердегі жетістігі арқылы ұлт өнерінің тарихта терең арнасын қалдырудың өзі қазақ баласының тарихтағы жасампаздық рухының биіктігін көрсетеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Бикенов А. «Қазақтың материалдық мәдениеті» – Астана-2010 ж.
  2. Иманбеков Б., Қалиев С., Молдабеков Ж. «Этнопедогогика» – Астана – 2010 ж.
  3. Молдабеков М. «Қазақ халқының рухани мұрасы» – Алматы
  4. Мәдени мұра «Қазақ өнерінің тарихы»1,2,3том – Алматы – 2007 ж.
  5. Оразалиева С,Қырықбаева С , Адамқұлов Н. «Халықтық көркемөнер шығармашылығы» – Астана – 2015 ж.
  6. Нағымұлы Ш. «Мәдениеттану»  – Астана – 2010 ж.

 

Қалипа  Кемелова,  «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК,

«Этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Фото интернеттен алынды.

Бөлісу: