Жағымды көңіл күй – сапалы игерілген білім

Бала – біздің болашағымыз. Біз оны жастайынан еңбекке тәрбиелемесек, олардың бойында масылдық психология қалыптасуы мүмкін. Мұны бүгінгі күні мектеп қабырғасында да қарастырудамыз.

«Көңіл күй – адамның психикалық үрдістеріне, барлық қызметіне, соның ішінде оқу материалын меңгеруге әсер ететін сезімдік жағдайы. Көңіл күйіне қарап адамдарды: шат, жайдары, көңілді, жылы жүзді, ызбарлы, ызалы, т.б. деп ажыратуға болады. Көтеріңкі көңіл күй адамға қуат бітіріп, бойын сергітеді, ал уайым-қайғы жүнжітіп, жабырқатып жібереді». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Халықтың бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты жолдауында мемлекеттен тек алғысы келетін адамдар жөнінде, сондай-ақ көлгірсулык көңіл күй мен масылдық жөнінде сөз қозғаған еді. Осы орайда мектеп қабырғасындағы білім алушы оқушылардың сыныптағы, ортадағы көңіл күйі де білім алу жағдайына, нәтиже шығаруда үлкен рөл атқарады. Оқушының қандай көңіл күйде келіп отырғаны мұғалім үшін өте маңызды фактор болып есептеледі. Сабақ үрдісіне енбестен бұрын сынып жетекшісі немесе пән мұғалімі сыныптың жалпы психологиялық жағдайын анықтап, сабаққа деген зейіндерін аударуы керек. Ол үшін ұстаз педагог-психолог маман ретінде тұлғаны қалыптастыру мен дамытуға бағытталған педагогикалық, психологиялық үдерісті ұйымдастырады. Яғни, стандартталған нұсқауларды пайдаланып, педагогикалық-психологиялық диагностика жүргізеді, ауытқушылық түрін анықтау үшін арнайы диагностика жүргізеді, арнайы əдістемелерді пайдаланып, балаларға психологиялық тексеру жүргізеді. Сөйтіп, психологиялық қорытынды жасай білетін, білім беру ұйымдарында психологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізе алатын, қызмет түрлерін ұйымдастыра білетін маман ретінде сабаққа дайындалуы тиіс. Осы қызметтер білікті түрде ұйымдастырылса, сапалы нәтиже болатыны анық.

Оқушының сабаққа келгендегі көңіл күйін анықтау, зерделеу нәтижесінде біз оның осал тұстарын анықтаймыз. Нәтижесінде оның сабаққа деген қызығушылығын, ұмтылысын арттырудың көздерін, шешімдерін табуға тырысамыз. Сондай шешімдердің бірі оқушыларды білім алу бағытында уәждеу болып табылады. Уәждеу – оқушылардың бойында оқуға және нәтижеге қол жеткізуге деген ынтаны ояту болып табылады. Кез келген адамның бойында қандай да бір іс-әрекетке ынта болмаса, нәтиже болмайтындығы немесе сапасыз нәтиже болатындығы анық. Сондықтан оқушыларды әрдайым уәж қоя отырып, ынталандыру арқылы жалпы сезімдік  күйін жақсартып, тапсырманы орындауда немесе жаңа білімді, дағдыны игеруде психологиялық жеңілдік туғызуымыз қажет. Педагог оқушының ішкі уәжін өсіруге мұмкіндік беретін өр тұлға болуы керек. Педагогтың сыртқы фактор ретінде әсер етіп, оң нәтиже алуына болады. Бүгінгі қоғамнан көптеген мысалдар келтіре отырып, түсіндіру жұмыстарын да жүргіземіз. Қоғамдағы әлеуметтік масылдық деген ұғым  неден басталды?   Масылдықты жасайтын дамыған қоғамның өзі. Кезінде дамыған Еуропа, Америка елдерінде жұмыссыздардан бастап, көшедегі қаңғыбастарға дейін тіркеуге алып, оларға материалдық көмек беру қарастырылды. Өйткені, олар бір жағынан елге, қоғамға зор қауіп тудырған.   Біздің еліміздің соңғы ширек ғасыр тарихында әлеуметтік жағдай күрт шиеленісті. Жұмыссыздық, кедейшілік, мүгедектер, аз қамтылған отбасылар жағдайының өсе түсуі оларға билік тарапынан әлеуметтік көмек көрсетуді қамтып келеді. Осы аталған жәрдемақыға іліккен, басқа да материалдық игіліктерге ие болғандар тарапынан масылдық психологиясы қалыптаса бастады. Бірақ әр нәрсенің шегі бар, ондай дәніккен масылдарды орнына қоятын кезі болады.

Сезімдерді саналы және белсенді түрде қолдану, басқару арқылы ғана адам ықпалды көшбасшы бола алады. Ал білімді, интеллектісі жоғары, саналы көшбасшылық ету біздің оқытып жатқан оқушыларымыздың жарқын болашағы үшін аса маңызды. Оқытушы мен білім алушы арасында жағымды ахуал қалыптасып, неғұрлым жарқын, жағымды сезімдер туындаса, соғұрлым екі жақты жасаған еңбек сапалы әрі нәтижелі болады.

Оқушыларды бойындағы түрлі сезімдік жай-күйді басқара отырып үйлесім табуға үйретуіміз керек. Үйлесім – үндестік, жарасым, сымбаттылық деген мағынаны білдіреді. Қоғамның әр саласында белгілі бір деңгейде үйлесім таба білу әр адамның парасат пайымына байланысты жүргізіліп отыратын үрдіс. Осы орайда сезімдік күйді басқара отырып, кез келген ортада үйлесім таба білу арқылы оқушының ортадағы орны, беделі айқындалады. Күнделікті жай тіршілікте әр адам «мен кез келген сезімді басқара аламын, дұрыс шешім қабылдай аламын» деп ойлағанымен, бұл үдеріс кейде өте үлкен күрделі мәселеге айналып, тіпті ауырлап кететін жағдайлар да болып жатады. Мұндай кезде әр адам сезімдік күйіне ерік беріп, оны жоғары қойып жатады. Бұл әрине өз кезегінде түрлі жағдайларда керек емес шешімдер қабылдауға, тіпті зиянды әрекеттерге апаруы мүмкін. Сондықтан, оқушылардың сезімдерін тежеп, сезімдік ортаны реттеп, олардың ішкі сезімдерімен үйлесім тауып, түйсікпен сезіне отырып, әрекет етуге үйрету керек.

Баланың бойындағы психологиялық, сезімдік орта ең алдымен отбасының құшағында туындап, дамиды. Тұлғаның толыққанды дамып жетілуіне әсер ететін ең мықты күштердің бірі – отбасылық тәрбие. Сондай-ақ ұлттық дәстүрге негізделген отбасылық тәрбие – ол бірлік пен берекенің бастауы. Балалар ата-анасының қасында толық дамып әрі ой-өрісі жетіліп, еркелеу, мейірім-шапағатын, сүйіспеншілігін сезіну арқылы өзінің еркін екенін байқайды. Мұндай балалардың ой-өрісі, даму психикасы да толық жетілген.  Сондықтан шаңырақтағы ырыс пен бақ, махаббат пен жылулық, береке, ол баланың дамып, жетілуіне тікелей әсер ететінін ұмытпаған жөн. Балаларымыздың тәрбиелі, білімді, мәдениетті болып жетілуі үшін, үздіксіз жұмыс істеу керек.  Ең бастысы, баланы шексіз сүю, жақсы көру арқылы оның өмірлік ұстанымын берік етіп, жігерлендіріп, қамшылай аламыз. Ал біз өз кезегімізде отбасыдан кейінгі жетелеуші тұлға ретінде күш-жігерімізді жұмсап, айқын мақсаттарға жету жолында ынталандырушы, тәрбиеші ретінде адал қызмет етуіміз қажет. Ұлттық дәстүрге толық негізделген саналы тәрбие және сапалы білім беру оқушының білімді азамат, тәуір тұлға болуының кепілі.

 

Жәмила Оразбаева,

№ 178 мамандандырылған лицейдің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Фото интернеттен алынды

Бөлісу: