«Егер сенің мақсатың бір жылды көздесе – бидай сеп, егер мақсатың ондаған жылдарға арналса – ағаш ек, ал егер мақсатың ғасырларды қамтыса – ұрпақ өсір», – дейтін даналық сөз бар. Бидай сеп! Ағаш ек! Ұрпақ өсір! Еліміздің өсу, өркендеу жолында бидай да септік, ағаш та ектік, ұрпақ та өсіріп келеміз.
Әр қоғамның адамгершілік сипаты оның балаларға деген қамқорлығынан айқын көрінеді. Соңғы жылдары балалар мен аналардың денсаулығын қорғау, олар үшін барлық жайлы жағдайлар жасау – қоғамымыз алға ұстанған маңызды міндерттердің қатарында.
Қазіргі технология заманында гаджеттер арқылы әлеуметтік желілерге тәуелді балалар көбейіп отыр. Олар туыла сала, гаджеттерге қарап, айналасында болып жатқан өзгерістерді байқамайды. Ойыншықпен ойнауға, жазу-сызуға икемдері жоқ, болмаса, білсем-үйренсем деген сияқты қызығушылықтары кем болуда.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама қиындықтарға кез болдық. Халықтың басым көпшілігі күнделікті күнкөріс қамы үшін деп жүріп, ұлттық тәрбие мен тектілігімізге сына түсе бастады. Күнделікті күйбің тіршілікті күйттеп жүріп, әлдекімдерге ызаланамыз, дос-жаранға өлердей өкпелейміз, ағайын-туыспен араз боламыз. Тіпті сіз қойдан жуас, қозыдан момақан болып жүрсеңіз де, кейде әлдекімдер мекерлік жасап, меселіңді қайтарып, көңіліңді қалдырып кетеді емес пе? Осындай жағымсыз сезімнің бәрі талай күндер, айлар, жылдар бойы жиналып, ақыры адамның биоэнергетикалық жүйесін бұзады. Содан адамның бойында сан қилы сырқаттар пайда бола бастайды екен. Ал сен тағдырына мүгедектік жазылған жандар туралы ойлап көрдің бе? 35 жыл төсекке таңылған, соның 5 жылында қол-аяғы толық сал болған жазушы Немат Келімбетовтың жанкештілігін, өзі айтқандай: «Әйтеуір тірі жату мақсат емес. Ондай өлі сыбаға кімге керек? Мен өмір үшін өліммен майдандасуға бел будым. Ол үшін бір минуттық ғұмырымды да босқа сарп етпей, қолымнан келгенше еңбек еттім! Елімнің ұлы дүрмегіне ілесемін! Науқас мені аяқ-қолымнан ажыратқанымен, ақыл-есімнен ажыратқан жоқ қой! Ой жарығым сөнген жоқ қой. Өмір үшін күрес майданындағы қарудың үлкені сол емес пе?! Осылайша ажалмен арпалысып, өз тағдырын өз қолына ала білген қайсар жандар туралы жазуым керек! Жазу керек! Осы ой жүрек түкпірінде бас көтергеннен тұла бойымды билеп алып, ұшып бара жатты», – деп қалай өмірден үміт үзбегенін, қалай өз жігерін жанғанын керемет суреттейді. Бұл – шындық! Бүгінгі мектеп жасындағы балаларға осындай шынайы өмірден алынған тарихи-көркем шығармаларды оқыту арқылы масылдықтан алшақ болуға, дімкәс, мүмкіндігі шектеулі балалардың толыққанды өмір сүруіне сеп болу керек.
2022 жылдың жазында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. Ел заңнамасындағы соңғы Нормативтік-құқықтық актіде «мүгедек», «мүгедек бала» термині өзгеріске ұшырады. Еңбек министрлігі Заң жобасын қабылдау қажеттілігін негіздей отырып, «мүгедек» сөзі ағылшын тілінен «әлсіз, ауыр» мағынасын білдіретінін атап өтті. Қазір «ерекше қажеттіліктері бар адам, мүмкіндігі шектеулі» деген ұғымдарды қолданысқа енгізді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға кіріктіру – интеграциялау мәселелерінде білім беру мен жұмысқа орналасу маңызды рөл атқарады. Қазақстанда 2021 жылы кіріктіре білім беруді көздейтін заңнамаға өзгерістер қабылданды. Басқаша айтқанда, бұрын ерекше қажеттіліктері бар балалар үйде немесе мамандандырылған орталықтарда жалпы орта білім алуы керек еді. Ал Қазақстанда инклюзивті білім енгізілгеннен кейін олардың бұл санаты басқа оқушылармен бірге қарапайым мектептерде оқи бастады. Егер ол балалар басқа балалармен бірдей дами алмаса, оларға жеке тәрбиеші-мұғалім бекітіліп отыр. Бұл да мемлекетіміздің болашақ жастарға деген қамқорлығының бір көрінісі.
Биыл Атырауда өткен үшінші Ұлттық Құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті нығайту жолдарын айтып өтті: «Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Бір ілімді жақтаушылар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы жат діни мұраттарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, оның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет».
Осы орайда мектеп қабырғасында оқитын балаларға дәстүрлі дініміз туралы да жеке дәрістер оқылса деген ниетіміз бар. Балалар тәрбиенің басым бөлігін өзінің отбасынан алатыны белгілі. Ал қазір діни жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқан саналы адамдар қаншама? Екі ортада балалар қиналуда.
Орта білім беру мекемелеріндегі өткізілетін танымдық іс-шаралар балалардың көзқарасын өзгертуде тәрбие көзі бола алады. Қаншама жылдардан бері қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс оқып келе жатқан мен бұл турал анық айта аламын. Мысалы, былтыр Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінде 11«А», 11«G» сынып оқушыларының ұйымдастырумен, ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы, қазақтың ірі ақыны, ғұлама ойшыл, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай іс-шара өткізілді. Таңертеңнен бастап мектеп радиоторабынан Тамара Асардың орындауындағы жүректі тербеткен ақынның өлеңдері ұстаздар мен оқушыларды лирикалық көңіл күймен қарсы алды. Мектептің кіреберісіне ақынның суреті мен «Жиреніп жаманынан, жақсыны ұғып, алсын» деген нақыл сөзі жазылған баннер ілінді.
Іс-шарада оқушылар арасында ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына қатысты түрлі ойындар, сауалдар жүргізілді. Led-экран арқылы оқушылар Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірбаяны мен шығармашылығы туралы бейнематериалдарды тамашалады. Сондай-ақ Led-экранда құрастырылған «Кahoot» ойынын ойнап, өз білімдерімен сайысқа түсті. Бір жұма Шәкәрім атамызды ұлықтауға арналғындықтан, үлкен үзіліс кезінде де іс-шаралар жалғасып жатты.
Мектеп радиоторабынан ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы мәліметті 11 “G” сыныбының оқушысы Нұғманова Томирис оқыса, мектебіміздің табалдырығын биыл аттаған 7-сынып оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа айтып, оған өз құрметтерін көрсетті.
Осындай іс-шаралар оқушыларымыздың білімін арттырып, ұлы ақынымызды дәріптеуге өз әсерін тигізіп, өскелең ұрпақтың бойына елжандылық қасиеттерді дарытады.
Майра Сағадиева, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі.
Алматы қаласындағы «Республикалық физика-математика мектебі»
Фото интернеттен алынды.