«Атамекен» тарихи-мәдени орталығында этнодизайнер, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, кестеші, ЮНЕСКО-ның сапа белгісінің иегері Тілек Сұлтан «Қазақ әйелі: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыпта жасөспірім қыздарға танымдық сабақ өткізді.
Кестеші Тілек Сұлтан оқушы қыздарға бұрынғы апа-әжелеріміз бен қыз-келіншектер киген ұлттық киімдердің ерекшеліктері мен тарихын таныстырды. «Қазақ мәдениетінде қайталанбас орны бар салалардың бірі – ұлттық киім. Өзінің әсемдігімен, түстерінің үйлесімдігімен, мағыналы ою-кестесімен ерекшеленетін қазақ киімінің стилін басқа ұлттардың киімімен шатастыру мүмкін емес. Өйткені қазақтың мәдениеті мен дәстүрі толық дамып қалыптасқандықтан, ғасырлар бойы тамырын үзбей, ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып келеді. Бүгінгі күнде ұлттық киімдер күнделікті өмірде қолданыстан жырақтап, оны заманның өзгерістерімен сирек пайдаланатын болдық. Тәуелсіздік алғалы мереке-мейрамдарда ұлттық киімдерді киіп шығып, мерекені тойлау дәстүрі жалпыласып келеді. Әсіресе мектеп оқушыларына аптасына бір күн ұлттық киім киюге рұқсат берілгелі жастардың ұлттық киімге көңіл бөле бастағаны көрініп тұр. Ұлтымыздың дәстүрлі киім кию мәдениеті арқылы ұлттық киімдерді жастардың санасына сіңіру керек. Сонда қоғамда белең алған батыстың ашық-шашық киімі немесе дінді желеу етіп, тұмшаланып, хиджаб киетін қазақ қыздарына тосқауыл болар еді. Ежелден қазақ дәстүрінде қыздардың құқықтарына шектеу қойылмаған, еркін өсірген. Күнделікті өмірде қазақ қыздары ешқашан бетін жабатын киім киген емес. Сонымен қатар, ұлттық киім осы екен деп тарихын білмей, қыз киетінді кемпір киіп, құрақтан көрпе емес қамзол киіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді құртуға да болмайды», – деді кестеші Тілек Сұлтан.
Өзінің топтамасындағы қыздардың үкілі тақиясына жеке тоқталған шебер «қазақтың наным-сенімінде үкі киелі саналғандықтан, қыз баланың тақиясына міндетті түрде үкі таққан. Оны біріншіден, тіл-көзден сақтайды деп есептесе, екіншіден, үкі құсының қауырсынында адамға сезілмейтін иіс болады, сол иіске улы жәндіктер жоламайды екен. Тақия көбінесе қызыл, күлгін, жасыл, т.б. бір түсті шұға, барқыт, мауыты сияқты қымбат кездемелерден, өңді маталардан қабатталып, сырылып тігіледі», – деді.
Қазақ жері ұлан-ғайыр болғандықтан, табиғатына қарай, әйел киімдерінің әр аймақта әр түрлі үлгілер мен әр алуан атаулары бар. Солардың ішінде қазақ елінің бәріне ортақ түрлері: көйлек, қамзол, кәзекей, көкірекше, тақия, сәукеле, желек, жаулық, кимешек, кебіс-мәсі сияқты заттар. Әйел киімдері елдің салты бойынша төрт топқа арналып тігілген. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен қарт аналарымыздың киімдері. Бұлардың әрқайсысының тігілу мәнері де, әшекейі де әр қилы.
Сұлтан Тілек таныстырған қамзол – арқа қазақтарынікі. Қызыл пүліштен тігілген қамзолдың өңіріне тіл-көзден сақтайтын киелі тұмар әшекей – үкіаяқ, күмістен жасалған тазалық құралдар мен иіссу құятын құты, ақық және басқа да асыл тастан жасалған бұрама моншақтар тігілсе, алдыңғы бөлігі мен етегін зер және күмістен соғылған танамен әшекейленген.
Дәріс тыңдаған жас қыздар өткен ғасырда аналарымыз таққан әшекейлерді қолдарымен ұстап, зергерлердің ұсталығына, әшекейдің әдемілігіне тәнті болды.
Негізінде, қыз бала дүниеге келісімен, әке-шешесі тіл-көзден сақтау үшін әртүрлі әдемі әшекейлерді арнайы тапсырыс беріп жасататын болған. Тіл-көз балаға емес, жылтыраған әшекейге түссін деп ырымдаған.
Қазақ қыздарының әшекейлеріне лағыл, перуза, ақық, маржан, інжу, меруерт, тағы басқа тастармен көмкеріліп, алтын-күмістен жасалған. Негізінде, қазақтар күмісті өте жоғары бағалаған. Өйткені күмістің залалсыздандыру қасиеті басым екенін жақсы білген. «Тамақ адал болсын десең, қолыңда күміс жүзігің болсын» – деген қағидамен қазақ әйелінің саусағында жүзік, қос білегіне білезік таққан.
Сонымен қатар, бүрмелі көйлек, кимешек түрлері мен қасабаның қасиеттері айтылды. Қазақ аналарының сан ғасыр киген киімі мен сәндік бұйымдарының бәрі – ерекше тәрбиелік мәні бар асыл қазына.
Ұлтты – ұлт ететін, өзегіне нәр беретін сол ұлттың өзіне ғана тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы. Сондықтан балаларымызға өзбектің тақиясын, қырғыздың құрағын кигізбей, қазақы нақышта тігілген өз ата-бабаларымыздың дәстүрімен тігілген киімді кигізіп, оларды әлемге насихаттайық.
Жанар ЖАНАПИЯ, журналист