Мұғалімдік – киелі әрі жауапкершілігі мол мамандық десек, қоғамда еңбек етіп жүрген әр мұғалімнің алға қойған мақсаты – танымы терең, білім алуға қызығушылығы бар, келешекте бәсекеге қабілетті, жігерлі, мемлекетшіл ұрпақты тәрбиелеу болмақ.

Бұндай нәтижелі, абыройлы іске мұғалімдік мамандықты құрметтеген, білімі терең, жүрегі мейірімге толы, қажырлы еңбектің нәтижесін көрсете білген әр педагог-ұстаздың жұмысы лайық болмақ.

Мұғалімнің бойындағы ұстамдылығы мен төзімділігі өзара ұштасып, іскерлік, жауапкершілік қасиеттері бірін-бірі толықтырып, заманға қарай күнделікті білімін жетілдіру жолындағы ізденуі – құптарлық іс-әрекеттері болып табылады.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі таңда білім берудегі негізгі бағдар деп есептеледі. Сондықтан әр мұғалімнен жан-жақты, белсенді тұлға қалыптастыру үшін оқушылардың танымдық, коммуникативті және тұлғалық қасиеттерін дамытуға бағытталған оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін шебер меңгеріп, қолдануды талап етеді.

Киелі әрі жауапкершілігі мол мамандықтың қыр-сырын жете меңгерген Астана қаласы Міржақып Дулатұлы атындағы 68-ші мектеп-гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі  Жанар Мұхаметбайқызының әр сабағы сәтті, қызықты өтеді. Мұғалім өз сабағында білім ресурстарын өте тиімді қолданып, бүкіл оқушыны толық қамтып, жұмыс барысында әр білімалушы меңгерген біліміне орай кері байланыс орнатып, белсенділік танытады.

Жанар Мұхаметбайқызы «Өткенін білмеген өшеді, өткенін ескерген өседі» демекші, ұлттың ұлт  болып ұйысып, бүгінге дейін жүріп өткен жолын жас ұрпақ білуі тиіс деген қағиданы берік ұстанып, келешек ұрпақтың ұлттық рухын оятуда, жігерін жануда, қазақтың ұлттық идентификациясын танытуда – тарихи фильмдерді, әдеби шығармаларды сабағына көп пайдаланады. Мектептегі тарих апталығы – «Алаш айлығы» аясында ұлт тарихын ұлықтайтын көптеген тәрбиелік іс-шаралар, кездесулер өтеді.

Астана қаласы тарихшылар қауымдастығы мен шығармашылық топтың белсенді мүшесі Сабанбаева Жанар оқушылардың тарихи танымдық қабілеттерін дамыту мақсатында Семей, Баянауыл, Қарқаралы, Көкшетау, Торғай өңірі мен Ботай мәдениеті аймағына және КарЛАГ, АЛЖИР лагеріне экспедициялық жобалар жасап, авторлық бағдарламалары Астана қаласы Білім басқармасы мен республика көлемінде кеңінен таратылды.

Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұлт тарихын ұлықтайтын тарихи орындар мен киелі мекендерге жиі саяхатқа апарып, әр жасөспірімнің жүрегіндегі ұлт тарихына деген құрмет сезімін оятып, сапарға шыққан балалардың бір-біріне достық, қамқорлық көрсету дағдыларын қалыптастырып, мейірімділікке тәрбиелейді. Осындай тәрбиелік іс-шарадан соң әрқайсысы қазақтың ұлы мен қызы болғанына мақтанып, көңіліне қуаныш орнап қайтады.

Көптеген шәкірттері тарих пәні бойынша ғылыми жобалар мен олимпиадалар, сайыстардың жеңімпазы атанған Жанар Мұхаметбайқызы бала жанын аялап, сезімдерін құрметтейтін, әр жүрекке ізгіліктің нұрын сепкен аяулы ұстаз, мейірімді сынып жетекші.

Жанардың бойындағы ізгі қасиеті – оның қарапайымдылығы мен мейірімділігі. Маңайындағы жастарға, әріптестеріне, Астананың басқа мектептерінен іздеп келген мұғалімдерге, тіптен Қазақстанның түкпір-түкпірінен телефонмен хабарласып, әдістемелік көмек сұаған әріптестеріне уақыт тауып, кәсіби даму, мол ізденіс пен шеберлікті шыңдау жолындағы іс-тәжірибесімен бөлісіп, көмек көрсетеді.

Үздік педагог ретінде іс-тәжірибесін таратып, республикалық және халықаралық іс-шараларға қатысып, «Шеберден – тәлім» атты семинарларда жас мамандарға бірнеше рет ашық сабақтар мен «шебер-сынып» көрсетіп жүрген білікті маман.

Оқушыларға сапалы білім беру мен тәрбиелеудегі еңбегіне орай бірнеше авторлық бағдарламалардың авторы Жанар Сабанбаева

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен «2018 жылдың үздік педагогі» атағының иегері атанып, 2021 жылы «Астана қаласының үздік педагогі» медалімен марапатталды. 2022 жылы «Астана қаласының үздік пән мұғалімі – 2022» атанды.

Оқулықтар мен тарих пәніне арналған оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарға сараптама жасау және сынақтан өткізу жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Жанар Мұхаметбайқызы тарих пәнінен жоғары сыныптарға арналған цифрлық бейнесабақтар контентін дайындап, «Elordamektep.kz» интернет платформасына бейнеконтент жүктегені үшін және «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық сайысының жүлдесін иеленіп, «Өрлеу» БАҰО АҚ мен Білім беруді жаңғырту орталығы мен Астана қаласы Білім басқармасының бірнеше рет Алғыс хаттары мен, Астана қаласының мерейтойына орай «Киелі менің – Атамекенім»   жобасы аясында өткен республикалық байқауында 1-ші орын иеленгені үшін ҚР Ғылым және білім министрлігінің Құрмет грамотасымен  марапатталды.

Білімі мен біліктілігін терең ұштастырған тәжірибелі ұстаз Жанар Сабанбаева 2022 жылы Петропавл қаласында өткен тарих пәні мұғалімдерінің республикалық съезінде «Мектептегі тарих пәні: тың тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас» тақырыбында баяндама жасады.

2023 жылы Ақтау қаласында өткен республикалық тамыз конференциясында «Әділетті Қазақстан: Сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт»  тақырыбында мағынасы терең баяндама жасады.

Жуырда, 2024 жылдың наурызында Түркістан қаласында «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Яссауи» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, «Ұлттық құндылықтар және ұрпақ тәрбиесі»  атты баяндама жасады.

Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы –  жастарға білім беру мен тәрбиелеудің озық үлгісін көрсеткен, білімді мұғалім, жаңашыл педагог, балалардың  мейірімді апайы Жанар Сабанбаева қоғамда белгілі орны бар ұстаз.

Жасынан мұғалім болуды армандап өскен көпбалалы отбасында тәрбиеленген Жанардың өзімен қосқанда ата-анасынан өрбіген бауырлары арасынан жеті бірдей мұғалім шыққаны да керемет!

Мұғалімдік мамандықты жанымен қалап, бүгінде ұлағатты ұстаз атанған, педагогика саласында алдына келген қазақтың ұлы мен қызының бойына ең алдымен ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып ізгілікке жетелеген, заманауи білім нәрімен сусындатқан әріптесім Жанар Сабанбаеваның еңбегіне сәттілік тілеймін!

 

Роза Есенбаева, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Астана қаласы

 

Бөлісу: