Менің Омар бақсының Орманбек деген жиен ағамыздың жынын қалай қағып, сауықтырып жібергені жөніндегі естелік әңгімем атеизммен уланған мәңгүрттер үшін емес, халқымыздың салт-дәстүрінің өзіндік бір ерекше көрінісі ретінде жас ұрпаққа ұғындыру еді. Әлі есімде, менің 3-сыныпты аяқтап, жаздық демалысқа шыққан кезімде, біздің ауылды дүрліктірген бір тосын оқиға болды.
1950 жылдан былай қарай қазақ жеріне алдымен қарулы Қызыл Армияның ондаған полкі келіп, сулы-нулы өңірлерге орналасып, қарумен бірге, соқа-сайманын әкеліп, егіс еге бастады. Бір бөлігі малмен, кен игерумен, жол салып, көпір салып жатса, бір бөлігі орман-тоғайды иемденіп, жыртылып айрылатын аң-құс аулап, ойына алғанның бәрін тындырып жатты. «Үш бурыл» деген (Қас, Күнес, Текес өзендері) киігі мен бұғы-маралы қойша өріп жүретін төре жайлауы аталған Бұғы қора, Шат бұлақ, Ақ өзен жайлауына көшіп барған қазақтардың бір уайымы, қалың қарағай мен қайың, қарақат, таңқурайдың арасында ақсөңке болып айқасып жататын бұғының мүйізіне жылқыларының арандап қалуы еді. Қытайдың «өндіріс-құрылыс армиясы» дейтін момақан қытайлар дәрілік шөп, жеміс-жидек сатып алатын дүкендер ашып, сол жылдары орманда иесіз жатқан бұғының қу мүйіздерін де тиын-тебенге сатып ала бастағанда, менің әкемнің інісі Тайып пен жиен ағамыз Орманбек екеуі қосар атпен Ақ өзен – Бұғы қораға барып, қалың орманды көмкере ағып жатқан Ақ өзеннің жағасына тоқтап, ашық аспан астында жарқыраған айлы түнде демалып жатқанда, кенеттен «Аю, аю, аю» деп жан дауысы шыққан Орманбек көйлек-дамбалшаң тұра қашып, арқырап ағып жатқан Ақ өзенге қойып кетеді. Соңынан тұра қуған Тәкең жеткенше су ағызып бара жатқан жиен ағасын құтқару үшін өзенге атыла кіріп, Орманбекті құтқарайын десе «Аю, аю» деп жан ұшырған Орекең Тәкеңді ұрып есінен тандырады. Есін жиған Тайып әкеміз не жағдай болғанын сонда ұғып, жиен ағасын жанды жерінен ұрып, есінен тандырып, жағаға әрең алып шығады. Бірақ есін мүлде жоғалтқан Орманбек ағамыздың сөз ұғудан қалғанына көзі жетіп, қол-аяғын байлап тастап, таңды атырады. Сондағы Тайып әкеміздің ерлігіне, күш-қайратына қайран қалмасқа болмас еді. Өйткені Орманбек бойы ұзын, екі иығы еңкіштеу болғанымен сөредей, бұлшық еттері шиыршық атқан қарулы адам еді, ал есінен танып жынданғанда ол тіпті құтырынып, екі-үш адамға бой бермей алысқанын талай көргенбіз. Ал, сондай дүлей күшті бағындырып, бір өзі байлап-матап, төрт атты матастыра қосарға алып, сонау Ақ өзеннен Тасқорғандағы Көктеуде отырған елге қалай әкелгенін былайғы жұрт аңыз-ертегідей әңгімелеп жүрді.
Ел жайлауға көшер уақыт өтіп бара жатса да, күннен-күнге қағынып, бала-шағасын, жанашыр ағайындарын әбден қажытып, мезі етсе де, тастап кете алмай отырып қалады. Ауыл-аймақ болып, бақсы-балгер іздеп, шапқылап жүріп, сол кезде ел аузына ілігіп қалған Омар деген бақсыны тауып әкеліпті.
Омар бақсы сол кезде 24-25 жас шамасында болса керек. Біздің бала көзімізге орта бойлыдан зорырақ, екі иығына екі кісі мінгендей дейтін, сом денелі, ақ сары жігіт ретінде көрінген еді. Ендігі бар сөз, әңгіме «бақсы ойнайды» деген күн «бақсы ойыны» деген қандай болады екенге айналды.
Арада неше күн өткені есімде жоқ. Біздің 4-5 үйлі Көлбай ауылы «Тасқорған» дейтін есте жоқ ескі заманнан қалған аумақты ескі қорғанның ішкі жағында, ал ағайынды Орманбек пен Толқынбектің үйі қорғанның шығыс солтүстігіндегі бұрыш жағында отырушы еді. Кешке қарай үлкендерге ілесіп, бақсы ойнайтын Орманбектің үйіне бардық. Жақын маңдағы ауылдардан да талай адамдар келіп, үйді айнала жайғаса бастады. Мен әкемнің қасында үйдің ішкі жағында, байлауда жатқан жындыға жақын төрде отырмын.
Омар бақсы ауылдың оншақты қарулы жігіттерін іріктеп алып, үйдің алдыңғы жағына үш қатар етіп тұрғызып, қыл арқанды керіп тұрғызып саңқылдап сөйлеп жатты:
– Мен шаңыраққа шығып жындарымды шақырып, айғайға басамын, сол кезде жындарым келіп мені өзімен бірге еріксіз алып кетпекші болып қинағанда, мен оларды айтқаныма көндіре алмасам, амалсыз шаңырақтан түсіп, тұра қашуым мүмкін. Сол кезде сендер керген бір-екі арқандарыңмен қоса сұйреп кететіндей дүлей күш пайда болады. Егер сендердің үш қатар тоспаларыңды бұзып өтер болсам, онда маған ие бола алмай қаласыңдар, ал мен бір нәрсеге жығылып жазым болып кетуім де мүмкін. Сондықтан қайтсеңдер де мені ұстап алып, қыл арқандарыңмен беліме бұрау салып, аямай қысыңдар, мен сонда ғана есімді жинап жөнге түсемін.
Сонымен, дайындық бітті-ау деген бір кезде киіз үйдің ортасындағы ошақта тұрған шағын қазанға сиятын бір қарын сары майды әкеліп қойғанда Омар бақсы:
– Мен жын шақырып, мына жынмен алысып-жұлысқанда мына майдың тортасын айырып, қазанға қайнатып қойыңдар, «май кардан» дегенде бір шыны май, «су кардан» деп айғайлағанда бір аяқ су беріп тұрыңдар, әйтпесе, әлсіреп өзім жынданып кетуім де ғажап емес, – деді.
Көптен күткен бақсы ойыны да басталды. Құран аяттарын шұбырта айтып, Алладан медет, аруақтардан қолдау күтіп ұзақ сарнады. Одан кейін бұрын-соңды естіп көрмеген жын-перілердің атын атап сарнады. Түннің бір уағында әбден жын қысқан бақсы шаңырақтың желбауын ұстап тұрып, шаңыраққа бір секіріп шыға салды.
Омар бақсының сондағы шиыршық атқан қимылы, кейін талай көрген цирк ойыншыларының спорттық машығына ұқсайды екен. Шаңырақтың төбесіне, ашық аспанға шығып алғаннан кейін де жындарының атын атап, көмекке шақырып, зар еңірегенде жұрттың қандай қинала тыңдағандары есімнен кетпейді.
Жын шақырудың аяғы, алдағы таяу ай-күндерде, таяу жылдарда болуы мүмкін табиғат апаттары, ел басына төніп келе жатқан қиын күндердің қай жақтан келуі мүмкін екені жөніндегі болжалдарын айтты-ау деймін. 10-11 жастағы менің есімде қалғаны, әйтеуір бір қиын-қиын күндер, ауыртпалықтар болатыны, Аллаға сыйынып, шариғат бұйырған аманаттарға адал болу керек екені туралы болды-ау деймін.
Сөйтіп тұрғанда, Омар бақсым шаңырақтан секіріп түсіп, арқан керген топқа қарай тұра жүгіргенде, ел «Аллалап» күңіреніп кетті. Үйдің ішіндегі біз көре алмасақ та, көргендердің айтуынша, екі қатар арқан тоспаны жұлқа бұзып өтіп, үшінші тоспаға тосылып тоқтағанда, оны қыл арқанмен оқтаулап, аш белін қысқанда қарулы жігіттің екі қолының көлеміндей ғана қысылып белі үзілуге шақ қалды деседі. Сол кезде су кардан дегенде бір аяқ суық су ішкізіп, есін жинатып, киіз үйге кірген кезде, май кардан деп тортасын айырған жылы май ішкізді.
Азғантай үзілістен кейін бақсымыз орнынан қарғып тұрып, «Аллалап» ошақты айнала зарлап, ара-арасында «Ләйлаһа иллаланы» әлденеше рет қайталап, бүкіл денесі қалтырап-дірілдеп, аузынан ақ көбік бұрқырап, жараған бураша селкілдеді. Мен әкемнің қолтығына тығылып, қатты шошыдым.
Бір ғажабы мен талай уақытқа дейін оңаша қалсам, әсіресе түнде Омар бақсының дауысы құлағымды шулатып, өзімнің Омар бақсыша селкілдеп кеткенімді білмей қалып, қорыққанымнан «Аллалап» әрең тынышталатыным есіме түсіп, шошынып жүрдім.
Иә, сонымен ойынның ең соңғы шешуші басқышына да жеткен екенбіз.
Омар бақсы жараған бураша жынын шаша зіркілдеп, жардай Орманбектің желкесінен алып, «Алла, Алла» деп орнынан жұлқа көтеріп әкетті.
– Алла де, Алла де байғұс, Алла де, деп, – оты лаулаған ошақты әлденеше айналдырғанда жынданған Орманбек қарсыласып,
– Әкеңнің аузын… Аллаңның әкесінің аузын… Мә саған Алла, – деп бетіне түкіріп, тіпті қағынып кетті.
Үй ішінде отырған үлкендер «Алла де, Алла де, байғұс» деп күңіреніп кетті.
Алпамсадай Орманбекті кішкентай балаша бір қолымен көтеріп, ошақтың алау отымен ұшықтағанына қайран қалмауың, Омар бақсыда елде жоқ ерен қасиет бар екеніне иланбауың мүмкін емес еді.
Ғажаптың ғажабы енді көрінді. Отты әлденеше «Аллалап» айналдырып жүргенде, жаңа ғана қарсыласып, бақсының бет-аузын түкірікке толтырған жындының үні өшіп барып, «Алла, Алла» дегенде үйдің іші-сыртында тағаты таусыла күдер үзе бастаған көпшілік «Аллалап», Тасқорғанның аспанын күңірентіп жібергендей болды.
Омар бақсы «Аллалаған» Орманбекті ошақты бір-екі айналдырып барып, төсегіне тастай салды, өзі қатты ентігіп, ақсары өңі қарайып, көзі от шаша жарқ-жұрқ етіп, – Алла, Алла, өзің жар бола гөр, Қызай анамның аруағы қолдай гөр байғұс пендеңді сайтанның уәсуәсынан, кесір-кесапатынан құтқара гөр, дертіне дауа, шипаңды бере гөр, – деп ұзынынан түсіп, сәл жатты да, басын көтеріп, ал әйтсе тілеулес ағайындар үн-түнсіз, дабыр-дүбірсіз үйлеріңе қайтыңдар, – деді.
Жұрт ың-шыңсыз тарасты. Бір ғажабы неше күннен бері көз ілмей арпалысқан жынды Орманбек екі тәулік тұяқ серіппей ұйықтап, үшінші күні жас сорпамен тамақтанып, жан-жағына, қасында бақылап отырған Омар бақсыға аңтарыла қарап, тағы ұйықтап кетіпті.
Омар бақсы бір аптадай қасында болып, дем салып, сөзге тартып, көңілін аулап, тыныштандырғаннан кейін қайтып кетіпті де, араға уақыт салып науқастың жағдайын білуге келіп-кетіп жүріпті.
Орманбектің біз қатарлы балаларымен бірге ойнап жүріп, науқастың шынымен сауығып, бұрынғы Орманбекті көргендей болып едік. Келер көктем, күзде қайталағандай, еліре ашушаң болғаны байқалысымен, Омар бақсыны шақырып, 3 күн дем салғызып тұрады да, бара-бара мүлде айығып кеткен көрінеді.
Өз көзімізбен көріп, көңілімізбен сенген Омар бақсының осынау ерен қасиетін бүгінгі дамыған ғылым қалай бағалап, қандай анықтама берерін білмеймін.
***
Орманбек пен Толқынбек жиендердің өмір тарихы, кейінгі тағдыры жөнінде аз-кем естелік айтудың тағылымдық, тәрбиелік мән-мағынасы бар екеніне көзім жетіп еді.
Толқынбек, Орманбек екеуі әкемнің әкесі, қызайдың Әлімақұны аталған Шылбы Көбекұлының Есенқұл руына ұзатылған апайы Фатимадан туған жиендері екен. Әке-шешесінен жас қалған екі жетімді әкеңнің қайтармаған қарызын өтеулерің керек деп, бір дүңген байы малайлықта ұстап, есек қораға есектермен бірге жатып, есектермен бірге тамақтанып, құл болып жүргенін естіген Шылбы атам Тоғызтарау ауданына іздеп барады. Жиендерінің аянышты жағдайын көріп, қатты ашуланған атамыз мешітке барып, ұйғыр, дүңген, қазақ намазхандарының алдында дүңген қожайынның жиендеріне істеген мұсылмандыққа жатпайтын, хайуандық әрекетін айтып, шариғат өкімі бойынша, тоғыз дүре соғып, кешірім сұратып, марқұм күйеу баласының да, жиендерінің де еңбекақысын төлетіп, екі жиеніне екі ат мінгізіп, таза киіндіріп ауылына алып қайтқан екен.
Ол кезде Шылбы атамның ер жеткен Жүніс деген ұлынан басқа қолғанат болар ересек бала болмағандықтан, екі жиенін бауырына басып, туған баласындай қамқорлығына алады. Олар да жақсы атын мініп, жылы-жұмсағын жеп, серіше өмір сүреді.
Шылбы атам екеуіне де қатын алып беріп, отаулап шығарады. Шылбы атам 1936 жылы қайтыс болғанда әкем Дәулетхан 16 жаста екен.
Жылжып жылдар өтіп, заман өзгеріп, қытай коммунистері билік басына келген кезде бай-кедей, қанаушы-қаналушыға бөлініп, бірін-біріне айдап салған сұрқия саясат әбден асқынған аталмыш «Мәдениет төңкерісі» тұсында, атап айтқанда, 1966-1976 жылдары «Бірге соққы беріп, үшке қарсы тұру, өткенге лағынет айтып, бүгіннің тәттілігін, рақатын айту» деген науқанда елірген тақыр кедейлер комитетінің белсенділері Орманбектің басын айналдырып, Шылбы мен оның ұлдарынан көрген қорлықтарыңды, малай болып қиналғандарыңды жиналыста айтып, «Дерт төгіңдер» деп азғырады. Әзәзілдердің сөзіне иланған сауатсыз, мінезі дойырлау Орекең келесі бір «Дерт төгу» жиналысында белсенділер айт деген сөзді айтып, «кедей, төмен, орта дейтін тақырлар қатарына қосылады.
Сол кезде жасы 70-тен асқан Толқынбек ақсақал ауырып, кеттім-бардым болып жатқан екен, інісінің әлгі дойыр қылығын естіп, қатты назаланған Толқынбек өзіне қарасты жас-кәрісін түгел шақырып былай депті: – Ей, Орманбек, сен құдайды да, аруақты да ұмытқан екенсің. Сен қай бетіңмен Шылбы атамның атына, оның балаларының атына жалалы сөз айттың? Дүңгеннің есігінде малай болып, есек қорада қор болып жатқанда құлдықтан құтқарған қасиетті Шылбы атамның жақсылығын қалай ұмыта қалдың? Қайдағы қорлық, қайдағы дерт сені есіңнен тандырған? Шылбы атамның жорғасын мініп, қазы-қартасын жеп, бұлғақтап жүрген кезіңді қалай ұмыта қалдың, саған бір емес, екі рет (қатыны қайтыс болғанын айтады) қатын алып бергенін қалай ұмыта қалдың? Тіпті есіңнен адасып, баяғыңша жынданып кетпесең, анау нағашы інің Тайып «Ақ өзенге» ағып өлер шағыңда басын бәйгеге тіккендей, сені судан алып шығып, елге жеткізіп, Омар бақсыны тауып, сені емдетпегенде не боларыңды да ұмыта қалдың ба? Сенің басқа иттігің аз болғандай аруаққа шет болып, әзәзілдердің айтағына үргенің қай сасқаның? Мен – Алланың аманатын тапсыруға дайындалып жатырмын. Егер мен көрде күңіреніп жатып, лағынет айтсын демесең, ұрпағымызға кесірің тимесін десең, мұнан былай қасиетті бабама, оның ұрпағына қарсы жаман сөз айтушы болма, қане, осыған не дейсің? Өлер алдында сенің соңғы сөзіңді естіп кетейін, мына бала-шағамыз естіп қалсын, – дегенде ұяты, намысы қысқан дойыр інісі Орманбек қатты толқып, өлім аузында жатқан ағасын құшақтап кешірім сұраған екен.
Құдайға шүкір, Толқынбек жиеннің ұрпақтары нағашысы Шылбы Әлімақұнның ұрпақтарымен тату-тәтті туыс әрі құдандалы болып, бүгінге дейін жұптарын жазбай өмір сүріп отыр. Бұл бүгінгі және болашақ ұрпақтар үшін өнегелі үлгі, тағылым болып жалғаса береріне сенеміз.
Әлімғазы Дәулетхан,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Фото интернеттен алынды.