Жылдар, жылдар өткен сайын ойға сол күндердің қилы да қызықты сәттері орала береді.
1985 жылы Шымкент облыстық партия комитетінде өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі қызметінен Түркістан қаласының бірінші басшысы болып тағайындалған соң өмірге, қоғамға, қоршаған ортаға, халықтың тұрмыс жағдайына деген өзгеше көзқарас пайда болды.
Бұрын негізінен облыстағы, әсіресе бөлімге қарасты өнеркәсіп, көлік саласының басшыларымен тікелей араласып, өзекті мәселелерді талдап, кәсіпорындар мекемелерінің қабылдаған жоспарларын орындау іс- әрекеттеріне көбірек көңіл аударылатын. Жаңа қызметте қаланың әлеуметтік- экономикалық жағдайын көтеруде тек басшылар ғана емес, әрбір тұрғынның көңіл-күйі, тұрмыс жағдайлары, сұранысы мен тілектері бәрінен маңыздырақ екеніне көзім жетті.
Қасиетті Ахмед Иассауи Кесенесінен бастап шешілуі тиіс, қаладағы жұмыссыздықтың жоғары болуы, өнеркәсіп кәсіпорындарының жетіспеушілігі, балалар өлімінің өсуі т.б көптеген қорланған мәселелерді тереңірек зерттеп, іске кірісуге тура келді. Қалың қауыммен жақынырақ араласып, олардың айтарын мұқият тыңдап, жан дүниесін түсініп, жеткізген мәселелері мен тілектерін тыңдауға тура келді. Қызмет барысында күрделенген мәселелерді шешуде өмір тәжірбиелерін бойына сіңірген, жақсы-жаманды айыра білетін қарттардың, өскелең жастар мен қызметтес кісілердің қолдауы көңілге үлкен сенім ұялатты. Күн тәртібіндегі күрделі сұрақтарды шешуде қаланың ақсақалдар алқасының еңбектері ерекше, сөз жоқ, олардың айтары бар. Әр кездесуде олардың ащы да болса, айтқанын күтетінмін және де олардың ой-пікірі үлкен сабақ болатын.
1988 жылы қаланың еңбек, соғыс, қарулы күштер Кеңесінің төрағасы болып Әлім Мұхамеджанұлы Мұхамеджанов ақсақал сайланды.
Ол кісінің өмірбаяны алтын әріппен жазылғандай: 1937 жылы заманына сәйкес комсомолдық жолдамамен Ресейдің қазіргі Энгельс қаласындағы Вольск соғыс ұшқыштары училищесіне оқуға түсіп, оны бітірген соң, 58- авиациялық бомбалау паркі құрамында 1939 жылдың аяғында және 1940 жылдың басында Карелия мойнағындағы плацдармды финдер әскерінен босату соғысына қатысқан.
Ұлы Отан соғысының бірінші күндерінен бастап, полк Ленинград қаласын қорғайды. Блокада аяқталған соң Ленинград, Солтүстік-батыс, Үшінші Беларусь майдандарында болып, Белоруссия, Эстония, Латвия, Литва елдерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысқан. Осы соғыстарда көрсеткен ерлігі, батырлығы және қаһармандығы үшін, гвардияшы Мұхамеджан ағамыз екі I, II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» және үш «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», ал 1957 жылы «Ленинградтың 250 жылдығына ескерткіш» атты медальдарымен наградталған.
Соғыс аяқталған соң да он бес жыл КСРО әскері қатарында полк және дивизия командирінің саяси бөлім бойынша орынбасары болып қызмет істеген.
Қилы кезеңнің өкілі бола тұра, ағамыз бойынан елге, адамға деген жанашырлықпен бәрімізге ортақ құндылықтарға баса назар аударып, халқымыздың салт-дәстүрлерін, мәдени мұраларын жалғастыруды жақтайтын.
Бір ғана мысал, 1991 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Сиқыр Сөз» атты кітабым жарық көргеннен кейін (оқырмандардың көңілінен шыққан болуы керек) Жазушылар одағының Якутияда өткен онкүндігіне қатысып, үйге келегенімде, университет бітірген тұңғыш қызымызға құдалар келе жатқанын жеткізді. Дегендей, жуынып-шайынғанша, ол кісілер де келді.
Құшақ жая қарсы алған құдалар, елімізге белгілі танымал тарих ғылымының докторы, ұлттық техникалық университетінің профессоры Ахмет Ержанов, Республиканың Жоғарғы Кеңесінің депутаты, академик Шахмардан Есенов болып шықты. Менімен бірге қасымда болған ағайым маған «құдаларды осылай қарсы ала ма екен» деп күңкілін білдіріп жатты.
Қалай дегенде де дастарқан басында ашық жүзбен құдалық ишаратын ризашылықпен атап өттік. Жақсы хабар жата ма? «Ел құлағы елу» деген біздің шешіміміз елге таралған сияқты. Көп ұзамай, қалалық халық депутаттары Кеңесінің кезекті мәжілісінің отырысында кәсіптік-техникалық училищенің директоры сөйлеген сөзінде «қиыншылықтар бастан асып жатқанда кейбіреулер қызына той жасамақшы» деп екпіндетті.
Оның нені меңзегенін түсінсем де, бірақ мән бермеген сыңай таныттым.
Ертеңіне ардагерлер алқасын шақырып, алқа төрағасы Әлім ағаға (ол кісі қалалық халық кеңестің депутаты болатын) кеше мәжілісте училище директорының сөзіне көңіл аудардыңыз ба дегенімде, ол байсалды қалпымен «көңілден шығатын өзекті мәселе көтерген жоқ сияқты» деді. Мен ақсақалдардың зейініне директордың өркөкіректік екпінмен айтқан сөзін жеткізіп және әңгіме менің жеке басыма қатысты екенін, өйткені жақында құдалар келіп қызымды айттырғанын жеткіздім. Мына сөздерден кейін қызымды ұзату рәсімін отбасылық ретінде ғана жасау керек щығар дегенімде, Әлім аға «қарағым, халқымыздың салт-дәстүрі бойынша қыз баланы ұзатуда бір ғана отбасылық емес, ағайын-тумалардың батасы беріледі, ақ-тілектері айтылады. Мұндайда арнайы той жасау ата-ананың борышы, сондықтан да той өткізу абзал» деді.
Мен, ертеңгі күні бұл шараны сіздер сияқты түсініп жатпай, үстімнен арыз түсіріп, адал ниетімізді қор қылмай ма дегеніме, ақсақалдар бірауыздан той дәстүрге сай өтсін деген тілекпен талап қойды.
Ақсақалдар талабы менің жүрегіме жылылық ұялатып, көңіліме демеу болды. Ауламызда жеміс ағаштары болатын. Үйіміздің оң жағында құрылыс мекемесінің биік қорғанына қатар егілген жүзім жемістері пісіп тұрған (Ол кезде август айы болатын). Жүзімнің қатары мен дуалдың арасы біраз жер болғандықтан, адамдарды шақырып, жүзімнің сабақтарын қорған жағына ауыстырғанда жабық алаң пайда болды. Әсіресе желбіреген жүзім жемістері ерекше көз тартады. Көрші-қолаңнан, үйдегі кілемдерді дуал жағына іліп төр жағына жастарға арналған орын әшекейленген соң той залы көңілден шықты.
Той күні ауылға кіреберіс жерде жеміс ағаштарының арасына киіз үй орналастырып, қызметтес және сыйластықтағы кісілер күндізгі сағат бірге шақырылып, жастарға олардың баталарын алдық. Кешке жүзімнің астындағы қолдан түзген кішігірім залда қызымызды шығарып салу салтын өткіздік.
Елімізге белгілі ақындар Жәнібек Кәрменов пен Қасымхан Бегманов жүргізген сол бір кеш әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді…
Түркістанда алғашқы күннен бастап қызметтес кісілерді танып білу, олардың білімі, іскерлігі, қызметке сәйкес жауапкершілігі сияқты маңызды қасиеттерін зерделеу көңілге демеу болды. Олардың уақытпен санаспай, ертелі-кеш өз жұмыстарын адалдықпен атқаратынына көзім жетті. Қызметкерге үйрету де, олардан көп нәрсені үйрену де болды.
Қалалық партия комитетінің идеология бөлімінің саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі Ахметжан Әлімұлы Мұхамеджановтың, Самарқан мемлекеттік университетінің түлегі, өз қызметінің қыр-сырын түсініп, іс- жоспарларын аса жауапкершілікпен орындайтындығы көзге түсті. Оның бойынан іскерлігіне шешендігі де сәйкес келетін, білімге де білуге де ынтасы зор еді.
Өз міндетін ізгілікті орындаумен қатар «Тайқазан» Халықаралық Ассоциацияның Президенті, қалалық депутаттар Кеңесінің мүшесі жұмыстарын атқарды.
Осынау игі қасиеттері ескеріліп, ал Шымкент облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне жауапты қызметке жоғарылатылды.
1993 жылы елдегі саяси жағдайлардың өзгере бастағанына байланысты, қаладағы «Алтын дән» акционерлік қоғамының вице-президенті қызметіне ауысып, 1994 жылы Ақтөбе қаласындағы Алматы теміржол инженерлері институты филиалының директоры болып тағайындалып, онда он үш жыл еңбек етуге тура келді. Бірде Ахметжан телефонмен қоңырау шалып, Мәскеу-Алматы пойызымен келе жатқанын хабарлады. Тездетіп вокзалға келіп, құшақ жая қарсы алдым. «Ал енді үйге жүрейік» дегенімде, жұмыстар көп, тек сізді көргім келді» деп қайта құшақтасты. Ол Ресей Федерация Үкіметі жанындағы Санкт-Петербург мемлекеттік қызметі институтын бітіріп, басқару менеджері мамандығына ие болғанын, Халықаралық психология ғылымы Академиясының магистратурасын және АҚШ-тың Тынық мұхит жағалауындағы университетінің докторантурасын бітіріп, әкімшілік іскерлігі бойынша философия докторы, сондай-ақ XПFA-ның мүшесі (академигі) екенін жеткізгенде, төбем көкке жеткендей болып, қуанышта шек жоқ, «қалсайшы» дегеніме, енді білдіңіз ғой уақытымның жоқтығын, айып етпеңіз деп қозғалған пойыздың вагонына жүгіре жөнелді. Жүйрік пойыз көзден таса болғанша, қозғала алмай ұзақ тұрдым…
Жылдар жылжып, Ақтөбе қаласынан Алматыдағы Қазақтың көлік және коммуникациялар академиясына профессор қызметіне ауысқан соң Шымкентке іссапармен барғанымда, Ахметжан Әлімұлының дүниеден өткені туралы қайғылы хабарды естідім. Тездетіп үйіне жетіп Роза келінге қайғысына ортақтасып көңіл айтқанымда, құлағым бітеліп көпке дейін есімді жия алмадым. Қайран Ахметжан! Бойындағы зеректілікпен қоғамдық жұмыстарды ыждағаттықпен атқара жүріп, ғылым жолында үлкен жетістіктерге жеткенімен, бергенінен берері көп кезде өмірден өткені қандай ауыр… «Өлді деуге бола ма, артында із қалдырған» деген даналық сөз ғана көңіліме демеу болды.
Нұридін Балқияұлы,
«ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», А.Иассауи атындағы қазақ-түрік халықаралық және Ақтөбе аймақаралық мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры», Түркістан қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы
Фото интернеттен алынды.