Мектеп оқушылары үшін ең ерекше уақыт – жаз айлары. Жыл бойы сабақ барысында берілетін демалыс күндері, жаз кезіндегідей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі болып саналады.
Жаз мезгіліндегі бұл уақыт балалардың негізгі сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өзінің қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді.
Биыл Елордалық оқушылар үшін екі бағыт бойынша демалыс ұйымдастырылды: сауықтыру және жұмыспен қамту. Бұл туралы ведомство басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева ӨКҚ брифингінде мәлімдеді.
«2024 жылдың жазғы кезеңінде жазғы демалыстың барлық түрімен 206 468 оқушы немесе 1-10-сынып оқушыларының жалпы санының 96 %-ы қамтылатын болады. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру екі бағыт бойынша жүргізіледі – сауықтыру және жұмыспен қамту», – деді Маржангүл Қайырбаева.
Балаларды сауықтыру үшін қаланың білім беру ұйымдарының базасында: 97 мектеп жанындағы лагерь; оқушылардың мүдделері бойынша 75 бейіндік лагерь; балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығының аумағында орналасқан «Батыр» шатырлы лагерінде үш маусым бойы 150 бала қамтылады; №43 қосымша білім беру мектеп-орталығында «Ақ желкен» спорт лагері жұмыс істейтін болады, 3 маусымнан 23 тамызға дейін 720 бала қамтылады.
Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін лагерьлер жалпыға бірдей міндетті білім беру қорының қаражаты есебінен тегін беріледі. Осылайша 7 326 бала демала алады.
Сондай-ақ жақын және алыс шетелдерге туристік сапарлар кезінде 45 820 баланы қамтитын ата-аналар есебінен демалыс ұйымдастыру.
Ал 5-9-сынып оқушылары «Бөбек», 1-4-сынып оқушылары «Балдәурен – Щучинск», «Балдәурен – Қапшағай», «Балдәурен – Балқаш» республикалық сауықтыру лагерьлерінде денсаулығын нығайта алады. Министрліктің квоталарына сәйкес, осындай лагерьлерде аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 458 бала жаз бойы демалады.
Жазда балалар уақытын бос өткізбеуі үшін төрт бағыт қарастырылған:
– Жұмыспен қамту – 43 417 баланы қамтитын 116 іс-шаралар өткізу жоспарланған («Жасыл ел» көгалдандыру бригадаларында, әлеуметтік қорғау жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру, студенттердің еңбек жасағы, көгалдандыру бригадалары, мектеп орманшылықтары, өндірістік кәсіпорында жұмыс істеу, жазғы кезеңге арналған шарт бойынша науқандар, жөндеу-құрылыс бригадалары, ата-аналармен жұмыс (отбасылық іс).
– Шығармашылық жұмыспен қамту – 99 360 баланы қамти отырып, 300-ден астам іс-шаралар өткізіледі (әр түрлі мекемелердің жанындағы қызығушылықтар бойынша клубтар мен үйірмелер, аула клубтары);
– Спорттық-туристік жұмыспен қамту – 3 330 баланы қамтитын 483 іс-шаралар өткізіледі (үш күндік жорықтар, экскурсиялар, облыс және республика бойынша туристік танысу сапарлары, көшпелі спорттық жиындар);
– Зияткерлік жұмыспен қамту – балаларды қамтитын 11 іс-шара 4 848 (олимпиадалық резервтің жазғы мектептері, көшбасшылар активінің жазғы мектептері, «Жас ұлан», «Жас қыран» мүшелерінің жазғы тілдік мектептері, пікірсайыс жасақтары).
Бұдан басқа, Білім басқармасы жазғы демалысты ұйымдастыруға тартылған барлық мемлекеттік құрылымдардың ішінен қалалық ведомствоаралық штаб құрды, қалалық іс-шаралар жоспары бекітілді. 15-20 мамыр аралығында штаб мүшелері, басқарма қызметкерлері мектеп жанындағы лагерьлердің оқушылардың жазғы демалысының басталуына дайындығын алдын ала тексере бастады. Ұйымдастырылып отырған бағыттар оқушылар үшін қауіпсіз және олардың дамуына ешқандай кедергі келтірмейді.
Қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану – өткір міндеттердің бірі. Сондықтан мұнда қосымша білім беру мекемелерінің рөлі зор. Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану арқылы оқушылардың тұлғалық өсуі мен өзіндік жетілуіне жаңа мүмкіндіктер береді.
Шағын жобаларды сәтті іске асырудың басты шарты – шығармашылық қадам, еңбекқорлық, экологиялық-биологиялық орталықтар әдіскерлерінің, бөлім меңгерушілерінің және қосымша білім беру педагогтерінің тығыз қарым-қатынасының нәтижесі.
Болашақ Қазақстанның жолы – жас ұрпақпен тікелей байланысты. Бүгінгі күні жастар өзінің әлеуетін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болуда. Қоғамның стратегиялық қорларының дамуының маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік жастар саясаты жобасы. Жоба бойынша толығырақ Жастар саясаты мәселелері басқармасының баспасөз хатшысы Мансұрова Әнел Әділқызымен сұхбаттасқан едік:
– Астана қаласындағы Жастар саясатын насихаттау қандай дәрежеде жүргізілуде?
– Алдымен шағын статистиканы келтірейік: Астана қаласында 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 455 мыңнан асады. Бұл қала халқының шамамен 32 %-ы.
Елордада 15 жоғары оқу орны және 33 орта арнаулы оқу орындары бар. Онда 115 мың студент оқиды. Олардың ішінде: ЖОО студенттері – 79 мың адам, колледж студенттері – 36,2 мың адам.
Жалпы, мемлекеттік жастар саясаты саласы көпбағытты шара: жұмыссыз жастармен жұмыс, тұрғын үймен қамту, бос уақытты тиімді пайдалану, шығармашыл жастарды қолдау және басқа да салаларды қамтиды.
Мысал үшін, қашан да өзекті мәселе – тұрғын үй.
Бұл бағытта тек жастарға арналған 2 бағдарлама жұмыс істейді:
1) Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында 2019 жылдан бері 3220 пәтер берілді.
2) «Elorda zhastary» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында 400 несие берілді.
Одан бөлек, шығармашыл жастарға «Үздік жас қаламгер» байқауы, «Жастар жалыны», «Jana beles», «Volunteer fest», «Jastar fest» сияқты түрлі фестивальдар ұйымдастырылады.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған Аула клубтары жұмыс істейді. Қала бойынша 18 аула клубында шамамен 3500 жастар тәрбиеленеді. Үйірмелер мен секциялардың саны – 130. Оның ішінде 74 спорт секциясы, 56 шығармашылық үйірмелер бар: түрлі би үйірмелері, сурет салу, қолөнер, вокал және т.б.
Балалар қала, республика, халықаралық деңгейлерде өнер көрсетіп, байқауларға қатысады, жүлделі орындарға ие болады.
Сонымен қатар, 30 мамырда «Жасыл ел» жобасының ашылуы өтеді. Бағдарламаға 14-35 жас аралығындағы мектеп оқушылары, студенттер мен жұмыссыз жастар қатыса алады. Биыл 4200 жасты қамту көзделген.
Оған қоса, жас отбасыларға да арналған іс-шаралар бар. Қазіргі таңда «Отбасы – бақыт мекені» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында жас отбасыларға арналған тренингтер, түрлі қыш-құмыра жасау, аспаздық, сурет салудан шеберлік сабақтары, «Көңілді старт» отбасылық эстафетасы, «Үздік жас отбасы» байқауы өткізіледі.
– Еріктілікпен және қайырымдылықпен айналысатын еріктілердің қазіргі таңдағы саны қанша? Жастарды қайырымдылық саласына ынталандыру, қайырымдылық қызметтің ашықтығы туралы.
– Жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты «Астана жастары» Жастар қоры орталығы бар. 2014 жылдан бері орталық еріктілік қызметті насихаттаумен, оларды оқытумен, еріктілік ұйымдар мен қозғалыстарға әкімшілік, қор арқылы қолдау көрсетумен айналысады.
2020 жылы «Астана жастары» базасында Қалалық Еріктілер штабы құрылды. Қазіргі таңда штабта 6000-нан астам белсенді еріктілер бар.
Еріктілер «Ардагерлерді ардақтайық», «Қамқорлық мекен-жайлары», «Қауіпсіз қала», «Таза әлем» және басқа да көптеген қайырымдылық шараларына қатысады.
Оған қоса, еріктілер қалалық және халықаралық іс-шараларға да тартылады: форумдар, концерттер, спорттық және басқа да бағыттағы шараларда гид, аудармашы, ұйымдастырушы, үйлестіруші, тимлидер, имидж топ, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс, антидопингтік бақылауда, адамдардың ағымын бақылау, хостес, фото бейнеге түсіру, ақпарат беру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аниматор ретінде, қонақтарды күту, нұсқаушы және басқа да тұрғыда қызмет атқарады.
Жақында еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алған су тасқыны кезінде де бірқатар жұмыстар атқарылды. 29 наурыз – 10 мамыр аралығында Астана қаласы аясында мемлекеттік мекемелердің, әлеуметтік қоймалардың, кәсіпкерлердің, мемлекеттік емес ұйымдардың, жеке тұлғалардың және еріктілердің күшімен жалпы 1 160.5 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Қалалық еріктілік штабының үйлестіруіменен гуманитарлық көмек қабылдаумен 10 қосын (әлеуметтік қоймалар) айналысады.
Еріктілік, қайырымдылық шаралары көбінесе ақысыз болғандықтан, жастардың бұл істерге саналы түрде қарауы қуантады.
Қоғамдық құндылық ретінде еріктілікті жүйелі дамыту мен қолдау және адам қорларын дамыту саласындағы білім мен технологиялардың бірегей жүйесі қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуде жастардың белсенді қатысуы үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерді шешудің пәрменді және тиімді құралдарының бірі болып табылады.
Жас талантты қазақстандықтарды қолдау аясында мемлекеттік қызметте де жекелеген жұмыстар жүргізуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін 2019 жылы өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткен болатын.
Президенттік жастар кадрлық резерві – еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба.
Мемлекет басшысы дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға қойды. Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Мәселен, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралады.
Бұл ретте Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт емес. Резервте тұрған тұлғалар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.
Соңғы 5 жылда 3 рет өткізілген кадрлық резервінің іріктеуіне он мыңдаған талапты жас маман өз бағын сынап, қатысқан болатын. Дәл қазіргі сәтте резервте 400-ге жуық жас маман тізімді құрап отыр. Резервке енген күннен бастап 3 жыл тізімде болып, оларға осы жылдар ішінде мемлекеттік немесе квазимемлекеттік сектордан түрлі басқарушылық лауазымдар ұсынылып отырады. Оның ішінде, мемлекеттік саяси лауазымдар, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдары, «Б» корпусының А санатының немесе басқа да басшылық лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
2023 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айлары арасында өткен кадр резервіне іріктеу мемлекеттік аппараттың сұранысына сай 6 негізгі салалық сектор бойынша жүргізілді, олар:
1) Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
2) Агроөнеркәсіп кешені және қоршаған ортаны қорғау;
3) Сыртқы саясат және инвестициялар;
4) Экономикалық және қаржылық саясат;
5) Цифрландыру;
6) Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
Негізінен, Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеудің қатысушысы болуға мынадай негізгі талаптар бар: өтініш берушінің жасы 35-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматы болуы, жоғары білімінің болуы, қазақ тілін білу туралы кемінде В1 деңгейінде сертификаты болуы және 5 жылдан кем емес жұмыс өтілінің болуы.
Президенттік жастар кадрлық резерві – бүгінгі жастардың сапалық көрсеткіші ғана емес, Қазақстанның болашағына, оның тұрақты дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ететін инвестиция. Президенттік жастар кадрлық резервінің жетістігі тек сандық тұрғыдан ғана бағаланбайды, сонымен қатар қатысушылардың кейінгі ел дамуына қосқан үлесі арқылы сапалық тұрғыдан бағаланатынын айта кеткен жөн.
Нұрай Жылқыбай, Тұран университеті, 3-курс