«Кеңестің түбі – Нараду,
Нәлет біздің жүріске»
Махамбет Өтемісұлы Мәлі немересі
Атыраудың Желтау өңірінде ХІХ ғасырда өмір сүрген күйші Абылдың «Нараду (Нарату)» атты күйі бар.
Үндінің сопылық (Шива) дініндегі есептеу өнерінен білім беретін әрі ғаламнан-ғаламға (жұлдыздан-жұлдызға) қаңғырып, еркіндікке шығуды үйрететін данышпан Нарада деп аталады. Ол 7 үлкен данышпанның бірі. Ол рухани әлемдегі жұлдыздарға қылыруды үйрете алатын қиялдық күшке ие. Жаһан шахтың Тәж-Махалды салуына себепкер болған аяулы жары Мунтазды біздің қазақ арасында тазалығы ерекше жанды Мұнтаздай деп суреттеуіне себепкер болғанындай, Нарада атауы да біздің арамызда жерсіндіріліп, Нараду сөзі болып кірді. Яғни, Нараду сөзі біздің ұғымға ел кезген диуананың пірі ретінде сипатталған.
«Кеңестің түбі – Нараду, Нәлет біздің жүріске» деп Махамбет жиын, кеңестерінің түбі тағы да қаңғырған көп жүріске ұласқанын, жорықты өмірлерінің бейбіт нәтиже әкелмегеніне, ойдағыларын орындата алмағанына наразы болып, осы сөзді айтып отыр. Бүгінгі мәнімен осы екі жыр жолын қайта берсек, «Кеңестің түбі – қаңғыру, Нәлет біздің жүріске» болып шығады. Қызылқұмдағы Нұрата тауының атауының мәні де сопылыққа талпынып, мехнат шеккен, диуаналыққа өзін арнаған діндарлардың бір кезеңдегі ұяшығы ретінде қалыптасқан атау дей аламыз. Нұрата, Нараду, Нарату, Нараданың бәрінің мәні бір. Сол Нұратада алшындардың жиындарының нүктесі орналасты. Ол жерде Айтық (Әйтеке) би Алшынға төбе би болып, дау-дамайдың бел ортасында жүрген.
Мүбарак Көкбөрі, ақын
Фото интернеттен алынды.