Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Нәсіпқаным Қамалқызы:
«Тас лақтырып, жаманаттан құтылады, шашу шашып, жақсылықтың жолын ашады»
Нәсіпқаным Камалқызы Камалова – 1946 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын балабақшада тәрбиеші болудан бастаған. Кейіннен БҚО, Жәнібек аудандық радиоторабының дикторы қызметін атқарады, аудандық «Октябрь туы» газетінде корректор болады. 1973 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін, Мәскеу мемлекеттік мәдениет институтын үздік тәмамдап, үш жыл аспирантурада оқып, 1983 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. 1986 жылы доцент, 2010 жылы профессор атағын алады. Жалпы педагогикалық-шығармашылық еңбек өтілі 40 жыл, соның ішінде 18 жыл «Мәдени-тынығу жұмысы» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Білім және ғылым министрлігі жанындағы мамандық бойынша республикалық оқу-әдістемелік кеңестің мүшесі, республикалық «Білім технологиялары» журналы редакциясының алқа мүшесі ретінде мәдениет саласы үшін мамандар даярлау мәселелерін көтеріп келеді. «Қазақтың мәнін жоймас құндылығы» атты монографияның, «Мәдени-тынығу жұмысының ұлттық дәстүрлері» оқулығының, оқу құралдарының, қазақ дәстүрлі мәдениетіне қатысты жазылған мақалалардың авторы.
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.
***
– Нәсіпқаным ханым, өзіңіз де жақсы білесіз, қазақта «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп» деген сөз бар. Демек, тар мағынада алғанда ағайынды екі адамның әйелдері бір-біріне абысын болады. Олар да бір-бірін қонаққа шақырып, абысын асын береді, күтеді. Әуелі ақсарыбас қой сойып, «абысын асы» деген атпен ауыл әйелдерін де шақырып, бірге қонақ етеді, думанды, көңілді отырып тарасады. Қазіргі таңда «абысын асы» бар ма? Келін, абысын-ажын өткізетін салтқа тоқталып өтіңізші?
– Қазақ дүниетанымындағы ең күрделі мұрат – бұл үйлесімділік табу: табиғат пен адам, қоршаған ортасымен – әр адам, отбасы мүшелері арасындағы татулық пен сыйластықты орнықтыру арқылы орнын айқындап, әр адам өмірдегі мұратына жете алады. Абайдың даналығы бойынша, «толық адам» бола алады. Отбасындағы үйлесімділікпен қатар, қазақта ағайындар арасындағы татулыққа да үлкен мән берілген. Еуропалық өмір ұстанымы бойынша әр адам «мен» деп, жеке басының ғана қамын қарастырумен ғұмыр кешсе, қазаққа «біз» дегеннен ажырау, ортадан шығып қалу, шеттелу, қу бас адамның тауқыметін көру болып саналады. Сондықтан намысты болу, адал болу, барлық адами нормаларды сақтау тек жеке бастың қажеттілігі емес, туысқандарыңның, ауыл-аймақтың алдында ірілі-кішілі ұятқа қалмау, басқалар алдындағы адамгершілік парыз.
Татулық пен ортаның үйлесімділігіне жауапты – отбасының үлкендері. Үйлесімділіктің сыртқы көріністерін – шаруашылықты, жан-жақты қарым-қатынас нормаларын сақтап орнатушы – азаматтар. Ал ағайындар арасындағы үйлесімділікке жауапты – әйел заты. Ол татулықтың көрінісі абысындар арасындағы сыйластық. Жас келіннің алғашқы қадамынан бастап қолтығынан демеп, беташар кезінде қасынан табылатын абысындар. Ене тарапынан күрделі мәселелер үйретіліп, қадағаланып отырса, жақын абысындары қарым-қатынастық тәртіптерді айтып, үйретіп отырған. Келінге келген ортасының қалауын, ұнамды-ұнамсызын, жағымды-жағымсызын жас келін мұқият жадына сақтау арқылы үлкендердің қалыптастырған үй тәртібін айттырмай-ақ, орындау арқылы тәрбиелілігін көрсете білген.
– Қалалық жердегі отбасылық қарым-қатынастар мен ауылдық отбасылық салттар қазіргі жағдайда үлкен айырмашалық бар ғой.
– Қаланың жас келіні бүгінгі күні қайнағалары мен қайныларының отбасымен жиі көрісе бермейді. Тек үлкен жиын-тойларда бас қосқанда ғана сәлем салып, ізет көрсеткенін байқауға болады. Шағын ауылдағы келіндер үлкендерге сәлем салудан бәрі бірдей болмаса да жаңылған жоқ. Әлі күнге дейін басындағы орамалы мен сәлемінен айнымағанына қуана қарайсың. Ондай ізеттіліктерді көргенде жаның жылып, олардың ата-анасы мен ата-енесіне жекелеп алғысыңды айтқың келіп отырады.
Абысындардың татулығын білдіретін одан да ірілеу ауыл салты – бұл абысындардың бәрі бір адамдай, айттырмай-ақ ағайындардың басқосу жиындарын атқаруға атсалысу. Қаладағыдай кафе, тойханаларда емес, ауылда дастарқан жүз, жүзден астам адамға жайылса да, барлық қызметті атқаратын дастарқан иесінің інілері мен келіндері. Олардың көмекшілері – ер жеткен інілері мен бойжеткен қарындастары.
– Мұндай кезде татаулық та, бауырмалдық та көрінеді дейсіз ғой?
– Көп ағайынды болудың артықшылығы тек санымен емес, бірлесіп атқарған тойлары мен имандылық шараларынан да көрінеді. Олар отбасыларымен бірлесіп, отбасылық демалыстарын да ұйымдастырады. Еліміздің теңдесі жоқ табиғат кереметтері мен басқа өлкелердегі айтулы сұлулықтарды көру, облысымыздағы демалыс орындарында, табиғат аясында демалу – тағы да ұрпағымен ұласқан сәнді үйлесімділік куәсі. Тұтас елі мен туған жерінің тамашаларын танып, қастерлеуге баулу – елжандылық сезімді оятуға үлкен көңіл бөлінеді.
Айтып отырған отбасы үшін игілікті шараларды Сайрам ауданының Қарасу ауылының тұрғындары, ынтымақ басты құндылық деп танығандар – Садық Қуатбеков қария мен Қалмұхамет Тұманбаевтардың отбасынан көрдім. Үш ұрпақтың басы қосылатын шуақты шаңырақтағы абысындардың осындай ортада басқа мінез-құлық пен ой-сана байқатуына еш себеп жоқ. Абысындардың ықыласты да, үйлесімді тірлігі қонақ күткенде «бізді танып алыңыз, татулығымызды көріңіз» дегендей, бірегей орамал тартып, күлімсіреп қызмет етуінен-ақ көрініс тауып, тойы мен құранды дастарқанында қызмет көрсетеді.
– Керемет.
– Шымкенттіктер қай жерге барып қызмет жасаса да, зейнеттік шағы жақындағанда туған топырағына оралып, елімен қауышады. Ұрпағының шаңырағынан алыстамау, ата қонысын тастамау, қарияларын бағусыз қалдырмау қасиеттерді ой-санаға терең сіңіру – тәрбие тірегінде. Келін басқа бір елдің қызы ғана емес, өзінің ұрпақ сабақтастығы тамырын терең де кең жайған шаңырағының шуағы деп түсіне білген, сондай сезім қалыптастыра білген ата-енелер аймағымыздың барлық мекендерінде де баршылық.
Осындай отбасында бақытын тауып отырған абысындардың ресми жұмысы мен ағайынға қызмет көрсету арасында өзара кездесулері де болып тұрады. Жергілікті әдет бойынша ол отырыстар тек «абысын асы» емес, «сырласу», «гәп» деп те аталып жүр. Ертедегідей ата-енелері қыдырып кеткендегі, «ақсарыбас» етін асып, «бөрек» пісіріп, дастарқан жаймаса да, бүгінгі тағамдардан мәзір құрып, бірігіп туған күндерді, қуанышты жағдайларды атап өтетіндер бар.
– Бұл дәстүрдің жаңғыруы ма сонда…
– Қала десек те, мәні, мағынасы сол. Бала тәрбиесі, оқуы, өздері киетін киім мен шаш өңдеу сияқты мәселелер де сол жиындарда шешіледі. Бұл жиынның тағы бір тамашасы – болашақ келін мен күйеу балалардың өз орталарына лайықты болу-болмауын да әңгімелеп, жеңгетайлық сырымен бөлісу де бүгінгі күннің өте маңызды мақсаты сияқты. Мен тек оңтайлы жақтарын айтып отырғаным. Келеңсіздері әр жерде де баршылық қой. Бірақ, отбасын құруда құлақ саларлық пікірі бар жеңге мен айтқанды тыңдап қана қоймай, ести алатын құлағы мен жүрегі бар қыз бен жігіттер де текті де, көргенді болып, мақтаулы жеңгенің дегеніне иланатындай
болса ғой.
– Қазір сүйінші мен байғазының, көрімдіктің ара жігін ажырата алмайтындар жетерлік. Осылардың жеке-жеке атқарар қызметін ашып айтып беріңізші?
Айтып отырғаныңыз өте орынды. Тек бұл емес, қазақ салтының көптеген рәсімдік әрекеттерінің де ара жігі ажыратылмай бара жатқан сияқты. Артық қыламыз деп, «тыртық» қылып, әйтеуір бір жақсы ниет деп бесікке салу мен тұсау кесу сияқты салттарда бата-тілектер де, ырым-жоралғылар да алмасып атқарылып жатады. Олардың әрқайсысының айтылар сөзі мен орындалатын рәсімдік әрекетінің өзіндік түп тамыры бары, олар бабаларымыздың өмір танымына сәйкес атқарылып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп, ұлт құндылығы – дәріптейтін, өмір реттілігін орнататын амалдар екеніне мән берілмей жатыр. «Тәрбиеге, танымға негізделмеген білім пайдасынан гөрі, зиянын келтіреді» деген әл-Фарабидің ұлағатына сай келмей қалып жатқан жерлеріміз соңғы оншақты жылдар ішінде орын алып келеді.
Қойылып отырған сұраққа келер болсақ, сүйінші – қуанышты уақиға туралы хабар айтқанның еншісіне, байғазы сұрап отырған адамның жаңа киімі, бұйымы, затына назар аударып қуанышын бөлісуді сұранғанның еншісіне, ал көрімдік жаңа туған нәрестені көрсетіп, жас келінді көремін дегендердің беретін сый-сияпаты. Яғни, жақсы жаңалықты бөлісу, ниеттестік білдіру сияпаттары. Сүйінші, байғазы, көрімдік сұрау кішілердің үлкендерге арқа сүйеуі, еркелік байқатып, елеулі болу мүмкіндігіне ие болу кезі. Ал үлкендер үшін де бұл сәт кішілер алдында көңілдерін қалдырмай, көңіл жомарттығы мен қол жомарттығын байқатып, абыройлы болу мүмкіндігі.
– Қазір кез келген мерекеде шашу шашу үрдісі атқарылады. Солтүстік құрт, ірімшік шашса, оңтүстікте кәмпит, тәттілер шашады. Кейбір өңірлердің тіпті, тәтті тоқаш шашқанын да көріп жүрміз. Осы дұрыс па? Жалпы шашуды не үшін шашады?
– Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде ниеттестік, жамандықтың алдын алу және болдырмау мақсаттары көзделген. Құрсақ шашудан бастап, жер бесігіне енгенше әр пенденің адами құндылықтардан ажырамай, өмір жолын елеусіз қалдырмаған. Ұрпағының амандығын тілемейтін отбасы жоқ. Бабаларымыздың ұрпақ амандығына аса назар аудару себебі табиғат апатына қоса, қазақтың жер байлығы мен мал байлығына қызығушылардың шабуылдарынан талай отбасы қырғынға ұшыраған. Дала даналары ұрпағының амандығын тілеу барысында ырым-жоралғы, тыйым, салт-дәстүрлер қалыптастырып, жеке тұлғаның сыйластық қарым-қатынасын қалыптастыру, өз ортасынан үйлесімді орын табу, өз отбасында ғана емес, ағайын, таныс, ел ішінде алар орнын белгілеп, адами қалыптан ауытқымауы үшін оның әр әлеуметтік сатысына назар аударып, әр кезеңге лайықтап рәсімдерін атқарып, оларды ниет қосып, тілек айту, рәсімдеу амалдарын жасап отырған.
Сол тілектердің орындалуына арналып, қуанышқа жиналған адамдарға, қуаныш иелеріне шашу шашылған. Шашу – қазақ тойларындағы рәсімдік әрекеттердің маңызды нышандық құралы. Неге? Бабалардың дүниетанымы бойынша, әр адамның несібе қоры өзімен бірге жаратылады деген түсінік бар. Әр жақсылық сол қордан алынып, адамға «бұйыртылады». Сондықтан қор үзілмес үшін, жақсылық, қуаныш сәттердің жалғасын тауыспас үшін, шашу арқылы «толықтырып» тұру керек деп түсіндіріледі. Шашу – Жаратушыға ризашылық білдіріп, несібе қорын толықтыруды сұрау болып есептеледі. Сондықтан шашу адамның қолындағы бар нәрлісі мен тәттісінен жинақталады. Шашу құрамы әр түрлі болудың себебі де сол болар. Әр елдің өзінің табиғатына, құндылық қорына сай рәсімдік бұйымдар таңдалуы заңдылық. Батыс Қазақстанда бесікті күкіртпен, Оңтүстікте – адыраспанмен, Талдықорғанда – аршамен аластауы да сол табиғи ерекшелікті ескеру белгісі.
Ал шашуға тәтті тоқаш қолданады дегенді естіген жоқ едім. Тоқаш болса, ол ұннан пісірілген ғой. Нанды неге шашады? Ол мұсылман түгіл, басқалардың мәдениетінде де болуы мүмкін емес белгі. Шамасы бір білместік болған шығар?
Ендігі мәселе шашушы шашу амалына байланысты. Бірнеше рет шашуды шашу амалын білмейтін адамдарды кезіктірдім. Тас лақтырып жаманаттан құтылу мен шашу шашып жақсылықтың жолын ашу амалының ажырату білместігі бар екен.
Шашу ұстаған қолдың алақанын жерге қаратып лақтыру – қайтару, құтылу ишараты, ал уыстағы шашуды жоғарылатып барып кейіпкерге, жалпы адамдарға шашу – қуанышпен қарсы алу, жақсылықпен бөлісу ишараты. Бар жақсылық иесі аспан әлемін мекендейді, сол Иенің құдіретімен жақсылық көрдік делінгендегісі. Аспаннан келген жақсылық нышаны – шашуды жерде қалдырмай жинап алу – өзіне жақсылық шақыру деп түсіндіріледі. Шымкентте оны біз «жұғысты болсын» деп атаймыз.
Шашу шашудың той өткізу тәжірибесінде қалыптасқан заманауи амалын қалыптастырып келеміз. Келін мен күйеу балаға арналған шашуды әдеттегідей тойшыларға арналған шашуды даяшылар, болмаса биші қыздар жайпақ табақтарға салынған шағын әшекейленген дорбашықтармен шашуды қонақтарға таратады.
Бойжеткен қыздың
ақылшысы – жеңгесі
– Қазақ қыз баланың тәрбиесіне аса ерекше мән берген. Қазір осы қыз баланы қалай тәрбиелеп жүрміз?
– Сұрағыңыз ұлттың басындағы күрделі мәселені қозғап отыр. Бұл тарапта халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған адамның тәрбиесіне қатысты бар тәжірибесі бүгінде күрделі өзгерістерге ұшырап отыр. Оның себебі ғаламдық ақпараттандыру үрдісі де, екіншісі әлемдік мәдени даму жағдаятына байланысты болып отыр. Ұлттық ерекшелігіміздің бірі – қандай да болмасын жаңалықтарды тежеусіз қабыл алып, қарым-қатынастық ашықтығымыз.
– Біз сенгішпіз. Нені де болса тез қабылдағышпыз. Егемендікке жеттік, басқа елдердегі жаңалықтарға қызығушылық байқатып, «Өнерді үйрен де, жирен» дегеннің тек үйрену жағына шектеусіз назар аудара бастадық. Соның салдарынан халқымыздың ең әуелі ел, жер, намыс, абырой деген ұғымдардан аулақ тұрған шетелдік өнерге, ерлер мен әйелдер арасындағы қарым-қатынасты бүркеусіз ашық көрсететін сериалдарды жастар түгілі ересектер де жетістікке балады. Еуропа елдерінің көбі АҚШ-тың рухани қысымына төтеп беріп, олардың арнайы арсыздыққа арандату арқылы өзге елдер халқының санасын жайрату мақсатына тойтарыс беріп, ақпараттық құралдар бағдарламаларына тыйым салып отырған. Ал біздің елде арсыздық, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өмір сүруге бағытталған бағдарламаларға тежеусіз рұқсат беріліп, еркіндіктің белгісі ретінде қабылданды. Сөйттік те, уақыт өткізіп барып, балалар мен жастарды шетелдік теріс пиғылдың арбауына іліктірдік.
Үлкенді дәріптей білу, кішіге қамқор болу, отбасылық сыйластыққа негізделген ынтымақ, абырой, олардан бас тарту үлкен ұят болады деген тәрбиелік «жүген» қолдан кетті. Барлық тәрбие ісі ұят болады мен отбасы, ауыл, ағайын, ру, ұлт абыройы деген бекем ұстанымды әбден босаңдатып алдық. Бұл жағдаят, тәубе делік, тұтас елде, әр отбасында болмаса да кеңінен орын алған көрініс.
Көптеген азаматтар отбасының тұтқасы бола алмай, өз ноқтасын өзі үзіп, бала-шағасынан бас тартып, не жұмысын түземей, не көрсетер өнегесі болмай, әйелдердің соңынан еріп жүр, дау-дамайдан басы қатып, адасып жүр. Әйелдерміздің кейбіреулері «теңдікке» жеттікті алға тартып, отбасындағы жетекшілік міндетті өзіне алды.
– Иә, осы көрініс көбейіп кетті.
– Сөйтті де, қазақта қалыптасқан дала даналығы бойынша, отағасының бас қадірін арттыруға, балаларының әкесіне деген құрметін қалыптастыруға, отбасы тіршілігін ретімен басқаруға қолы тимей қалды. Үй шаруасы түбегейлі қызметшіге тапсырылып, ұрпағының санасына өзгеден басымдық қасиет қалыптасуына ықпал етті. Барлық мақсат бай болу, ешкімнен қалыспай өмір сүру бәсекесінде жеңісті болу. Отбасының қалауы өздеріне қуаныш, өзгеге өнеге болар жұбайлық, ата-аналық, құда-жекжаттық жарасымдылыққа жету. Ондай отбасындағы ұл – болашақ ел азаматы, қыз – қылығымен сүйсіндіріп, ағайындары мақтан тұтатын, бейтаныстар келінім болса деп армандайтын адам болар еді.
– Басты құндылық отбасының бекемдігінде дейсіз ғой.
– Қазіргі кезде жігіттер де, бойжеткендер де жасы келіңкіреп барып, отау құратын болды. Білімді болу, тек сол арқылы өмірде өзіндік орнын табу мұратына жетем деп жүргенде жиырма жастан әлдеқайда асып, отызға жақындағанда отбасын құрмақшы болады. Әсіресе қыздар қиналады. Бірден тұйыққа тіреледі. Өздігінен барып біреумен танысуды жөнсіз көреді, өзі танысуға көбі батылсыздық байқатады. Есейіңкіреп қалған, мінезі қалыптасқан, өзгеріп, бөтен жерге кірігіп кетуі оңай соқпайды деп ойлайды таңдау білдіргендер. Сөйтеді де, жұмысы бар, қызметі қалаулы, өзін-өзі алып жүре алады. Бірақ… өзін ғана күтіп, өзінің ғана мақсатын діттеген бойжеткенге оны түсінетін, қалауымен санасатын жігіт сөз айтпайды. Жігіт табиғатынан жетекші. Ол өзіне құрмет көрсететін, ата-анасын қадірлей білетін, ізет көрсететін қалыңдық іздейді. «Мен» деген қасиеті қалыптасып қалған қыз отбасындағы екінші орынды иеленуге бара алмайды деп жүрексінеді. Екеуінің арасында дәнекер болар, сөйлестіріп келісімге келтірер адам керек.
Міне, жеңгенің орны ойсырап тұр. Жеңге болып, жеңгетайлық жасай алатын, қайны мен қайын сіңлісіне сырлас болар жеңге қазіргі кезде жоқ. Жеңгетайлық институт тамырымен құртылған. Бұл қыз тәрбиесінің ең күрделі мәселесі. Бойжеткен қыздың ақылшысы – жеңгесі.
– Иә, жеңге қызға да, ұлға да керек. Мен де жеңгенің үлкен қамқорлығын көргенмін. Осыдан үш жыл бұрын Ақтолқын жеңгем өмірден қайтқанда, бүкіл әулет ойсырап қалғандай күй кештім. Одан кейінгілердің бәрі бізге келін болып келеді, ал Ақтолқын жеңгемнің орны ерекше еді. Сол кезде жеңгенің рөлі хақында, ол қандай адам болуы керек деген сұрақтарға Ақтолқын жеңешемнің бейнесімен өлең жазған едім. Сонымен қатар, әжелерімнің де тәрбиесі осы күнге дейін жадымда жатталып қалған.
– Иә, тәрбие – әжеден басталады. Ол еркелете отырып, немересіне әдептілік нормалары мен үлкендермен сыйластық табу, абыройлы болу жолдарын құлағына құйып отырады. Жақсы мен жаманның, ұят пен обалдың не екенін ұғындыра алатын да әжесі. Әже мен немересінің жүздесуіне, бірге болып тәрбиесін көруге мүмкіндік туғызатын ата-анасы. Олардың ұлт өкілі етіп қызын тәрбиелеуге көмек беретін, оның жолын білетін әже екенін ескеру керек. Сонда ғана өскенде қыздары ата-анасын сыйлай білетін, келін болғанда ата-ененің қадірін түсінетін болып өседі. Әжесі қасында болмаған жағдайда жоғарыда айтылғандардың бәрін ана өз мойнына алады.
Ал анасы болса, кішкентай жасынан тұрмыстық жағдайдың жай-күйін үйретіп, не істесе де қасына алып, көрсетіп, айтып отырады. Тіпті кішкентай қыздың өзіне лайықты алжапқыш, басына байлайтын орамалы, өзіне арналған, балаларға арналған ас үйіне қажетті бұйымдарды алып берудің өзі, ынталандыру амалы.
Перзентінің теріс қылықтарының біреуін де елеусіз қалдырмай, ұрыспастан, жай ғана түсіндіре білу, ондай қылықтардан сақтануды айтып қана қоймай, ата-ана өздерінің де сондай қателіктерге жол бермеуге мұқият болуы керек-ау. Өйткені бала айтқаннан гөрі көргеніне еліктейді. Отбасынан басқа, қыз баланың мінез-құлқына ықпал ететін ортасы: балалар бақшасы, мектеп. Онда өздері діттейтін тәрбиеден ауытқымау жағдайларын қадағалау ата-аналардың парызы. Көргенді перзент тәрбиелеуге бар мүмкіндігін салып отырған отбасылар бар, бірақ барлық отбасын мақтан тұта алмаймыз. Ноқтасыз жүрген, бәрі мен үшін дейтін пиғылдағы бір үйдің жалғызы ақылды да тәрбиелі болуы да, көнбес шолжың болуы да мүмкін. Теріс қылық тез қабылданады. Өз баласын сондайдан қорғау парыз.
Айтылғандардың бәрі бірдей бүгінде әр отбасында орныққан жағдай деп айта алмаймыз. «Жасында көргені жоқтың, есейгенде айтары жоқ» деген бар. Жасында тиесілі тәрбие көрмеген әже, ана қызына не үйрете алады. Жүре-бара жиғанын, түйгенін үйретер. Ал ол тергені тек соқыр теңге болса ше?
– Осындай жиған, түйгені аз ата-ананың тәрбиесін көрген қыздарымыз кіндігін ашып көшеде жүр емес пе? Мен сұхбат алған ақсақалдардың бәрі көшеде көрген жастарға, әсіресе қыздарға кіндік ашып жүру өте үлкен қасірет әкелетінін айтып жүрміз, мұны бәріміз де осылай айтып түсіндіруіміз керек деген еді.
– Әйел адамның кіндігі киелі екенін әр қыз бала біліп өсуі керек. Жер кіндігінен тайса – опат болады. Қыз баланың денесіне адам қызығып қараса да, жиіркеніп қараса да кіндігіне түсетін көздің ызғары тиеді. Денесіне дариды, бойына сіңеді. Оның әйелдік қасиетіне залалы тиеді. Бала болғанның өзінде, оның ұрпағы кіндігіне қадалған көздердің зәруін бойына сіңіреді. «Бұл баланың кімге тартқанын білмеймін, әйтеуір айтқанға көнбейді»,– деп шағынудың астары бойына дарытқан көздердің уы екені есіне де, қаперіне де келмегені.
«Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген мақал бар. Әйелдің көптеген жағдайда жаманатқа ұрынуы аузынан шыққан сөзінен болады. Біреулерге ауыз тек тамақ ішу үшін берілсе, кей әйелдерге ауыз тек былапыт сөзбен айналасын бездіру болып келеді. Ондай әйелден өзге түгілі, өзінің отбасы да безіп кетуі мүмкін.
– Тәрбиенің ең үлкені – орынды сөйлеуге үйрету дейсіз ғой. Қазір бетің бар, жүзің бар демейтін келіншектер теледидарларымыздағы арзан шоулардың «жұлдызы» болып алды. Телеарналар да ұпай жинау мақсатында осындай аузы былапыт қыз-келіншектерді шақыруды доғарар емес!
– Әсіресе қыз бала үшін ол көптеген қиындықтардан құтылудың амалы. «Ғалым сөйлегенде үнсіз отырған адам ілім үйренеді. Надан сөйлегенде үндемеген сабыр етуді үйренеді» дегенді әдеп-ахлақ жолы деп түсіндіріледі Құранда. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегенді әйел адамға бағыттап айтса керек. Ол әдеп – ренжісу, дау-дамай болған кездегі норманы сақтау. Сөзшеңдік – әйелдің ең жағымсыз қылығы. Ондай адаммен ешкім сырласпайды, құпиясын айтпайды, әрқашан да сенімсіз деп танылады. Яғни қоғамда шеттелгендердің қатарында ғана қалады. Ешкімнің басына бермесін. «Әй» сөзінің мазмұны, мәні, дауыс қуаты, ырғағы – бәрі тартымды және тартымсыз болып бөлінеді мен үшін.
Анасы айтқандарының нәрлісін, ой салатындарын санасына түйіп, үлгі ретінде балаларына жеткізіп жүрген жас аналарды көргенде қуанасың. Отанына берік сүйеу болатын абыройлы азамат, тұрақты отбасы, тәрбиелі ұрпақ, ұлтымыздың болашағы – бәрі де қыздардың қолында.
Ұрпағына тәрбие бермеу – ата-ананың перзент ақысын жегені болып саналады. Ата-ананың жамандық жасағаны. Перзенті көрген жамандығына қайтарым жасайды. Өскен баласынан жақсылық күтуі бекер. Егістік қараусыз қалса, арамшөптер қаулап кетеді. Егін екпегеннің өнім күтуге ақысы жоқ.
– Қыз бала алғашқы мүшел жасқа толған кезде ауыл үлкендері «оң босағаға шығару» тойын жасайтын болған. Оның өзінің арнайы рәсімі мен ерекшеліктері бар екен. Қазір бұл салт кенжелеп қалған жоқ па?
– Қыз баланың алғашқы мүшел тойында, он үшке келген кезінде «Оң босағаға шығару» үлкен жауапкершілікке ие. Кімге, қандай жауапкершілік жүктейді бұл той? Той кейіпкеріне де, атқарушылар мен қатысушылар да жауапкершіліктен тыс қала алмайды. Өйткені бұл мүшел жасқа келген қыздың ересектер ортасына ену сәті. Ендігі жерде үлкендерге қойылатын талаптарға ол да бас иеді. Мүшелге толған қыз ендігі жерде тек отбасының ғана перзенті емес, елдің болашағы. Басты мақсат осында жатыр.
– Бүгінде бұл мақсат алға қойылмай отыр ғой.
– Иә, қыз баланың әлеуметтену кезеңі ескерусіз қалып отыр. Бельгия мемлекетінде 13 жасқа толған қыздардың ер адамдармен қарым-қатынаста болған-болмағанын тексергенде, тек 3 %-ы ғана пәктігінен айрылмаған болып шыққан көрінеді. Біздің елде 2015 жылы кәмелетке толмаған 2500 қызбала жүктілікке ұрынған екен. Олардың ең жасы 12 жастағы оқушы. Еуропа елдерінің азғындығы мен арсыздығының келіп жеткені осы да. Осы қарқынмен жүре берсек, болашағымыз не болмақ?
Қыз бала 13 жасқа келгенде, біреу оған қызым деп қараса, басқалары болашақ келінім деп көз тігетін дәрежеге жетеді. Заманның акселерациялық (тез жетілу, ерте есею) ағымын тоқтату мүмкін емес. Ақылынан бұрын тәні жетіледі. «Қызға қырық үйден тию» дегенді ресмилеген түрде жалпы тәрбиеге енгізетін шақ келді. Ол сын көздердің алдында, әбестік, көргенсіздік, тәрбиесіздік байқатпай, ата-анасының атына, абыройына нұқсан келтірмеу қажеттігін айтқандағысы.
Мүшел тойда ойын баласының киімін бойжеткен киіміне ауыстырған.
– Сол киімдер қандай болуы керек?
– Көйлегі, көкірекшесі сәнді де бой бітімін айшықтап тұратындай етіп арнайы тігілген. Ағасы күміс белдікті тапсырыспен жасатып, тойда тапсырып, ар тазалығын сақтау белгісі екенін жеңгесі ескертіп, отбасы абыройын аяқасты етпеуді, намысын асқақ ұстауды тапсыратын болған. Тағы да басқа рәсімдік әрекеттердің арасында назар аударатындардың бірі, бойжеткен атанып отырған қыздың құрбыларынан ендігі жерде той кейіпкеріне ойын баласы емес, бойжеткен есебінде назар аударып, сыйластық байқатып, оның қыз балаға тән қылықтарының қалыптасуына көмек көрсетуіне назар аударған. Шашына тағылған шолпылар арқылы жүрісін түзеп, белдігін тағу арқылы бой жазып жүруін қадағалап отырған.
Ұйықтағанда қыз баланың ашық-шашық жатып қалуына жол бермес үшін, төсегін үйдің оң босаға жағына (киіз үйдің қонақтар отыратын жағы) шығарып, шымылдық құрған. Қызы үйінің перзенттік жасынан, қонақтық дәрежеге өткендегісі. Ендігі жерде өзін жат елге, келіндік өмірге дайындайтын, ересектер қатарына еніп, саналы қылық көрсететін шаққа жеткендегісін өзіне мойындатып, айналасындағылардан тиесілі қарым-қатынас жасауды талап еткен. Қоғам болып, қыздың қылығына назар аударып, оның есеюіне, мінез қалыптастыруына жағдай жасалған.
– Қазір мүшел жасқа келген қыздың тек бойын түзеу үшін киімін ересектер киіміне ауыстырып, үсті-басын жылтыраққа толтырумен шектелетін тойлар да болып жүр емес пе?
– Ондай киімдер қызының адами болып-толуына емес, адалдық жолынан адастырып, көрсеқызығарлық, дүниеқоңыздық жолын көрсетуге жақын тірлік. Болашағы толымды қыздың көрінер көркі сыртқы байлығынан гөрі, жан-дүниесі мен қылығынан танылады.
Ал ол алған тәрбиесі мен ортасының өнегелілігінен. «Он үшке толған қызды біреудің үйіне қондырма, он үшке толған ұлыңды біреудің үйінен тойдырма» деп дана қазақ ұл-қыздың елдік тәрбиесін он үш жастан бастауды өсиет еткендегісі деп тануымыз керек.
Бүгінгі он жасқа толатын қыздар – мектеп оқушылары. Сондықтан он үш жасар қыздардың тәрбиесіне ата-аналарымен бірге, ортасы да атсалысса – қоғамдық тәрбие мектебінің ісіне айналар еді.
«Шымкенттіктер қызын сатады»
деп сөгетіндер бар
– Құда күту, құдаласу, киіт кигізу, қалыңмал мен қыз кәдесі Оңтүстік өңірде қалай сақталған? Қыздың қалыңмалы қазір қанша?
– Қай қазақ ұл-қызының болашағы жарқын болғанын қаламайды дейсіз? Қызы жақсы үймен көршілес болу, көрегенділігімен танылған ел сыйлаған адамдармен құда болып, ұрпағының да, өздерінің де өмір үйлесімділігін табу, баршаға қатысты арман. Ертеде ел аралап жүріп, қыз көру, қызы жақсы үйге қамшысын тастап кетіп, болмаса, отырған жеріне біз қадап кету арқылы болашақ келінді өзі ұлына таңдап берсе, бүгінде ондай тірлік келмеске кеткен. Қыз көріп жүрген адамдар баласына тең іздеп, өздерінің де өрісін кеңейтетін, құдайындай сыйласатын адамдармен құда болу мүмкіндігіне қатар назар аударған.
Жай ғана амандасудан бастап, қабылдауына қарай адамдық қасиеттерді бағалай білетін бабаларымыз бір-бірінің ой өрісі мен отбасылық тәртібін бірден аңғара білген. Өз ұстанымына лайықты адамдармен мың жылдық құда болатын адамын аз отырып, түбегейлі сынай алатын қабілетті болған. Ол қасиет жақсыны тани білу деп аталады. Ондай адамның дүнеде көрер қызығы көп. Ең бастысы, адамды қастерлей білуден бар жақсылық тарайды. Бұл дәстүрдің Оңтүстік өңірінде қазақи жолдары сақталып отыр. Келінді құда түсіп, айттырып алу да, келісім бойынша алып қашу дәстүрі де сақталған. Барлық қуаныштардың ішінде мың жылдықтарды ойластырып, балаларының баянды бақытты болуына барын салады.
– Оңтүстік халқының құдалық тойында атқарылатын өз амалдары бар ма?
– Бар, біріншіден, құда күтуге бар ағайындар атсалысады. Өйткені құдалықтың мың жылдар араласатын себепкерлері, құдалық сыйластықтың тұтқалары – барлық ағайындары.
Құдалықтың барысында кімнің кім екенін білу, екі жақтың салт-санасын тану, қонақ күте білу арқылы шақырып отырған құдалар жағы барын салады. Ниетінің асылдығын, қонақжайлық мырзалығын, көңілінің дарқандығын құдалардың алдына жайып салып, олармен бірге жас отауға деген қамқорлығын көрсетуге, өздерімен сыйластығын арттырып, төрдегі орнын тұрақты сақтауға дайын екенін көрсетеді. Қазақ дастарқанының салиқалы ой, салауатты сөз паналаған мекеніне айналдыру дәстүрдің заңдылығы болып сақталады. Көңілдің жарастығын орнату мақсатында аталы сөздері мен ән-жырлар тарту етіледі. Асабалар құдалардың бір-бірін танып-білуіне сөз беріп, қабылдап отырған құдалардың туғандарын ортаға шақырып, жүзін таныстырып қана қоймай, оларға мінездеме беріп, елдік қызметін, қалыптастырған құдалық күту үрдістерінің шындығы мен әзілін араластырып, алға тартады. Танысу сәті ұзақ уақытқа созылмай, екінші көріскенде біліскен адамдар болып, бірден жақындасып кетердей ұйымдастырылады. Ертеректе болған құда тартысты елімізде жаңаша ұйымдастырып, үзіліс кезінде ән-жыр мен бидің сайысына айналдырып жүрген дәстүр де қалыптасқан жағдайы бар. Айтылғанның барлығы құдалықтың үлкен мақсаты – құдалардың өнген-өскенін, олардың адами қасиеттерін көрсетіп, болашақта алатын орындарын белгілеуге жол ашу жасалады. Көрсетілген қошемет пен айтылған тілек-баталар арқылы екі жақ та рухани әлемінің биіктігін көрсетуді – құдалық тойдың негізгі мәні екенін дәлелдейді.
– Екіншісі…
– Құдалықтың екінші көрінісі – құдалық ұазақи кәделерге байланысты. Құдалық кәделердің дастарқан мәзіріне байланыстылары қазіргі күнге дейін сақталғандары: бас табақ – бас құдаға ұсынылатын қойдың басы мен жамбасы салынған табақты құда бала құданың алдына бата бергеннен кейін қояды. Олардан басқа құда табақ, қос табақ, күйеу табақ, келін табақ тарту етіледі. Бас табақтан кейін көптеген жерде орын ала қоймаған төстік тарту етіледі. Ол қойдың төсі емес, төстігі (қойдың төсі сүбе қабырғаға дейін бірге сөгіліп, құйқасымен бірге үйітілген) беріледі. Одан отырғандардың бәрі бірдей ауыз тиеді. Әр табаққа арнайы сойылған малдың кәделі мүшесі салынады. Табақ қайтарылар кезде бата беріліп, ризашылық конверті қойылған табақтарды келіндер сәлем салып алып кетеді.
Үлкен тамақтан кейін, құйрық-бауыр асату басталады. Құйрық-бауыр салынған табақшаларды көтерген келіндер мен оларды әнмен қоштаушылар келеді.
– Құйрық-бауыр асатудың мән-мағынасы қалай екен?
– Табиғаттың заңына, оның бұлжытпай орындалуына Алла тағаладан басқа ешкім кедергі тұра алмайтыны мәлім. Жыл мезгілі бұлжымай өзгереді. Көк Тәңірі күнді жылытады, жауын шашады, Жер ана содан кейін ғана бусанып, бар өңірді көгертеді. Аспан әлемі мен Жер беттескендей өз жемісін береді. Адам арасындағы қарым-қатынасты Алла тағала сол жолмен реттестірген. Осы реттестіруді біздің бабаларымыз құйрық-бауыр асату арқылы бекіткен. Бауыр – ер, онсыз өмір жоқ, ал құйрық – әйел – өмірдің сәні деп бейнеленеді (Н. Шаханова). Екі жас бірін-бірі ұнатады. Жарасады. Қыз бен жігітті қосуға үлкендер – құдалар жастардың қадамдарын құптап, өздері тарапынан олардың жарасымдары жазылмастай қамқорлық жасауға құйрық-бауыр асату арқылы құдалықты бекіткендегісі.
– Иә, бізде тағы бір атқарылатын рәсім – ұн жағу бар емес пе?
– Бас жерлерде нан сындыру деп құдалар арасында нанды бөлісіп жеуді атайды. Ұн жағуды құдалар серттесуінің ишараты деп түсіндіріледі. Наннан үлкен ештеңе жоқ. Бір-біріне ұн жағысу арқылы ең құнды дәм арқылы бір-біріне уәде бергені. Татулықтың, сөз байламға келгеннен кейінгі, мөр басқандай ишарат бұл. Оны атқаратын тағы да той иелерінің келіндері – абысындар. Оларды қоштаушылар арнайы әндерін айтады.
Шақырылған құдаларға көрсетілетін құрметтерден кейін, бұйымтайларын айтып, өзіндік сый-сияпатын ұсынуға рұқсат сұрайды.
Біріншісі – болашақ келінін көріп, сырға тағуға рұқсат сұрайды. Қайны сіңлісін екі жағынан демеп жеңгелері ортаға алып келеді. Келген құдалардың ішінен келіндердің біреуі қалыңдыққа сырға салып, жеңгелеріне көрімдігін береді. Қалыңдықты қайта алып кетеді.
Бас құда құдаларына аталы сөзін айтып, арнаған қалыңмалын, «ана сүті» мен «әке күші» ақысын конвертке салып ұсынады. Өздеріне арналған кәделерге берілетін сыйлығын да бірге қосып беретін кездер болады. Қалың төлеуді басқа аймақтарда «Шымкенттіктер қызын сатады» деп сөгетіндер бар. Екіжақты ұғым бар бұл жерде. Егер де қыздың жасауына миллиондап жұмсап, үйі мен толық жабдықтарын, тұрмыстық техникасымен бірге көлігін де беріп отырған құдаларының алдында ұятқа қалмаймын деген құдасы, қалыңға қарызданса да миллион беруге тырысар болса, иә келісуге болады. Бұл жерде басты мақсат – балалардың бақыты емес, байлықтың бәсекелестігі орын алып отыр. Екі жастың тағдырының өлшемі ақшамен есептеледі. Мұндай астамшылдық дау-дамай туғызатын, арақатынасты суытатын астамшылдық – дәстүрдің өзін сауда-базарға айналдырып, дүниеқоңыздық бәсекесіне айналдыру. Қанағат деген киелі ұғыммен ғұмыр кешкен бабаларымыз алыс-берістен гөрі, барыс-келіске ден қойып, дүниеқоңыздықты емес, сыйластықты арттыру арқасында құдалығын мыңжылдық еткені мәлім. Ал екі жақтың балаларының сезімі шынайы, асқақ дәрежеде болып, ата-аналарының дәулеті екі дәрежеде болса, қалай болады? «Құда болған соң, құл да болса сыйлас» дегенді ұғына алмай, адамдықтан байлығын артық көргендер таңдауын менсінбеген перзентінің наласына ұшырап, ол «алсам» деп араны ашылған ата-ананың қорқау көмекейіне көлденең қадалады. Перзентін меншікті бұйымға айналдырам дегеннің көрері осы. Екі байдың балаларын дүние-меншіктің арты санасуға апарар. Артынан келгенді бұлдап, құнын арттыруға әйел, берілген қалыңның жасаудан артықтығын алға тартып ер – өмірлерін саудаға салуы жақсылыққа апармайды. Яғни дәстүрдің негізін алу-беруден емес, адамды сыйлау, кісіні қастерлеу, жасы келгенде, ел қатарлы құда-құдағи атанып, көргенді ұл-қыз тәрбиелеген ата-аналардың қатарынан орын алу. Одан басқасы – дәстүрдің тозығы.
– Алыс-берістің өрескел жағын сынға ала отырып, қыз қалыңсыз болса да, кәдесіз болмайдыны алға тартамыз ғой.
– Қыз кәдесі – болашақ отаудың іргетасы. Тұрмыс материалдық қамтуды қажет етеді. Жетіспеушілік – ренішке, кикілжіңге апаруы мүмкін. «Алты жастан жинаса, қыз жасауы артар, жеті жастан жинаса – жетер» деген бар. Қазір ондай қам жасаудың жолы басқа болып отыр. Ішер тамағың, киер киімің, тұтынар бұйымың – бәрі көптің көз алдында. Жастардың өз қатарынан қалғысы келмейді. Аспандағы айға ұмтылмағанымен, қарапайым болса да заманауи үлгідегі бұйымдарды иеленгісі келеді. Осынау зымырандай ұйтқыған кезде алты-жеті жастан жинаған мүлік ескінің көзі болып, жасауға беруге жарамай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайды ескере отырып, орта деңгейдегі отбасының балалары мен студент жастардың тойларына ең қажетті деген бірсыпыра заттар ғана жасауға беріледі. Соның көлеміндегі қалың 300-500 мың аралығын құрап отыр.
Қыздың ата-анасы құдалары сырға салып келгенде барынша құдаларын күтіп, берер сый-сияпатын жасап, құдалықтың соңын қызды аттандырумен аяқтайды. Заманауи жағдайға сай құдалары алдарынан өтіп, қыздың әкесінің батасын алып, ел қатарлы тұрмысқа берудің жаңа үрдісі. Екі жақтың ортақ шешімінің нәтижесі. Күйеу болар жігіттің жағдайымен есптескендер беташар тойын үлкен тойға ұластырып, екі рет сабылмай, үйлену тойын сабақтастырып өткізу үрдісі де қалыптасқан жағдайы бар. Қоғам байлар мен кедейлерге бөлінген кезде, қазақтың тойлары да дәсүрлердің шамасына қарап, астамшылыққа салынбай, негізгі назарды жастар мен құдалардың қуаныш сәттерін есте қаларлықтай етіп атқаруға тырысады. Көңілге өте қонымды. Байлық бәсекесі емес, адамның ең елеулі сәтін қастерлей білу салтанаты.
Шымкент бұл тойларға да өзінше жаңа рухани тірек қосуға мүмкіндік тауып отыр. Бұл көнеден қалған белгі құдағи жүзікпен алмасу арқылы құдағилардың тойшылар мен балалары алдында серттесу сәтін ұйымдастыру. Екі отаудың ақылшысы да, жанашыры да, жақсысын асырып, жаманын жасыратын да аналар. Білгенін мақұлдап, білмегеніне кеңес берер, қиындық болған жағдайда жастарға шешім табу үшін сабырлық сақтап, адамдық, имандылық жолдан таймайтындай жағдай жасауға екі ананың бір-біріне берген уәдесінің нышаны – құдағи жүзік. Көп алдында серттесу сәті. Басқа тойларға барғанда құдағи жүзігін тағып, абыройлы ене екенін екеуі де мақтан тұтып, ел алдында абыройлары арта беруіне тілектестік білдіріледі.
Екінші жаңалық – жас отау иелеріне ата-аналарының аманаты ретінде отау тұмарын табыс ету. Аманат-тілек тұмар қалыбында жасалған. Жазуы кетпейтіндей етіп өрнектелген. Сырты тұмарша қалыптағы былғарыдан жасалған қалқанмен бедерленген бұйым.
Қарапайым тұрмыстан бастап, жас отау иелері бірлесе отырып, келісе жинаған мүлкі, өздерінің қалауы бойынша, сәнін келтірген ақ отауындағы әр бұйым өз еңбектерінің жемісі ретінде ең үлкен құндылыққа, татулықтың негізін қалайтын естелік сыйлыққа айналады. Жастар өз өмірлерін өздері қалыптастыру арқылы ынтымақтасады. Бұл сәттердің бәрі – жас отаудың «біз» деген ұғымды қалыптастыруға, үйлесімді үй болуына рухани-психологиялық негіз болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қ.Бегманов