БАЛТАБАЙ АДАМБАЕВТЫҢ АДАЛ ЖАРЫ

                           

Әйел затының нары деуге келетін осы бір аяулы жан туралы жазу керек деп ойладым. Жаңылхан Досымбекқызының ғалымдығын, әдіскерлігін, қазақ тілінің қамқоршысы екенін талай бірге қызмет жасаған әріптестері жазар. Егер менің тілім жетсе, Жаңылхан Досымбекқызының аналық қасиетін де емес, ер азаматтың адал жары болғандығын жазар едім. Жаңылхан Досымбекқызы кімнің жары? Ол – ұстаз, ғалым, ақын, жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, шешендік сөз өнерінің шырақшысы Балтабай Адамбаевтың жары. Жаңылхан апаймен ешқашан сырласып немесе «Балтабай ағам қандай еді?» деп сұраған емеспін. Мен апай әрекетін көрдім, бейтарап әңгімесін тыңдадым, адамдармен қарым-қатынасын байқадым. Атқарған істеріне куә болдым. Содан кейін іштей ой түйдім: осы кісідей болу керек. «Нағыз қазақ әйелі» деген атқа жауап берсе, осы кісі жауап береді. Балтабай аға өмірінің соңғы жылдарында сырқаттанып үйінде жатты. Сонда Жаңылхан апай күні-түні қасында болып, баптап тамағын беріп, қасы мен қабағына қарап, азаматын ардақ тұтты. Cол кезде апай Ы. Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында қызмет жасайды. Тура сағат он екіде  апай ағаға кетеді. Үйіне барып, ағаймен бірге ас ішіп, жылы сөзін айтып, жұмысқа қайта келеді. Жылы сөзін айтқанын қайдан білесің дерсіздер. Апай жұмысқа қабағына кірбің қондырмай, көңілді келеді. Замандастарына әдемі қалжыңын айтып, жұмысқа кірісерде аппақ орамалды үстелінің жиегіне төсеп, жазуын жазады немесе кітабын оқиды.

Апайдың бекзаттығы, киім киюдегі аса талғампаздығы, бойын тік ұстауы, адамдармен қарым-қатынаста жалпақшешейлік танытпауы, жай әйелдердей жеңіл әңгіме айтпайтындығының   астарында да өзінің жарына, азаматына деген сыйластығы тұратын сияқты көрінетін. «Адамбаевтың әйелі айтыпты» немесе тағы басқадай әңгімені жолдасы естімесін дегеннен де жақсы тұрпат қалыптасқан шығар. Апай менің осылай ой түйгеніме кешірім жасасын. Себебі Жаңылхан апайдың өзінің апасы туралы, әке-шешесі туралы айтқан әңгімелерін талай  естігенмін. Шуақты ортада өскен баладан ғұмыр бойы нұр шашырайды ғой. «Менің апамның аты – Анаркүл болатын. Ол өз жанынан өлең шығаратын, айтысатын. Тіпті, бала кезімде маған да өз өлеңдерін үйретіп, айтыстыратын еді. Балалармен бірге ойнап жүргенде,  қозы бағып жүргенде екі жаққа бөлініп айтысатынбыз. Соның бәрін апам (әжем) үйрететін.

Шіркін, менің әкем қандай кісі еді десеңші!? Домбырамен ән айтатын. Даусы құлаққа жағымды болатын. Бала кезімде «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген әннің сөзін әкемнен естігенмін. Сол әнді бүгіндері әншілерден естігенде бала кезім, марқұм әкем есіме түседі» деп, нұрлы жанарын мөлдіреген көз жасымен сулап, әсем бір күйге енген Жаңылхан апайды мен жиі көретінмін. Нұрлы жанарын сулаған мөлдіреген көз жасының сағыныш жасы екенін түсінетінмін. Әйел затының ата-анасына, төркін жұртына деген бауырмалдық, туысқандық сезімінің қандай болатыны белгілі ғой. Өзгенің шырағын жағып, балаларын өмірге әкеліп, бөтен елге судай сіңіп, тастай батып, ащы болса да көніп, тәтті болса, балдай еріп, оның атын «Алланың жазуы», «Тағдыр» деп атап, сүреңсіз дүниені шуақ нұрымен, пейілімен сұлуландырып өтетін Ана-Құдіретке бас иетініміз де сондықтан шығар.

Жаңылхан апай – «түскен жеріне тастай батып, судай сіңгеннің» мың пайыздық мөлшерін орындаған жан. Оның енесі туралы, қайындары туралы айтқан әңгімесін естіген жұрт «мына әйелдің өзінің төркін жұрты, өмірде әкесі-шешесі, бауырлары бар» дегенге сене қоймайды.   Сыйластық өмірдің салтанатын құра білген Жаңылхан Досымбекқызының «келін», «жар», «жеңге» қызметіндегі өмірі – жастарымызға өнеге мектебі болатын ғұмыр.

Адам баласы жас болсын, қария болсын қарым-қатынасты қажетсінеді. Сөйлесетін, әңгімесін, мұңын, қуанышын тыңдайтын адам іздейді. Ең қажеті – ақша да, сапырылысқан байлық та емес, қарым-қатынас. Көп жандар сондай қарым-қатынастың жоқтығынан шерменде болады, құсалықтан көз жұмады. Әсіресе, бойынан қуаты азайған, сырқат жандардың жан азабының сыры осында. Жаңылхан Досымбекқызының мен өз басым осы азаматтығын, адамгершілігін сыйлаймын. Балтабай Адамбаевтың кеудесі алтын сандық, ғұмырында көрген азабы да, ғалымдық жолдағы бейнет-мехнаты да жетерлік жан болатын. Ұлы Отан соғысына қатысып, фашисттің тұтқынына түскені үшін туған Отанының сенімсіздік танытуы, шын мәнінде азап емес пе? Ондай азапты қаншама арда тұтар асылдарымыз бастан өткізді десеңізші.  Кеңес үкіметі «бұратана», «сауатсыз» санаған қазақ деген халықтың сонау гректермен, римдіктермен тең түсетін, тіпті олардан да терең пәлсапалық ойлары бар екенін зерттеген,  ашқан, жариялаған Балтабай Адамбаев бұл әрекетімен де Кеңес деген «кемеңгерге» жақпады. Осыншама қиын тағдырдан, кейбір достардың қастығынан, дұшпанның өштігінен кеудеге жиналған запыранның да аз болмайтыны белгілі. Соның бәрін жаны сүйген жан жары Жаңылхан Досымбекқызына сеніп айтатын. Жардың адал көңілін сезінген Балтабай аға артына да сенімді болып кеткендей.

«Тәуелсіздіктің пайдасы бабалардан қалған, жеткен асыл мұраларға ашық жол ашылады. Енді ғалымдар еркіндікке шығады» деп қуанған Балтабай Адамбаев шешедік өнердің өзі жариялай алмай келген нұсқаларын, өз тағдырынан сыр шертетін романын жары Жаңылхан апайға аманаттап кетті. Кісілігінде кіршіксіз жан Жаңылхан Досымбекқызы жар аманатына адалдық танытты. Балтабай аға көз жұмғаннан соң 12 кітабын жинақтап, бұрынғыларын өңдеп, толықтырып баспадан шығарды. «Жауынгер» атты романы мен «Нәубет» атты повесін 2007 жылы «Ана тілі» баспасынан шығарды. Кітаптың маңдайындағы: «Бұл кітап ағайынды төрт азаматтың: Балатабай Әбдірахманұлы (19191-1990), Спатай Әбдірахманұлы (1923-1977), Жұматай Әбдірахманұлы (1926-1983), Қаратай Әбдірахманұлы (1929-2003) рухына бағышталады. Төре» деген жазуды жазған да, кітаптың солай шығуын қалаған да Жаңылхан апайдың өзі. Осы әректінде қаншама көрегендік бар екенін сезіндім. Сезіндім де, дана анаға басымды идім. Балтабаевтар әулетінде ҰЛЫ АНАЛАР династиясы жалғасып келеді дедім. Жаңылхан апай – өзінің енесі, Балтабай ағаның анасы, ақын, шешен, батыр Бибіжан ананың дәстүрін сақтап, жалғастырып келе жатқан қазақ әйелі. 

Әбдірахман келіні Жаңылхан атасы Әбдірахман қарттың, енесі Бибіжанның, жары Балтабай ағаның, бауырындай жақын болған қайындары: Сыпатай, Жұматай, Қаратайлардың рух шырағын өшірмей жаққанының куәсі –«Нәубет» повесі мен «Жауынгер» романының жарық көруі. Бір отбасының тағдыр-талайы арқылы бүкіл халықтың көрген тауқыметі көз алдыңнан өтетін трагедиялық шығарма қырғын соғыста хабарсыз кеткен жауынгердей көп қағаздардың ішінде қалып қоймай, жарық көруі, шын мәнінде, өлгенің тіріліп келгендей қуаныш.

Жаңылхан апайдың өзге құрдастарынан айырмашылығы жастардан қол  үзбеуі дер едім.  «Балам дейтін ата болмаса, атам дейтін бала қайдан болады» деп ұлылар айтпақшы, жастарға мейірімін төгіп, кісіліктің де, кішіліктің де жолын көрсетіп жүруі – біздің қай-қайсымызға да өнеге. Біздің азаматтарымызды да аспанға көтеріп, құрметтеп, айналып-толғанып жатады. Оңашада «Ер азаматтарыңды сыйлаңдар. Ер азаматыңмен бірге жүргендерің қандай жарасымды. Бүгінде әйел ақшаны көп тапса, ерінен өзін артық санап, тұмсықтарын көтеріп кетеді. Ол дұрыс емес. Ер азаматтың орны қашан да төрде болу керек», – дейді. Егер Жаңылхан апай өзі ер азаматын қадірлемеген болса, мұндай ақыл-кеңесін бізге айта алмас та еді деп ойлаймын.

 Әке аузынан естіген «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген сөзді қасиетті Құран сөзіндей көкірегіне бекіткені сонша, қасқырдың қас қылмайтын әрекеті Жаңылхан апайдың өмірлік ұстанымы болғандай. Жұмыр жердің үсті әрі кең, әрі тар ғой. Жаңылхан апайдың пенделікпен біреуге қиянат жасады дегенін естіген емеспіз. Керісінше, жақсылық жасағанын аяқ басқан сайын көріп, есітіп жүрміз.

Жаңылхан Досымбекқызы  рухани қазынаның, үлкен бір әулеттің туын байлап, тұғырлы етті. Балаларын, немере, шөберелерін ата рухымен тәрбиелеп, Балтабай ағаның бауырларымен, туыстармен  қарым-қатынасын үзбей бүгінге дейін келіндік, жеңгелік, апа-әжелік қызметін адал атқарып келе жатыр.

2019 жылдың 28-қыркүйегінде қазақтың маңдайалды ғалымы, фольклор танушы Балтабай Адамбаевтың 100 жылдығы. Ғалымның мерейтойы туған жеріндеЖамбыл облысы, Мойынқұм ауданында аталып өтті.

Бүгінде өзі 90 жастың төріне ағайын-туыстың мейірлі көңілімен, үрім-бұтағының мақтанышымен, жары Балтабай ағаның мәңгілік махаббатын алып жеткен Әз Ана, асыл жарға басымды иіп, Құрмет көрсетемін. «Қазақ әйелі» деген құрметті атқа лайық болса, Сіз лайықтысыз, Жаңылхан Досымбекқызы!

Гүлтас Сайынқызы Құрманбай, Назарбаев Университетінің профессоры, Рухани Жаңғыру мәдени орталығының директоры

Бөлісу: