Биыл Шығыс Қазақстан Өнер музейінде мемлекеттік «Руханижаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында және Астананың 20 жылдығы құрметіне бейнелеу өнері бойынша балалар шығармашылығының «Жауһарша — 2018» жиырмасыншы облыстық көрмесінің ашылу салтанаты өткізілді. Көрме-байқауға Өскемен, Риддер, Зырян қалаларынан, сондай-ақ Аягөз, Ұлан, Глубокое, Көкпекті аудандарынан келіп түскен, еркін тақырыпта орындалған 198 конкурстық жұмыстардың ішінен ең үздіктерді таңдап алу қазылар алқасына оңайға түскен жоқ.
Салтанатты жиынды Өнер музейінің директоры Бекайым Қасымханқызы Ұябаева құттықтау сөзбен ашып, көрермендерге осыдан жиырма жыл бұрын музей педагогикасы бөлімінің бастамасымен ашылған осы балалар шығармашылығы байқауының мақсаты дарынды балалар мен жастарды қолдау, олардың көркемсуреттік шығармашылықтарын зерттеу және кеңінен насихаттау, музей қорын толықтыру болғандығын айта келіп, — бүгінгі күні аталған көрме өз мақсатына толықтай жетті деп айтуға әбден болады, — деді музей басшысы.
Биыл еркін тақырып болғандықтан, сайысқа қатысушылар кескіндемеде, графикада, сәндік-қолданбалы өнерде де шеберліктің жоғары деңгейін көрсете білді. Оларды жасауда көптеген материалдар пайдаланылып, түрлі әсемдеу техникалары қолданылған. Өздерінің нақты білімдерін, шеберліктері мен дағдыларын, қиялы мен дербестігін көрсете отырып, өнер сайысына қатысушылар жарқын да әсем образдар, жаңа және тартымды сюжеттер, қызықты, күрделі және стандартты емес композициялар жасады.
Екі залдағы экспозицияда кең көлемде Қазақстан халқының тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті туралы жұмыстар қойылған. «Бабалар мекені», «Дала әуені», «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу», «Бүркітші», «Жарқын Пасха мерекесі», «Иван Купала мерекесі», «Наурыз», «Коляда» сияқты жұмыстардан оқушылардың еліктеушіліктері мен риясыз қызығушылықтары анық байқалады. Көптеген жас суретшілердің жұмыстары туған табиғаттың әсемдігіне деген таңданысқа толы. Өздерінің «Күзгі көңіл-күй», «Яблочный спас» мерекесі, «Жаз», «Аязды таң», «Қайыңды тоғай» және басқа да кейбір жұмыстарында аңғарымпаздығын байқатып, олар нақты табиғат кезеңдерінің сыртқы көріністерін ғана көрсетіп қоймай, сол мезгілдердің өзіндік ерекшеліктерін де бейнелей білген. Балалар жануарлар әлемін де ұмыт қалдырмаған: «Саванна», «Құстар», «Арыстан», «Мысықтар», «Үкілер», «Менің досым». Сайыскерлер ертегілер тақырыбына арналған күрделі композицияларымен де қуантып отыр: «Қаздар-аққулар», «Шалқан», «Бауырсақ». Авторлары барынша дербестік танытқан, таныс сюжеттерді басқаша бір көзқараспен, ерекшелікпен бейнелеген «Ұлы жібек жолы», «Ғажайыпты күткенде», «Басқа планеталық әйел», «Музыкант Макс Корж», «Ертегідегідей ел», «Қарттықтың көзқарасы», «Апайы мен бауырының портреті», «Микроәлем», «Жыл мезгілдері» сияқты жұмыстар нағыз көркемсурет жетістігі деп бағалауға тұратын еңбектер.
Бояулардың қарапайым қолданылуы жұмыстарға мәнерлілік, көтеріңкі көңіл-күй, әдемі қанықтылық пен сезімдік әуен беріп тұр. Жұмыстардың әрқайсысынан балалардың қайталанбас ойлары, шынайылығы, жанын сала еңбек етуі айқын көрініп тұр. Өнер сайысына қатысушылар графикалық және кескіндемелік тәсілдерді таңдауда, образдың мәнін беретін екпіндер түсіре білулерімен күрделі тапсырмаларды өз деңгейлерінде орындай білген. Көрме көңілді, сан түрлі және мазмұнды болып шыққан.
Сонымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мирас Жұмағұлов жетекшілік еткен алты адамдық қазылар алқасы тағатсыздана күткен жұртшылыққа көрме-байқау жеңімпаздарының есімдерін жариялады.
Алдымен мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық салалық филиалының төрайымы Л.Б.Князева көрмеге қатысқан жас суретші С.Меркурьеваға «Көрермен көзайымы» сыйлығын тапсырды. Одан соң 6-9 жас аралығындағы жас суретшілерге ынталандыру сыйлықтары тапсырылып, осы байқауда жүлделі 3-орынға ие болған он төрт оқушының, одан соң 2-орын алған он оқушының есімдері аталып, оларға дипломдар мен сый-сияпаттар ұсынылды.
Бірінші орынға «Қысқы түн» деп аталатын жұмысы үшін Риддер балалар көркемсурет мектебінің оқушысы Анастасия Сидорова мен «Бабалармекені» деген гравюрасы үшін Өскемендегі М.Шаяхметов атындағы № 23 орта мектебінің оқушысы Юлия Тютюнькова ие болды. Ал «Апайы мен бауырының портреті» суретімен шығармашылық доданың Бас бәйгесін қанжығасына байлаған Данель Александроваға жеңімпаз жүлдесін Өнер музейінің директоры Бекайым Қасымханқызы Ұябаева тапсырды.
Жүлдегерлер мен жеңімпаздарды Евгения Ложкина жетекшілік ететін «Визит» балалар вокалды студиясы мен жаттықтырушы Надежда Ташкееваның жас гимнастары өз өнерлерін көрсетіп, құттықтады.Музей әкімшілігі осы көрме-байқаудың өткізілуіне қаржылай демеушілік көрсеткен «Ореол Ltd» ЖШС директоры Сергей Викторович Коротин мен «Фирма «Пицца Блюз» ЖШС директоры Александр Валентинович Афонинге алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Жиын соңында музей ісінің ардагері, музейдің бұрынғы басшысы Нұржази Қалиева сөз сөйлеп, осыдан жиырма жыл бұрын осы көрме-байқау бағдарламасын өмірге әкеліп, қалыптастырып, жас суретшілер арасында маңызды да танымал шараға айналдыра білген музей педагогикасы бөлімінің бұрынғы қызметкері Лариса Георгиевна Костюкке ризашылығын білдіріп, жиналған қауымның атынан алғыс айтып, гүл шоғын табыс етті.
Балалар шығармашылығының бұл көрмесі 30-маусымға дейін жұмыс істеп, келуші көрермендерді қуанта алады.
Ирина Шальнева,
ШҚ Өнер музейінің бөлім меңгерушісі