Ақыртас ескерткіші Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Ақшолақ теміржол станциясынан алты шақырым оңтүстікке қарай, Тараз қаласынан 40 шақырым жерде Алатаудың етегінде орын тепкен.
Ғалымдардың бұл ескерткішті зерттей бастағанына 150 жылдан астам уақыт боды. «Оған ең алғаш көңіл аударған орыс суретшісі М.С. Знаменский,1864 жылы ескерткішке барып, Ақыртастың орналасқан орны мен қабырғаларының бөліктеріне байланысты суреттер салып қалдырған. Әлбетте, бұл азамат өз мамандығына сай, мүмкіндігіне қарай Ақыртасты көріп, ескерткішті бейнелеп, оның тарихта қалуына мол үлес қосты. Бірақ оның қандай құрылыс екені туралы, уақыты жайлы мәлімет бере алмаған.
Осыдан кейін белгілі шығыстанушы, археолог П.И. Лерх XIX ғ. алпысыншы жылдары Сырдарияның төменіндегі Қақалы уезінің бастығы болып, тұрғанда, сол жердегі тарихи ескерткіштерден Жаркент қаласын археологиялық жақтан зерттеді.1867 жылы П.И. Лерх Ақыртасқа келіп, оны тарихи-археологиялық көзқарас тұрғысынан қарастырып, жекелеген кесектастардың өлшемдерін көрсеткен және ескерткіштің Будда шіркеуі екені туралы тұжырым жасаған. Автордың осы тұжырымына ғылыми негіз жоқ. Ақыртасты зерттеуші мамандардың осы күнге дейінгі жинаған жәдігерлерінің бірінде де буддизмге байланысты деректер кездеспейді. Солай болса, бұл ескеркішті буддизммен байланыстырудың қисыны келмейді. Дегенмен П.И. Лерх Ақыртастың діни орын екенін аңғарған. П.И. Лерхтен кейін Ақыртасқа көңіл бөлгендердің арасында геолог Д.Л. Ивановты айтамыз. Ол ескерткішті көріп Ақыртастағы жиналған тау тастарының қай жерден алынғанын, кездескен тас кесектеріне сипаттама беріп, көлемді мақала жазған. Бірақ бұл зерттеуші де Ақыртастың қандай құрылыс екенін, қандай тарихи кезеңге қатысы барын жазбаған.
1893 жылы академик В.В. Бартольд Ақыртаста болып, көрген-білгенін «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью 1893-1894 гг.» деген еңбегінің «Путь от Таласа в Чу и Чуйскую долину» деп аталатын үшінші бөлігінде жазған. В.Бартольд Ақыртас туралы аңыздар келтіріп, оны христиан құрылысы – нестариандықтардың шіркеуі деп түсіндіреді. Мұндай болжам ескерткіш басында болған адам әңгімелерінің негізінде туындаған деп ойлаймыз. Олардың айтуынша Ақыртастың бір тас кесегінде христиан символдарының бірі – балықтың бейнесі кескінделген»(1.146).
Сілтемеде келтірілген академик В.В. Бартольдтың Ақыртас туралы айтқан тұжырымдамалары ғылыми негізсіз, келушілердің әңгімелерінен құралған қорытынды. Тарихи деректерге негізделмей жасаған ғалым пікірін қолдау мүмкін емес. Несторианшылдық, несториан діні христиан дініндегі ағым. Ол V ғасырда Византияда пайда болған ұғым.
Оның негізін Константинополь патриархы Несторий (428-431) қалаған (4.338). Бұл діни ағым Азия елдеріне тараған. Осы жағдайды еске салып, В.В. Бартольд Ақыртас христиан діні орындарының бірі деп түсіндірген. Ақыртасты Несториан шіркеуінің орны деудің еш қисыны жоқ.
Бұл ғұламалардан кейін де Ақыртасты көрушілер: «Ақыртас қираған керуен сарайшық немесе бекіністің орны деушілер де бар. Құрылыстың салыну мерзімі VІІ – VІІІ ғасырлар болуы ықтимал» (4.240). Бұл пікірді де қолдауға болмайды.Тарихта айдалаға бекініс орнатылмаған. Оның бекініске немесе сарайға ұқсайтын жері жоқ. Ол Ұлы жібек жолындағы Мерке, Құланкеруен сарайларына тоқтайтын орындар болған. Міне осындай әр түрлі пікірлермен Ақыртас ХХ ғасырға жеткен, оның салынған уақытымен қандай құрылыс болғаны жұмбақ болып қала берген.
Кеңес үкіметі жылдарында тарих ескерткіштерді зерттеуге айрықша көңіл бөлінді. Белгілі археолог А.Н. Бернштам 1936-1938 жылдары «Жетісу археологиялық экспедициясын» ұйымдастырып, Талас аңғарындағы ескерткіштерді зерттегенде, Ақыртас құрылысына да (1940-1945-1946 жылдары) көңіл бөлген. Одан кейін осы ескерткіште түрлі археологиялық жұмыс жүгізген Г.И. Патцевич болатын». Онда ол Ақыртастың топографиясын сипаттап, бөлмелерді, ауланы, колонналардың негізін, тас алған карьерді, сумен қамтамасыз ету жүйесін суреттеп жазған Г.И. Пацевичтің пікірінше Ақыртас ІХ ғасырға мерзімделінген (1.146).
Археолог Г.И. Пацевич өзінің Ақыртаста жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысын «Ақыр-Таш», Вестник, АН Каз.ССР, 1949ж. С.80-85 мақаласында баяндаған. 1945 жылы Т.К. Басенов басқарған экспедиция Ақыртаста болып, өздерінше барлау жұмыстарын жүргізіп «Ақыртас жобасы» атты мақала жариялаған. «Т.К. Басеновтың пікірінше Ақыртас буддалық тата, несториандық та шіркеу емес, ол VІІІ– ІХ ғ.ғ салынған қамал-сарай» (1.146).
1946 жылы ұйымдасқан ҚазССР Ғылым академиясының Ш.Ш. Уалиханов атындығы Тарих, археология және этнография институтынан 1991 жылы Археология институты өз алдына бөлініп шықты. Оған Ә.Х. Марғұлан аты берілді. Осы институтты 20 жылдай ҚҰҒА толық мүшесі Карл Молдахметұлы Байпаков басқарды. Сол жылдарда арнайы ұйымдастырылған археологиялық институты ірі ғылыми орталыққа айналды, Егеменді Қазақстан Республикасы көлемінде археологиялық жұмыстар кеңінен жүргізілді. Соның нәтижесінде кең байтақ еліміздің жерінде тас, қола, темір және ортағасыр ескерткіштері ашылды, ел археологтары тарихымызға мол жаңалықтар енгізді.
Елімізде жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде көптеген ескерткіштер ашылды, көлемді ғылыми еңбектер жазылды. Олардың арасында Ақыртас туралы жазылған пікірлер де бар. Археология институтының мамандары Ақыртаста зерттеу жұмыстарын жүргізді. ҚР мәдениет және спорт министрлігі мамандарының күшімен де аталған ескерткіште біршама ісшаралар жүзеге асырылды. К.М. Байпаков басқарған археологогтар Ақыртастың қандай ескерткіш екенін, оның қай ғасырдың тарихи ескерткіші туралы жұмбақты шеше алмады. Олардың пікіріне жүгінетін болсақ: «Ақыртаста жүргізілген археологиялық зерттеулерді қорытындылап, Ақыртастың VIII – IХ ғ.ғ. Жетісудағы қарлұқтардың салынып бітпеген ордасы деп санайды» (1.146). Бұл пікірді автор 2012 жылы қайталаған: «Қызықты материалдар VІІІ ғ. ортасына жататын құрылысы бітпей қалған Ақыртас сарайын қазу барысынды табылды. Бұл материалдар VІІ – ІХ ғ. бірінші жартысындағы қалалардың сәулеті мен өнерінің, қалалық мәдениеттің жоғары деңгейінде болғанын дәлелдейді» (6.383). Қазір де К.М. Байпаков Ақыртасты «Қарлұқтардың бітпеген сарайы» деген пікірде болса керек. Ғалымның аталған пікірін шындыққа алуға болмайды. Өйткені біріншіден, сарайлар айдалаға салынбайды, ондай құрылыстар ірі-ірі қалалардың ішіне орналасады. К.М. Байпаковтың Ақыртасты сарайдың орны деуінің қисыны келмейді. Екіншіден, аталған пікір Орталық Азия түріктерінің даму тарихына қайшы келеді. Қарлұқ қағанаты 766-940 жылдардағы Жетісу феодалдық мемлекет болғаны баршаға мәлім. Бұл мемлекет 179 жыл үстемдік еткен кезде оның экономикасы мен сәулеті жоғары дәрежеде дамыған жоқ. Жоғарыдағы біз тоқталып өткен ғалымдардың, археологтардың Ақыртастан тапқан артефактілері Қарақан мемлекетіне жататын деректер. Кейінгі зерттеу жұмыстары мен қайта жаңғырту жұмыстары Сарайға негізделіп жүргізілген. Оны шындыққа жатқызу қиын (6.табл.55-56). Сондықтан Қарлұқтар сарайы деудің негізі жоқ.
Жоғарыдағы біз тоқтап өткен деректер бойынша, Ақыртастың жұмбағы әлі шешілген жоқ. Сондықтан бұл шиеленіскен мәселеге өзіміздің пікірімізді білдірмекшіміз.
Ақыртас ортағасырлық 941-1130 жылдары Қарахан мемлекеті тұсында пайда болған ескерткіш. Ол Шығыс Түркістан, Жетісу және Мауереннахрды қамтыған ірі феодалдық мемлекет болған және оны Афрасиабтың ұрпақтары, Қарахан әулеттері басқарған. Ертедегі ортағасырда Орталық Азия саяси, экономикалық және мәдени тұрғыдан алдыңғы қатарда болғаны тарихта дәлелденген. Оның бас қаласы астанасы Баласағұн болған, ал Үзген, Тараз және Самарқан қалалары оған жанамалас астаналар болған. Осы аттары аталған қалалар арқылы үстемдігін жүргізген Қарахан мемлекетінің басты хандары: Харун, Насыр 1, Базыр Арсланхан, Оғұлшақ Қадырхан, Сатұқ Борахан, Оғұлшықтың немере інісі Сатұқ Бограханды (915-955) Қарахан әлеуметінің негізін салушы деп есептейді. Исламды қабылдап, Саманилердің қолдауын пайдалана отырып, Сатұқ Бағрахан Оғулшаққа қарсы шығып, оны талқандады…» (7.399). Қарахан мемлекетін Сатұқ Бағраханның ұрпақтары басқарды. Олардың ішінде Мұсаның баласы Әли Арсланхан кезінде Қарахан мемлекеті дәуірлеп, ол Қашғарды, Таразды және Баласағұнды билеп тұрды (сонда).
Қарахан мемлекеті кезінде экономикасы, сәулет өнері қарқынды дамыды. Х-ХІІ ғасырларда Жетісу, Сырдария өңірлеріндегі қалаларда ірі құрылыстар жүргізілді. Кесенелер, Айша бибі күмбезі, Аяққамыр, Алаша хан күмбезі, Бабаджа хатун кесенесі, Жошы хан күбезі, Сырлытам және т.б, тас көпір салу ісі (Талас өзені бойында) өркендеді. Сәулеттік құрылыстарда күйдірілген қышты пайдалану ғимараттардың композициялық үлгісін қалыптастыруға, арқалы күмбез конструкция қолдануға, көркемдеу әдістерінің алуан түрін іске асыруға жол ашты (4.Т.6.1975.Б.510).
Келтірілген сілтемеде, Қарахан дәуірінде сәулет өнері дамып, ірі-ірі тарихи дүниелер, зәулім кұрлыстар көптеп салынған. Солардың бірі көп жылдан бері зерттеп келе жатқан есімі әлемге әйгілі Қарахан мемлекетінің бас астанасы болған Баласағұн шаһарын мысалға алайық. Қала тұрғындарының шоғырланған орталығы 70 шаршы шақырым көлеміндегі жерді бірнеше қабат қамалмен қоршатқан. Баласағұнды қоршаған камал (ор) үш бөліктен тұрады: сыртқы ордың ұзындығы 25 шақырым, ішкілерінің ұзындығы 17 шақырым, ішкі қатарласқан ор – 10 шақырым. Жалпы ұзындығы 52 шақырымға созылған ұзын және биік қамал сыртынан ені 8-10 м арық (канал) қазылып су ағып жатқан. Канал Қарабалта, Ақсу өзендерімен жалғастырылған. Қамалдың ені 16-18 м, биіктігі 7-8 м шамасында болған (8.89-98). Осындай үлкен құрылыстардың қалай іске асырылғанына таң қаласың. Қарахандар осындай бекіністерді бірнеше қалаларды салдырған. Мұндай қалаларды археологтар ұзын қорғанды қалалар деп жазып жүр (9.10).
Жоғарыда тілге тиек етілген мәліметтерге қарағанда Қарахан әулеті басқарып тұрғанда Орталық Азияда, әсіресе Ұлы Жібек жолының бойындағы қалаларды дамытуға, сәулет өнерін дамытуға айрықша көңіл бөлгендері байқалады. Сондай ірі құрылымның бірі Ақыртас ескерткіші. Бұл ескерткіш Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғыра ханның тұсында Х ғасырдың ортасында салынған болуы керек. Ақыртас Баласағұн мен Тараздың ортасында, Алатаудың бөктеріндегі тегіс жерде, Қызылтас тауының солтүстік беткейінде орналасқан. Қызылтас тауының шығыс жағында 400 метрге созылған тас карьердің орны сақталған. Карьерден құрылысқа дейінгі ара қашықтық 200-400 метрді құрайды. Қызылтас тауының қызыл реңді табиғи тастары өте сирек кездесетін құнды құрылыс материалдарының бірі. Ол тастар кірпіш және қыш құмыралар жасауға қолайлы құрылыс материалдары. Ақыртас құрылысын сумен қамтамасыз ету үшін Ұзынбұлақ шатқалдарындағы бұлақтардан су құбыры тартылған. Олардан Ақыртасқа дейінгі арақашықтығы 3-4 шақырымды құрайды. Су құбырларының ұзындығы 50-60 м, диаметрі 20см. Міне осындай тамаша жерге Қарахан әулеттері өздерінің діни құрылыстарының негізін салып, оны ғибадатхана (пантеон) деп атаған.
Ақыртас ескерткішінің атының өзі діни орын екендігінен хабар береді. Ежелден түріктер, оның үлкен бөлігінің бірі қазақтар дүниеге келген ұрпақтарына, жер, су, ескерткіштерге ойланып-толғанып, ақылдасып ат қоятын болған. Солай болса, жер, су және т.б. сол сияқты ескерткіштердің аттары ақыл ойдың жемісі. Әрбір ескерткіштің атаулары, оның мазмұнына сай келуі тиіс. Ақыртастың да солай аталғанына күмән келтіруге болмайды. Ақыртастың мағынасына мән беру қажет. Ол екі буыннан құралған: Ақыр-тас. Ақыр сөзі бір нәрсенің аяғы, соңы болса, тас, яғни дүниеден озған адамдарды жерлейтін ғибадатхана деген мағына береді. Ақыртас пен Ақырзаман сөздерінің мәні бірдей, яғни өмірдің соңы – деген мағына білдіреді.
Бұндай діни орындар әлемде ертеден салынған. Ежелгі гректер мен римдіктер де құдайларға арналған ғибадатханалар – «пантеон» салдырған. Атақты, дәулетті адамдарды сондай жерге жерлеген. Діни орындар, мешіттер салу әлемде ен жайған. Орталық Азия түріктері де ірі-ірі қалаларда ғибадатханалар салдырған. Ондай орындарды салуға Қарахан дәуірінде айырықша мән берген. Сатұқ Боғыра ханның ислам дінін мемлекеттік дінге айналдырып, оны елге ен жайдыртқан. Қошқар, Жаркент, Баласағұн,Тараз, Ташкент, Бұхара, Мерв, Көне Үргеніш және т.б. қалаларда үлкеді-кішілі ғибадатханалар болған. Енді өзінің өрлеп тұрған кезінде, осындай ірі ғибадатхананы Ұлы Жібек жолының бойында, Баласағұн мен Тараздың орталығында, Алатаудың етегінде Қызылтас тауының жанынан арнайы «Қарахандардың ғибадатханасын» салдыруды жоспарлаған. А.Х.Марғұлан атындағы Археологиялық институтының мамандары кең көлемде Ақыртаста зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қызылтас тауындағы тас алған жерден кірпіш, қыш құмыра жасауға таптырмайтын материал. Саз балшықтың қалың қабатын жамылған. Бұл жерден кірпіш күйдіретін пештің қалдығы, кірпіш сынықтары және т.б. артефактілер табылған (1.147-149). Осы беттерде «Ақыртас кешен» табыт фотосы берілген. Соған қарағанда Қызылтаудың тасынан дүниеден өткен марқұмдардың денесін орналастыратын «табыт» жасаған. Қазба жұмыстары кезінде Ақыртас ескерткішінің ішінен бірнеше бөлмелер табылған болса, олар құрылысшылардың жұмыс істейтін орындары болуы тиіс. Ескерткіштің жанынан ашылған шағын қоныстардың орны құрылысшылардың мекен-жайлары болса керек. Олардың арасында «жертөлелердің» болуы, құрылысшылардың алғашқы баспанасы демекшіміз. Сөйтіп соңғы кездері археологтар мен сәулетшілер Ақыртас ескерткішін зерттеуде айтарлықтай еңбек сіңіргенін естен шығаруға болмайды. ҚР мәдениет және спорт министрлігінің мамандары Ақыртаста реставрация жұмыстарын жүргізді. Кейбір бөлмелерді бұрыңғы қалпына келтіргенімен, олардың дұрыс-бұрыстығын дәлелдеу қиын мәселе. Ақыртасты қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде олар қазіргі үстемдік етіп келе жатқан «Ақыртас сарайы» деген пікірге негізделіп жүргізген.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтар болсақ, Ақыртас ескерткіші Х-ХІІ ғасырлардың бірінші жартысындағы Қарахан әулетінің негізін қалаған «ғибадатханасы». Нақты айтқанда, Ақыртас ескерткіші «Х ғасырдың соңғы бірінші жартысында салына басталған тарихи ескерткіш.Тарихтан белгілі, 1140 жылы Қарақытай мемлекетінің басшысы Елюй Даши (Гурхан) Қарахан мемлекетін басып алып, өзінің үстемдігін жүргізді. Гурхан Қарақытайлардың патшасы Баласағұнда орналасты. Қарақытай ханы өзіне «Гурхан» деген лақап атты қабылдаған. Елдің берекетін кетірді, жергілікті тұрғындар оны жек көрді. Саяси, экономикалық және мәдениеті құлдырады.1210 жылы өзінің басқарып тұрған бас астана Баласағұн шаһарын өртеп, қиратып, 47 мыннаң астам баскөтеретін азаматтарын өлтірген Гурханнан не күтуге болады?! Міне осындай күйзеліс кезіңде жаңадан басталған Ақыртас ғибадатханасының құрылысы тоқтаған. Жылдар өткен сайын аталған діни орын тарихи ескерткіш ретінде бізге жеткен.
Шамамен, Ақыртас негізін XI ғасырдың соңы деп алсақ, оның 10 ғасырдан астам тарихы бар. Содан бері бұл ескерткішке қатысты ғалымдардың, саясатшылардың пікірлерін келтірдік. Бірақ олардың бірде біреуі Ақыртастың қандай ескерткіш екенін, оның қашан салынғанын нақты айта алмай, тек жорамалды пікірлермен шектелген. Бұл жұмбақты шешу ұзаққа созылып кеткен. Енді Ақыртас туралы жиналған деректерге негізделіп, бұл шиеленіскен мәселені шешетін болсақ, Ақыртас X-XI ғасырдың бірінші жартысында Қарахандардың құрылысы аяқталмай қалған ғибадатханасы (пантеоны).
У.Х.Шәлекенов,
ҚРҰҒА құрметті акедемигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Соғыс және еңбек ардагері.
02.11.2018ж.
Алматы.
Әдебиеттер
1.Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескеткіштер жиынтығы. Жамбыл облысы. Алматы, 2002.
2.Шәлекенов.У.Х., Шәләкенов.М.У. Орталық Азиядағы мемлекеттер.Алматы, «Қазақ университеті». 2017 ж.
3.Академик В.В. Бартольд «Сочинения» Т.V.Москва.1966.
4.Қазақ Совет энциклопедиясы Т.VIII.Алматы, 1976.
5.Байпаков К.М.(библиография)қараңыз. Алматы. 2010.
6.Байпаков К.М. Древняя и средневековая урбанизация Казахстана. I книга. Алматы, 2012.
7.Қазақстан тарихы.Т.І.Алматы,1996.
8.Шәлекенов У.Х. V-XIII ғасырлардағы Баласағұн қаласы. Алматы «Жібек жолы».2006.
9.КожемякоП.Н. Раннесредневековые города Чуйской долины.Фрунзе,1959
10. Елеуов М. Шу мен Талас өңірлерінің ортағасырлық қалалары (VI-XIIIғ.басы). Алматы«Қазақ университеті».1998.