Орамал – қазақ әйелінің қорғаны, қасиеті мен киесі. Кешегі ата-әжелеріміз ақ жаулықты құрметтеп, әдеп сақтап, ұлттық болмысын ұмытпады. Орамал – әуелі ана, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі.
Тарихқа көз жүгіртсек, жаугершілік заманда ер азаматы қалмаған ауылға тұтқиылдан жау шапқанда, сол ауылдың бәйбішесі басындағы ақ орамалын шешіп, жауға қарсы шыққан. Елде ер қалмағанын түсінген жау кері қайтып, ауыл аман қалған деседі. Міне, сол күннен жауды тоқтатқан ақ орамал «жаулық» аталған. Сөзге, әдет-ғұрыпқа тереңнен мән беретін халқымыз жаңа түскен келін басына орамалын салып, жанжал болған жерге келіп сəлем салса, күрделі жағдай болса да, тоқтамға келген.
«Әйел орамал тақпаса арын ұмытады,
Күйеуінің барын ұмытады,
Шашы тамаққа түседі,
Үйіне келген қонақтың назары түседі», – деген сөз бүгінде ел ішінде жиі айтылып жүр. Әуелі, орамал басыңызды сырттан келетін түрлі аурудан қорғаса, екіншіден сіздің кім екеніңізден (келін, ене-авт.) хабарлап, әдеп сақтауыңызға жол ашады. Үшіншіден, бала емізгенде, ас үйде тамақ əзірлегенде тазалық сақтауға мүмкіндік береді. Діни тұрғыда орамал тағу адамды жын-шайтаннан қорғайды деген түсінік те бар.
- Ал, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаева «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған мақаласында: «Әйелдің шашы магнит тәрізді, ауадағы кір, лас қуатты жинағыш келеді. Менің өз тәжірибемде кездескендей, үнемі орамал тартқаннан кейін «басының сақинасы», өзге де дерті жазылып кететіндер аз емес. Бұған қоса, ашық-шашық жүрген әйел көктен өзіне қажет емес зиянды қуат алады, нәтижесінде ағзада гормон жүйесінің бұзылуы етек алып, жыныс мүшелеріндегі қатерлі ісік және өзге де ауруларға жол ашады» деп орамал жайлы тұжырымын жеткізген.
Ақ жаулықты аналарымыз салып кеткен дара жолды жалғаушылардың қатары сирей түскен. Бүгінде орта жастан асса да, кейбір апаларымыздың ақ жаулықсыз, келте, боялған шашпен жүргенін көріп, немересіне ертегі айтатын әжені, қызына кесте үйрететін ананы аңсай түсеміз. Оған қоса, жат ағымның жетегінде «орамал таққанның жөні осы» деп, орамалды тұмшалап тағып немесе хиджаб киетіндер де көбейіп барады. Бұл орамал тағу дәстүрлері әр елдің салт-дәстүріне, діни ағымына, климаттық белдеуіне қарай қалыптасқан. Сондықтан ондай өзге елдің салт-дәстүрі қазақтың мәні терең дәстүрін ығыстырмасын десек, бүгінгі буынның тарихымызды танып, қазақтың ақ орамалының қадірін түсіндіріп, насихаттай жүрейік.
Райхан АЛТЫБАЕВА, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері.
Тағы да оқыңыздар: https://dasturkb.kz/myt-bola-basta-an-ltty-ta-amdar/2021/