Абай шығармаларының тәрбиелік мәні

205

Еліміз егемендік алып,қазақ тілінің мәртебесі өскен қазіргі таңда «Дәрігер адам жанын сауықтырады,мұғалім адам ақылын, мінезін сауықтырады» деп, аса көрнекті қазақ жазушысы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, Абай шығармаларын оқыту жас ұрпақты тәрбиелеуде таптырмайтын тәсіл болып табылады.

Абай – ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздағы ерекше тұлға. Біртуар қайталанбас тұлғаның азаматтық, ақындық, халықтық мұрасы – айтылар ойға сыймас, қыр-сыры мол дүние. Осындай ұлтымыздың мақтанышы бола білген қазақ әдебиетінің классигі Абай шығармаларын мектепте оқытуды міндеттеу – еліміздің ертеңіне, әр үйдің тентегіне бағдаршам болары ақиқат. Ақын мұрасына, оның тақырыбы мен көркемдік өрнектеріне, әлеуметтік мәселелеріне талдау жасаумен ғана шектелмей, суреткердің дүние, өмір, қоғам туралы көзқарасын, яғни, дүниетанымын көрсететін ойларына да кең сипаттама берілуі керек-ақ!

Ұрпақтарымыздың ана тілін, халық өнерін, салт-дәстүрін сүюі үшін оқу- тәрбие бастауын халықтық педагогика мен Абай шығармаларынан алып, адамгершілігі мол, білімді, иманды, еліміздің ертеңін ойлайтын азамат дайындау – кез келген мұғалімнің міндеті деп ойлаймын.

Абайдың ізгілік пен адалдыққа, жастарды білімге шақыруға, шыншыл, талапты болуға, достыққа, ұлтжандылыққа үндеген өшпес мұрасы, өлмес шығармаларымен шәкірт сапасын сауықтыру үшін  мұғалімнің өзі де Абайша сезініп, Абайша тебіренуі тиіс.

Абай – көреген, данышпан ақын. М.Әуезов ақын шығармаларының қалыптасуына, дамуына үш мәдениеттің елеулі әсер еткендігін айтады. Мұның біріншісі –қазақ халқының есте жоқ ерте заманнан жинап келген ұлттық даналығы- халықтың ауызша сыр сандығы болса, екіншісі – араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың рухани қазынасы, ал үшіншісі – орыс халқының ұлы мәдениеті және Еуропа мәдениеті.

«Абайдың ақындық біліміндегі ең бір ірі жағы – осы айтқан үш қазынаның қайсысына барса да құр ғана үйренуші,еліктеуші боп барған жоқ», – деп жазады М.Әуезов.

– Қайдан алсын, нені алсын – баршасында өзінің үлкен ойлы, терең толғаулы ірі ақындық ерекшелігі арқылы үнемі ой елегінен өткізіп, өз өнерімен мықтап қорытып, өзінің қайран жүрегінен шыққан бұйым табысы етіп ала білді. Дүниені, өмір мақсұты, тартыс бағыты атағында бар ойы, бар ақындық шабыты өте терең, шындықпен қабысып отырады. Сол себепті зат әлемін, адам құбылысын, қарым-қатынасын жырлағанда, аспан, тағдыр әлемі деп толғамай, үнемі жер басқан адамның күнделігі, тарихтың шындық болмысы етіп толғап тебіренді.

Абай білімі терең болғандықтан, болашақ туралы  толғаған ойлары да терең. Абай дүниенің болмысын, анық болған және бола беретіндігін, табиғаттың өмір заңдылықтарын түсінген. Ол табиғат құбылыстарының сырын,дүниенің бір қалыпты тұрмайтындығын, жаратылыстың бар нәрселері бір түрден екінші түрге ауысып, өзгеріп жататындығын, мұның өзі даму заңдылықтары екендігін таныған. Ол туралы өзінің жиырмасыншы  қара сөзінде: «Дүние бір қалыпта тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бір қалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа құдай тағала бір қалыпты тұрмақты берген жоқ» – дейді.

Абай сонымен қатар, өзі өмір сүрген ортанын, қоғамның қайшылықтарын, әлеуметтік теңсіздіктердің қазақ елінің экономикалық және мәдени жағынан артта қалушылығының да себептерін көре білген. Ол жөнінде өзінің отыз сегізінші  қара сөзінде:  «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айына бір, өзіңнен  өзің есеп ал! Өмірді қалай өткіздің, не білімге, не дүниеге жарамды қылық өткізіппісің? Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің. Надандық, білімсіздік – хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық – бәрі осылардан шығады », – деп жастарды жігерлендіреді және адамның өзін-өзі билей алмауынан, ерік-жігерінің, қайратының жетпеуінен жөнсіз әрекеттер жасайтынын сынайды.

«Сабырсыз, арсыз, еріншек                                                                                  Көрсе қызар жалмауыз.

Сорлы қазақ сол үшін                                                                                        

Алты бақан ала ауыз,                                                                                                 Өзін-өзі күндемей.                                                                                               Жақыннан жолға міндейді,                                                                                         

Ол – арсыздың белгісі», – деп жалқаулық, қулық, шаруаға құнтсыздық адамдардың акылсыздығынан, білімсіздігінен екенін шенеп, көпшілік алдында сынайды.                                                                                            

Бақытқа жеткізетін жалғыз жол – өнер мен білімді жоғары бағалау. Қазақтан  шыққан қарапайым талант халықты өнер-білімге шақырып, «Мыңмен жалғыз алысып», надандықпен күресті. Шығармаларының басты бөлігін білімге арнаған. Дер шағында оқи алмай, білімнің аздығы өкіндіртетінін:

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,         

Пайдасын көре – тұра тексермедім.                                                                           Ержеткен соң түспеді уысыма,                                                                               Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – деп жырласа,                                                       –Адамның бір қызығы бала деген                                                                                  Баланы оқытуды жек көрмедім, –  деп, өз өкінішін білдірсе,

«Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім», –  деген жолдар – жалғыз Әбдірахманға емес, білім жолына түскен барша қазақ жастары үшін күні бүгінге дейін тәрбиелік маңызын жоймаған әке сөзі, әке үміті. Поэзия пайғамбары Абай атамыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған сегіз мың өлең жолы мен қырық бес қара сөзін, әндері мен күйлерінің мәнін оқушы жүрегіне жеткізу, поэзия әлеміне ендіру – әр пән мұғалінің қасиетті мұраты. Мұндағы менің айтпақ ойым – Абай шығармаларын  шәкірттеріме оқыта отырып:

 «Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе!

Адалдықты көздесең,

Жаттап тоқы көңілге,» – деп,  Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, келешек ұрпаққа Абай шығармаларын оқытуда берілетін өнегелі тәрбие ұшан теңіз екенін ескерткім келеді.

«Адамның ең жаманы – талапыздық!» – деп ақын айтқандай, соңғы кездері не ғылымға, не еңбекке, не өнерге талаптана алмайтын өмірге икемсіз жандар кездесіп жатады. Сондықтан, әр мұғалім алдындағы болашақтың азаматын өмірге қанаттандыра, болашаққа талаптандыра тәрбиелей алса, міне, нағыз ұстаз шеберлігі деп айтар едім.

«Қайран тіл, қайран сөз

Наданға қадірсіз» – деп жырлаған Абай – туған халқының, болашақ ұрпақтың өнегелі тәрбиешісі, асқар тау, ағар бұлағы, қасиетті ана тілінің бастауы, қамқор бабасы.

Абай армандаған, өсер ұрпақ бойынан көргісі келген тамаша қасиеттерді

шәкірт жүрегіне ұялата алса, әр ұстаз еңбегінің жалғасы да сол емес пе? Заман талабына сай саналы ұрпақты сапалы біліммен қаруландыруда қажымайтын, талабы таудай білікті мұғалімдердің білімді шәкірттері молая берсін!

Айсұлу Нұрлыбайқызы

Маңғыстау облысы

Ақтау қаласы

№28 орта мектептің

 қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі

Бөлісу: