Кеше 13 наурызда Алматыда әуежай маңында ұшақ құлады. Ұшақ ҚР ҰҚК-не тиесілі екен. Ұшақ апаты салдарынан төрт адам қаза болып, екі адам аурухананың жан сақтау бөліміне түскен.
«Сағат 17.20 шамасында әужайға қонайын деп жатқан Нұр-Сұлтан — Алматы бағытындағы ұшақпен байланыс үзілді. Алдын ала мәлімет бойынша, ҚР ҰҚК АН-26 ұшағы құлаған. Әуе кемесінің бортында 6 адам болған», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Мемлекет басшысы ұшақ апатында қаза болғандардың жақындарына Twitter парақшасында көңіл айтты.
«Алматы әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын.Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін.Менің тапсырмам бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды.Бұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы керек», – деп жазды Мемлекет басшысы.
Алматыдағы нөмірі төртінші қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген екі адамның жағдайы ауыр деп бағалануда. Қаланың ең тәжірибелі дәрігерлері ауруханаға келіп, апаттан зардап шеккен азаматтарға ем-домын жасап жатыр. Екеуіне де бас ми жарақаты диагонозы қойылған.
«Ұшақ апатынан екі адам түсті. Екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр. Диагноздары — бас ми жарақаттары. Термиялық күйік — 50 пайыз, 30 пайыз. Бір науқаста ашық сирақ сүйектерінің сынуы. Кеуде жарақаты, пневмоторокс. Екінші науқастың диагнозы — бас ми жарақаты. Термиялық күйік — 30 пайыз. Төртінші саусақтың сынуы. Және кеуде қуысының жарақаты», – дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың травматолог дәрігері Руслан Токушев «Хабар 24» берген сұхбатында.