Алғашында қысқа өмірдің ұзақ уақыты бітпестей көрінген.

Анар жастық шақтың жасыл бақтарын  араламаған. Ешқашан би алаңында билемеген. Түнгі клуб дегендерді көрмеген.

Қазір Анар 20 жаста, 2001 жылы көктемде туған. 2016 жылғы жазда сегізінші класты бітірген кезде жол апатына түскен. Он шақты операция жасалғанымен аяғының сынған сүйектері бітпеген. Содан мүгедек боп қалған.  Қазір үйде отырғанына бес жылдан асты. Өзі әдебиетті жақсы көреді. Әлем әдебиетіне саяхат жасап, өзіне ұнаған жазушылардың шығармаларымен танысады. Әлемге танымал философтармен достарындай сырласады. Мектепті үйде оқыту әдісімен бітірген.

Анар Байжанды алғаш рет интернеттен блогер ретінде кездейсоқ көрген.  Ол  22 жаста. 1999 жылы туған. Алматыдағы атақты университеттің экология факультетін бітірген. Қазір магистратурада оқиды екен. Зерттеу нысаны – экология проблемалары.

Байжанның интернет арқылы айтқандары Анарға қатты ұнаған. Оның ата-анасы экологиясы өте нашар ауданнан екен. Сол жердің тұзы мен суы секілді жайсыз проблемаларды айтып, көрерменнің қабырғасын қайыстырған. Ойландырған, толғандырған.

Байжан ұзын бойлы, көгілдір көзді жігіт екен. Түріктің қазіргі  атақты актері Онур Тунаға да ұқсайды. Қап-қара шаштары мен қастарының  астынан аспан түстес көздері күлімдеп тұрғаны да  өзіне әдемі жарасады. Анар Байжанды біртіндеп  ұнатып қалғанын өзі де сезбеді.  Байжанның блогер ретінде қай кезде эфирге шығатынын да біліп алған. Сол уақытта ноутбуктың алдында лекция тыңдайтын студенттей дап-дайын боп отыруды әдетке айналдырған.

Байжан хабарының соңын табиғат туралы өзі шығарған әнмен аяқтайды. Оның баяу басталып, асықпай шығатын қоңыр даусы  Анардың жүрегін жаулап алған. Күтпеген махаббат өзіне келеді деп ойламаған Анар сасып та қалған. Сөйтіп оның жүрегі ұзақ ұйқыдан оянды. Ендігі уақытын Байжанның  интернет хабарларын күтумен өткізіп, оның байсалды дауысын естіп, күлімдеген көгілдір көздерін көретініне мәз болды. Кім үшін өмір сүретініне   қуанды. Қайғының аулы алыстап, жүрегіне жаз орнайтынын түсінді. Дүние кезек деген осы болар.

Роза Елеуқызы

Бөлісу: