Қасиетті қобызды жаны қалаған жан

1121
Ақмарал Наурызова

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Төлеп ауылында дүниеге келген Ақмарал бала кезінен өнерге бейім болды. Мектеп қабырғасында жүргенде ән айтып, би билеп, қобызда ойнап, түрлі шараларға қатысатын. Тағы бір бала кезінен қазірге дейінгі сүйікті ісі ол – тоқу өнері.

Ақмарал Наурызова 2004-2009 жылдары Д. Нұрпейісова атындағы ХМА Атырау музыка колледжінің жанындағы БММ қыл қобыз аспабынан бітірсе, 2011-2015 жылдары осы оқу орнының колледжін тәмамдады.

Колледжде оқып жүрген кезінде: 2013 жылы Атырау қаласында өткен «Күй атасы Құрманғазы» атты Республикалық фестивальдің 1000 адамдық біріктірілген оркестріне қатысқаны үшін сертификат алды; 2013 жылы Атырау қаласында өткен Ықылас Дүкенұлының 170 жылдығына арналған облыстық байқауда 1 орынды иеленді; — 2014 жылы Алматы қаласындағы Республикалық «Кіші олимпиада — 2014» сайысында 2- дәрежелі диплом алды.

2015-2019 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына қыл қобыз мамандығына оқуға түседі. Оқып жүрген кездері: 2016 жылдың ақпан айында Жамбыл Жабаев туралы тарихи драмалық көркем фильм түсірілді. Сол фильмде шағын рөл сомдады; Астана қаласындағы «Шабыт» XIX Халықаралық шығармашылық жастар фестивалінде «Халық музыкасы» (қыл қобыз) аталымы бойынша Дипломант атанды; 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен ЭКСПО-дағы концертке студенттер оркестрімен қатысты.

Осы жылы қытайдың Макао қаласында болған үлкен Халықаралық фестивальге Қазақстанның атынан консерваторияның ансамблімен өнер көрсетті; 2018 жылы Алматыдағы X Республикалық олимпиадада «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығы «қыл қобыз» аталымы бойынша 1-орынды алды.

Оқумен қатар, қосымша Алматы облысы, Ұзынағаш ауданының «Сүйінбай сазы» атты ансамблінде жұмыс істеді. Ансамбльмен 2018 жылы Халықаралық түркі тілдес мемлекеттер арасындағы фестивальге қатысып, Түркия елінің Анкара қаласында және тағы да басқа бірнеше қалаларына барып, өз өнерлерін көрсетті.

Оқуын бітіре сала, Атырау қаласының Н. Жантөрин атындағы облыстық филармониясына «Нарын» халық аспаптар оркестріне жұмысқа орналасты.Одан кейін өзі түлеп ұшқан оқу ордасы – Д. Нұрпейісова атындағы колледжге мұғалім болып кірді. Қазіргі таңда Наргиза Ғалымжанова, Әмина Жұмажанқызы, Жұлдыз Маратова, Дана Отар сияқты сұлу да талантты студенттері бар.

Ақмарал кейінгі сөздерін былайша аяқтады: «Осы 15 жыл бойы алған білімім, тәжірибем қазір сабақ беруде оң әсерін тигізуде. Оқушыларым менен артық білгенін қалаймын. Оларға қобыз аспабын меңгеруде көмегім кішкене болса да тисе, мен қуанамын.

Қасиетті қобыз өнерін меңгеріп, жоғары білімді маман иесі болуым әуелі Алланың қалауымен, сосын үнемі бала кезімнен қолпаштап, әр ісіме тек қолдау көрсететін әкем Дүйсен Ұзақовтың, анам Шолпан Аконованың, бауырым Ақан Наурызовтың арқасы және ұстаздарымның арқасы! Осы орайда талантымның шыңдалуына үлесін қосқан мектепте және колледжде сабақ берген ұстаздарым Салиха апайыма, Гүлжамал апайыма, Гүлжан Жұматаеваға, консерваторияда сабақ берген ұстаздарым ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, ғалым Базархан Қосбасаровқа, Ақерке Тәжібаеваға, Әйгерім Қарсақбаеваға айтар алғысым шексіз!

Менің мақсатым – арғы ата-бабаларымыздан қалған ұлттық мұраны, киелі қобыз өнерін қадірлеп насихаттау!»

Бөлісу: