Ассамблея – тарихымыздың ізі, бірлігіміздің ұйытқысы

59

Қазақ еліндегі рухани келісім мен бейбітшілік іргетасын қалаған – Қазақстан халқы Ассамблеясының орыны бөлек. 

Ұлаңғайыр атырапты қорғаған бабаларымыз құшағына 140-тан астам ұлт пен ұлысты сыйдырды. Осыншама ұлт пен ұлыстың өкiлi әлемде тоғызыншы орын алатын мемлекеттің шаңырағында бiрге тұрып, бiрге жасап, бiр мақсатқа, бір мүддеге жұмылып өмiр сүрiп келе жатыр. Қазақстан тәуелсіздігінің баянды, бірлікке, ынтымақта үйлесіп келе жатқандығының басты кепілі де Қазақстан халқы ассамблеясы.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. Елбасының жүргізген осынау саясаты оң нәтижесін беріп, Қазақстан халқы қолдаған маңызды идеялардың бірі болды.

Ассамблея аясында Қазақстанда тұрып жатқан ұлттардың мақсаттары, құндылықтары мен идеялары, ортақ тарихи тағдыры, әлеуметтік мәселелері тең құқықты өкілеттілікке ие болып, бір тұтас шаңырақ астына ұйысты. Көпұлттық, көп тілді қоғам – біздің мемлекетпен қорғауға алынатын біздің үлкен қазынамыз екенін көрсетті.

Барлық ұлттардың келісім тауып, тілдерін, мәдениетін, дәстүрлерін дамытуға ұмтылыстары, өз тарихи отандары жайындағы маңызды оқиғалары жайында хабардар болып, бірлігі мықты елде тұрып жатқандары бағамдалды. Кешегі зұлматты кезеңдерде ата-бабалары, әке-шешелері Қазақстанға жер аударылып қонақжай халқымыздың ыстық-ықыласы мен бауырмалдығының арқасында бір шаңырақтың астында тоғысты.

Түрлі ұлт өкілдерінің көшірілуі халық құрамын айтарлықтай өзгерістерге ұшыратты. Өзге ұлт өкілдері репрессия, депортация, Ұлы Отан соғысы және кеңестік биліктің жүргізген әлеуметтік-саяси науқандарының салдарынан Қазақстанға көшіп келіп, қоныстанды. Бұлардың бірқатары 1950 жылдардың ортасында өз еліне қайтуға рұқсат алса, кейбіреуінен шектеулер алынбады. Сондай қиын-қыстау заманда келгендердің қайтадан қайтуы да қиындықтарға толы болды.

Ал, қазіргі күнде республикамызда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі біркездері тағдырдың айдауымен келген жұрттың ұрпақтары. Олар бүгінгі таңда Қазақстанның тең құқылы азаматтары ретінде өсіп-өніп, қазақ жерінде мәдениет, білім, ғылым, экономиканың дамуына үлес қосып еңбекке араласып, еліміздің дамуына атсалысуда. Олардың тарихы бүгінгі қазақ елінің тарихымен тағдырлас болды. Бір ғасырға жуық қазақ халқымен бірге қуанышта да, қайғыда да бірге жасасты.

Биылғы «Жаңғыртудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы барысында ҚР Президенті, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы – тұрақтылықтың, татулықтың,  бейбітшілік  пен келісімнің  шежіресі екендігін айтқан болатын.

«Биылғы Ассамблеяның сессиясы ерекше мезгілде өткелі отыр. Еліміздің үшінші мүшелге аяқ басумен бірге бұл аса күрделі кезең. Қазіргі әлемдегі ахуал ел тыныштығы тұрақты дамудың ең маңызды  шарты екендігіне көзімізді  тағы да  жеткізіп отыр. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйытқысы, бастауы ретінде құрылған Ассамблеямыз өзіне жүктелген қастерлі  миссияны өте үлкен дәрежеде орындап келе жатыр. Бүгінгі Ассамблея тарихы ол тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің  шежіресі болып саналады. Бірліктің киелі бесігі, елді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей тетігі», – деді Елбасы. Елбасы атап өткендей, ҚХА – өткен тарихымыздың ізі, бірлігіміздің ұйытқысы, келісіміздің шежіресі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылды. Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.

Өз тарихында Ассамблея ҚР Президенті жанындағы консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты.

2008 жылғы 20 қаңтарда еліміздің Президенті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды. Оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды. Ассамблея мемлекеттік ұлттық саясаты әзірлеуге және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасайды. Қазақстан халқы Ассамблеясынның төрағасы  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне – Елбасы болып табылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күннен бастап үлкен шоғырландырушы тәжірибе жинақтап, халықтық дипломатия институтына айналды. Ол күллі әлемге Қазақстанның этносаралық қарым-қатынастар саласындағы жүргізіп отырған саясатының табыстығын паш етті. Өзінің 22 жылдық даму тарихында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында мемлекеттік маңызды мәселелер қарастырылды, олардың ішінде жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум, Қазақстанның егеменді ел ретіндегі даму және қалыптасу стратегиясы, Қазақстанның ұлттық бірлігі доктринасы.

Ендігі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы саясатының арқасында алдыға қойылып отырған ең басты 2050  жылы ең жоғары дәрежедегі 30  елдің қатарына қосылып, халқымыздың тұрмыс жағдайын көтеруіне үлесін қосу. Бұл тұрғыда әрбір ұлт пен ұлыстар өз хал-қадірінше күшін салып, еңбетеніп келеді.

Мемлекет басшысы Ассамблея адамды құрметтеуге, ашық жарқын болуға үйретеді деді:  «Ассамблея жаныңдағы адамды қандай болса да, қабылдап, құрметтеуге үйретедi. Оның тiлiн, мәдениетiн, салт-дәстүрiн сыйлай бiлуге баулиды. Әлем осылай ғана өмiр сүре алады». Елбасының өзі пкірінің өзі әрбір ұлт пен ұлыстың бір-біріне деген құрметі мен қазақ еліне деген сүйіспеншілігін білдіріп тұр.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ, assembly.kz

 

Бөлісу: