«Қазақ халқы – Абайдың халқы»

144

Жуырда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Н.Крупская атындағы сыйлықтың лауреаты, ардагер ұстаз Нағашыбай Ердәулетовпен «Абайдың жолы – Ұлы жол» атты әдеби сұхбатын өткізді.

Шара барысында абайтанушы Хакім Абайдың әдеби мұрасы туралы астарлы әңгіме өрбітті. Кітапхана қызметкері Ақмарал Сайлауқызы абайтанушы Нағашыбай Ердәулетовпен сұхбаттасып, ардагер ұстаздың өмір жолынан, сондай-ақ М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы толыққанды мәлімет алды. Сұхбат @baishevabiblioteka Instagram парақшасы арқылы онлайн жүргізілді.

Абайтанушы Нағашыбай Ердәулетов – 1931 жылы 21 сәуірде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында туған. 1950 жылы онжылдықты бітіріп, 1950-1954 жылдары Қызылорда қаласының Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының «тіл-әдебиет» факультетін тәмамдаған. 1954-1964 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы №1 қазақ орта мектебінде, 1964-1995 жылы Мәртөк ауданындағы №2 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, 1995-2006 жылы №21 қазақ орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. Үзіліссіз 52 жыл қызмет еткен ардагер-ұстаз.

40-қа жуық іс-тәжірибесі «Қазақстан мұғалімі» газеті мен «Қазақстан мектебі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналдарында және жинақтарда басылған. Абайдың 150 жылдық М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойларына шақырылып, баяндамалар жасаған. Ұстаздық «Абай шығармаларын қазақ тілі мен әдебиеті сабағында байланыстыра өтудің білімділік-тәрбиелік маңызы», М.Әуезовтің «Абай жолы» дәуірнамасын оқытудың тиімді жолдары, «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында» «Мақал-мәтелдерді пайдаланудың жолдары», «Живопись, иллюстрация, ән-күйді сабақта пайдаланудың әдістері» тәжірибелері республика мұғалімдерінің арасына таратылған.

1982-2004 жылы Ақтөбе облыстық КБА және кадрлар білімін арттыру институтының тұрақты дәріскері болған. 1987-1989 жылдары Алматы орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолиядағы қазақ мектептерінің оқытушыларына «М.Өтемісұлы, «Абай Құнанбаев», «С.Торайғыров» шығармаларын өтудегі іс-тәжірибесі туралы дәрістер оқыған.

«Абайтану» факультатив сабағын тұңғыш жүргізген ұстаз. Көп жылғы тәжірибесіне сүйеніп, 2004 ж. «Абайтану» оқулығын жазса, 2011 жылы «Абайды оқы, ерінбе» дискісін шығарды.

1980-1992 жылдары облыстық ақындар айтысына қатысып, аудан намысын қорғады, 1993 жылы Елбасы Н.Назарбаев іс-сапармен Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына келгенде, облыс, аудан әкімдерінің ұйғарымымен Н.Назарбаевқа шапан жауып, бөрік кигізіп, ат мінгізіп, бата беру Н.Ердәулетұлына тапсырылды. 2001 жылы Алматыда облыс ақсақалдары Елбасымен кездесуге шақырылғанда, Ақтөбе облысы ақсақалдары атынан Н.Ердәулетұлы қатысты.

2006 жылы абайтанушы Н.Ердәулетовтың 75 жылдық мерейтойына орай Елбасы Н.Назарбаев құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы белгілі ақын Ертай Ашықбаевтың «Ақтөбе» газетінде жазған «Аға мен баға» мақаласымен қоса, құттықтау жедел хаты да қоса жарияланды. (2006 жылы 29 тамыз, «Ақтөбе» газеті)

Абайтанушы Нағашыбай Ердәулетов «Абайдың өлендері мен қарасөздерінің», «Абай жолы» роман эпопеясының мазмұнын ашып, баяндап берді. Нағашыбай Ердәулетов :

«Абайдың даналығын ұғыну үшін «Абай жолы» мен «Абайдың қара сөздерін» міндетті түрде байланыстыра оқу керек дейді. Бала Абайдың дана Абайға айналуы оның текті ұрпақтан шыққандығында. Анасы Ұлжанның, әжесі Зеренің тәрбиесінің арқасында Абай жастайынан Шығыстың ұлы ғұлама, классик ақындарының, ойшылдарының әдеби туындыларыменен таныс болып өсті. Абайдың әкесі Құнанбай жасынан палуан, найзагер болды, қатал да әділдігімен ерекшеленді. Құнанбай әкесі Өскенбайдың тәрбиесін ала отырып, ел билігіне араласты. Абайдың суреттеуінше Құнанбай – ізгі істерімен артына өлмейтін атақ қалдырған, ақылды, адал, жомарт, әділ адам», – сондықтан да Абайды оқу ойлы жастың басты міндеті.

Ардагер ұстаздың кітапқа деген құрметі ерекше. Адам өзіне қалай қараса, кітапқа да солай ерекше құрметпен қарау керек дейді. Кітап бетін қайырмай оқитын ұлағатты ұстаздың қазақтың ұлттық домбырасына деген ілтипаты да ерекше. Домбыраны ұқыпты қарап, ешкімге бермейді екен. Домбыра мен кітап әр қазақтың ұлттық құнды қазыналары.

Нағашыбай Ердәулетов жастарға былайша өсиет айтты: «Еңбек сүйгіш болу керек. Абай жетістікке еңбек арқылы келді. Ғылым, білімді игеру керек. Сонда ғана мәртебең артып, елге сыйлы боласың. Оны Абайдың мына өлеңінен аңғаруымызға болады:
«Әуелде бір суық мұз, ақыл, зерек» деген өлеңінде Абай:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарым есті «жақсы» демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,
Ғылым – сол үшеуінің жөнін білмек».
Ғылымнан, кітаптан, еңбектен аулақ болған адамнан еш нәрсе шықпайды. Әрдайым ізденісте жүрген адамның алар асуы көп болады. Сондықтан да, жастар кітап оқыңыздар. Рухани бай болып, халқың үшін қызмет етіңіздер!».

Осы тұста, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жалпыұлттық оқылымға таңдалған көрнекті жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқуға шақырамыз!

«Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы – қазақтың тұңғыш эпопеясы. Бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы, үшіншісі 1952 жылы, төртіншісі 1956 жылы жарыққа шықты. Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949), «Абай жолының» тұтас төрт томына Лениндік сыйлық (1959) берілді. «Абай жолы» арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемнің 120 тіліне аударылған. 16983 сөзді (жалқы есімдерді қоса есептегенде), 61424 сөз форма түрінде 465491 рет қайталап қолданған.

Ұлы Абайдың 175 жылдығы биыл адамзатқа қатер төндіріп тұрған коронавирус індетімен тұспа-тұс келіп қалды. Соған қарамастан, қазақ халқы Абайдай данасының есімін ұлықтауды ұмытпақ емес. Абай заманында да аты жаман оба індеті тараған. Бұл туралы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Түн-түнекте» тарауында айтылады.

Абай заманындағы індет халық ауызсу ретінде тұтынған өзен суынан жұққанымен оны ары қарай таратқан адамдар болғаны белгілі. Елімізде де таралып жатқан індеттен қорғанудың бір жолы – халықтың амандығы үшін үйден көп шықпау. Жанымызға жақын адамдарды індеттен сақтау. Үлкен кісілерге көмек көрсету. Осы тұста волонтер жастардың еңбегі зор. Олар егде жастағы қарияларымызды, көп балалы аналарымызды індет кезінде азық-түлікпен, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етуде. Абай айтқан үш қасиетті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі бойына сіңірген жастарымызға Алла разы болсын!

Еске салсақ, пандемия кезінде С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ақынның әдеби мұрасын оқырмандарға насихаттауға бағытталған «Абайды бірге оқиық!», «Абай жолы – жастардың назарында» атты айдар бойынша кітапхананың baishevabiblioteka инстаграм парақшасынан бейнесюжеттердің көрсетілімін ұйымдастырып, көпшілік көрерменнің сұранысына ие болды. Басты мақсаты – заманауи технологияларды пайдалана отырып, жастар арасында М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын кеңінен насихаттау.
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Н.Крупская атындағы сыйлықтың лауреаты, ардагер ұстаз Нағашыбай Ердәулетовпен өткізілген онлайн әдеби сұхбат оқырман үшін мазмұнды, ой саларлықтай шара болды. Абайтанушының пікіріне сүйенсек, «Абайды», «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыған адам ғана Хакім Абайдың даналығы мол әдеби еңбектерінен рухани азық алары сөзсіз.
Абай мұрасын зерделеу, насихаттау өскелең жас ұрпақтың басты міндеті. Хакім Абайдың ұлағатты есімі халық жадында мәңгілікке сақталып, туған елімен мәңгі жасай бермек. Алдағы уақытта да барша оқырмандарымыз Абай жаққан сәулені алаулата береді деген сенімдеміз.

АҚМАРАЛ МҰҚАШЕВА, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасының
қызметкері 

 

Бөлісу: