Қазақта жыл басы, күн мен түн теңелетін күн — Наурыздың 22-нен басталатыны белгілі.
Ал бір жылда 12 айдың болатындығы, әр айда орта есеппен 30 күннен болып, жыл аяғында, айлардан тыс, 5 күн қосылып, ол күндерді «бес қонақ» деп атайды. Ол туралы алдағы уақыттарда жазатын боламыз. Әрбір 3 айдағы 90 күн – «тоқсан» деп аталған. Тоқсан сөзі, жылдың ширегін, немесе квартал ұғымын білдіреді.
Содан 12 ай өткенде, бір жыл боларын ескерсек, осындай 12 жыл бір айналғанда, бір мүшелге толады екен. Мүшел жылы – Ұлыстың ұлы күні – Наурызда ауысып, басталады. Сондықтан да, жыл қайыру есебіндегі жылдарды талдау, Наурызбен межеленіп отырады. Ескере кететін бір жағдай, адамда баланың іште жатқан мерзімінің есебін қосып, ер жете бастаған бірінші мүшелі 13 жыл болады. Екінші мүшел – жігіттік 25 жас; Үшінші мүшел – ақыл тоқтатқан 37 жас; Төртінші мүшел – орта 49 жас; Бесінші мүшел – орта 61 жас; Алтыншы мүшел – қарттық 73 жас; Жетінші мүшел – кәрілік келген 85 жас; Сегізінші мүшел – қалжыраған 97 жас; Тоғызыншы мүшел – шөпшек сүйер 109 жас; оныншы мүшел – немене сүйер 121 жас…
Мүшелдегі жылдар рет санына қарай аталмайды. Олар, 12 түрлі хайуанның, оның ішінде, алтауы – үй хайуаны, алтауы – түз тағысының атымен аталып отырады.
Көңіл аударсақ:
Бірінші жыл – тышқан жылы,
Екінші жыл – сиыр жылы,
Үшінші жыл – барыс жылы,
Төртінші жыл – қоян жылы,
Бесінші жыл – ұлу жылы,
Алтыншы жыл – жылан жылы,
Жетінші жыл – жылқы жылы,
Сегізінші жыл – қой жылы,
Тоғызыншы жыл – мешін жылы,
Оныншы жыл – тауық жылы,
Он бірінші жыл – ит жылы,
Он екінші жыл – доңыз жылы.
Бірінші мүшел аяқталып, 13-ші жылды санағанда қайтадан тышқаннан бастап, санай бересің. Екінші мүшел 12 жылдан соң келеді. Көріп отырғанымыздай, жыл үнемі тышқаннан басталып, доңызбен аяқталып отырады.
Енді өзіңнің туған жылыңды біле тұрып, оның жыл қайыруда қай жылға жататынын білгің келетін шығар. Ол үшін, туған жылыңды 12-ге бөлесің. Егер туған жылың 12-ге қалдықсыз бөлінсе, жыл қайырудағы тоғызыншы жыл — мешін жылы туғаның. Бөлгендегі бөлінбей қалған қалдық санына қарап, қалдықсыз бөлінетін мешін жылынан кейінгі жылдан бастап санап, қалдық саны: 1 болса – тауық жылы, 2 болса – ит жылы, 3 болса – доңыз жылы, 4 болса – тышқан жылы, 5 болса – сиыр жылы, 6 болса – барыс жылы, 7 болса – қоян жылы, 8 болса – ұлу жылы, 9 болса – жылан жылы, 10 болса – жылқы жылы, 11 болса – қой жылы болатынын біліп алсаң болды.
Жыл қайырғанда есеп дұрыс шығу үшін, адамның туған айы мен күні, міндетті түрде еске алынуы керек. Себебі, 1 қаңтар мен 21 наурыз аралығында туғандар, мүшелше ескі жылға жатқызылады.
22 наурыздан кейін туғандар жоғарыдағы көрсетілген қалдық санына қарап, өз туған жылын анықтай беруіне болады.
Мысалға, 1942 жылы 1 қаңтарда туғандардың туған жылын 12 ге бөлгенде: (1942:12) қалдық — 10 болып тұр. Яғни, туған жылы жылқы жылына келіп тұрғанмен, туған айы қаңтар болуына байланысты, ескі жыл – жылан жылына жатқызуға тура келеді. Ал 2000 жылдың 1 мамырында туғандардың жыл қайыруда қай жылғы екенін анықтасақ: (2000:12) қалдық – 8 болып тұр. Ендеше, ұлу жылына сәйкес келуін білу қиын емес. Міне осылай әркім де, жыл санауымен туған жылын және мүшел санын біліп алуына болады.
Мүшел есебін санаған кезде, жылдар ретін шатастырып алмау үшін, жылдар тетелестігін ойға түсіруге ыңғайлы болу үшін мына шумақтарды ұсынып отырмыз:
Түйелер сортаңды бағалаған.
Қауіптенер ұйысқан жағалаудан.
Жұғымтал қышқылтым мойылдай,
Тікенді изендерге дағдыланған.
Мұнда келтірілген шумақтағы әрбір он екі сөздің бірінші дыбысы, жыл атының ретіне сай, жылдың бірінші дыбысын беріп тұрғанын аңғаруға болады. Мысалы, Түйелер сөзіндегі т-ны – тышқан десек, сортаңды, с- сиырға, бағалаған сөзінің бас әрібі б-ны барысқа, қауіптенер сөзіндегі бас әріп – қ, қ-дан басталатын қоян жылына, ұмыт сөзіндегі басқы әріп ұ, ұлу жылына, келесі сөз жағалауданның басқы әрпі ж-ны, жылан жылына тән етіп, басқа сөздердің де бас әріптерін әрі қарай да осылай балай берсек жылдан жаңылмаймыз …
Тағы бір шумаққа көңіл аударсақ:
Түйенің сорайғанмен бойы,
Қалыпты ұмыт жылдардан.
Жайқуатта қоқайған мойынын,
Тышқан иемдене диланған.
Осы шумақтардың бірін жаттап алған адам, жылдар ретін шатастырмасы кәміл.
Немесе, қазақ халқының біртуар қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының қалдырған жыл сипаттамасы да, ерекше ойлы тұжырым. Онда келтірілген әр сөздің басқы дыбысы, жыл басының бірінші дыбысын берумен қатар, әр жылдың шынайы сипатын беріп тұрғанына көз жеткізер едік. Ол кісі: «Тышқан жылын – тыныштық, Сиыр жылын – сыйлық, Барыс жылын – бірлік, Қоян жылын – қамбалы, Ұлу жылын – үлгілі, Жылан жылын – жайлы, Жылқы жылын – жұтсыз, Қой жылын – құтты, Мешін жылын – мерейлі, Тауық жылын – табысты, Ит жылын – игілік, Доңыз жылын – дүниелі» -деп, жылдарға реті бойынша өте қисынды сипаттама берген.
Мұнда да сөздің бірінші дыбысы, сол жыл қайырудағы әрбір он екі жыл атының бірінші дыбысынан басталғанын көреміз.
Жыл қайыру жөнінде тоқталып отырғандықтан, жоғарыдағы шумақта келтірілген, жылдан құр қалған қасиетті түйе малының бойында, өзі кірмей қалған он екі жылға кірген хайуандардың нұсқасы барын да білген артық болмас. Ол туралы: «Қарағым, сен білмесең мен айтайын, түйеде он екі жылдың нұсқасы бар» деген қазақтың қара өлеңі де бар.
Елестетіп көрер болсақ, шындығында да, түр – тұлға, сыртқы пішінінде түйенің құлағы – тышқандікендей, бақайы мен тұяғы – сиырдікіндей, кеудесі мен тірсегі – барыстікіндей, еріні – қояндікіндей, мойыны мен қабағы – жыландікіндей, шудасы – жылқының жалындай, жоны мен тісі – қойдікендей, бөксесі мен жүні – мешіндікіндей, төбесі – тауықтыкіндей, шөккені – ұлудай, сандары мен табаны – иттікіндей, құйрығы – доңыздікіндей болып тұрған жоқ па?! Қандай таңдай қағарға тұрарлық сәйкес үйлестік десеңші!
Жыл атауларының кейбіріне байланысты, есте боларлық мына бір жайды да айта кетуді жөн санаймын:
Мешін жылын қазір біздер маймыл деп түсінеміз. Оны бұрынғылар «Мешін – ол кісі киік» дегенді айтқан. Яғни қазіргіше, «Қар адамы». Сол сияқты доңыз жылын арамға баламастан, «қара киік» деп те атаған. Осылай атар болсақ, жастардың көңіліне адалдық сәулесі төгілер ме еді деген ниет еді біздің тоқталып отырғанымыз.
Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ
Зейнеткер, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысы