Қазақтың қастерлі күбісі

1002
күбі
күбі

Көшпенділікте жүріп мал шаруашылығымен айналысқан ата – бабаларымыз мал өнімдерін өздері өңдеп пайдаланған. Ішіп-жеуге алынған  ағарған өнімдерін өңдеуге арналған заттарды өздері жасап алған. Сондай қажетті бұйымның бірі күбі болды. Күбі – сүт өнімдерін өңдеуге, сақтауға арналған, ағаштан жасалған ыдыс түрі. Ол негізінен  дөңгелек пішінді, іші қуыс, биік болып келеді. Көбінесе оның түп жағы кең, ауыз бөлігі қиғаштай сүйірленіп бітеді. Күбінің ағаш қақпағы және пішіні әртүрлі болып келетін піспегі қатар жүреді. Күбінің бетіне жабылатын дөңгелек қақпағының ортасында піспектің сабы шығып тұратындай ойығы болады.

Сыйымдылығы жағынан күбі сабадан әлдеқайда кішілеу ыдыс. Оны көбінесе сауын малы аз орташа ауқаттылар май шайқауға пайдаланған. Күбіні пісуге және ішін тазалап ыстап отыруға ыңғайлы болғандықтан қымыз, шұбатты баптап дайындауға да пайдаланған. Күн райы ыстық оңтүстік өңірінде күбіні көже ашыту, май шайқауға әлі де болса қолданылып келеді.

Күбіге құйылған сүт ашу үшін оның піспегі өткізілген қақпағының аузын мата орамалмен қымтап бітейді, салқын болса сыртын орап жауып қояды. Сүт ашығаннан кейін оны ұзақ уақыт піспекпен піссе , май бөлініп шығады. Осындай майды қалқып алып, қалған іркітін ішуге, құрт даярлауға пайдаланады.

Күбіні жасауға қолжетімділігіне қарай жиде, қайың, арша, емен, тал сияқты ағаштар пайдаланылады. Жасалуына қарай ел арасында шауып және құрастырып жасалған екі түрі кең таралған.

Күбінің шауып жасалған түрі. Тұтас ағаштан шабылып жасалған, бүйірі сәл шығыңқы келген, келіге ұқсаған түрі. Мұндай түрлерін жасауға қайың, емен сияқты қатты ағаштар таңдалады. Көбінесе тұтас қайың кесіндісінің өзегін ұңғып ойып алады. Шауып жасалған күбінің ауыз ернеуі мен түбіне екі кепіл шығырық кигізеді . Әркім қалауынша сыртын ою – өрнек салып безендіреді.

Күбінің қиюластырып жасалған түрі арнайы дайындалған дөңгелек түпке бір – біріне кірігетіндей етіп кертілген жұқа ағаш тақтайшаларды тігінен қиюластыра құрастырылады. Құрастырмалы күбінің сыртынан бірнеше дөңгелек темір құрсау кигізіледі . Осылайша дайын болған күбінің іші тегіс болуы үшін алдымен ыстық темірмен қарып, содан соң майлап, түтінмен ыстайды . Сонда шайыры шыққан тақтайшалар өзара ұстасып, бекиді. Күбіні ұдайы тазалап, арша немесе тобылғымен ыстап отырмаса, ақ тағамның  дәмі бұзылып кетеді.

Біздің Отырар мемлекеттік археологиялық қорық  мұражайының қорында осындай құрастырмалы және оймалы күбілердің бірнеше түрі сақталған. 1 сурет. Тұтас шабылған күбі. ТК – 463. Ағаш, биіктігі – 57 см, ені – 13 см. ОҚО Отырар ауданына қарасты Темір станциясының тұрғыны Басов Бегім тапсырған. 2 сурет. Құрастырылып жасалған күбі.ТК – 10872. Ағаш, биіктігі – 69 см, ені – 38 см. ОҚО Отырар ауданына қарасты Шәуілдір ауылының тұрғыны Әбәләзова Сайджамал тапсырды.Күбінің пошымы қазақ жерінің әр аймағында әртүрлі болып келеді. Оңтүстікте аузы мен түбі бірдей болып келетін күбінің түрі де кездеседі.

Күбінің піспегінің басы дөңгелек, ашамай немесе төртбұрыш болып келеді. Оның ортасын ойып, піспек сабы жалғанады да, айналасын айналдыра әртүрлі пішіндегі тесіктер тесіледі. Кейбірінің  іші қуысталып ойылады. Осындай ойықшалар ақ тағамды пісу, шайқау кезінде майдың бөлініп шығуының жеделдеуіне мүмкіндік туғызады.

Күбі ертеректе, киіз үйдің немесе қосалқы үйдің сол жақ босағасынан орын алған. Үйге бас сұққан  адам төрге озбас бұрын саба тәрізді оны да пісу ырымын жасаған соң ғана төрге қарай озған. Ескірген күбіні отқа жағу, далаға лақтырып тастау жаман ырымға саналып, шаңырақтың ырыздығы мен берекесінің символы ретінде оны қастерлеп таза орынға сақтап қояды. Осы мақала арқылы жаңа өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз ата-бабамыз қастерлеген күбінің қадірін біле жүрсін, қастерлеп ұстасын деген ойды жеткіздім.

 

Н. Ырсымбет, «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – мұражайы» РМҚК-ның аға ғылыми қызметкері         

Бөлісу: